Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Халық тарих толқында

Б.Ғ. Аяған


Мемлекет тарихы институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі


Қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу әдіснамасының мәселелері


Қазақта «Ертеңін ойламаған елдің болашағы бұлыңғыр» деген сөз бар. Қай заманда болмасын, тарихшылардың мойнына артылар жүк ауыр болған. Өйткені, тарих елдің ұлттық санасын қалыптастырады, мемлекеттік идеологияны насихаттайды, жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелейді.

Әсіресе, Тәуелсіздік тарихын жазуда Елбасының еңбектері басшылыққа алынады. Мұндай тәжірибе, көршілес елдерде әзірге кездеспейді.

Өздеріңізге белгілі, тікелей Елбасының араласуымен «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы, «Мәдени мұра» сияқты Мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, қаржыландыру мәселесі шешімін тапты, жабық мұрағат қорлары ашылып, тарих беттері толықты.

Енді біздерге, «жоғарыдан» нұсқау күтпей-ақ, осы мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес нақты іспен айналысу ғана қалды. «Тарих ғылымы – барлық ғылымдардың атасы» десем, артық айтқандық емес. Бізде Қазақстан тарихы жоқ емес, бар, жазылды. Сол үшін тер төккен ағалар рухына тағзым. Осы залда отырған менің әріптестерім қаншама еңбек етті.


***

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында қайта жаңғыртты. Ол: «...Қазақтардың ұлттық тарихы, олардың этногенезі мыңдаған жылдарға созылған бірегей ажырамайтын үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс. Осы тұрғыда қазіргі заманғы Қазақстан Ұлы дала өркениетінің ежелден келе жатқан шешуші мұрагерлерінің бірі ретінде заңды түрде көрініс табатынын» қадап айтты.

Мен осы идеяларға сүйене отырып, өз ойларымды ортаға салайын.

Өкінішке орай, әлі де тарих ғылымында Қазақ мемлекеттілігі сияқты тақырыптар бойынша ортақ тұжырымдар қалыптаса қойған жоқ. Мысалы, осы күнге дейін мемлекеттілік тарихы, оның дәуірленуі әртүрлі. Мемлекеттіліктің бастау көздерін біріміз сақ-ғұн дәуірінен, екіншіміз Түркі қағанаты, үшіншіміз Ақ Ордадан, төртіншіміз Алашордадан іздейміз. Ал дұрысы осы елді мекендеген сақ-түркі мемлекеттерінен деуге толық негіз бар ғой.

Келесі – өзінің дербес мемлекетін құрған қазақ халқын дәріптеу мәселесі. Қазақтар ешқашан ешкімге қарсы соғыс ашпаған, ата-бабамыздың жерін ерлікпен қорғаған халық. Бізге осындай рухы биік Қазақ ұлтын әлемге таныту өте маңызды. Ол үшін, алдымен өзіміз ғылыми айналымда жүрген құжаттар мен материалдарды толық игеріп алуымыз керек.

Осыдан келіп туындайтын мынадай міндеттерді атап өтсек:

1) Атақты ойшылдардың пайымдауынша, «бұл дүниенің ең қиыны - адамның санасын өзгерту». Ендеше ұлттық санамызды жаңғыртуға қоғам болып күш салуымыз керек. Тек тарихшылар емес, өнер адамдары (архитектор, мүсіншілер, кино, театр, қылқалам шеберлері) бірігіп, кешенді жұмыстарды қолға алсақ, «алынбайтын асу жоқ». Мысалы, қалалардың бүгінгі келбетін алайықшы, қыруар жұмыстар жасалуда. Бірақ қалалар архитектурасында ұлттық бояу, ұлттық нақыштар жетіспейді.

2) Қазақстан тарихы - әлем тарихының құрамдас бір бөлігі. Сондықтан ұлттың тарихын дүние жүзілік тарихпен сабақтастықта жазуға көшу керек. Қазақ мемлекеттілігін айқындайтын ескерткіштің бірі - Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік монументі». Ондағы Сақ жауынгерінің бейнесі көне тарихты жаңғыртып тұр. Ал Астана қаласындағы «Керей мен Жәнібек хандар» ескерткіші - хандық биліктің жарқын көрінісі. Егер хронологиялық жағынан келсек, бізде осы екеуін сабақтастыратын түркілік дәуір мен Алтын Орда заманынан бірде-бір ескерткіш жоқ. Түркі халықтарына ортақ тотем «Көк бөрі», ол тәңіршілдік пен қаһармандықтың белгісі. Әлекеңдер (Бөкейхан) жаңғыртқан Алаштың символы. Ағайынды Ромул мен Ремді құтқарған Италиядағы Капитолий қасқырын қасиет тұтқан ежелгі римдіктер сияқты, біз неге оларға тарихи ескерткіш орнатпаймыз?

3) Бүгінге дейін өткен ғасырдың 20-50 жылдарында Қазақ қасіретін тудырған «сталинизм қылмысына» лайықты баға берілген жоқ.

4) Ұлттың тарихын бұрмалайтын қате пікірлерге тойтарыс беру де тарихшылардың міндеті деп білемін. Біздің БАҚ-та ұлттық тарихты насихаттау әлі де әлсіз екенін мойындайық. Қазіргі тарихшылар мен журналистерге қойылатын талаптар жоғары. Олар әрі публицистика, әрі интернетке жетік болуы керек.

Қазақстанда Жас тарихшылар Қауымдастығын құру және оның тұжырымдамасын қабылдаудың реті келіп тұр. Тағы бір мәселе - «Мемлекет тарихы» ғылыми журналын республикалық деңгейге көтеру қажет деп ойлаймын.

Облыстық мұрағат материалдарын толық игеру, тіпті кейбір аймақтарды, атап айтқанда Астана, Шымкент, Ақтөбе сияқты қалаларды ғылыми орталыққа айналдырған дұрыс. Мысалы, Ресейдің тәжірибесін алайықшы, ғылыми орталықтары Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск қалаларында орналасқан. Бәсекеге қабілетті ғылыми орта бар, әрі сол аймақтың тарихын терең зерттейді. Өлкетану, аймақтану мәселесін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев та көтерді.

Білім беру жүйесіне келсек, келешекте 12 жылдық мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақстан тарихы» пәніне қосымша кәсіби-бағдарлы курстар енгізу – заман талабы. Әрбір мамандықтың өз тарихы бар. Сондықтан Қазақстан тарихы бойынша 2 курстан бас-тап 1 кредит (45 сағат) көлемінде элективті пәндерді оқыту аса қажет. Әр университетте арнайы тарих бөлімдерін ашуымыз керек.

1995 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастастыру тұжырымдамасындағы» ауқымды міндеттердің шешілуіне байланысты, бұл құжатты мемлекеттік өлшемдерге сәйкес толықтырып, оның жаңа нұсқасын әзірлеуді ұсынамын.




© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика