Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жариаланымдары


БІЛІМ БЕРУ ҮДЕРІСІНДЕГІ ПАТРИОТТЫҚ

ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ


Қазақстан Республикасы - тәуелсіз мемлекет бола алатындығын бүкіл әлемге дәлелдеді. Ендігі басты міндет - осы мемлекетімiздің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған әлі келгенше үлес қосуы - бұның басты шарттарының бірі.

Оқушыларға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Қазақстан халқына Жолдауының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «...біздің балаларымыз бен немерелеріміз... бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» - деп үміт артқан.

Қазақстандық патриотизм - адамның өзінің туып өскен өлкесіне деген сүйіспеншілігімен қоса, үлкен достық отбасын құрайтын жүзден астам ұлттар мен ұлыстар мекендеп отырған біздің ұлан-байтақ Отанымызға деген сүйіспеншілік. Әр адамның Отанға деген сүйіспеншілігі осы жерде тұратын барлық адамдарға деген достық пен туысқандық сезімімен біртұтас болып табылады. Оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу нәтижесінде қандай ұлттың өкілі болмасын өзін біртұтас көп ұлтты мемлекеттің - Қазақстан Республикасының азаматымын деп сезінеді, Қазақстан Республикасының азаматы болуды өзіне тиген зор бақыт және үлкен жауапкершілік деп түсінеді.

Қоғамның қазіргі даму кезеңінде болып жатқан әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерден, ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыстардан білім мен тәрбие жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру қажеттілігі туындап отырғаны мәлім. Осыған орай, бүгінгі таңда қоғамның ұлттық мәдени тұрғыдан кемелденуі оқушыларды өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, соның негізінде жеке тұлғаны қалыптастырып, оның шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту көзделеді. Өйткені, еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы оқушылардың білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.

Атамекен дегенде біздің көз алдымызға еліміздің айдын шалқар көлдерi мен мөлдiр бастау қайнарлары, сарқырай аққан тасқынды өзендерi, алып таулары мен жасыл желек жамылған сыңсыған орман-тоғайлары, кең байтақ, ұланғайыр далалары келедi. Н.Ә. Назарбаев: «Әрбiр адамзат тарих қойнауына тереңдеу арқылы өзiнiң ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердiң лайықты мұрагерi болуға ұмтылсын» - деген аталы сөз келтiрген.

Қай халықтың тәлімгерлік тәжірибесі болмасын, ол адамзат атаулыға ортақ рухани қазынаның құрамдас бөлігі. Қазақ халқының да мәдени жетістіктерін, қанына біткен адамгершілік, имандылық, балажандық, еңбексүйгіштік, қонақжайлылық, отаншылдық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данагөй қариялар, ғұлама ойшылдар, шешен-билер, батырлар мен ақын-жыраулардың философиялық болжамдарының, психологиялық пайымдауларының, педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.

Елiмiз егемендiкке қол жеткiзген соң, оқушыларға ұлттық тәрбие беру уақыт талабымен бiрге келген игiлiктi мақсат екенi даусыз. Соған байланысты оқушыларды жарасымды әдеттiлiкке, ұнасымды iзеттiлiкке тәрбиелеу халқымыздың қасиеттi қағидасы деп бiлемiз. Мына қайшылығы мен қасiретi асқынып тұрған заманда бұл айрықша мәселе. Осыдан барып қазiргi жастардың көпшiлiгi халықтың салт-дәстүрлерiн бiлмейтiн мәңгүрт, тұрпайы да дөрекi, рақымсыз, қатыгез болып өсiп келедi. Көптеген жастарымыз нашақорлық, мәңгi жазылмас ауруға ұшырап, өзiн-өзi улап, жалғыздықтың қара уайымына салынып, өзiне-өзi қол жұмсап, ұрлық-қарлыққа барып, ағайын-туыстан безiп, о дүниенiң есігін ашуда.

Ұлтжандылық тәрбиесi адам жанына ана сүтiмен, қанымен, ата-ана тәрбиесiмен және туған өлкесiн, туған елiн сүю, құрметтеу арқылы қалыптасатындықтан, оқушылардың бойындағы ұлтжандылықты өз халқының мәдениетiмен, салт-дәстүрiнен, әдет-ғұрпынан бөлек қалыптастыру мүмкiн емес.

Әрбiр мемлекеттiң болмысын айқындайтын, сүйенетiн рухани мұраты болуы тиiс. Бiздiң қоғамдағы бұл мұраттар өзгермелi, өтпелi сипат алуда. Дербес тәуелсiз ел болып қалыптасудың алғашқы жылдарында қазақ екенiмiздi өзгелерге таныту мәселесi алға шыққандықтан ұлттық идеология аса өзектi. Тәуелсiз ел ретiнде өзгелердi мойындатып болған соң, ұлттығымыздың өзiмiзге қажеттi мөлшерiн алып болған соң, қоғамның даму ерекшелiгiне сай, бұл күнде аса қажеттi болып отырған рухани азықты iздестiру үстiнде.

Патриоттық сезiмнiң сипаты жалпы адамзаттық құндылықтарға қарсы келмей, олармен үндес болуы керек, яғни ол кез-келген халықтың тiлi мен мәдениетiне салт-санасы мен әдет-ғұрпына т.б. ұлттық ерекшелiктерiне құрмет сезiмiмен қарау деген сөз.

Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары - ана тілі, ұлттық рух, діни наным-сенімдермен тығыз байланысты екені баршамызға аян.

Қазақ тарихын тұңғыш зерттеуші ғалымдардың бірі - Шоқан Уәлиханов өзінің патриоттық сезімін бiлдiре келiп, «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай, мен ең алдымен өз отбасымды, туған-туыстарымды қадірлеймін, одан соң ауыл-аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін», - деген екен.

Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, оқушыларды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін оятуды үнемi мақсат етедi. Оның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым - деп» деген сөзі, ұлы гуманистiк идеяның айқын көрiнiсi.

Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілік, адал шыншыл, өз Отанының патриоты болуға үндегенін байқаймыз. Бұл бүгінгі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау» - деген бағытымен үндесіп жатыр.

Бүгiнгi қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер халқымыздың ауыз бiрлiгiн, белсендiлiгiн, әр азаматтың жеке басының жауапкершiлiгiн талап етедi. Қоғамдағы келiсiм мен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туады.

Патриотизм сезiмi - бiздiң халқымыздың болмысына ежелден сiңген қасиет. Ұрпақтан-ұрпаққа, атадан-балаға мирас болған өсиет.

Халық бiрлiгi, ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы ұранымыз өз тарихымызға деген көзқарасымыз, бiздiң аға ұрпаққа деген құрметiмiз, хандарымыз бен билерiмiздiң өмiр жолдарын өзiмiз ұстанып қана қоймай, оны келешек ұрпаққа жеткiзу, насихаттау болып табылады.



Жабай Нұрмақұлы ҚАЛИЕВ,

Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты


comments powered by Disqus

© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика