Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Көнені көксегендер жаңаны жарылқамас

Көнені көксегендер жаңаны жарылқамас 23.02.2021

Көнені көксегендер жаңаны жарылқамас

Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желілерде өзін «құрылып жатқан коммунистік қозғалыстың жетекшісі» деп атаған Әлжан Исмағұлов пен саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың сұхбаты жарияланды.

Осы екі отандасымның сұхбаты мені Сталин дәуіріне деген асқан құштарлық пен сағыныштың лебі есіп тұрғандықтан қызықтырды. Қазір арзан шұжық пен арақ, тегін пәтер туралы айтып зар жылайтындар көп қой.

Иә, кеңес кезінде арзан шұжық болды, шипажайға жіберетін. Бірақ тегін ірімшік тышқан аулайтын қақпанда ғана болмай ма? Сондықтан тегін пәтер мен арзан курорт туралы әңгіме коммунистік партия басшылары айтқан ертегіге тым ұқсас. Сол тегін пәтерлер еңбеккерлердің жалақысын теңгеру және жеткілікті деңгейде төлемеу есебінен тұрғызылған. Одан өзгелерін айтсақ, кеңес үкіметі кезінде киім, тамақ, сапалы қызмет – бәрі тапшы еді. Бұл алып елдің азаматтары үнемі джинс іздеп сабылып, шетелдік ансамбльдер мен «жаудың дауысын» жасырын тыңдады. Бірақ биліктегілер бізге бесжылдық жетістіктерін, марксизм мен ленинизмнің жеңімпаз ілімдерін, коммунистік құрылыстың сән-салтанатын және тағы басқаларды айтумен болды.

Жұрт қаладағы пәтерді ондаған жыл күтетін. Көмір, алтын және минералдардың бай қоры бар Кеңес одағы Батыс елдерінен үнемі несие алғыш еді. Тіпті А.Сахаров, А.Синявский, Г.Даниэль, біздің жерлесіміз Махмет Құлмағамбетов секілді диссиденттерді Ежелгі Римдегі құл сияқты сол несиеге алмастыруға дейін барған. Егер саяси бюро жиындарының хаттамасын ақтарсаңыз, сондай құжаттар табуға болады. Өзім оларды жақсы білемін. Мұндай жағдайлар туралы «Кеңестік социализмнің шарықтау шегі және құлдырауы. Қазақстан полигоны» атты кітапта жазғанбыз.

Большевиктердің бір жасаған дұрыс әрекеті 1922 жылы КСРО-ны ұлттық құрылым ретінде реформалағаны шығар. Бірақ олардың басқа амалы жоқ еді. Империя құлдырап жатқан. Украина, Кавказ бен Орталық Азия халықтары одан шығудың аз-ақ алдында тұрды. Сондықтан саны көп халықтар автономия алды. Олардың арасында Қазақстан да бар.


Кеңес өкіметі аз уақытта сауатсыздықты жойды. Мектептер мен университеттер ашылды. Бұл – расымен де үлкен жетістік. Бірақ Қазақстанда әліпби саяси себеппен аз уақыттың ішінде үш рет өзгерді.

Ал негізі КСРО басшылары аузынан тастамаған «коммунистік жұмақ» немесе «дамыған социализм» құру дегені іске аспайтын қиял ғана еді.

Әлгі екеу тарихты дұрыс білмейтіні былай тұрсын, оны бұрмалап жіберген. Тіпті соған беттері бүлк етпейді. Мысалы, Қазақстан 1920 жылдың тамызында автономия алды. Сол автономияны құруға Станислав Пестковкий, Әліби Жангелдиндермен қатар «Алаш Орда» партиясының мүшелері Ахмет Байтұрсынов пен Әлімхан Ермеков те қатысқан. Зиялы азамат, Мемлекеттік Думаның депутаты Әлихан Бөкейханов Алашорданы құрып қана қоймай, қазақтың тәуелсіз мемлекетін қалыптастыруға талпынды ғой. Азамат соғысы кезінде Алашорда көсемдері автономия үшін күрескен. Ал ары қарай тәуелсіз Қазақстан құрғысы келді. Олардың бағдарламасында парламент жасақтау, президенттік институт енгізу, адамдарға жер бөліп беру, ұлттық сипатта кемсітуді жою, жұрттың жерін тартып алуды доғару, мектептер мен университеттер ашу сияқты мәселелер қарастырылған. Алашордашылар бұл ойларын 1917 жылдың күзінде, билікке большевиктер келмей тұрып ұсынған. Ал желтоқсан айында осы мәселе съезде айтылады.

Жалпы еркіндік пен лайықты өмір сүруге берілген құқықты тоталитарлық жүйе көсемдерінің сыйы деуге болмайды. Еркіндік – әр халықтың ешкім тартып ала алмайтын құқығы. Ал сол заманда бізге автономия берілуіне жарқын болашаққа сенген саяси қайраткерлердің қосқан үлесі мол. Олардың арасында қазақтармен қатар түрлі ұлт өкілдері де болды.

Негізі большевиктердің өкіметі заңсыз. Өйткені олар билікке сайлау емес, күш қолдану арқылы келді. Мен саясат тарихымен көптен бері айналысып келемін. Соның нәтижесінде осы тақырыптағы бірнеше кітапты өзім де, басқа әріптестеріммен бірлесіп те жаздым. Қазақстан мен Ресейдің, басқа да шетелдердің мұрағаттарын ақтардым. Қолыма талай құжат түсті. Кеңес кезінде басқару органдарында жұмыс істедім. Партия комитеттерінде не болып жатқанын өз көзіммен көрдім. Сондықтан көп жайттарды саралай аламын. Сондай-ақ Даниярдың атасы Түймебай Әшімбаевты да жақсы танитынмын. Ол жаламен сотталып, көп жыл сталиндік лагерьде болып қайтқан.

Кеңес дәуірін үнемі аңсап отыратын адамдар өзгелерді «коммунистерді сатып кетіп, ұстанымын тез өзгерте салды» деп кінәлайды. Мұндай сөз бізге 30-шы жылдардан жеткен. Бұл – Сталиннің заманында шыққан сөз тіркесі. Тек «халық жауы», «буржуазияның сарқыншағы» деген сияқты сұмдық тіркестер жетіспейді. Ол уақытта басқа да радикалдық атаулар болды. Өзгеше ойлайтын адамды «ұлтшыл», «екіжүзді» немесе «сатқын» деп соттатып жіберу, тіпті оның көзін жою оп-оңай еді.

«Адам еркін тыныс алатын ел» туралы ән 30-40-шы жылдары кең таралды. Ал ол тұста сол елдің жартысы тікенек сымның ар жағында жүрген. Жұрттың ойы бір жақта, аузынан шығар сөзі бір жақта еді.

«Жаңа коммунистер» біреулерді «тура жолдан тайғандар» деп те кінәлап жатты. Біз осы неге Сталин мен оның жақтастарының кеңестік номенклатурасы халықты ақымақ ету үшін ойлап тапқан ұрандарға адал болуымыз керек? Сондай-ақ «Кеңес одағы жұмысшылар мен шаруалардың мемлекеті болды» деп те өтірік соғудың қажеті жоқ. Тіпті Конституцияда КСРО-ны «пролетариат диктатурасы бар мемлекет» деп атаған. Бірақ бұл елде жұмысшылар мен шаруалар ешқашан билік еткен емес. Билік азғын партиялық номенклатураның қолында еді. Естеріңізде болса, 70-жылдары «Пролетариат диктатурасына арналған гауһар тас» деген фильм шыққан.

Партиялық билік қатардағы коммунистерді жек көретінін білдірмесе де, оларға мұрын шүйіре қараған. Кеңестік коммунистердің көсемі Иосиф Сталиннің қызы Светлана Аллилуеваның естеліктерін оқып көріңізші. Сонда жоғары лауазымды шенеуніктер В.Молотов, Н.Хрущев, К.Ворошилов, А.Жданов және тағы басқалардың бет-бейнесін тани аласыз. Көптеген қарапайым адамдар социалистік бағытқа шынымен-ақ сеніп, елдің әлеуетін арттыруға адал еңбегімен үлес қосты. Мысалы, менің анам қарапайым ауыл еңбеккері, КОКП мүшесі болған. Әкем екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Екеуі де мемлекетке адал болды.

Әлжан Исмағұлов Мұстафа Шоқайдың әруағын әдейі қорлап отыр. М.Шоқай ешқашан да КСРО азаматы болған емес. Мысалы, генерал Власов сияқты онда да бұл елдің төлқұжаты жоқ еді. Ол Зәки Уәлиди секілді Кеңес одағын қабылдай алмады. Бұл азаматтар большевик көсемдерінің азғындығы мен қатыгездігін ерте түсініп, шетел асқан. Сөйтіп өз халқының тәуелсіздігі жолындағы күресті жалғастырды. Әлде бұлар НКВД жендеттері келіп, тап сол жерде атып тастауын күтіп отыруы керек пе еді?

Олар ешқашан қолға қару алып күрескен емес. Мұстафа Шоқай 40-шы жылдары журналист болған. Әскери тұтқындардың қиын тағдырын естіп-білген ол соларға көмектесу үшін неміс лагерьлеріне аттанды. Бірақ 1941 жылы қайтыс болды. Бұл арнаулы қызметтің ісі болуы мүмкін. Оны кеңестің немесе немістің барлаушылары у беріп өлтіруі ықтимал. Мұстафаның титімдей де кінәсі жоқ інісі Нұртазаның атылып кеткенін, ал басқа туыстарының ұзақ жылдар бойы қара күйе жағылып, қуғын-сүргінге ұшырағанын әлгі екеуі білмейтін сияқты.

Коммунистік партия көсемдері тұтқынға түскен адамдарға қандай да бір көмек көрсетуден бас тартқан. Оларды «отанын сатқан опасыздар» деді. Шындығында отанын сатқан Сталин мен Молотов еді. Өйткені олар Германия Кеңес одағына басып кірмей тұрып, Гитлермен және басқа да рейх көсемдерімен оңаша келіссөздер жүргізген. Лагерьлерді ашып, қуғын-сүргін жасаған қарапайым коммунистер емес. Социализм идеяларын жұмысшылар емес, номенклатура өкілдері бұрмалаған. Ал басқа коммунистердің көбі Сталин түрмелерінде ажал құшып жатты.

Енді соғыс пен ашаршылық кезіндегі адам шығыны жайында айтайық. 1918-1920 жылдары азамат соғысы кезінде біздің республикамызда 3 миллион адам өлген. Соғыстың алғашқы бірер айында, яғни 1941 жылдың 22 маусымынан қазанға дейін Кеңес одағының 3,9 миллион (немістердің дерегі бойынша) азаматы тұтқынға түсті. Ал жалпы алғанда, КСРО басшыларының ебедейсіз әрекетінің кесірінен 7 миллион кеңес жауынгері жаудың құрығына ілінген. Сонда қаза тапқандар мен тұтқыннан босап шыққаннан кейін сталиндік лагерьлерге 10-15 жылға жіберілген жауынгерлер үшін кім жауапқа тартылды? Екінші соғыста кеңес халқы 28 миллион адамынан айырылды. Ал «буржуазияшыл» Уинстон Черчилл басқарған Ұлыбританияның жеті жылда 350 мың жауынгері мен қарапайым 60 мың азаматы қаза тапты. Сандарды салыстырып көріңіз!

Бұлар сол заманда тек байлардың ғана жерін, мал-мүлкін тартып алған дейді. Біреудің мүлкін сот шешімінсіз қалай тартып алуға болады? Сонда байлар адам емес пе? Олардың отбасы, бала-шағасы жоқ па? Жалпы дәулетті адамдардың бәріне қылмыскер деп айдар тағуға болмайды. Олардың бәрі бірдей зорлық-зомбылықпен мал жинаған жоқ. Көбі адал еңбегімен байыған.

Исмағұлов сотсыз, басқасыз мүлкінен айырылғандарды, тіпті ажал құшқандарды аяп отырған жоқ. Ол байлардан тартып алынған мал-мүлік халықтың қажетіне жараған дейді. Ең жаманы, ол кезде дәулетті адамдардың қатарына орташаларды, тіпті кедейлерді қосып жіберген ғой. Бірақ, қалай болғанда да, мүлікті заңсыз алып қою қылмыс болып есептеледі. Елестетіп көріңізші, үйіңізге келеді де, бар мүлкіңізді тартып алып, балаларыңыз бен немерелеріңізді итжеккенге айдайды. Сондағы олардың бар кінәсі – өзгелерден ақылдырақ, білімдірек болғаны және өте жақсы киінгені.

Орыстың белгілі жазушысы Лев Разгон «Ағат іс» («Непридуманное») атты кітабында «олардың байлығын жұрт талап әкетті» деп жазады. Ол өзі де жазықсыз сотталған. Ал қалаларда шынымен де қуғын-сүргінге ұшырағандардың мал-мүлкін сататын дүкендер ашылған еді.

Осындай қатып қалған қағидаларға қарамастан, сталиндік абақтыларға зиялы қауым өкілдері ғана емес, шаруалар, жұмысшылар, студенттер, комсомолдар да қамалды. Француз ғалымы Николя Верттің жазуынша, Кеңес одағының азап лагерлерінде 5 миллионннан 17 миллионға дейін адам жазасын өтеген. Бірақ кеңес өкіметі қуғын-сүргінге ұшырағандардың санын барынша жасырған. Сондықтан тұтқындалғандар мен атылғандардың нақты санын білу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр.

Бұл екі азамат «тарихты жетік білмейді екен» деп босқа айтып отырған жоқпын. Мысалы, адамдардың лагерьге тіпті сот шешімімен емес, НКВД органдарының қаулысымен жіберілгенін көпшілік білмейді. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік бас комиссары Николай Ежов «халық жауларының» әйелдері мен балаларын тұтқындау туралы шұғыл бұйрық шығарған. Осы бір үрейлі бұйрық бойынша, еш кінәсі жоқ аналар мен балаларды абақтыларға жөнелтіп отырған. Олардың көбі сол жерлерде өліп кетті. Солардың бірі – АЛЖИР («Отанын сатқандардың» әйелдерінің Ақмола лагері) қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының маңында орналасқан. Онда 13 мың әйел тұтқында болыпты. Ал ел бойынша осындай лагерьлерге жөнелтілгендердің саны – 18 мың. Бұдан да көп болуы мүмкін.

Ежовтың №00486 бұйрығында тұтқындау тәртібі анық көрсетілген. Ол бойынша троцкийшілдер ұйымының мүшелерінен, тыңшылар мен диверсанттардан бөлек, осылайша әйелдер мен балалар да лагерьден бір-ақ шықты. Жасы 15-тен асқандар «әлеуметтік жағынан қауіпті» деп саналып, тұтқынға алынса, одан кішілері балалар үйлеріне жіберіліп, қатаң бақылауға алынды. Бірақ әйелдер күйеуін ұстап берсе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылатын.

Адамдарды прокуратура мен соттың санкциясынсыз, адвокатсыз НКВД-ның аймақтардағы басқармалары тұтқындай берген. Ұсталғандардың барлық мүлкі тәркіленген.

Ежовтың тағы бір №00447 бұйрығы қуғын-сүргінге ұшыраған басқа жандардың тағдырын шешіп отырды. Одан кейін тағы бір бұйрық шығып, ол Кеңес одағында тұратын поляктарға және басқа да ұлттарға ауыр соққы болып тиді. Миллиондаған адам Қиыр Шығыс, Поволжье, Қырым және Кавказдағы туған жерлерінен қуылып, Қазақстанға жер аударылды. 30-шы жылдары биліктің құрсауынан қашқан миллиондаған қазақ Қытай, Ауғанстан, Түркия асып кете барды. Олардың тағдыры аянышты еді.

Ал Әшімбаевтың сол «қуғын-сүргін мәселесін тым саясиландырып жібердік» дегені қисынға келмейді. Қаншама жыл халық жауларының балалары, немерелері деген қара күйе жағылып келген азаматтардың құқығы шектеліп отыр. Коммунистік партияның басшылары мен олардың бүгінгі мұрагерлері жазықсыз өлтірілгендер үшін кешірім сұраған жоқ. Кеңес одағы тарап жатқан кезде КСРО-ны қолдап ешкімнің көшеге шықпауы жәйдан-жәй емес сияқты. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында саяси-қуғын құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсыруын аса қажет әрі дер кезінде жасалған қадам деп санаймыз.

Сөз арасында Жұмабек Тәшеновтің әруағын қорлапты. Мұрағат материалдарын қарамаған. Қазақ тілін білмейтіндіктен сол ірі қайраткер туралы естеліктерді де оқымаған. Мысалы, белгілі мемлекет қайраткері, ғалым Сағындық Кенжебаев Тәшеновтің құдіреті күшті Хрущевпен қалай қырқысқанын еске алады. «Жұмабек Тәшенов» атты монографияда осы жәйт бүге-шігесіне дейін баяндалған.

Бостандық ауданын өзбектерге беру мәселесі 1920 жылдары көтерілген еді. Сөйтіп ол 1955-1956 жылдары шешілді. Ал республикалар арасындағы шекараны өзгерту туралы шешімді қабылдаған Жұмабек Тәшенов емес, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Леонид Брежнев болатын. Сөйтіп 1956 жылдың 13 ақпанында КСРО Жоғарғы кеңесінің төрағасы Климент Ворошилов пен Президиум хатшысы Николай Пегов «Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасындағы шекараны ішінара өзгерту туралы» жарлыққа қол қойды.

Жұмабек Тәшенов және басқа да жауапты қызметкерлер – Хайдар Арыстанбеков, Иван Слажнев, Андрей Морозовтар Бостандық ауданын қазақ жерінде қалдыру үшін соңына дейін күресті. Бірақ Мәскеумен күштері тең болмады да, жерді алып қалуға шамалары жетпеді.

Тәшенов партияның басқа қызметкерлері сияқты кабинетінде отыра бермейтін. Ол аса дарынды және батыл адам болды. Биліктің қатаң бақылауына қарамастан, құдіреті күшті орталықтың алдында Қазақстанның мүддесін барынша қорғай білді. Мұны дәлелдейтін құжаттар бар. Ол жазықсыз жапа шеккендерді ақтау үшін көп іс атқарды. Жұмабек Тәшенов саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның төрағасы болып тұрғанда, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және басқаларға таңылған айыптаулардың күшін жоюға атсалысты. Лагерьде жүріп өлген азаматтардың әйелдері мен отбасыларының үйлерін қайтарып алуына көмектесті. Жұмабек Тәшеновтің атқарған қызметіне атақты Бауыржан Момышұлы мен Кеңес одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов жоғары баға берген.


Статистикаға тоқталсақ, КСРО халықтарын, оның ішінде қазақтарға ұжымдастыру кесірінен келген жұтты саясаттанушы мазақ еткендей болады. Мысалы, ол аштықтан 10 миллион, 20 миллион, 60 миллион адам өлді дегенді қайдан шығарған? Қазақстанда ондай санды ешкім айтқан емес. Ал 30-шы жылдардағы ашаршылық кезінде біздің республикада 3 миллион адамның қырылғаны туралы дерек көп жерде көрсетілген. Ғаламтордан іздесеңіз де, тез тауып аласыз. Қазақ жеріндегі жұттың сұмдықтары жайында АҚШ тарихшысы Роберт Конквест те «Қасіретті науқан» («Жатва скорби») атты кітабында жазды. Ол ұжымдастыру жылдарында жергілікті халықтың қырылуын қазақтардың аса үлкен қасіреті деп атаған. Осы тақырыпты басқа да тарихшылар зерттеп жүр.

1926 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, қазақтардың саны 3 968 289 болған. Осы көрсеткіш 13 жылдан кейін өсудің орнына, керісінше, төмендеп кетіпті. 1939 жылғы көрсеткіш — 3 100 949. Әсіресе, балалар көп өлген. Бұл туралы көптеген естеліктерде айтылады. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов өздері аман қалу үшін анасының кішкентай қызды қасқырға тастап кетуге мәжбүр болғанын қайғыра отырып еске алған еді.

Қазақстан мен Украинадағы ашаршылық Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен болды. 1928 жылы Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «Байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы» қаулысы шығады. Оған басқа да қаулылар қосылған. Сол жылы тамыз айында «Қоныс аударатын адамдарды белгілеу туралы» да қаулы шықты. Онда шаруаларды көшіру жайы қарастырылған. Содан Бүкілодақтық Компартия Орталық комитетінің 1929 жылғы сәуір пленумы шешуші сәтке айналды. Онда ұжымдастырудың сталиндік бағыты қолдау тапты. Соны жүзеге асыру үшін бүкіл одаққа, оның ішінде қазақ жеріне белсенділер мен әскери жасақтар жөнелтілді. Мұнда олар өздері сияқты белсенді атқамінерлерді жинап алды. Ұжымдастыруды жүргізу барысын орталық органдар мұқият бақылап, басқарып отырды. Тарихшылар 1929 жылдан 1933 жылға дейін республикамыздың азамат соғысы жағдайында болғанын айтады. Сол кезде қазақ жерінде Кеңес өкіметіне қарсы 400-ден астам көтеріліс болған. Оған 80 мыңнан астам адам қатысты. Көтерілісшілердің қатарына қазақтармен қатар басқа ұлт өкілдері де қосылған.

Кеңес номенклатурасы наразыларды «қарақшылар», «тап жаулары» деп жариялады. Сөйтіп бейбіт халыққа қарсы әскер күшін қолданды. Оған аэропландарды, Каспий маңы флотилиясының бөлімдерін жөнелтті. Бір ғана жағдайды айтайын. Белгілі тарихшы Жұлдызбек Әбілғожиннің жазуынша, Орынборға шоғырландырылған кавалерия дивизиясының атты әскер бөлімі 250 адамды атып, шауып өлтірген.

Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары қазақ билігінде жергілікті ұлт өкілдері аз болды. Ал өкіметте отырған шамалы қазақтың қолында билік болмады. Олар шешім қабылдай алмайтын. Сол кезде жоғары қызметте отырғандардың бірі – Әбілқайыр Досов Тұрар Рысқұлов, Ораз Исаев, Нығмет Нұрмақовтармен бірге Мәскеуге барып, біліксіз, ұрда-жық Голощекинді республика басшылығынан ығыстыру үшін барын салғанын жазады. Бірақ олар бүкіл билік Мәскеуде екенін түсінді. Олардың қасіреті де сонда еді. Ақырында бәрі қуғын-сүргіннің құрығына ілігіп, өліп кетті.

Саясаттанушы мына тұрған «Өзбекстан, Қырғызстан немесе Түрікменстанда ондай ашаршылық болмады ғой» дегенде мәселенің байыбына барып отырған жоқ. Иә, аталған республикаларда біздегідей ашаршылық болған жоқ. Өйткені олар Сталин тағайындаған Филипп Голощекин мен оның жақтастары қазақ жерінде жүргізген «кіші октябрь» саясатына ілінбеді. Әрине, ұжымдастыруды ұйымдастырғандардың арасында жергілікті коммунистер де баршылық еді.

Президент мұрағаты мен Қызылорда облыстық мұрағатында Голощекин мен оның құйыршықтары қол қойған көптеген құжаттар жатыр. Онда ұжымдастыруды қалай жүргізу керектігі тәптіштеп тұрып жазылған.



Біз бұл дүниедегі ең құнды нәрсе адам өмірі екенін түсінуіміз керек. Сондықтан коммунизмді құру туралы идеологиялық ұрандар, жаттанды сөздер мен әдемі ертегілер адамның бар мүлкін тартып алып, өмірін жалмауға негіз болмауы тиіс еді. Ал большевик көсемдерінің доктриналары тура осы әрекетке бағытталды. Олардың тағы бір бағыты – халықты «алдыңғы қатарлы» және «артта қалғандар» деп бөлу. Сол «алдыңғы қатарлы» адамдар «артта қалғандарды» жарқын болашаққа жетелеуі қажет деп білді. Ал бұл қағидалармен жүргісі келмегендерді «ымырашыл», «ұлтшыл» деп атуға бұйырды. Әлгі сұхбаттасушы екеу дәл сол өткен заман қағидалары шеңберінде әңгіме соғып отыр. Одан қала берді, күллі қазақ халқын «жалқау, рушыл» деп кінәлауға тырысады. Бұл шындыққа мүлде жанаспайды. Тұтас халықты бұлай жағымсыз етіп көрсету ксенофобия деп аталады. Әрі-беріден соң, қазаққа мін тағатындай Абай да, Махамбет те емес қой. Біз оларға өтірікті соғып, өз жұртын шатастырмасын дейміз.

Белсенділер мен апологеттер коммунистік партияны қалай ақтаса да, Қазақстанда болған аштыққа саяси және моральдық баға беретін кез жетті.

Бүркітбай Аяған,

ҚР Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы

Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/2020/10/09/koneni-koksegender-zhanany-zharylkhamas/?fbclid=IwAR0B-YziS46L8qTWfC1...

Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика