Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАНЫ

ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ  МЕМЛЕКЕТТІҢ  ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАНЫ 25.11.2020

ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЗАҢ ШЫҒАРУШЫ ОРГАНЫ


Т. М. Әминов -

тарих ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

аға ғылыми қызметкері

E-mail:aminovtm@mail.ru

 

            «Қоғамның саяси жүйесі» туралы теорияны XX ғасырдың 50-ші жылдарында АҚШ және Канада ғалымдары Габриель Алмонд және Давид Истон теорияға енгізген. Саяси жүйе дегеніміз қоғамда билік жүргізетін және тұрақтылық пен тәртіпті қамтамасыз ететін, әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы өзара саяси қатынастарды реттейтін ұйымдар мен мекемелердің жиынтығы болып табылады.

         «Саяси жүйе» ұғымының дүниеге келуі ХХ ғасырдағы саяси құбылыстарды зерттеумен байланысты болды. Өткен ғасырдың екінші жартысынан кейін кеңінен тарай бастаған «саяси жүйе» категориясы саясаттану мамандарының бір сәт қызығушылығын бәсендеткен емес. Ол заңды да. Себебі саяси жүйе кезкелген қоғамда тұрақтылық және тәртіпті қамтамасыз ететін, әлеуметтік топтар, таптар, ұлттар, мемлекеттер арасындағы саяси өзара қатынастарды реттейтін мемлекеттік биліктің президенттік институт, парламент, үкімет, сот сияқты негізгі субъектілері мен басқа да органдарын, саяси партия, қоғамдық –саяси ұйымдар мен қозғалыстардың жиынтығын құрайды [1]. Сонымен қатар ол - қоғамның барлық мүшелері не оның бір бөлегі үшін өктемшіл-билік шешімдер қабылдайтын және жүзеге асыратын адами қатынастардың тұрақты нысаны [2]. Бұл айтылғандардан мынаны атап көрсеткен орынды. Біріншіден, саяси жүйе – күрделі қоғамдық құбылыс қана емес, ол қоғамның өмір сүру амалы; екіншіден, ол – қоғамдық-саяси үдерістерді басқаруға, реттеуге, билікті жүзеге асыруға бағытталған мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасының тәсілі.

         Қоғамның саяси жүйесінің сипатын анықтау үшін «саяси тәртіп» (саяси режим) ұғымының мазмұнын еске сала кеткен жөн. Белгілі поляк саясаттанушысы Е.Вятр саяси тәртіп деп конституциялық тәртіптер жүйесі мен сол жүйенің практикада нақты жүзеге асуын түсіндіреді [3]. Былайша айтқанда, саяси тәртіп қоғамдағы саяси қатынастардың мазмұны мен бағытын айқындап, саяси жүйенің негізгі элементтерінің өзара байланыста қызмет ету тәсілін белгілейді. Сол себепті саяси тәртіптің сипаты белгілі бір елдегі қоғамның саяси өмірін ұйымдастыру принципінің толық бейнесін береді. Бүгінгі әлемдік саяси тәртіптің тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық нысандарға бөлінетіні белгілі. Бірақ бұл саяси нысандар таза күйінде кездесе бермейді. Қоғамдық практикада саяси нысан мен мазмұндардың сай келе бермейтін фактілері баршылық. Мысалы, басқару нысаны жағынан конституциялық монархиялық құрылыс сақталған Бельгия, Норвегия, Швеция және Жапонияларда демократиялық сипаты көптеген елдерге қарағанда әлдеқайда басым. Елдің Конституциясы бойынша мемлекеттік құрылыс демократиялық дегенмен мазмұны жағынан әміршіл, ал әміршіл жүйе дегеніміз демократиялық сипатта болуы мүмкін. Ол белгілі бір саяси жүйедегі мемлекеттің ішкі ерекшеліктеріне, шынайы болмысына, қоғамның саяси мәдениет деңгейіне байланысты.

         Сондықтан белгілі бір елдегі саяси режим жөнінде кең түрде және нақты түсінік беру үшін мынандай сұрақтарға жауап қайтару қажет: Аталмыш саяси режим қалай пайда болды? Билік басындағы саяси топтар кімдер? Саяси үстемдіктің қандай әдісі жоғары бағаланады – демократиялық па, әлде зорлықшыл ма? Саяси оппозициялардың өмір сүруіне жол беріле ме және ол қандай мөлшерде берілген? Сол елдегі тұлғаның жағдайы қандай?» деген пікірмен толық келісеміз [4]. Бұған қосарымыз билік басындағылардың интеллектуальдық-моральдық қасиеттері қандай? Олар қоғамдық игілікті көздей ме болмаса жеке бастың қамын көбірек күйіттеп кетеді ме? Осы жерде саясаттану ғылымында ежелден келе жатқан саяси басқаруда адам емес, заңның басқарғанын дұрыс көрген қағиданы айта кеткен артық болмас.

         Саяси әдебиеттерде саяси тәртіп түрлерін белгілеуде бірізділік жоқ. Ол мәселенің әлі де толық зерттеле түспегендігінен болу керек. Бүгін саяси тәртіп авторитарлық және демократиялық деп екіге бөлетіндер де, оның үш түрін қарастыратындар да бар [5]. Біздер соңғы пікірді қолдаймыз. Себебі тоталитарлық және автаритарлық жүйелердің принципті айырмашылықтары да бар. Оны осы нысандарды талдау барысында толық байқауға болады.

         Әлемде көп тараған саяси режимнің үш түрінің бірі - тоталитарлық тәртіп. Бұл атау латынның totalis – жаппай деген сөзінен шыққан. Тоталитарлық тәртіп бүкіл билік елдегі демократиялық еркіндік пен саяси оппозицияның шығу мүмкіндігін жою, қоғам өмірін толық өз мүдделеріне сәйкес ету, өзінің билігін зорлық-зомбылық, әскери полициялық террор мен жұртшылықты рухани қанау арқылы жүзеге асыратын белгілі бір топтың (партияның) қолына жинақталады. Мұндай жүйенің ішкі мәнін американдық саясаткер Р. Даниэлс былайша сипаттайды: «Ешкімнің де ақыл-ойы немесе оның өзі мемлекеттің және оның органдарының бақылауынан тыс қалмайды, ешнәрсе билік жүргізіп отырған партияның назарынан тыс қалмайды» [6].

         Енді саяси тәртіптің заң шығарушы органның қалыптасуына қандай ықпал жасауы мүмкін екендігіне тоқтала кетейік. Саяси тәртіптің авторитарлық нысаны жағдайында да тоталитарлық тәртіптегідей парламент деңгейі жеке билікпен, басқарудың әміршіл тәсілдерімен ерекшеленеді. Кейбір ғалымдар тоталитарлық тәртіпті әміршілдік тәртіптің ерекше, реакцияшыл түрі деп санаса, екінші бір ғалымдар екі тәртіпті өз алдарына жеке-жеке қарастырған жөн деп есептейді. Екі тәртіптің көптеген ұқсас жақтары да, елеулі айырмашылықтары да жеткілікті. Екеуіне де ортақ - диктатура, ал айырмашылығы - тоталитаризмде мемлекеттің диктатурасы, ал әміршілдік тәртіп - жеке тұлғаның диктатурасы. Осы негізгі айырмашылық тағы да толып жатқан ерекшеліктерді туындатады, сол себептен де біздер екі тәртіпті екі типтегі деп қарастырған пікірді қуаттаймыз.

         Социалистік жүйе сақталған Қытай Халық Республикасы, Корей Халықтық Демократиялық Республикасы, Куба, Вьетнам елдеріндегі парламенттерге квазипарламенттік сипат тән. Бұл елдерде Парламент жылына екі-үш шақырылады да, күн ілгері дайындалған шешімдер мен заңдарға депутаттар жүз пайызға дейін дауыс береді.

         Әңгіме болып отырған парламент моделі кешегі кеңес заманына да тән болды. Мемлекеттік билік атқарушы және заң шығарушы болып принципті бөлінбеді. Рас, Жоғарғы Кеңес Конституция бойынша мемлекеттік өкіметтің жоғары органы деп саналды. Мұндай мемлекеттік өкіметтің іс атқаратын және тәртіптейтін жоғарғы органы – Халық Комиссарлар кеңесі, кейін Министрлер Кеңесі де болды. Бірақ мемлекеттік биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары болып принципті бөлінісі жүзеге аспағаннан кейін екі органның қызметі бір-бірімен араласып жататын. Бүкіл билік кеңес қоғамының басшы және бағыт беруші күші, саяси жүйенің мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарының ұйытқысы – партия қолына шоғырландырылды. Билікті жүзеге асыратын кадрларды партия органдары таңдады.

         Бүгінгі әлемдік саяси жүйенің ең көп тараған нысаны – мемлекеттік басқарудың демократиялық жолы. Ол - халықтан бастау алған билік. Ол - заңдылықты мұрат еткен, заңды қастерлей білген қоғамдағы азаматтың құқығы мен еркіндігін жан-жақты ұштастырған мемлекеттік істерді шешуге халықтың қатысуы. Американың алғашқы Президенттерінің бірі Авраам Линкольнның демократияға «халық үшін халықтың сайлаған халық билігін» жатқызды [1].

         Мемлекетті басқарудың демократиялық жүйесі биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуімен әрі олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалану принципімен сипатталатыны белгілі. Бұл - қоғамдағы демократиялық үдерістердің алғышарттары, алайда толық демократияның кепілі бола алмайды. Ол қоғамдағы саяси тәртіптің сипатына байланысты.

         Қазақстанның бүгінгі саяси жүйесі отандық зерттеушілердің назарында тұрақты болып келеді. Б. Аяғанов, К.Н. Бұрханов және М. Машанның еңбектерінде Қазақстанның саяси жүйесінің эволюциялық дамуы жан-жақты талданып, оның қалыптасу үдерісі жүйелі зерттелген. Ал авторлар тобы дайындаған (Ә.Нысанбаев, М. Машан, Ж. Мұрзалин, А. Тулеғұлов) «Эволюция политической системы Казахстана» атты екі томдық монографияны ерекше атаған дұрыс [7]. Бұл іргелі еңбекте отандық саяси ғылымның тарихы мен теориясының үрдісіне тән емес зерттеудің жүйелілік әдіснамасы тұңғыш рет пайдаланылған. Осының арқасында ерте заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның саяси жүйесінің эволюциясы қарастырылған.

         Зерттеуші Н. Қалиев өзінің «Қазақстан парлементаризмі: саяси талдау» атты монографиясында Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткелі бергі жылдар ішіндегі саяси жүйесін байыпты зерделеген, жаңа тұжырымдар жасаған [8]. Саяси жүйенің даму үдерісіндегі эволюциялық өзгерістерді шартты түрде үш кезеңге бөле отырып, оның әр кезеңдегі ерекшеліктерін атап-атап көрсеткен. Бірінші кезеңге 1985-1991 жылдар аралығын алған пікірмен келісе алмайтынымызды айта отырып, бұл кезеңді 1990 жылдан бастаған дұрыс деп есептейміз. Себебі – осы жылы саяси жүйемізге күрделі өзгерістер енгізген аса маңызды екі құжат қабылданды. Олар – Қазақ Советтік Социалистік Республикасының «Қазақ ССР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен Қазақстанның саяси картасында жаңа мемлекеттің бет пердесін айқындаған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация еді. Ол еліміздің егемендігін ғана жариялап қойған жоқ, ізгілікті, демократиялық, құқықтық мемлекеттік өкіметті құрудың бағытын да айқындап берген-ді. Бұл жаңа қоғамның саяси жүйесіне қатысты болды. Декларацияда мемлекетіміздің болашағы үшін аса маңызды қағида - дүниежүзілік практика мойындаған мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінетіндігі атап көрсетілді. Бұл қағида бір жылдан кейін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңында шешімін тапты.  

         Елдің алғашқы құжаттарында белгілеген жаңа қоғамымыздың демократиялық сипатын танытатын қағидалар 1995 жылғы Конституцияның бірінші бабынан орын алып, онда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп жазылды. Осыдан туындайтын мына мәселені айрықша атап кеткен артық емес. Кеңестік Қазақстандағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына 1978 жылғы Конституцияның 5-6 тарауларында ғана орын берілген еді. Қазіргі Конституцияда адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына ерекше көңіл бөлініп, бұл аса күрделі мәселелер оның алғашқы 10-39 баптарында арнайы қарастырылды.

         Тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан түбегейлі конституциялық, саяси, демократиялық реформалар Қазақстан кеңістігінде бұрын-сонды болмаған саяси жүйені дүниеге әкеліп, оны қызмет еткізіп отыр. Оның басты белгілеріне мыналар жатады. Бірінші, президенттік институт. Тарихи кажеттіліктен туған, 1990 жылғы 24 сәуірде тағайындалған бұл саяси институт өзінің даму барысында белгілі эволюциялық жолдан өтті.   Екінші, конституциялық және саяси құқықтық мәртебесі бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңестеріне   ұқсамайтын жаңа тұрпатты Қазақстанның кәсіби Парламенті қызмет етуде. Парламент саяси сахнаға келгелі бері қоғамда жүріп жатқан сан салалы саяси, құқықтық, әлеуметтік, экономикалық реформалардың жүзеге асуы үшін құқықтық негіз қаланып отыр. Үшінші, қоғамда азаматтардың бірлесу бостандығына конституциялық шешім көппартиялықтың тууына қолайлы жағдай жасады. Төртінші, сөз бен шығармашылық еркіндікке мемлекет тарапынан кепілдік берілуі, цензураға тыйым салынуы бұқаралық ақпарат құралдарының шапшаң дамуына жол ашты. Бүгінгі күні республикада мыңдаған газет-журналдар, телерадио арналары жұмыс істейді. Бұл кеңес кезеңінде ойға да келе бермейтін цифрлар. Бесінші, жеті мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар тобы да қалыптасып, қоғамдық жүйенің құрамдас бөлігіне айналып отыр [8].

         Көппартиялық жүйенің, тәуелсіз мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының   дүниеге келуі және тағы басқа өзгерістердің барлығы еліміздің демократиялық үрдісті ұстануға берік бел байлағанын байқататын ерекше факторлар екеніне дау жоқ. Әңгіме осы саяси институттардың қызмет тәсілдеріне байланысты. Бұндай институттардың бірсыпырасы, әрине әртүрлі деңгейде кеңестік кезеңде де болды. Алайда олар тоталитарлық режимде қызмет етті. Қоғамдағы бар билікті монополиялап алған коммунистік партия шешті. Біздің қоғам мұның барлығынан бас тартып отыр. Бұл - негізгі мәселелердің бірі. Дегенмен тарих талай дәлелдегендей, қоғамның дамуы, оның саяси жүйесінің жетілуі күрделі үдеріс.

         Ұзақ жылдар тоталитарлық тәртіппен өмір сүрген Қазақстанның жаңа саяси жүйесінің демократиялық бағытта дамуы да өзіндік қиыншылықтармен жүзеге асуда. Мәселен, сайлау туралы заңнаманың орындалуына атқарушы билік тарапынан тиісті бақылаудың жеткіліксіздігінен Парламент Мәжілісіне депутаттар сайлау науқандарында жергілікті жерлерде әкімшілік әдістер бой көрсетіп қалады. Сайлаушылардың әлі өз еркін білдірулеріне саяси және құқықтық жағдайлар жетімсіз. Бұларға саяси институттардың жетіле қоймауын қосуға болар еді. Бірер мысалға жүгіне кетсек. Кешегі жеке коммунистік партияның үстемдігі жойылып, саяси әралуандықты танытатын көппартиялық дүниеге келуі, сөз жоқ, қоғамдағы саяси-демократиялық бағыттың қол жеткен елеулі табысы. Алайда, осы партиялар қалай пайда болып, қалай дамып отыр деген мәселе жоқ емес. Біздегі саяси партиялар өз дамуының бастауыш ұйымдар мен саяси клубтар сияқты классикалық жолдарын басынан өткерген жоқ. Әлеуметтік негіздің болмауы, олардың көбіне жоғарыдан ұйымдасуы, айқындаған бағыт-бағдарламаларының шынайы өмірмен ұштаса бермеуі, жергілікті жерде тиісті саяси-ұйымдастырушылық қызмет атқара алмауы, т.т. мәселелер бүгінгі сан жағынан кем емес саяси партияларды халық алдында беделге ие болдыра алмай отыр [8].

         Халықтың мемлекеттік істі басқаруға қатысу деңгейіне, билік тармақтарының өз міндеттерін қалай атқаруына байланысты демократия тура, плебисцитарлық және өкілдік болып бөлінетіні белгілі.

         Тура демократия жағдайында билік жүргізуге, маңызды саяси шешімдерді дайындауға, талқылауға және ол жөнінде шешім қабылдауға, оның орындалуын қадағалауға барлық азаматтар қатысады. Тікелей демократияның дүние жүзіндегі алғашқы үлгісі ежелгі Афинада болды. Онда мемлекеттік маңызды мәселені шешуге арналған жиналысқа 5-6 мың адам қатысты. Бұл бүгінгі заң шығару органының ең қарапайым нысаны еді.

         Плебисцитарлық демократия кезінде халық дауыс беру арқылы Президент, Үкімет, саяси партиялар немесе топтар ұсынған заңдар немесе басқа шешімдерге өздерінің қатысы бар екендігін білдіре алды, алайда қаралып отырған құжаттар жобасын дайындауға азаматтардың саяси ықпалы кем болды. Сондықтан бұл жолымен қабылданған шешімдердің халық үшін пайдасы кем болуы мүмкін. Оларға белгілі бір бастамашыл топ, партия, Үкімет, Президент дайындаған заңдар немесе басқа шешімдердің жобасын сайлау жолымен қабылдау немесе қабылдамау құқығы беріледі. Мұндай жағдайларда белгілі ынталы топ өз мүдделерін шешу тәсілдерін ойластырмай отырмайды. Кейде бұл жол билік басындағылардың өздерінің саяси мақсатын жүзеге асыру үшін тиімді болуы да ықтимал. Осындай себептерден саяси басшылардың сайлаудың бұл жолын көбірек таңдауын түсінуге болады. Мәселен, біздің елімізде 1995 жылғы Конституция   референдум арқылы қабыланғаны баршаға мәлім.

         Осы заманғы қоғамдық істерге халықтың саяси қатысуының кең тараған келесі нысаны - өкілдік демократия. Өкілді демократия туралы алғашқы идеяның иесі Ш.Л. Монтескье болатын. Оның ойынша, ірі мемлекеттерде халық өздерінің істеттіретіндерін өздерінің өкілдері арқылы жүзеге асырады. Әрбір ірі елді мекеннің тұрғындары «заң беруші» жиында өздерінің мүддесін қорғайтын бір–бір өкілге ие болуы керек [9]. Өйткені ірі мемлекеттерде азаматтар мәселені шешуге тура қатыса алмайды.

         Дүниежүзінің көптеген елдеріндегі мемлекетті басқарудың демократиялық нысаны – Республика. Ол жоғарғы мемлекеттік биліктің құрылымына қарай парламенттік республика, президенттік республика және басқарудың аралас үлгісі деп үшке бөлінеді.

         Парламенттік республика жағдайында, біріншіден, мемлекеттік билік тармақтарының бөліну принципі қатаң сақталмайды. Оған ағылшын-саксон жүйесіндегі парламентарлық мемлекеттердегі заң шығарушы органдар құрамында атқарушы билік өкілдерінің бола беретіні дәлел.   Парламенттік республиканың екінші бір басты ерекшелігі - үкіметтің парламенттік негізде құрылуы және оның парламент алдындағы жауапкершілігі. Бұл жағдайда парламент үкіметке байланысты бірнеше функция атқарады: үкіметті құрады, ол жүзеге асыратын заңдарды қабылдайды, мемлекеттік бюджетті бекітеді, үкімет есебін тыңдайды, қажет болған жағдайда оған сенімсіздік білдіреді.

         Әлемдік парламенттің атасы аталып жүрген Британия Парламенті ХІІІ ғасырда дүниеге келіп, осы кезге дейін елдің саяси сахнасында үздіксіз қызмет етіп келеді.

       Президенттік республиканың классикалық үлгісі – АҚШ. Бұл елде биліктің бөліну қызметі «тежемелік және тепе-теңдік» жүйесінің әрекетімен айқындалады. Атқарушы биліктің қабылданған заңға тыйым салуға, ал заң шығарушының - импичментті пайдалануға құқығы бар.

         АҚШ-та Конституция бойынша заң шығарушылық билік Конгреске, атқарушы - Президентке, сот билігі - Жоғарғы және төменгі федералдық соттарға берілген. Биліктің бұл үш тармағы әртүрлі жолмен қалыптасады. Конгресс тікелей азаматтардың сайлауымен, Президентті таңдаушылар алқасы, Жоғарғы сотты Президент пен Сенат бірге сайлайды. Бұл сайланбалы органдардың уақыттары әртүрлі. Конгрестің Өкілдер палатасы екі жылға, сенатор - алты жылға, президент 4 жылға сайланса, ал федералдық судьялар қызметтерінде өмірлік болады.

         АҚШ Конгресі – жоғары өкілді және заң шығарушы орган болып екі палатадан - Сенаттан және Өкілдер палатасынан тұрады. Өкілдер палатасы - ұлттық орган, ол бір мандаттық округтардан екі жылға сайланады. Ал жоғары палата – Сенат тұрғындардың санына қарамастан әр штаттан 2 депутаттан сайланады. Өкілдер палатасы құрамының әрбір екі жылда үштен бірі өзгеріп отыруы Сенатқа тұрақты жұмыс істейтін органның ерекше мәртебесін береді. Конституцияда көрсетілген қосымша өкілдіктер Сенаттың өзгеше рөлін айқындайды. Сенаттың мақұлдауымен Президент федеральдық судьяларды және федералдық әкімшіліктің лауазымды адамдарын қызметке бекітеді.

         Бүгінгі саясаттану ғылымында мемлекетті басқарудың ең көп тараған «президенттік» және «парламенттік» нысанының қайсысы тиімді деген пікір таластар баршылық. Басқарудың президенттік нысанын жақтайтындардың ойынша, бүкіл халық болып сайлаған Президенттің қолына бар билік өкілеттігін жинақтау – мемлекеттік органдар қызметінде тәртіп орнатып, оның қалыпты жұмыс істеуіне игі әсер етеді. Ал парламенттік басқару нысанын жақтайтындар президенттік республикада жеке адамның басқаруына байланысты көптеген елеулі кемшіліктер кетуінің мүмкіндігі туралы айтады.

         Қорытып айтқанда, дүниежүзінің алдыңғы қатарлы елдерінің саяси жүйесіндегі парламенттің рөлі мен орнына талдау жасау, бұл мәселенің өте күрделі және әртүрлі деңгейде екенін, оның елдегі нақты саяси режимге, басқарудың нысанына тікелей байланыстылығын байқатады. ҚР Конституциясында Президенттік республика жағдайындағы Парламент құзыры айқын белгіленген. Ол халық қамын ойлап, оның мүддесін қорғайтын демократияшыл әрі баршаға түсінікті зандар шығарып, қабылдайтын орган.     

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жамбылов Д. Саясаттану: оқулық.өңделіп толықтырылған екінші басылым. - Алматы: Жеті жарғы, 2005. - 280 б.

2. Общая теория права и государства. - М.: Юрист, 1996. - С.74.

3. Вятр С. Типология политических режимов: Лекции по политологии. т.1. – Таллин, 1991. – С. 55.

4. Әбсаттаров Р. Б. Саяси режимдер: жүйелік талдау. // Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық үниверситеті. Хабаршы. «Әлеуметтік және саяси ғылымдар» сериясы. №2(10), 2005. -69-99 бб.

5. Политология / С.В.Решетникова, Н.П.Денисюк, М.Ф. Чудаков и др.; Под ред.проф. С.В.Решетникова. – Мн.: НТООО ТетраСистемс, 1999. – 432 с.     

6. Основы политологии. Курс лекций./ Под.ред. В.П.Пугачева. - М., 1994. – С.203.

7. Нысанбаев А., Машан М., Мурзалин Ж., Тулегулов А. «Эволюция политической системы Казахстана» в 2-х томах. – Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2001. 1-том. -352 с.; Нысанбаев А., Машан М., Мурзалин Ж., Тулегулов А. «Эволюция политической системы Казахстана» в 2-х томах. – Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2001. 2-том. -544 с.

8. Қалиев Н. Қазақстан парламентаризмі. Саяси талдау. - Алматы: Арыс, 2000. -272 б.

9. Монтескье Ш.Л. Заңдар рухы туралы. Ауд.А.Құлсариева. –Алматы: «Үш Қиян», 2004. - 784 б.


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика