Institute of History of the State

Republik of Kazakhstan, Astana sity, Mangilik El street, 8, 14 entrance

 

Materials of international scientific-practical conference «Mangilik el»

АЙДАБОЛ БОЗҚОЗЫ БАТЫР


Қырықбай А т.ғ.д.,профессор
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Айдабол бидің сегіз баласының бірі Бозқозы батыр. Ол туралы аңыз-әңгімелер баршылық. Бірінде ел-жұртын сыртқы жаудан қорғаған қаһарлы батыр, екіншісінде өз туған інілеріне күн көрсетпеген озбыр, қанішер, үшіншісінде кем-кетіктің қамын ойлап, Айдабол әкесінің жолын қуған би ретінде көрсетіледі.

Ертеде жоңғар шапқыншылыған дейін Сүйіндік елі, оның ішінде Құлболды әулиеден тараған төрт ру Сырдария мен Ұлытаудың арасында көшіп жүріпті. Қыс қыстауы Түркістан ,Ташкент аймағы болса, жаз жайлауы Сырдария, Шу бойы мен Ұлытау аралығы екен. Кезінде Айдаболдың 8 ұлына ешкімнің тісі батып, қарсы шыға алмапты. Барлығы батыр, сөзге жүйрік-шешен би болыпты. Олардың осыншама өлкені иеленіп, емін-еркін көшіп жүруі де соған байланысты болар. Айдаболдың өзі, кейін кенже баласы Тайкелтердің де Ташкент қаласын басқарып тұруы осыны растайды. Ал Шыршық, Сыр және Шу өзендерінің бойындағы және Ұлытау маңындағы Айдабол мен оның балалары және ұрпақтарына қатысты тарихи атаулар мен аңыз-әңгімелердің сақталуы да өткен тарихтың куәгер мұрағаты іспеттес. Осы кезең, 18 ғасыр Бозқозыны елді сыртқы жаудан қорғап ғана қоймай, халықтың жанашыры ретіндегі ақылшысы, басшысы ретінде көрсетеді. Оның кері жағынан көрсететін ауызекі аңыз- інілері Тайкелтір мен Қожакелдіге байланысты айтылады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Тайкелтір» дастанында және сол дастанның ізімен әңгіме ретінде жазылған марқұм Нұғыман Баяндиннің Алматыдан 2012 жылы ұрпақтары шығарған «Тайкелтір» повесінде кездеседі. Мұнда қос автор да, әсіресе, соңғы автор Бозқозыны сотқар, басбұзар, қанішер ретінде көрсетуге тырысқан. Әрине, тарихта олай болмаған. Егер, Бозқозы ондай болса, қазір Тайкелтерден де, Қожакелдіден де ұрпақ болмас еді ғой. Бозқозы оларды өшіксе жоқ қылып, жібереді емес пе? Керісінше, Тайкелтірдің би болып, Қожакелдінің батыр атануы Айдабол балаларының аузбірлігінде болды деп пайымдауымызға болады. Ал ағайын арасындағы келіспеушілік, алауыздық қашанда болған. Оған тарих куә. Мәшһүр Жүсіптің өзі ол деректерді жазғанда үнемі осыдан бәленбай ғасыр өтіп кеткен оқиға кезінде олардың қасында біреу жүріп пе, мен тек қана естігенімді жазып отырмын деп ақталып алмай ма? Міне, бұл нағыз адал ғалымның, білгір ғалымның сөзі. Ал көзбен көргенін емес, құлақпен естігенін ғана, әсіресе, қазіргі заманда өтірікті шындай, шындықты өтіріктей жазатындар көбейіп кетті. Әйтпесе, шындығында осыдан 3 ғасыр бұрын болған оқиғалардың басы-қасында кім жүріпті дейсіз. Сондықтан, ғалымдар мен жазушылардың мақсат-міндеті ағайындардың басын ажырату емес, қайта қосу болу керек. Болашақ ұрпағымыз тату-тәтті болсын десек біз осыны істеуіміз қажет. Қазақтың игі жақсылары Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер, Бұқар жыраулардан бастап, осындай бір-ақ мақсатта жұмыс істеген. Ал халықтың бірлігін, тыныштығын бұзатын Қодар мен Бекежандар қашанда болған. Және де бола береді. Бірақ, оларға игі жақсылар үнемі жолдарын көрсетіп отырған.

Бұл арада біздің мақсатымыз біреулердің алдында ақталу емес, қайта халықтың арасынан шыққан Бозқозы сияқты батыр ұлдарымызбен мақтану. Оған деректі, дерексіз дәйектеріміз де баршылық. Енді сол өткен ғасырлардың куәсі боларлықтай үзік-үзік пайымдауларымызға назарларыңызға ұсынсақ. Алдымен Шайқым ақсақал жинаған шежіреде: Айдаболдың 3 әйелі, 8 ұлы болғандығы, екінші әйелінен: Қарақозы, Бозқозы, Аққозы туғандығы айтылып, осы 5 қозы балалары бір жұрт болып, 4 қозы бөлініп, Бозқозы ұрпақтарын ішкі «Шұбар» (Жұпар) түсіріп жібергендігін:


Аққозы, қара қозы бір туысқан,
Малқозы, Жанқозымен енші алысқан.
Әлеумет осылайша біздің көрдің,
Бозқозы арада болған, - деп көрсетіледі [1].

Күні кешегіге дейін халық арасында Бозқозыдан ұрпақ жоқ, себебі ол қалмақтармен айқаста қаза болды. Үйленіп үлгерген жоқ еді, - деп келді.

Ал,кезінде Бозқозының ұрпақтары болғандығы жайында тарих ғылымдарының докторы, професссор Махсат Алпысбес өзінің «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» деген еңбегінде: «Бөкенбай батыр Бозқозыұлы 17 ғасырдың 2 жартысы-18 ғасыр басында өмір сүрген. Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Арғын, Қыпшақ қолын басқарған сардар. Бөгенбай Баянбайұлы батырдың жасағында жүрген бұл Бөкенбай әз Тәуке заманында 1760 жылы қазақ, қарақалпақ, ноғайдың біріккен қолын басқарып, ордабасы сайланған мыңбасы. Батырдың ерлгіне «Бозқозы Бөкенбай» атты қиссаны Дәстем сал ақын Қарабасұһлы арнаған. Бозқозыдан ұрпақ бар. Салық Шериязданұлының дерегі бойынша Дәстем салдың «Бозқозыұлы Бөкенбай» атты тарихи дастаны осыған куә. «Бөкенбай есімімен Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп жерленген Ескелді бейтінің сыртындағы Бөкенбай биігі аталған» [2] деп жазады.

Сондықтан осы мақаланы жазу барысында мен Айдаболұлы Бозқозы туралы және оның балалары мен, немере-шөберелері: Бөкенбай Бозқозыұлы, Көшет Бөкенбайұлы және Нартайлақ Көшетұлы туралы біраз тың жайларға қанығып, мәселенің байыбына қаныққандай болдым. Ендеше, осы қолымызда бар аз-маз деректерге жан бітіріп көрелік.

Алдымен 1903 жылы Воронеж қаласынан басылып шыққан «Материалы по Киргизскому землепользованию. Экспедиция по исследованию степных областей. Семипалатниская область. Павлодарксий уезд» деген кітаптың 4-ші томының сегізінші бетіндегі мына бір сөйлеміне назар аударалық. Онда: «Наймановские роды Айдаболы и Бозкозы, населяющие 7-8 ст. Алкагульской волости, пришли на Иртыш в одно время с соседями Басентиновцами и поселившись на Иртыш. Летом вместе кочевали со своими родами. Айгыржальскими киргизами Семипалатинского уезда, летовавшими до воведения «ВР Пол 1862 года» на Аккуль-Жайылма, то есть, в нынешней Аккульской волости, после 1868 года связь родов Айдаболы и Бозкозы с родичами Семипалатинского уезда порвалось. В первое время роды Айдаболы и Бозкозы думали переселиться в Айгыржальскую волсть. Но, однако, намерение эти остались в области мечтаний...» [3] - деп, - жазылып бұл екі рудың бір атаның балалары екенін айтады.

Сондай-ақ, бұл арада орыс зерттеушілерінің Айдабол Бозқозыны найман руынан деп, екіге бөліп, қателесіп отырғанын байқауға болады. Оның үстіне Айдабол мен Бозқозының найманның қай атасынан екендігі де көрсетілмейді. Егер, Бәсентиіндердің бір бөлігі мұнда жоңғар шапқыншылығынан кейін Баянауылдан кеп қоныстанғанын еске алсақ, онда бұлардың айтып отырған Айдаболы, Бозқозылары да Бәсентиіндермен бірге еріп келген деп болжам жасауға болады. Бұған мысал ретінде осы кітаптан алынған «Айтуар Жарылғапов, би, Бозқозы Буранайман болысында тұрады. 40 жаста дөрекі, қыңыр және өр кеуде адам. Аса дәулетті руы Айдабол. 1847 жылдан бастап болыс қызметінде. Жаз жайлауы Ақкөл Жайылмада. Қыстау мекені Ертіс өзенінің сол жақ жағасында. 250 шақырып солтүстік-шығыс бағытында» деген деректі келтіруге болады. Ал қазіргінің мысалы мынадай: Павлодар ауданының «Жертұмсық» деген ауылында ерлі-зайыпты таныстарымыз Әлібек пен Света атты Бозқозылар тұрады. Солардың аузынан сен Айдаболдың Бозқозысың, мен найманның Бозқозысымын деген сөздерін талай естіп жүрміз.

Сарыжомарттан таратылатын Бура найманның Айдабол Бозқозылары туралы марқұм Тілеке Жеңістің «Ертіс-Баянауыл өңірі» щежіресінде бе бірталай деректер келтіріледі. Солардай қайсібірі – мыналар: «Бура руларының бас-аяғы Ертіс өзенінің екі жағалауын ала жарыса созылып жатыр. Басы Павлодардың Май ауданының Семей жақ шетінен басталса, Бозқозы, Жәуетай, ескіше Айғыржал болысы», аяғы үлкен нарынға тіреледі. 1844 жылғы дерек бойынша Баянауыл округінің жерінде бура наймандар екі болыс ел болған. Атап айтқанда, Бозқозы-Бура найман болысының қыстаулары Ертістің оң жағалауында Чернорецк форпосты мен редутының аралығында болған. Жазда Бозқозылар Батысқа, Бекесор арқылы Ақкөл Жайылмаға қарай , дуаннан 225 шақырым жерге көшеді екен. Бозқозы Бура найман болысында 8 ауыл, 491 үй, 3427 жан болыпты.

Жәуетай – Бура найман болысының қыстаулары Баянауылдан 136 шақырым қашықтықтағы Мергенсор деп аталатын жерде орналасқан. Жазда Жәуетайлар Солтүстік жаққа Түндік өзеніне Бестау, Алтыбай, Қызылмөр деп аталатын жайлауларға көшеді екен. Бұл болыстың құрамында 11 ауыл, 815 түтін, 5714 жан болған [4].

...Әйгілі академик Әлкей Марғұлан студент кезінде Алтай өлкесін аралап, ел аузынан шежіре жинап, сол бойынша «Найманы» деген еңбек шығарған. Ол еңбекте Бура мен Көкжарлыны Сарыжомарттан таратады.

Буранайман-Сарғалдақ-Сырмақ-Жарымбет-Алатау-Құлатау. Құлатау-Достық-Сырдақ-Сұрша-Шеге. Сұрша – Құдайберді. Құдайберді – Айдаболым. Құдайберді-Бозқозы. Айдабол – Бәйеке- Байқотан- Қырбас. Бозқозы – Ақан-Қарақозы-Малқозы.

...Алтыбай, Алқакөл, Ақсу болыстары. Бұл болыстар Бәсентиіннің ішіндегі Апай, Бөрі, Күшік, Көлденең, Сатыпалды сияқты ру тармақтарының қоныстары. Мысалы, Апай жұртының 17 ғасырдан бергі ата қонысы – қазіргі Павлодар қаласы тұрған жер. Ол кезде бұл қаланың орнында қазақтардан басқа жұрттың, мысалы, орыстардың мекенжайлары да, өздері де, болмағаны тарихи деректерден белгілі. Көлденең, Сатыпалды тармақтары 17 ғасырдың аяғында көшіп келіп, Баянаула тауының шығыс жақ бөктеріне қоныстанса да кейін Сүйіндіктердің қалың көші келген соң олар Ертіс бойындағы туыстарын келіп қосылады.

Осылай мен Айдаболдың Бозқозысы туралы материалдар жинауға кірістім. Алдымен тарихшы Мақсат Алпысбестің «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» деген кітабынан «Бозқозыұлы Бөкенбай батыр» атты деректі таптым. Онда «Бөкенбай батыр Бозқозыұлы (17 ғ. 2 жартысы-18 ғ. Бұл Бөкенбай әз Тәуке заманында 1660 жылы қазақ, қарақалпақ, ноғайдың біріккен қолын басқарып, ордабасы сайланған мыңбасы батыр ерлігіне «Бозқозы ұлы Бөкенбай» атты қиссаны Дәстем сал ақын Қарабасұлы арнаған. Бозқозыдан ұрпақ бар. Салық Шериязданұлының дерегі бойынша Дәстем салдың «Бозқозыұлы Бөкенбай» атты тарихи дастаны осыған куә». «Бөкенбай есімімен Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп жерленген Ескелді биігінің сыртындағы Бөкенбай биігі аталған» [5],- деген дерек беруші А.Әділханұлы ақсақал. Дастанда:


«Сүйіндік арғын Бөкенбай
Бозқозы ердің баласы.
Қазақты жаудан қорғап тұр,
Келгенінше шамасы», - делінеді.

Екінші олжам Баянауыл ақсақалдары аузынан естіген «Көшет батыр туралы аңыз» болды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Бозқозы батырдың баласы Көшет батырдың 60-тан асқан кезі екен. Ол кезде Ақбет тауының баурайын жайлап отырады. 100 жылдан асқан соғыста жау Баянауылға сан қайтара келіп, жаугершілік жүргізгені мәлім. Сондай бір атыс-шабыс кезінде Олжабай батыр мен оның жиені Бәсентиін Жасыбай батыр Көшет ағаларына келіп, енді жаудың бетін қайтармаса болмайды. Қайта-қайта шауып елдің берекесін алды. Біз ата жаудың көзін құртамыз. Сіз қартайдыңыз, әйтсе де, күн батыстан жау келетін болса, бетін қайтаруға щамаңыз келеді. Батыр емессіз бе деп ағаларын Баянтаудың батыс жағын қорғауға қалдырады. Ақыры екі батыр жеңіске жетіп, қалмақтарды Ертістен асыра қуып тастап, мол олжамен елге оралады. Ырду-дырдумен жүріп, батыр ағаларын ұмытып кетеді. Түскен олжадан да бөліспейді. Бұған қатты өкпелеген Көшет батыр екі інісіне: «Сендер жауды қуып жүргенде мен де босқа жатпап едім. Ту желкелеріңнен келген қалмақтың қолын екі рет кері қайтардым. Ал сендер болсаңдар сол жақсылықты білмей, олжадан бөліспек түгіл рахмет айтып, сәлемдесуге де жарамадыңдар», - деп бір түннің ішінде қырық үй руластарын тік көтеріп, Шұбартаудағы Сарыжомарт найман нағашыларына көшіп, сіңісіп кеткен көрінеді. Кейін оның баласы Нартайлақ та батыр болып, найманның қолбастар бір сардарына айналыпты.

Бірде ауылға барғанымда туған ағам Кәрімжан Алдабергенов:- Қырықбай, бала кезіңде есіңде болар, Қаржас Ыңқаш Ташмағанбетов деген көрші ақсақал болды. Сол жарықтық мынау сенің Көшет батыр бабаң туралы халық аузында қалған өлең жолдары деп өз қолымен жазып берген дерегі еді деп төрт бүктеліп, сарғыш тартқан жазулары өшіп, жыртылуға айналған бір бет қағазды ұсынды. Оның мазмұны мынау:


Көшет батыр
Ата жұрты Ақбеттау баурайында,
Сол ара қыстауы ,жайлауы да.
Сүйіндіктің төрт ұлына сыйлы болған,
Құлболды, Жанболды, Жолболды, Қаржасына.

Жырау жырлап, ақындар арнау жазды,
Тарихын Баянауыл белден қазды.
Тек қана Көшет батыр ұмытылды,
Өкпелеген Олжабай мен Жасыбайға.

Қалмақтың олжасынан қалыс қалып,
Қоныстанған елінен алыс барып,
Найманның Айдаболы, Бозқозы деп,
Сіңіпті нағашыға туыс болып.

Ақбет тау Шұбартаумен егіз дейді,
Төрт қозы бір қозысыз кеміс дейді.
Баянда Көшет батыр асуы бар,
Туысты өкпелеген кім іздейді?!

Өйстіп жүргенде біреулер маған осы Павлодар қаласында Бура найман шежіресін жазған Мұсайып Сыздықов деген кісі тұрады. Айдабол Бозқозылардың тарихын бір білсе, сол шежіреші ағаң біледі деп жөн сілтеді.

Алайда, Мұсайып ағамен кездесу оңайға соққан жоқ. Алғаш сөйлескенімізде, Семейден енді ғана келіп, демалып жатқандығын айтты. Айдабол Бозқозы туралы сұрағыма ол жағынан хабарым бар. Ретін тауып бір жолығайық. Сонда білетінімнің бәрін айтып беремін деді. Араға уақыт салып, екінші рет хабарласқанымда Омбыға жол жүріп бара жатырмын. Ресейдің қазақтары туралы жазып жүр едім. Айтпақшы, «Жұлдыз» журналының 2011 жылғы екі санында мақалам жарияланған. Оқысаң болады.

Ал ,Айдаболым Бозқозылар туралы 2006 жылы шыққан «Тоғыз таңбалы найман, Бура шежіресінде» бірсыдырғы жазылған. Павлодар облыстық кітапханасынан алып танысуыңа болады. Сөйтіп, мен кітапханадан осы шежіренің 1,2 томын алып оқуға кірістім. Іздегенім, әрине, Айдабол Бозқозылар.

Кітаптың екінші томының 27 бетінде Қалихан Алтынбаевтың «Бура атасын таратуы: Аралда, Қара, Баспан (абыз), Бозқозы, Сұрша, Жәуетай, Таңатар, Құттық, Байсары, Боғай, Құттық, Алаберді, Қарақұл», - деп беріліп, оған мынадай «Көкпектінің айтыскер ақыны Қалихан ағамыз Бура атасын төмендегідей таратыпты». «Сұрша деген Бозқозының қосалқы аты екен» - депті. Жазып кеткен қолжазбасында, Жәуетай Арғынға жиен болады екен» - деген сөздер де оқыдым. Еш адам тап басын жоғары атаны тарата алмаған соң, Көкпекті өңірінің жобасын да келтіріп кеткенді жөн көрдім. Біздің кітап Павлодар өңірінде таралған жобамен құрылған», [6]. - ескертпе жазылыпты. Бұл бір. Екіншіден, осы кітаптың 222 бетінде Сұршаны (Бозқозы) Бура, Құлатау, Сырдақтан алып келіп, Сұрша (Бозқозы) – Ақкісі – Тоқпақ – Құдайберді – Айдаболым – Бозқозы – Байеке – Байқотан – Қырбаз деп таратады. Осы екі деректен Арғынның Айдабол Бозқозысы мен найманның Айдаболым Бозқозысының арасында қандай да бір байланыс бар деген ойымыз салмақтана түскендей болды. Үшіншіден, шежіренің 241 бетінде «Кәрімбай қажы - 1916 жылғы Патша үкіметінің соғысқа солдат алу жарлығына қарсы болып, Найманның Жәуетай, Бозқозы руларын, Оязға пара беріп, алып қалады. 500 қазақ жігіті «Қара жыра», «Айғыржал» көмір шахталарына қара жұмысқа алынады. Ол туралы Ахметшәріп дастан жазған» деген жалғыз дерек бар. Бұл жерде Жәуетайдың Бозқозыдан таралатынын айтсақ, тағы да әрі сәрі күйде қаласың. Төртіншіден, осы «Бура шежіренің» 303-бетінде тағы да «Ақирек – Аршалыдан шыққан Бозқозылар жазда Шідерті бойын жайлап, күздің аяғына таман Шідерті, Приозерное селолары арқылы жүріп отырып, Ертіс жағасына түсіп, қыстайды да, жаз шыға Шідертіге тартып, содан әрі Атақонысқа барады екен. Қазіргі Қызылжар, Сарышығанақ, Қараоба, Әуелбек ауылдарында тұрып қалған жұрт – Бозқозы атадан қалғандары...» делінеді. Бұл жерде әңгіме Шідерті өзені туралы болмақ. Шідерті (Сарыапан) өзенінің басын Қушоқы төбесінен алып, Ақтоғай ауданындағы Шығанақ көліне 502 шақырым ағып барып құятындығы белгілі. Өзеннің 113 шақырымы Қарағанды облысына, қалған 389 шақырымы Павлодар облысына қарасты. Тарихқа сенсек, Шідерті өзенінің негізгі бөлігін Бесмейрам ұрпақтары жайлаған. Оның ішінде Арғынның Айдаболынан тарайтын Бозқозылар да бар.

Бұдан басқа кітапта «Бура атасы Өскемен уезінің Шар және Сұлусары болыстарын түгелдей дерлік, Нарын, Күршім, Үркер және Қалба болыстарының біраз бөлігін алып жатыр. Сонымен қатар, Бураның Жәуетай, Босқозы, Қондыбай аталары Семей уезінің Айғыржал, Семейтау, Кеңтүбек, Делбігетей болыстарында тұрғанын осы кітапта басылған Щербина материалдарынан көруге болады... Павлодар уезінің Баянауыл, Алтыбай, Алқакөл, Тереңкөл болыстарында басқа рулардың Бура аталары да мекендеген. Бұлар жаз жайлауға Айғыржал болысындағы туыстарына көшетін еді. Бірақ, патша үкіметінің 1868 жылғы жарлығынан кейін Ақкөл-Жайылмаға қарай жайлауға шығатын болды. Сөйтіп, 1868 жылдан кейін Айдаболым мен Бозқозылардың Семей жақтағы туыстарыман ара қатынасы үзіліп қалды. Алғашқы кезде олар Айғыржал болысына түбегейлі көшіп барамыз ба деген ойда еді. Кейін келе ол ойлары қиял түріне айналды » деген жолдар бар.

Мүсәйіп ағамызбен, осылай шығармаларымен біраз танысып барып, үшінші рет дегенде Затон базарының қасындағы үйіне барып жолықтық. Есікті зайыбы Тоқан жеңгеміз ашты. Ол кісіні мен педиснтитуттын білетін болып шықтым. Ағамыз төргі үйінегі кабинетінде жұмыс істеп отыр екен. Мені өте жақсы қарсы алды. Әңгімеміз жарасып, біраз жайдың басын қайтардық. Шежіреші ретінде тарихтан хабары көп болып шықты. Тек, наймандардың ғана емес, Арғындардың да ұлы және кіші жүздің аталарын жатқа таратып отырды. Айдаболым Бозқозы туралы айтқанда ол атаның таралу тарихын еш жерден кездестірмегенін және дөп басып ешкім айтап бере алмағандығын көлденең тартты. Олардың кейінгі ұрпақтары Жәбетайдан бастап, толық шежіре болғанымен, Бозқозы мен Айдаболым туралы нақты деректердің болмауы және оларды ел ішінде кірме аталуы өзің айтып отырған мәселелерге сәйкес келетін сияқты деген тоқтамын айтты. Бірақ, біздің басты мақсатымыз, Бура найманнан таратылатын Айдаболым Бозқозыларды Арғынның Айдабол Бозқозысы деп төрткүл дүниеге жар салу емес, тек қана тарихи деректердің сәйкестігіне мән беру болып табылады.

Әдебиеттер тізімі:

1. Алпысбес М.,Аршабек Т.,Қасен Е., Кейкі Е. Көне Көктау,байырғы Баянаул байтағының тарихы. - Астана: «Парасат әлемі», 2005, - 480 б.

2. Махсат Алпысбес. Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары. Қарағанды, - 2010. - 476 б.

3. Материалы по Киргизскому землепользованию. Воронеж, - 1903.

4. Жеңіс Тілеке. Шежіре: Ертіс-Баянаул өңірі. - Павлодар: «Дауа-Қазақстан», к.1. - 1995. - 368 б.

5.Махсат Алпысбес. Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары. Қарағанды, - 2010. - 476 б.

6. Мұсайып Сыдықов. Бура шежіресі. - Павлодар. - 2006. - 426 б.


© Copyright 2013. Институт истории государства
Яндекс.Метрика