Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жариаланымдары

АЛАШ ЖҰРТЫНА ЖОЛ СІЛТЕГЕН «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ


Тарихқа үңілсек, «Қазақ» газеті 1913-1918 жж. аралығында Орынбор қаласында шығып тұрған. Оған дайындық жұмыстары 8 жылға созылған (1905-1913). Газеттің туған күні ақпанның 2 – жұлдызы, аптасына бір-ақ рет шыққаны белгілі. Алайда, «Қазақтың» саны ғылыми-әдеби айналымда көрсетіліп жүргендей 265 емес, 266 болған. Бұл туралы сәл кейінірек. Мамандардың айтуынша, газеттің таралымы 3000 - нан асып, Уфа, Қазан, Қытай, Петербург, Түркия, Мәскеу, Том қазақтарына да жеткен.

5 жылды қамтитын газеттің тарихы бірнеше сатыдан тұрады десек, өрлеу кезеңі - Алаш қозғалысының шарықтауы, яғни 1917 жылғы ақпан – қазан революциялары аралығына сәйкес келеді. Бұл - «Қазақ» газеті мен «Алаш қозғалысы» егіз ұғым деген сөз. «Қазақ» газетінің материалдары кеңестік тархнамаға да енген, бірақ мазмұны барынша бұрмаланды. Ал, қазіргі жағдай мүлдем, басқаша. Десек те, «Қазақ» газетінің толық түпнұсқасы қолжетімді емес.

Бұл апталықтың сол кездегі «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Алаш», «Үш жүз, «Жас азамат» сияқты газеттерден ерекшелігі неде? Біріншіден, бұл басылым ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалардың шежіресі іспеттес; екіншіден, азат ойдың ұйытқысы болды; үшіншіден, ұзақ мерзімді басылым; төртіншіден, таралымы көп басылым, бесіншіден, бұл газет қоғамның барлық салаларын (саяси, әлеуметтік, шаруашылық, мәдени) толық қамтыды. Оған тәуелсіздік жылдары жарық көрген Үшкүлтай Субханбердинаның «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» атты мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші, «Қазақ» газеті (422 мақала енген), қазақ зиялыларының жеке-жеке шығармалар жинақтары және әртүрлі жанрдағы ғылыми зерттеулер дәлел.

Алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің пайымдауынша, «Қазақ» газетінің материалдары біріншіден, ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер, екіншіден бостандық үшін күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет еткен». Сондай-ақ, деректанушы Қамбар Атабаевтың сөзімен тарқатсақ, «Қазақ» екі жойқын соғыстың (бірінші дүние жүзілік және азамат соғыстары), 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, екі қоғамдық-саяси төңкерістің (ақпан және қазан), төрт саяси биліктің (патша өкіметі, уақытша үкімет, Алашорда үкіметі, кеңес өкіметі) куәсі болды».

«Қазақ» газеті - Алаштың қараңғы заманда жол көpceтіп тұрған көсемі. Ол қарасы өшкен залым хүкімет заманында да Алаштың көз жасымен талай бәледен қалды». «Қазақтың» өз тілімен айтқанда, - деп жазады зерттеуші-ғалым Қайрат Сақ, - ол «...қазақ-қырғызға қызмет hәм басшылық ету міндетін» қатар атқарған.

Жоғарыда айтылғандай, «Қазақ» газетінің соңғы саны 1918 жылдың 16 қыркүйегінде шыққан №265 санымен шектелмейді, осы жылдың 26 қыркүйегінде тағы бір саны жарық көрген. Оған газеттің №266 санында жарияланған «Таланған қазақтар», «Мемлекеттік кеңесі» деп аталатын мақалалардың ғылыми айналымға енуі дәлел. (Қараңыз: Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. – Алматы: «Ел-шежіре», 2007. 4-ші Т: Қазақ сьездері. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1917 ж. – желтоқсан 1919 ж.. Казахские сьезды. Сборник документов и материалов. Апрель 1917 г. – декабрь 1919 г. – Т.4. – 352 бет. – Б. 114, 168).

Алғашқы мақалада «1918 жылдың 27 тамызында өткен Ақтөбе уезіне қарасты Ақбұлақтағы 7 болыс қазақтарының съезі туралы жазылған. Осы кезеңде Орынбор мен Ақтөбе уезінде атты казактар қазақтарға килігіп, тыныштық бермейді. Соған орай Орынбор атты казактарының әскери үкіметіне шағым хат дайындау туралы мәселе көтеріліп, арнайы қаулы қабылданады. Бұл хатты Құрылтай жиналысына Торғай облысынан сайланған Сейітқасым Қадырбайұлы дайындайды. Онда қазақтардың бұрыннан атты казактармен көршілес тұрғаны, олардың большевиктерге қарсы күш біріктіргені, сөйтіп өзара татулықтың достыққа айналғаны, тіпті казактар Елек майданында шапқыншылыққа ұшырағанда, қазақтардың жылу жинағаны, алайда соңғы кездері «кейбір сотқар» атты казактардың қазақтың мал-мүлкін талан-таражға салып жүргені» баяндалады және нақты фактілер келтірілген.

Ал, екінші мақалада 1918 жылдың 8 қыркүйегінде шақырылған Уфа мемлекеттік мәжілісі және оның жұмысына қатысатын өкілдер туралы мәліметтермен толыққан. Соған сәйкес «әр топтан бір-бірден өкіл шығарылып, барлығы 23 кісілік комиссия сайланғаны, оған мұсылмандардан Башқұрт үкіметінен Ахмет Заки, ноғайлардан - Сұлтанбек, Түркістан автономиясынан - Мұстафа, Алашордадан - Ғалиханның кіргені» айтылып, соңғы хабарларға қарағанда, хүкіметті сайлауға партиядан емес, ел билеуге лайықты 5 кісі сайлау туралы келісім болғаны және жаңа үкіметтің 1 - ғинуарға дейін ешкімге жауапты еместігі, бірақ Құрылтайға атқарылған істері туралы есеп беру керектігі» ескертіледі. Сондай-ақ, Құрылтай жиналысына (01.01.1918) 250 мүшесі жиналса, Кеңес болатыны, егер жиналмаған жағдайда, екі айдан кейін қайта шақырылатыны», бірақ осы жолы 170 мүшесі жиналса да, Құрылтай Кеңесінің болатыны» айтылған.

Автономияға ұмтылған халықтар Уфа мемлекеттік Кеңесінен үмітті еді, бірақ сенімдері ақталмады. Өйткені, бұл Кеңес те бұрынғы империялық саясатты ұстанды, яғни «бөлінбес Ресейдің тұтастығын» жақтады.

«Қазақ» газеті туралы айтқанда, оның алғашқы редакторы, әрі ұйымдастырушысы Ахмет Байтұрсынұлын айналып өту мүмкін емес. Ахаң серіктестерімен бірге гaзетті баспадан шығарумен шектелмей, жалпыұлттық басылымға айналдырды. Ол газет оқырмандарына арналған сөзінде «...адамға көз, құлақ қандай керек болса, халыққа газет сондай керек... екінші, газет - жұрттың уланбасына медет нәрсе... үшінші, газет - халыққа білім таратушы... төpтінші, газет - халықтың дауысы» деп, бұл басылымның көтерер жүгін анықтап берді.

Өкінішке орай, «ана тілінде еркін көсілетін, дауысы халқына тез жететін» мұндай басылымдар билікке ұнай қоймады. Жалпы өткен ғасырдың басындағы саяси оқиғалар қазақ қоғамына біршама өзгерістер әкелгенмен, басқару жүйесі сол күйінде өзгеріссіз қалды. Отаршыл биліктің қай түрі болмасын, азаттыққа ұмтылған халықтарды «жұмса жұдырығында, ашса алақанында» ұстауға тырысты. Соған қарамастан, «ат төбеліндей» азғантай зиялы қауым өкілдері «Қазақ» газетін шығарды, тіпті оны аптасына бір емес 3 рет шығару сұралған. Мұны осы басылым беттерінде 6 млн. қазақтың жүрегіне жақын тақырыптардың қозғалуымен түсіндіруге болады.

Мамандардың айтуынша, «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейханның 200-ден астам мақаласы жарияланған. Соның бірі – «Вандер Билдт», онда 1912 жылғы «Титаник» және 1915 жылғы «Лузитания» параходтарының апаты, ондағы екі мың жолаушының тағдыры, англо-сакс (Америка һәм Англия) жұртының, әсіресе, жас американдық «миллиардер» Вандер Билттің ерлігі баяндалады. Ол Еуропа соғысында жараланған адамдарға қол ұшын созып, соның жолында жүріп, «Лузитанияда» апатқа ұшырайды. Ақырында қайыққа мінуден бас тартып, әйелдер мен балаларды құтқарамын деп суға батады. «Ер - әйелге һәм балаға қорған. Еуропа рухани мәдениеті бойынша бұл рәсім. Мына Вандер Билдт ерлігі майдандағы ерліктен артық. Осындай жігітім бар деп англо-сакс жұрты қанша мақтанса да жолға сияды» деп түйіндейді, өз ойын автор. «Қыр баласы» осы бір шағын мақаласы арқылы ел-жұртының патриоттық рухын оятып, «елін» сүюге» үндейді.

Әлекең мен Ахаңдар Алаш идеяларын келешек ұрпаққа жеткізу үшін, оның «тірі қалуын» тілеген, соңғы алашордашылардың бірі Мұхтар Әуезов, осыдан 90 жыл бұрын «...бөтен қалада қыр ecінe түcіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын. «Қазақ» газетінің сол заманнан бepгі қарай талай өмірі өткен сияқты. Бұл уақыт саусақпен санағандай аз жыл болса да, болып өткен оқиғаларына қарағанда көп заманға жауап болатын толқынды заманның біpі. Қазақтың еңкейген кәpі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіpіп, өлі ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті» десе, бүгінгі ғалымдарымыз «Дала қоңырауына» балаған сол басылым биыл 100-ге толып отыр.

Соған сәйкес БАҚ-та ғылыми-танымдық мақалалар жарияланып, әртүрлі деңгейде іс-шаралар өткізу жұмыстары басталды. Атап айтсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен 2013 жылдың 16 – қаңтарында «Қазақ» газетінің 100 жылдығы және ұлттық интеллигенцияның тағдыры» атты дөңгелек үстел (Алматы қ.) болды. Оған Алаш қозғалысы, жалпыұлттық идеялар, бүгінгі қазақ төңірегіндегі өзекті мәселелер арқау болып, ғалымдар тарапынан нақты ұсыныстар жасалды. Алғашқысы, Мәмбет Қойгелдиевтің «кезінде орыстар Герценнің «Колоколын» шығарған сияқты, «Қазақтың» түпнұсқалық (факсимильді) басылымын шығару туралы ұсынысы, екіншісі Қамбар Атабаевтың Орынбордағы А. Байтұрсынов тұрған, әрі «Қазақ» газеті шығып тұрған үйді тарихи мұражайға айналдыру туралы ұсынысы. Бүгінгі қазақ зиялылары, егер осылар іске асырылса, «қазақтың сана – сезімі мен танымы ерекше артар еді» деген ойларын ортаға салды.

Танымал ғалым Ғарифолла Әнестің «Рухты оятқан «Қазақ» атты мақаласында айтылғандай, «қазақтың бағына туған «Қазақ» өз тарихи миссиясын орындап үлгерді. Алаш рухты жұртының намысы жанып, еңсесін биіктетіп, қайратын тасытып, өз ортасынан Ұлт көсемі мен Ұлт ұстаздарын, Алаш қайраткерлерін тәрбиелеп шығарды». Бізден алыстаған сайын сом тұлғалары биіктей беретін Алаш арыстары ұрпағымен мәңгі жасайды. Олардың артында тұтас бір елдің тарихы бар.

ХХ ғасырдың басындағы Ұлт Көшбасшысы Әлихан Бөкейхан мен ХХІ ғасырдың басындағы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты сабақтастыратын идеялар - Алаш идеясы мен «Мәңгілік ел» идеясы. Қай кезеңде болмасын, Ұлт Көшбасшысының төңірегіне топтасқан азат ойлы азаматтардың көксегені – ұлтын өрге қарай сүйреу, яғни өркениетті елдер қатарына қосу болған. Бұл – елдік идеясы, ол - бүгінгі бәсекеге қабілетті 50 елдің, сосын 30 елдің қатарына қосылу стратегиясымен де ұштасып жатыр.


Күлпаш ІЛИЯСОВА,

Мемлекет тарихы институтының

жетекші ғылыми қызметкері,

т.ғ.к., доцент


comments powered by Disqus

© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика