Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ЖАРИАЛАНЫМДАРЫ

Сухбат 3 кітап

ДҮЙСЕН Сейітқали,

Мемлекет тарихы институтының

жетекші ғылыми қызметкері,

педагогика ғылымдарының кандидаты



АБЫЛАЙ ХАН ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ ОТАРШЫЛДЫҚ САЯСАТЫ



Қазақтың ұлы хандарының бірі Абылай дүниеден өткелі үш ғасыр болса да есімі халық жадында берік сақталып және ардақталып келеді. Өйткені ол Қазақ хандығын сақтап, оны нығайтуда ерекше еңбек сіңірді. Халық Абылай ханды өзінің қамқоры, қорғаны деп білді. Сондықтан есімі халық жадында ұзақ сақталып, өлең-жырларға қосылды, есімі мен ерліктері аңыз-жырларға айналды. Абылай өмірге келіп, батырлық танытып, ел басқарған XVIII ғасыр қазақ халқы үшін ауыр кезең болды.

Ұлы ханның ұлт тарихының сахнасында көрініп ел билеген кезеңі тұтас бір ғасырларға тең тарихи оқиғаларға тең болды. Ш.Уәлиханов Абылай дәуірін қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры деп бағалағаны белгілі.

XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ тарихын көп зерттеген танымал тарихшы Ж.Қасымбаев бұл тарихи тұлғаның ел басқарған кезеңін «Абылай хандығы уақыты» деп тұжырымдады.

Абылай өзінің ел басқарушылық қызметінде сыртқы байланыстарға баса назар аударды. Тарихшы ғалымдар Х.Әбжанов пен Қ.Әбуев Абылайдың Қазақ хандығының тәуелсіздігі мен қуатын сақтау жолындағы қызметінде сыртқы саясат стратегиялық басымдыққа ие болды деп көрсетеді.

Қытаймен сауда-саттықты нығайту, Ресеймен өндіріс құрал-жабдықтарын алуды жолға қою, Орта Азия мемлекеттерімен тауар айналымын тұрақтандыру, тағы басқа мәселелер түрлі кәсіп иелерімен және әлеуметтік қауыммен-дипломаттармен, саудагерлермен, мамандармен кездесулер, келіссөздер барысында, хат алмасу, арнайы елшілік арқылы әрдайым талқыланып жататын.Абылайдың тапсырмасы бойынша құрылған делегациялар Пекинге, Петербургке, басқа да ірі қалаларға барып, Қазақ елінің сыртқы байланыстарын байытты.

Абылай хан екі алып империяның арасында тұрғандықтан Ресеймен байланысқа баса назар аударады. Себебі, ол кезде Кіші жүз және Орта жүздің бір бөлігі Ресейге қосылған болатын. Сонымен қатар Қазақ еліне Абылай ел басқарған тұста Қытайдан қауіптенуге де негіз бар болатын. Сол кездегі Ресей деректеріне қарағанда Жоңғарияны жойғаннан кейін сол аймақта 180 мыңдық Қытай армиясы тұрған еді. Зеңбірекпен және мылтықпен қаруланған мұндай қалың қолға қарсы тұру ол кезде мүмкін емес еді. Сонымен қатар қытайлар осы аймақта қысқа мерзімде үш қалашық тұрғызып үлгереді. Ресеймен қарым-қатынасында Абылай бейбіт, тату көршілестік жағдайда өмір сүру қажеттігін негізге ала отырып, ресми түрде өзін оның боданы екенін мойындап, орыс патшасының грамотасын алады. Бірақ іс жүзінде өз елінің дербестігіне дақ салмайды және беделін де түсірмейді.

Патшалы Ресей Қазақ хандығының Қытаймен жақсы қатынаста болғанын қаламады. Ресей әкімшілігі егер қазақтар Қытайға қарап кетсе кейін өздерімен бір діндегі башқұрттарды және басқа мұсылман халықтарын да Қытай ықпалына тартуы мүмкін деп ойлады.

Сондықтан да Ресей әкімшілігі сыпайылап, Абылайды сескендіріп алмай «Қытайдан аулақтату» саясатын жүргізуге ұмтылады. Ресей әкімшілігінің Қытаймен жасасқан бейбіт шарты туралы хабарлауын сұрағанда Абылай 1758 жылы Неплюев пен Тевкелевке жазған хатында: «Менің жауабым мынау: Аягөз бен Айтаңсық деген жерде 1757 жылы маусым айының басында мен Қоймаңырақ, Қозымаңырақ және Жиынкөл (Дшинкуль) деген үш жерде тұратын 60 мың қытаймен келісім шартын жасасып, Еренқабырға деген жерде біздің Орынбордағыдай сауда орталығын ашуға келістім және осы мәселе бойынша қытай боғдыханына өзімнен 13 кісі елшілікке жібердім.

Өткен жылғы (1757 ж.) желтоқсан айында маған Қытайдан 4 елші келді де мынаны айтты: «маған ұлымдай болсын, өзінің елінде аман-есен болсын, бір әкенің баласындай болайық» деп қытай патшасы сәлем айтыпты. Қалған 20 қытайлық Ереймен деген жерде қалған екен, алдымыздағы жылдың ақпан айында келіп те қалатын шығар».

1758 жылы орыс патшасының жарлығы бойынша «Құдайдың құдіретімен, бүкіл Ресейдің императоры және жекедара билеушісі I Елизавета осы қылышпен өзінің боданы, қазақ сұлтаны Абылай адал қызметі үшін марапаттады Санкт-Петербург, 1758 ж.» деген жазуы бар құны 120 мың тұратын қылышты сыйлық ретінде жібереді. Сонымен қатар 1759 жылдан бастап Абылайға 300 рубль жалақы тағайындайды.

Ресей өкіметі қазақ хандары мен сұлтандарына, ықпалды ел ағаларына жалақы немесе бірмезгілдік ақша сыйлау арқылы олардың арасына іріткі салып біріне-бірін қарсы қоюды, бірінің үстінен бірі жасырын хат–хабар жазып тұруды әдетке айналдырды. Мұндай жолмен жалақы тағайындауды патша әкімшілігі «қазақтардың жерік асын беру» деп мысқылдады.

Ресей өкіметі Абылай хан билігінің күшейгенін де қаламады. Орыс саудагерлеріне қазақтарға мылтық, зеңбірек, оқ-дәрі тіпті, металл сатуға қатаң тыйым салды.

Абылайды Ресей тек Орта жүздің ханы етіп тағайындау үшін және аманатқа балаларын алу үшін Орынборға талай рет шақырады. Ханды шақыртып келтіре алмаған соң жалақысын алуға келтіруді де ойлайды. Бірақ Абылай жалақысын өзі бармай кісі жіберіп алдырып отырады.

Ресей өкіметінің 1759 жылы Абылай сұлтанға аттандырған Ураков пен Гуляевқа төмендегідей құпия тапсырма берілген: «...Орта жүзде Абылай сұлтанның жанында болғанда, оның сеніміне кіріп, жанына жақындай берген жөн, ыңғайы келсе-ақ мақтап-мадақтап қойыңыз. Әлбетте, мұндай сөздерді тосын бастап қалмай, оңашада, өзіңіздің жақындық ниетіңізді білдірген болып, өзіңіздің ғана пікіріңіз ретінде білдіріп отырғаныңыз жөн ...Абылай сұлтанның ордасында болған кезде мүмкін болған барлық әдіс-тәсілді пайдаланып, бізге керек мағлұматтар жинаңыздар. Әсіресе қытайларға байланысты жағдайларды біліп, бізге сенімді адамдар арқылы тез хабарлаңыздар»-деп тапсырады.

1760 жылы Ресей Сыртқы істер алқасының жарлығында қазақтарды ұстап тұрудың төмендегідей амалдарын көрсетеді: «Әрбір қолайлы жағдайда қазақтың игі жақсыларын өзімізге қаратып, олардың осынау қауіпсіз өмірі кімнің арқасы екенін, шекара бойында емін-еркін, алаңсыз көшіп жүргенін еппен құлақтарына құя беру керек. Керісінше Қытайдың өз қоластындағы елдерге қалай қарайтынын, оларға қорлық көрсетіп отырғанын жеткізу қажет. Ураков пен Гуляев айтып келгендей, біз Абылай сұлтанды керексіз деп есептемейміз. Оның өз елінде ықпалы бар, демек белгіленген жалақыны ала берсін, сол үшін де, біздің дәмімізді бір татып қалған соң Ресейден бой тарта қоймас. Қайта сырт көзге болса да бізге адал берілгендігін айта берсін. Дәл қазіргі жағдайда бізге осы қажет және Абылайдың мұнысына қанағат етеміз. Ал енді, Абылай сұлтан Орынборға ешқашан келмейтін болса да, хат жазып кісі жіберетін болса, жылдық жалақысын Орынбор бола ма, Троицк бола ма бәрібір, қайсысына ыңғайы келсе, содан жіберіп тұратын болыңдар. Сұраған астығын да беріп отырыңдар. Әйтеуір, Ресей жағына ашық қарсылық көрсеткенше осылай жасауымыз қажет. Өйткені, оның Қытай жағына қызмет көрсететіні бізге мәлім, бұл қылығы шектен асып кетпесе, әзірше біздің пікіріміз осындай. Ал, шектен асып кетсе, тағы да тиісті нұсқау береміз».

Ресей өкіметі өзінің отаршылдық саясатында діні бір, қандас халықтарды бір-біріне қарсы қоюды пайдаланып отырды. Қазақтар арасына өздеріне шын берілген, адал қызмет ететін татар ұлтының өкілдерінен тыңшылар жіберіп отырған. Ресей Сыртқы істер алқасының Троицк бекінісінің бастығы Роденге, Сібір әскер шебінің бастығы генерал-майор Вейморнға берген жарлығында әртүрлі нанымды себептер тауып, қазақ арасына жансыз ретінде кісі жұмсап тұруды тапсырады. «Ол үшін – дейді - қолынан іс келетін, сенімді адамдарды біздің ойымызша, сол жақтың татарларының арасынан іздеңіздер. Татарлардың қазақтармен діні мен тілі бірдей, қазақтардың сеніміне тез кіре алады да жақсы барлау жүргізеді. Ресей өкіметіне сенімді адамдар болып табылатын солар. Ал, қызмет адамдарын барлауға жіберу оңай емес, оларға маңызды себептер табу керек».

Ресей отаршылдары Қазақ хандарына қарсы «аманат алу» әдісін де өте тиімді пайдаланған. Орынбор губернаторы И.Неплюев: 1742 жылы «Аманатқа баласын алу дегеніміз, сол арқылы тек хандарды ғана емес, сұлтандарын да, бүкіл халқын да тізгіндеп, ұстап отырудың ең дұрыс жолы болып табылады. Әбілқайыр ханның ұлын аманатқа ұстап отырғанымызда, осыған көзіміз әбден жетті»-деп жазған Ресейдің Сыртқы істер алқасына жолдаған мәлімхатында.

Ресей Сыртқы істер коллгиясы 1761 жылы қазақ даласын отарлаудың мынадай жолдарын ұсынады.

Қазақтарды отырықшы өмірге бейімдеу. Малдарына қора салып, қысқа шөп дайындаса жылқы малы «нәзіктеніп» қыста тебіндеуге әлжуаз болады. Сөйтіп қазақтардың малы азаяды. Бұл бір жағынан Қытайдың атты әскері үшін қазақтардың жылқы сатуын шектейді. Отырықшыланса қазақтарды есепке алып бақылау жеңілдейді. Қазақтар пішен шабумен, отырықшы өмірмен айналысса бос уақыты азаяды. Қазақтың негізгі байлығы-жылқысы азайса тентектігі азайып мінезі жұмсарады. Қазақтар дене еңбегіне үйренеді, тұрмысы жайлы болған соң, мінез-құлқы да тыныш болады. Ресейден қорған, қамқорлық тілейтін болады. Қазақтарды жаппай тез арада отырықшылдандыру мүмкін емес. Алдымен олардың хан сұлтандарына, беделді ел ағаларына осындай тұрмысқа көшуге көмектесіп, үйрету керек. Мұндай құпия хат патша өкіметінің қазақ сияқты аз ұлтқа жасаған «қамқорлығының» шынайы бет бейнесін ашып көрсетеді.

Абылай хан өз тарапынан Ресейдің осындай сан-қилы құйтырқы әрекеттерін түсінді және оларды жіті бақылап, құрған тұзағынан түспеуге ұмтылды. Қазақ ханы Ресей империясының сыртқы қатынастарынан да хабардар болып отырған. 1761 жылы Абылай сұлтанға барып қайтқан Ф.Гордеев Абылайдың Ресейдің көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жағдайларын сұрағанын, әсіресе Пруссиямен арадаағы жанжалы немен аяқталғанын, Қытаймен арадағы ахуал қандай екеніне назар аударып, тәптіштеп сұрады деп жазады.

Абылай Ресей жағынан келген өкілдерді көбіне бір-ақ рет қабылдаап отырған. Егер олардың тарапынан жансыздық әрекеттер байқалса өз ауылынан аулақ көрші ауылдарда ұстаған. Реті келгенде түрлі сылтаулар тауып Ресей әкімшілігі жіберген адамдарды дұрсы қабылдамай, оларды тұқыртып отырған. Ресей әкімшілігі Абылайды тәкаппар, алған бетінен қайтпайтын оспадар, өр мінезді деп сырттай жаратпаған.

Абылай ханның Ресейге тәуелді болмай, онымен тең дәрежедегі одақтас мемлекеттің ханы санайтынын оның патша генералдарына, губернаторларына жазған хаттарынан анық байқауға болады. Абылай хан 1772 жылы 19 қыркүйекте Орынбордың жаңадан болған губернаторы генерал-поручик И.А.Рейнсдорфқа жазған хатында былай дейді: «Қызмет орныңыз құтты болсын... Менің Сізден сұрайтын екі тілегім бар: Біріншісі: маған сырттан жаулар шабуыл жасай қалса әскери көмек бере аласыз ба? Осыны императорға жеткізіп, маған жауабын келесі хатыңызда хабарлаңыз».

Абылайды өзіне толық тәуелді ету әрекетінен нәтиже шықпаған соң Ресей патшасы 1779 жылы оған ай сайын төлейтін жалақысын беруді тоқтатады. Талай жылдан бері Орта жүз ханы етіп тағайындауға ант беруден жалтарып өзінің еркін жағдайын сақтап, айтқандарына көнбеген соң Абылайды орыс әкімшілігі «варвар», «жыртқыш» кемсітуге көшеді. Енді Абылайдың қазақ елінде беделін түсіру үшін оған «бақталас» біреуді іздеп тауып қолдауды тапсырады. Айтқандарына көндіре алмаған Ресей әкімшілігі Абылайды реті келсе тұтқындап, ішкі губерниялардың біріне жер аударуды да ойластырады.

Абылай дүниеден өткенде Қытай патшасы көңіл айтып, жаназасына арнайы делегация жібереді. Ал Ресей империясы тарапынан Абылай ханның жаназасына ресми өкілдер жіберілген жоқ және көңіл айту рәсімі де жасалмады. Мұны орыс отаршылдарының Абылайды айла-шарғылармен өз ырықтарына көндіре алмай ыза болғандығынан туған әрекеті деп түсінуге болады.

Сонымен тарихи құжаттардан көргеніміздей Абылай ханның Ресей патшасымен өзін тең дәрежеде ұстап, орыстың жоғары шенді әкімдерін өзімен санасуға мәжбүр етіп, дербес саясат жүргізгеніне көз жеткізе түсеміз.


ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАҒАН МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ



Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың өткен ғасырдың соңынан бастап Қазақстан халқына елдің ішкі және сыртқы жағдайын айқындайтын Жолдау жасайтын дәстүрі жалғасуда. Соның ішінде екі жолдау республикамыздың ұзақ мерзімді дамуы бағытын айқындаған, стратегиялық маңызы бар құжаттар саналады. Біріншісі, 1997 жылғы «Қазақстан-2030» болса, екіншісі-2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары саяси және әлеуметтік-экономикалық қиындық кезеңде еліміздің алдағы 30 жылда дамуы мүмкіндіктерін нақты ғылыми түрде белгілеп берген «Қазақстан-2030» Стратегиясы негізгі барлық өлшемдері бойынша мерзімнен бұрын, яғни 15 жылда орындалды. Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу кезеңіне арналған бұл стратегия өзінің тиімділігін және ғылыми негізге сүйеніп дұрыс жасалғандығын көрсетті. Қазақстан осы уақыт ішінде әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылып тамаша табысқа қол жеткізді. Қазақстан халқы қазіргі өркениеттік үлгіге үйлесетін кемелденген мемлекет құрды. Сондықтан ұзақ мерзімге арналған екінші бағдарлама қабылдаудың қажеттігі туындады. 2012 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті республика халқына арналған «Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялап еліміздің дамуындағы жаңа кезеңінің басталғанын көрсетті. «Қазақстан-2050» Стратегиясы-«Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы болып табылады.

Әлем тарихына көз жүгіртсек мұндай ұзақ мерзімді бағдарламалар бірқатар елдердің өсіп өркендеуіне игі әсер еткенін көреміз. Мұндай ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлаулар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің гүлденуін, Қытайдың қарқынды дамуын қамтамасыз еткені, «Маршалл жоспарының» екінші дүние жүзілік соғыстан экономикасы күйреп шыққан Батыс Еуропаның қалпына келуіне оң әсерін тигізгені белгілі. Бүгінде әлем елдерінің бірқатары 2050 жылға бағдар ұстауда. Біріккен Ұлттар Ұйымы да 2050 жылға дейінгі болжамдық өркениеттер дамуының жаһандық болжамын әзірледі. Қытай да өзінің осындай ұзақ дамуының мерзімін белгіледі. Ірі индустриялық компаниялар да алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде.

Сұңғыла саясаткер, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұзақ мерзімді бағдарлама жасауда әлемдік дамудың осындай тағылымды тәжірибелерін де ескергені анық.

Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда»,-деп көрсетті. Президент Қазақстанды 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу міндетін жүктеді.

Стратегиялық тұрғыдан өте маңызды бұл Жолдау еліміздің дамуының алдында тұрған міндеттердің жаңа парадигмасын айқындап берді. Тәуелсіз республикамыз дамуының кең ауқымда алғандығы 7 басты бағыты белгіленді.

Қазіргі әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеруде және дамуда. Солардың ішінде бүкіл адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін жаңа қатерлер де туындауда. Елбасы өз Жолдауында осы ларды талдап, жүйелеп он жаһандық негізгі сын-қатерлерді көрсетіп, оларды өз дамуымызда міндетті түрде ескеруді тапсырды.

Елбасы бірінші-үшінші қатерлерге жер шары тұрғындары санының тез өсіп, азық-түлік тапшылығының, баспана т.б. қажеттіліктер мәселесінің шиеленісуі мүмкіндігін жатқызды. Төртінші қатерге әлемдегі таза ауыз судың тапщшылығын, бесіншіге-жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қосты. Табиғи ресурстардың сарқылуын-алтыншы, үшінші индустриялық революцияны-жетінші, әлеуметтік тұрақсыздықты-сегізінші, өркениет құндылықтарының дағдарысын-тоғызыншы, әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупін-оныншы сын –қатер деп пайымдады.

Әлемдік қауымдастықтың бір белсенді субъектісі болғандықтан Қазақстан да одан тысқары өмір сүре алмайды. Біздің еліміз де жаһандық өзгерістерге бейімделе отырып, өз саясатын жүзеге асыруда.

Жолдауда еліміздің сыртқы саясатын жаңғыртудың басымдықтары атап атап көрсетілді. Оның ішінде аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту, мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру, азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту мақсаты көзделіп отыр.

Өзінің болашақтағы дамуын айқын белгілеген мемлекетіміз әлемдегі үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздыққа, өркениет құндылықтарының дағдарысына, әлемдік жаңа тұрақсыздық қаупіне төтеп бере алуы керек. Елбасымыз бұл тұрғысындағы ой-пікірін: «Осыған байланысты біз халықаралық ахуал дамуының кез келген көрінісіне жан-жақты дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауға тиіспіз»-деп түйіндеді.

Осылайша «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сауалдарға Елбасымыз осылай нақты жолдарын көрсетті.



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика