Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жариаланымдары

АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК  МҰРАСЫ

           

Қазақ, қазақ болғалы қаншама жаугершілікті, жан алысып, жан беріскен қилы замандарды бастан кешірді. Сондай қиын-қыстау жылдар қаншалықты көп болса да, ел басына күн туғанда қол бастап, ел тағдырын өзгерткен ұлы көсемдеріміз саусақпен санарлық.

Сол санаулы көсемдеріміздің ішінде халық жадында қалып, әлемге әйгілі болған хун көсемі Мөде Тәңірқұт, ұлы түрік көсемі Күлтегін, Қазақ ордасын құрған Керей мен Жәнібек, «Қасым ханның қасқа жолын» қалыптастырған Қасым хан, «Есім ханның ескі жолын» қалыптастырған Есім хан… Міне, осы саусақпен санарлықтай ұлы хандарымыздың бірі де, бірегейі де – Абылай хан. Биыл Абылай бабамыздың дүниеге келгеніне 300 жыл толып отыр. Бұл   ұлы бабамыздың өз халқымен тілектес болған рухының куәсі. Шараға танымал қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тарихшылар қатысты. Қазақтың ұлы ханының 300 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізіміне кірсе де артық болмас еді! Өйткені, Абылай хан мен қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін сүбелеуге болады. Олар әр басқа кезеңде өмір сүрсе де, мақсаттары ортақ. Оны тарихтың өзі дәлелдеуде.

Үш жүздің басын қосқан  Абылай хан қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Алаш баласына Абылай ханның кім екенін айтып жатудың өзі артық. Ұлы Абай оны: «Қазақ халқының қаһарманы» десе, Мағжан ақын : «Алаштың арыстаны - Абылай ер», деп жырға қосқан. Елбасы Н.Ә. Назарбаев оның ұлт тарихындағы орны туралы: «Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей, ел жадында сақталған тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғаларының біреуі ғана емес бірегейі - Абылай хан. Абылай есімі қазақ тарихында ең көп аталып, ардақталған тұлға» - деген сөздері халық жадында. Абылай шын мәнінде көзі тірісінде аты аңызға айналып, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін 40 жыл бойы аттан түспей күрескен ұлы тұлға. Оның қайталанбас асыл бейнесі ел басына күн туған, жоңғар шапқыншылығы өршіген, қазақ халқының тағдыры қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрған қиын-қыстау кезеңде жарқырай көрінді. Елдің тұтастығын, ұлан-ғайыр жерімізді сақтап қалу үшін жаны мен арын аямаған Абылайдай асыл ердің сіңірген еңбегі мен ерлігі болашақ ұрпақ үшін мәңгілік мақтанышқа айналуы тиіс.

Алайда, Абылай заманының ақиқаты біз үшін басқаларынан гөрі жақын   және   соншалықты  қажет  тарих  тағылымы. Қатпары қалың, қалтарысы мол қазақ тарихындағы Абылай заманына және оның дара тұлғасына байланысты айтылатын ғылыми ойлар толастамаса тоқталмайды.   

Тарихтан белгілі XXVIII ғасырдың алғашқы ширегі қазақ елі үшін бұрын-соңды болып көрмеген қанды қасап қырғынның, «елім-айлап» етегі жасқа толып еңірей босқан зар заманның, енді ел болып, етек жинаудың мүмкін еместігінен түңілген қысылтаяң қытымыр уақыттың  қатал сынағы болып  келді. Қазақтың өз ішінде билер институтын қалыптастырып, мәмілегерлік ақыл-парасатпен ірітіп алмай, іргесін бекітіп іс жүргізген Тәуке ханның заманы өтісімен, алыстан орағытып отырған орыстың, қырын қарап келген қытайдың, қапияда бас салуды көздеген қалмақ-жоңғардың  көктен тілегені жерден табылғандай болып,  қазақ хандығының ендігі тағдырын  қақпақылға айналдырудың  қапысыз қарекетіне көшті. Осылар аз болғандай, қиқулаған Хиуа, қоқаңдаған Қоқан, қыр көрсеткен Қырғыз хандықтары да оңтүстіктен әлсін-әлсін әңгіртаяқ ойнатпаққа  ұмтылып отырды.  Осындай өліара шаққа  Тәукенің босбелбеулеу ұлы Болат ханның  таққа отыруы тап келді. Дүниені әріден ойлайтын орыс пен қытай әлі де болса күлік мініп, күш алып тұрған жоңғарлардың ендігі жорығының жойқын болуына тілекші ғана болып қойған жоқ, соған дем берді, қару-жарақпен жасақтады. Қаншама ғасырлар бойы ұлы даланы бағындырып келген даңқты көшпелілердің ақырғы екі хандығы-қазақ пен жоңғардың  өз ара қырқысып, жер бетінен жойылып кетуіне мүдделі еді. Ақыры, соның бірі орындалып, Қалдан Серен өлген соң  Ұлы Жоңғар мемлекеті біржола тарих сахнасынан өшірілді. Қансырып қалған қазақ хандығының тым ауыр, мүшкіл халі айтпаса да түсінікті.

Қазақтың ұлы хандарының бірі Абылайдың арғымаққа ер салып, ақ туын көтерген кезі осы еді. Атақты Аңырақай-Алакөл шайқасы тұсында ұлы хандықтан үміткер Сәмеке мен Әбілқайыр  «Болаттың орнына хан етіп  сайламадыңдар» деп, майдан даласын тастай  шегінгендері ел ішіндегі бірліктің бітіспес дау-шарға айналып кеткенінен хабар берсе керек.  Осы бір рәпайсыз жағдай Әбілмәмбеттің әлгілерге деген сенімін сеңдей бұзып,  жас пері Абылайға арқа сүйеудің алғашқы белгілері көріне бастаған.  Соның бір дәлелі: Абылайды Арғынның Атығай-Қарауылына сұлтан етіп тағайындап, Орта жүздегі сенімді ізбасары есебінде ел басқару ісіне еркін араластыра бастағандығында.  Көп ұзамай-ақ, шамамен 1736 жылы Сәмекенің орнына Орта жүздің  ханы болған  Абылай өзгелерден абыройын асырып, атақ-даңқын оздыра бастайды. Осы аралықта Абылайдың басты бәсекелесі  болып саналуға тиіс Кіші жүздің ханы Әбілқайыр  Барақ сұлтанның қолынан қаза табады. Бұл нәубет Әбілқайырдың өзімен ғана кетпей,балаларының басына да үйіріле бастайды. Осы кезде Әбілқайырдың бәйбішесі Бопай ханымға көмек қолын созып, Нұралы, Ералы сұлтандарды ажал аузынан аман алып қалған  Абылайдың ақыл-парасатын, көрегендігін көруге болады. Осы турасында Бопай ханымның орыс патщасына жазған хаттарында баяндалған. 1840 жылы қазақтың үш жүзінің ханы Әбілмәмбетпен  бірге Орынборға «одақтасу рәсіміне» барған қазақ хандығының ресми өкілдері әу басында Абылай және осы Нұралы, Ералы сұлтандар болған. Сол кездегі Орынбордың генерал губернаторы Василий Урусовтың қабылдауында болған қазақтың хан, сұлтандарының  ішіндегі сөзге жүйрік, тілге шешен, іске бекем, мінезге бай Абылай болғандығы жайында тарихи құжаттар негізінде зертеушілердің еңбегінен көруге болады. Осы кезден бастап  Абылай орыс патшалығының және қытай боғды ханының ерекше назарына іліккен. Ақыл мен айлаға жүйрік, алғыр, бекем саясатын бедерлеп өткізген бірбеткей   Абылайды  орыс пашталығы «Орта жүздің сұлтаны» деп қана қабылдап,  оның орта жүздің және Әбілмәмбет өлген соң қазақтың ұлы ханы болғандығын көпе-көрнеу мойындамай, әр түрлі айла-шарғы жасап,   Абылайды өздеріне тәуелді ету мақсатында айла-шараларын асырған.     Бірақ, ержүрек, өжет, табанды, тапқыр, айлалы Абылай оның біріне де бас ұрмаған.  Осындай хан орысқа жақсын ба?

«Ұзын арқан, кең  тұсау» саясатын жүргізген Абылай Қытаймен де мәмлеге келіп, жеті басты айдаһардың да тілін тауып отырды.  Оңтүстікте бөрліккен Орта Азияның ұсақ хандықтарын да өз орнына қоя білді. Осы жағдайлар да орыстың іштегі қыжылына қыжыл қосты. Абайша айтқанда, «ақыл мен айлаға бірдей шырақ жаққан» Абылай аумалы-төкпелі заманда қазақ көшінің теңін аудырмай тең ұстап, ойдағы орман орыспен, қия беткейдегі қиғаш қабақ қалмақпен,  қиыр шеттегі қысық көз қытаймен тең дәрежеде тіл табысып, сенімдеріне кіріп, дипломатиялық қарым-қатынас негізінде өте-мөте шебер саясат жүргізе білді. Бұл-Абылай ханның асқан көрегенділігі мен мәмлегерлігін көрсетеді.

      Әз Тәуке заманында әбден орныққан құқықтық жүйені сақтай отырып, билер мектебін де ел пайдасына пайдалана білді, сондай-ақ,  дала демократиясын жаңғыртып, Бұқар, Үмбетей, Көтеш, Тәттіқара секілді ақын-жыраулардың мемлекетшілдік идеясын қолдап, олардың  мәртебесін көтерді және ірі әскери қолбасшы ретінде әр рудың сойыл соғарлары болып  кеткен батыр-оғландарының басын бір ұранның айналасына топтастырып, бір тудың  астына жинай білді. Ең бастысы, қазақтың баһадүр батырлары сол тарихи миссияны өле-өлгенше атқарып,  ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлы даласын қорғап өтті һәм ханға да, халыққа да адал қызмет етті. Сондықтан да, Абылайдың айналасында жүріп азаттық үшін жан беріп, қан төккен қазақтың қайсар ұлдарының қай-қайсысы да бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге, мақтан!     

      Қайшылығы мол, қатпары қалың заманда өмір сүріп, өнегелі ғұмырының жарты ғасырға жуығын қазақ елінің тәуелсіздігі жолында сарп еткен Абылайдың абырой-беделін арзанға түсіргісі келген қоңыз әңгімелер де болмай қойған жоқ. Күні кешеге дейін «Абылай қанішер болған» деп келгеніміз осының айғағы. Ол да сол қазақтың өз ішінен шыққан қаңқу сөздер. Алайда, Абылайдың алты алаштың алдындағы ар-намысын, асқақ тұлғасын, төккен терін, төлеусіз  есіл еңбегін  арзан пайым, абыройсыз әңгімелер төмендете алмайды. Қалай дегенмен де, Шоқан Уәлиханов жазғандай, «Абылай заманы-қазақтардың ерлік ғасыры» болып қалды.  Абылай хан дүниеден озғанда Бұқар жыраудың жоқтауында айтқандай:  «...Ғаділдігін Наушауран ғаділге жеткерген, жомарттығын Атымтай жомарттан өткерген, имандының ісіне қарап бет берген, табандасқан дұшпанға күнде қылыш шауып өткерген...» Абылайдай ұлы ханның қадір-қасиеті, оның асқақ тұлғасы  жылдар өткен сайын бүгінгі һәм ертеңгі ұрпақтың тәуелсіз тарихи санасында  жаңғыра беретіні сөзсіз ақиқат. Өйткені, Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржын қақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т.б. күйлердің авторы.

Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген.   Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символында жауынгерлік ұранға айналды.

 

Дүкенбаева Зада Оразғалиқызы,

Деректану, тарихнама және

Отан тарихы бөлімінің бас ғылыми

қызметкері, т.ғ.д., профессор




© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика