Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Халық тарих толқында

ТАРИХИ КІТАПТАРДЫҢ БӘРІ ШЫНДЫҚ ДЕУГЕ БОЛМАЙДЫ

0210132.jpg

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі еркіндік пен кеңшілікті пайдаланғандар тарихқа қалам тартушылардың санын көбейтті. Аяқ астынан ел білмейтін батырлар мен билер, көсемдер мен шешендер дәріптеле бастады. 
Бұрын неге беймәлім болып келді дегенге кеңестік идеологияның кесірі көлденең тартылды. Алайда кәсіби тарихшылар ондай тарихи делінген кітаптардың бәрін бірдей шындық деуге болмайтынын айтады. «Ал тарихи сананы қалыптастыруда ондайға тіпті де жол беруге болмайды» дейді. Сондықтан бұдан былай тарихты арқау еткен кітаптар Тарихшылардың ұлттық конгресінің ұсынысымен шықса деген ұсыныс бар. Бұл туралы кеше ұлттық тарихты реформалау мәселелеріне арналған кезекті баспасөз мәслихатында айтылды. 

Тарихымызды қайта зерделеуге кіріскен тарихшы ғалымдар Астанадағы «Қазмедиа» орталығында бүгінге дейін атқарылған жұмыстармен хабардар етуді баспасөз мәслихаты үлгісінде өткізуді дәстүрге айналдырғандай. Кешегі баспасөз мәслихатында да бірқатар жұмыстан құлағдар болдық. Мәселен, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған өзі жетекшілік ететін институттың қазақ және орыс мектептеріне арналған 10-сыныптың «Дүниежүзі тарихы» және «Қазақстан тарихы» оқулықтарын сараптамадан өткізгенін жеткізді.

– Ұлттық тарихты зерделеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан тарихы» веб-порталы жұмысын бастады. Жетекші ғылыми-зерттеу институттардың веб-сайттары жаңартылып, шет тілінде шыға бастады. Ғылыми материалдар жинағы арнайы дайындалып, баспаға берілді. Ол кітап «Беласу» деп аталады. Онда Қазақстанның жетекші ғалымдарының ұлттық тарихтың бетбұрысы, оны реформалаудың кезеңдеріне арналған мақалалары жинақталған. Мемлекет тарихы институтының ғалымдары жоғары оқу орындары тарихи емес факультеттерінің бакалавриаттарына арналған типтік бағдарламалардың жобасын дайындады. Ол сараптамадан өтіп, жақында студенттерге жетеді, –  деді Б.Аяған. 

Бұдан бұрынғы баспасөз мәслихатында ұлттық тарихты зерделеуге септігі тиеді деген мақсатпен зертханалар мен орталықтар құрылатыны айтылған-ды. Ал қазіргі таңда популяциялық генетика орталығы, артефактілерді археологиялық кезеңдеу зертханасы, антропологиялық зертхана, әлем тарихын зерттеу орталығы, Орталық Азия халықтарының дәстүрлі мәдениетін ғылыми-зерттеу сынды орталықтарда  Қазақстан және шетел ғалымдары жұмысты бастап та кетті.

«Енді осы зертханалардың әрқайсынан жаңалықтар күтіп отырмыз» дейді тарихшы.

Ал өз кезегінде сөз алған Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Меруерт Әбусейітова қазақ хандығының тәуелсіз мемлекет ретінде көрші елдермен жүргізген Сауда экономикалық қарым-қатынасының жазбаша айғағы табылғанын жеткізді. «Қазір ғалымдар мен тарихшылар бұл материалдарды зерттеуге кірісті. Алдағы уақытта осы жазбаларды қазақ, орыс және ағылшын тіліне аударып, жұртшылыққа ұсынамыз.  Біз Қытайдан 283 том алып келдік. Олар 72 мыңнан астам қазақ хандары мен сұлтандарының көрші елдердің билеушілерімен жүргізген дипломатиялық жазбаларынан тұрады. Бұл құжаттар өте құнды. Егер бұрын қазақтарда жазба, мемлекеттілік болған жоқ деген пікір болса, бұл айғақтар қазақтарда нумизматикалық және картографиялық материал болғанын дәлелдейді» деді М.Әбусейітова.

Кешегі баспасөз мәслихатында алдағы 5-қазанда Көкшетауда «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтетінін білдік. Бүркітбай Аяғанның айтуынша, Абылай ханның дүниеге келгеніне 300 жыл толуына орай ұйымдастырылатын бұл жиынға белгілі ғалымдар, сарапшылар, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қазақстандық және шетелдік қоғамдық ұйым өкілдері қатысады екен. Олардың арасында Ресей академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Нелля Бекмаханова, Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Даниял Қадырниязов, Ыстамбұл университетінің профессоры Мехмет Сарай, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Шайыркүл Батырбаева, Индиана университетінің ғылыми қызметкері Майкл Хэнкок сынды ғалымдар да бар.

Ал  25 қазанда Тараз қаласында қазақ даласының ұлы биі, көрнекті қайраткер Төле биге арналған ескерткіш ашылып, ғылыми-тәжірибелік  конференция өтеді. Дәл сол күні Астанада Ұлттық тарихшылар конгресінің жиыны өтеді. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, отандық тарихшылар мен тарихқа қалам тербеп жүргендер бас қосатын бұл жиында ұлттық тарихты зерделеу басталғаннан бері өткен жүз күнің ішіндегі тарихты зерделеу аясындағы істер  талқыланады.

«Биыл мемлекет қолдауымен 20-дан астам ғалым шетелдерге барып, архивтерден Қазақстан тарихына байланысты құжаттар іздеумен айналысты, солар алып келген құжаттар мен материалдардың көрмесі өтеді. Сондықтан  25 қазанда Еуразия университетінде өтетін Ұлттық тарихшылар конгресінің отырыс қызықты өтеді деп ойлаймын» деді ол. Осыдан екі жыл бұрын құрылған Қазақстанның ұлттық тарихшылар конгресі де ұлттық тарихты зерделеуге белсене кіріскен. Конгресс бүгінгі таңда Қазақстан тарихының он томдығын жазуда.Кәсіби негізде құрылған конгресс тарихтың бұрмалануына қарсы. Сондықтан тарихи шындықтың бұрмаланып кетпеуі үшін бір ұсыныс жасап отыр. 

«Тарихты зерттеумен кәсіби, білікті, білімді тарихшылар айналысу керек, ал оларды басқалардан қалай ажыратамыз? Ол үшін бұл жерде конгресс араласуы керек, нағыз тарихи дерекке негізделген кітапты басуға, шығаруға  конгресс ұсыныс  берсе, соның өзі қалың бұқараға бұл  кітаптың деректеріне сенуге болады деген белгі болар еді. Осындай мәдениетті қалыптастыруымыз керек» дейді Ерлан Сыдықов.

Ал сіз қалай ойлайсыз?


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика