Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ҚР Тәуелсіздігі шежіресінен

ҚР Тәуелсіздігі шежіресінен 05.04.2021

ҚР Тәуелсіздігі шежіресінен

1990 жылдардың екінші жартысындағы мемлекеттік және өңірлік құрылыстың маңызды бағыты 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық реформамен айқындалды. 

Қазақстан Республикасының Тұғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы мамырдың 23-індегі «Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығы бойынша осы облыстардың ішкі құрылымында өзгерістер (облыстарды, аудандарды қосу арқылы) жасалды. Нәтижесінде, ҚР Президентінің жоғарыда аталған Жарлығын орындау үшін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы мамырдың 23-індегі Қаулысымен Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының шекаралары өзгертілді. Сөйтіп, Жезқазған облысы – Қарағанды облысымен, Көкшетау облысы аудандарының бір бөлігі – Солтүстік Қазақстан облысымен, Семей облысы – Шығыс Қазақстан облысымен, Талдықорған облысы – Алматы облысына, Торғай облысы Қостанай облысына біріктірілді.

1997 жылғы реформаның негізгі мақсаты әкімшілік құрылысты оңтайландыру, демеуқаржыға мұқтаж облыстардың санын қысқарту болған-ды. Кейіннен бұрынғы облыс орталықтарының екеуіне: 1999 жылы – Көкшетауға, 2001 жылы Талдықорғанға облыс орталығы мәртебесі, тиісінше Ақмола және Алматы облыстарының атауы қайтарылды. 

Өзгерістердің салдарлары әртүрлі болды. Торғай облысының қысқартылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына күшті әсер етті. Жезқазған облысы ірі «Қазақмыс» корпорациясының арқасында бұл үдерістен көп зардап шекпеді. Семей және Шығыс Қазақстан облыстарының қосылуы біріктірілген Шығыс Қазақстан облысын демеуқаржыға мұқтаж облысқа айналдырды. Алайда 2005 жылы тамыздың 25-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын өркендетудің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қаулысы қабылданған соң, жағдай жақсы жаққа қарай серпінді өзгерді. Бұл бағдарламаның жүзеге асуы тауарлар мен қызметтер өндіру көлемінің артуына, инвестициялар ағынының ұлғаюына, азаматтардың материалдық және тұрғын үй жағдайларының жақсаруына, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылым нысандарының материалдық базасының нығаюына септігін тигізді. 

1997 жылғы әкімшілік-аумақтық реформаның ішкі ғана емес, соны-мен қатар геосаяси да маңызы болды, өйткені ол сыртқы шекарасы бір мезгілде және бірінші кезекте мемлекеттік шекара болған облыстарды қайтадан құрды. Шекараға жақын өңірлерді болашақ үшін ірілендіру олардың жағдайын орнықтырды, егемен Қазақстанның жалпы гео¬саяси кеңістігінің іштен бірігуіне, тұтас болуына мүмкіндік туғызды. Ірілендірілген шет облыстардың шекаралық қалалардың атаулары бойынша емес, маңызды қазақстандық өңірлер: Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) деп аталуының да ерекше маңызы болды.

Т.М. Әминов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор



Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика