Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

ҚЫТАЙДЫҢ КӨНЕ КАРТАЛАРЫНДАҒЫ ОРТА АЗИЯ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН


Кенжеахмет Н. Бонн Университеті


Қытай деректемелеріне сүйенсек, ежелгі қытайда мемлекеттік, дүние жүзілік карталардың болғаны анық, алайда Тан дәуірінің және одан бұрынғы дәуірлердің карталары біздің заманымызға жетпеді. Біздің

Тан Исинның тау-өзен аумағы картасы

1-бояулы сурет. «Тан Исин шаньхэ фэнь-е ту» (Тан Исинның тау-өзен аумағы картасы) картасы.

Картада астрономия және география ұштастырылған, белгілі бір жерге аспандағы белгілі жұлдыз сәйкес келеді деген идея бейнеленген. Одан да маңыздысы, аталмыш картада Тан дәуіріндегі Қытайдың шекаралық аумағы сызылған. Батыс шекарасы Тұрфанмен шектелген. Карта Пекин кітапханасында сақтаулы.

Қолымызға жеткен ең ежелгі мемлекеттік картаның бірі 1121 жылы Сун патшалығы дәуірінде тасқа қашалған «Цзю юй шоу лин ту» картасы» («九域守令圖»), аталмыш картаны 1964 жылы қытай археологтары Сычуань өлкесінің Инчжоу (荥州) қаласынан тапқан. Енді бірі, Оңтүстік Сун патшалығы дәуірінде (1127-1279) сызылған Тан империясының әкімшілік картасы—«Тан Исин шаньхэ фэнь-е ту» картасы (1-бояулы сурет). Мин дәуіріндегі мемлекеттік карта деп 1512-1513 жж. сызылған, «Ян Цзычи ба юй диту» (扬子器跋舆地图, Ян Цзычи түсінік жазған карта) картасын атауға болады (2-бояулы сурет).

Мин патшалығының әкімшілік картасы

2-бояулы сурет. Мин патшалығының әкімшілік картасы.

Аталмыш карта «Ян Цзычи ба юй диту мухуэй бэн» (扬子器跋舆地图摹绘本, Ян Цзычи түсінік жазған картаның көшірме нұсқасы) деп аталады, 1512-1513 жж. сызылған. Картаның жоғары жағындағы қара сызық Қытай қорғаны, батыс жағындағы қызыл сызық батыс шекара сызығы. Қызыл сызықтың батысынан Моғолстан жері басталады. Карта Қытайдың Люшунь мұражайында сақтаулы

Сол кездегі мемлекеттік әрі дүниежүзілік карта деп 1136 жылы бір құлпытастың екі бетіне қашалған «Хуа-и ту» («华夷圖» «Қытай мен шетел картасы») картасы мен «Юй цзи ту» («禹迹圖») картасы (3-бояулы сурет ).

Қытай ғалымдары «Хуа-и ту» картасы Тан дәуіріндегі уәзір Цзя Даньның картасы негізінде сызылған деген пікір ұсынады. Өйткені аталмыш карта қашалған құлпытастың оң жақ шетінде «Тан дәуіріндегі Цзя Вэйгун (Цзя Даньның құрмет аты -- Н. К.) картасында неше жүз ел сызылған, қазір осы елдердің атақтылары іріктеліп сызылды» деген сөз бар. Цзя Дань Қытайдың географиялық шеңберінен озып шығып, қытайлық және шетелдік саяхатшылардың жеткізген мәліметтері негізінде бірсыпыра еңбектер жазған. Солардың бірі «Цзя Дань сы дао цзи» («Цзя Даньның төрт төңіректегі елдер туралы естеліктері»), оның «Син Таншудың» география тарауына қысқартылып енгізілген нұсқасы біздің дәуірімізге жетті. Цзя Даньның дүние картасын сызуына сол кезде Еуразия құрылығында бой көтерген Түрік империясының ықпалы болғандығын жоққа шығармаймыз (Кенжеахмет Н. 2009. №1: 257.). Өйткені Цзя Даньның географиялық еңбегіндегі шетел топонимдері сол халықтың тілдік дыбысталуы бойынша біршама дұрыс хатталған. «Хоу Хань шу» кітабында жаңа эраның 46 жылы Оңтүстік Ғұндардың қытайлық Хань патшалығы ордасына өздерінің картасын сыйлағаны туралы дерек кезігеді. Қытай ғалымдары Хань патшалығы тұсында сызылған «Юйди ту» картасы (Жер картасы, аталмыш карта дәуірімізге жетпей жоғалған) Ғұн картасы негізінде сызылған деген пікір айтады.

«Хуа-и ту» картасы ( Қытай мен Шетел картасы )

3-бояулы сурет. «Хуа-и ту» картасы ( Қытай мен Шетел картасы )

Карта 1136 жылы құлпытасқа қашалған, Си-аньдағы Бэйлинь мұражайында сақтаулы.

1185 жылы сызылған «Гуцзин хуа и цю юй цзун яо ту» («古今华夷区域總要圖», Ертеден қазірге дейінгі Қытай мен Шетел аумағының жалпы картасы) картасы да сол дәуірдің дүние картасы саналады, картада ежелгі Усунь елі мен Оңтүстік Ғұндардың территориясы да көрсетілген. Ежелгі карталардан пайдаланып сызылғандығы байқалады (4-бояулы сурет).

1260-1264 жж. сызылған «Хань Сиюй чжуго ту» картасында («漢西域諸國圖», «Хань патшалығы тұсындағы батыс елдері картасы» ) Усунь, Қаңлы, Ғұн, Ферғана елдерінің территориясы және олардың ордалары тұрған жер анық сызылды. Аталмыш карта сол кездегі Қазақстан территориясы мен оған шектес аумақтардың тарихын және географиясын зерттеудің аса құнды материал болып табылады (5-бояулы сурет).

Ертеден қазірге дейінгі Қытай мен Шетел аумағының жалпы картасы

4- бояулы сурет. «Гуцзин хуа и цю юй цзун яо ту» картасы (Ертеден қазірге дейінгі Қытай мен Шетел аумағының жалпы картасы)

Карта 1185 жылы сызылған, Пекин кітапханасында сақтаулы

Хань патшалығы тұсындағы батыс елдері картасы

5-бояулы сурет. «Хань Сиюй чжуго ту» картасы (Хань патшалығы тұсындағы батыс елдері картасы)

Карта 1260-1264 жж. сызылған, Пекин кітапханасында сақтаулы.

Монғол империясы құрылған соң, Қытайда сызылған карталар дүние жүзілік сипат ала бастады. Өкінішке орай, монғол дәуірінде сызылған карталардың дені жоғалды, тек 1331 жылы сызылған «Юань цзинши дадянь ту» «元經世大典圖», Юань патшалығының ел басқару салтанаты картасы)атты карта ғана заманымызға жетті (6-бояулы сурет).. Аталмыш карта сол кездегі дүние жүзі картасы саналады. Монғол империясынан бұрын қытайдағы дүние жүзі карталары «Хуа-и картасы» (华夷圖) деп аталса, монғол империясы құрылған соң осы атау өзгертіліп, дүниежүзі картасы шартты түрде «Хунь-и ту» (混一圖) деп аталды. Өйткені, қытайды бағындырып, Қытай ұлы қорғанын шекаралық функциясын жойған көшпелілер «и» (夷, жабайылар деген мағынада—Н.К.) сөзінің көшпелілерге қаратылған бұрынғы ұғымын біржолата қолданыстан қалдырып, «ұлы бірлік» деген жаңа ұғым беретін ««хун-и» сөзін қолдануды жөн көрді. «Юань цзинши дадяньту» картасы Қытайдың Батыс елдері жөніндегі ең ежелгі картасы болып табылады, ең алғаш «Цзинши дадянь» («Ел басқару салтанаты») кітабына енгізілген. Мин патшалығы тұсында «Юань ши» кітабын құрастырғанда, кітапқа аталмыш картаның «Солтүстік-батыс жерлері туралы қосымшалар» тарауы деген түсіндірме бөлігі ғана енгізіліп, карта бөлігі енгізілмеген. 1841 жылы Чжан Му деген оқымысты «Юнлэ дадянь» (Юунлэ жылнамасындағы салтанат) кітабынан аталмыш картаны тауып, қайтадан жаңғыртып сызады.

Юань патшалығының ел басқару салтанаты картасы

6-бояулы сурет. «Юан цзинши дадяньту» (Юань патшалығының ел басқару салтанаты картасы) картасы.

Карта Цао Вань, т.б. құрастырған «Чжунго гудай дитуцзи: Чжаньго--Юаньдай» кітабынан алынды (Цао Вань. 1990: 179 карта.).

Қытайдың Мин патшалығының патшасы Тайзу (1368-1398 жж. тақта отырған) Монғолдар құрған Юань династиясын тақтан тайдырған соң, монғолдардан немесе батыстағы түркі елінен келетін қауіптен сақтану үшін, шетел географиясына қатысты мәліметтерді жинауға ерекше мән берді. Мин патшалығының билігі батыстағы Цзяюйгуань қамалынан аса алмағандықтан, Орталық Азиядағы ықпалы мардымсыз болды. Мин патшалығы Тибет, Корея, Аньнань (оңтүстік Қытайда), Орталық Азия қатарлы жерлерге адам жіберіп, сол елдердің карталық, географиялық мәліметтерін жиғызды, монғолдың Юань патшалығы тұсында сызылған карталар негізінде карта сыздырды. Солардың бірі 1389 жылы жібекке сызылған бояулы карта «Да Мин хунь-и ту» («大明混一圖», «Ұлы Мин патшалығы дәуіріндегі дүние картасы») (7-бояулы сурет).

Ұлы Мин патшалығы дәуіріндегі дүние картасы

7-бояулы сурет «Да Мин хунь-и ту» картасы (Ұлы Мин патшалығы дәуіріндегі дүние картасы)

Карта 1389 жылы сызылған, Пекиндегі Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында сақтаулы.

1402 жылы Қытай карталары негізінде Кореяда «Хун и цзяньли лидай году чжи ту» ( «混一疆理歴代國都之圖», Дүние жүзі аумағындағы тарихтағы елдер картасы) атты дүние картасы сызылды, картаны сызушы Кореяның әйгілі уәзірі Цуань Цзинь, карта Киотодағы Риоку университеті кітапханасында сақтаулы, тағы бір көшірме нұсқасы Киото университеті Гуманитарлық институты География кафедрасында сақтаулы, батыс ғалымдары аталмыш картаны Каңнидо (Kangnido) деп атайды. Ғалымдар мұны 1330 жылы сызылған «Шэнцзяо гуанбэйту» («聲教廣被圖») картасы (аталмыш карта дәуірімізге жетпеді) негізінде сызылды деген пікір айтады. Өйткені «Хун и цзяньли лидай году чжи ту» картасының кіріспесінде Цуань Цзинь «Шэнцзяо гуанбэйту» картасын тілге тиек етеді (8- бояулы сурет).

Дүние жүзі аумағындағы тарихтағы елдер картасы

8-бояулы сурет. «Хун и цзяньли лидай году чжи ту» (Дүние жүзі аумағындағы тарихтағы елдер картасы)

Аталмыш карта «Kangnido» деп те аталады, 1402 жылы Кореяның әйгілі уәзірі Цуань Цзинь сызған, көшірме нұсқасы Жапонияның Шимабара қаласындағы Хонкожи бұтханасында сақтаулы

Енді бір дүние жүзілік карта 1555 жылы сызылған «Гуцзинь синшэн ту» картасы (Ертеден қазірге дейінгі жағдай бейнеленген қолайлы карта). Карта белгілі себептермен Филиппин еліне жеткен. Аталмыш картаны 1874 жылы Филиппин губернаторы Испанияға тарту еткен (9-бояулы сурет).

Ертеден қазірге дейінгі жағдай бейнеленген қолайлы карта

9-бояулы сурет. «Гуцзинь синшэн чжиту» (古今形勝之圖,Ертеден қазірге дейінгі жағдай бейнеленген қолайлы карта) картасы.

Карта 1555 жылы сызылған, картада батыста Самарқандтан шығыста Жапонияға дейінгі, солтүстікте Сібірден оңтүстікте Суматра, Ява аралдарына дейінгі жерлер сызылған (Карта Юй Динго жазған, Цзян Даочжан аударған «Чжунго дитусюе ши (Қытайдың картография тарихы)» кітабынан алынды, Пекин, 2006: 1-бояулы сурет.).

Қытайдың дәстүрлі картасы екі түрлі стильмен сызылды: бірінші түрлісі, «цзили хуа фан»(计里画方)стилі, яғни «қашықтығын өлшеп, шаршылап сызу» формасы, мұның типтік мысалы, «Юань цзинши дадяньту» (Юань патшалығының ел басқару салтанаты картасы) картасы; екінші түрлісі, «тау-өзен суреті» формасы, мұның типтік мысалы, «Да Мин хунь-и ту», т.б. карталар.

Қытайдың көне карталарының басым бөлігі соңғы формамен сызылды. Қытайдың дәстүрлі картографиясы «аспан дөңгелек, жер шаршы» деген принципті ұстанды. СЮТДЖУТ картасының стильі өзгешелеу, карта «тау-өзен суреті» формасымен сызылғанымен, оған адам суреттері қосылған. Адам суретін салу Европа карталарына тән ерекшелік, мысалы, 1375 жылы сызылған «Каталан картасы». Сондықтан, СЮТДЖУТ картасы шығыс картасы мен батыс картасының ерекшеліктерін бойына тоғытқан карта есептеледі.

2002 жылы Пекиндегі аукционды ұйымдастыру компаниясы Жапонияның Киото қаласынан «Мэнгу шаньшуй диту» («Монғолдың жер-су картасы») атты бояулы шиыршықтамалы картаны қомақты қаржыға сатып алды. Аталмыш карта XX ғасырдың 30 жылдары Қытайдан шетел асып, содан бері Киотодағы әйгілі жеке мұражай—Фуцзи Юринкан мұражайында (The Museum of Fuji Yurinkan, Kioto) сақталып келген. Пекин университетінің профессоры Линь Мэйцун мырзаның пікірі бойынша, карта Мин патшалығының Цзяцзин жылдары, яғни 1524-1539 жж. сызылған ( Линь Мэйцун. 2007: 316.). Картадагы жер аттары СЮТДЖУТ картасындағы жер аттарына ұқсас, картаға Рұмға (қазіргі Стамбұл) дейінгі жерлер сызылған ( 10-бояулы сурет.).

Монғолдың жер-су картасы

10-бояулы сурет. «Мэнгу шаньшуй диту» (蒙古山水地圖, Монғолдың жер-су картасы) картасының бас бөлігі.

Карта Линь Мэйцуньның «Сунмо чжицзянь» кітабынан алынды (Лин Мэйцунь. 2007: 12-бояулы сурет.).

1644 жылы Маньжурлар Қытайлық Мин патшалығын аударып, маньчжур мемлекеті-Цин патшалығын құрды. Маньчжурлар осы алып елді билеу үшін, бір жағынан, қытайлардың географиялық ғылымындағы информациялардан пайдаланып, қытайдың дәстүрлі картографиясын дамытты; енді бір жағынан, қытайға келген католик миссионерлеріне батыс дәстүрі бойынша карта сыздырды. Европадан келген тұңғыш миссионер Маттео Риччи еді, ол 1601 жылы Пекинге барып миссионерлік және ғылыми жұмыспен айналысты. Канси патша иезуит қоғамындағы (The Society of Jesus) католик миссионерлеріне Қытай атласын сызуға жарлық береді. 1708-1717 жж. иезуит қоғамы бүкіл Қытайдың және онымен іргелес елдердің картасын сызу жұмысын жүргізеді. 1718 жылы католик миссионерлері өздері сызған қытай атласын Канси патшаға силайды, аталмыш атлас «Канси Хуан юй цуань лань ту» картасы (康熙皇舆全览圖, Канси патшаның толық атласы) деп аталды. Осы ғылыми жұмыстардың арқасында, француз географы д'Анвиль (1697-1782) 1737 жылы Гаагада Цин патшалығының толық атласын баспадан шығарды (J. B. B. d'Anville. Nouvel atlas de la Chine, de la Tartarie Chinoise et du Tibet: contenat les cartes generals et particulieres de ces pays. La Haye, 1737). д'Анвильдің осы картасы XIX ғасырдағы орыс және ағылшын географиялық зерттеулеріне дейінгі Азия картасының негізі болды (Бартольд В. В., т. IX. 1977: 286-300.). «Канси Хуан юй цуань лань ту» картасына сол кездегі Цин патшалығының батыста Құмылдың шығысымен шектелген территориясы сызылды.

Қазақ хандығымен бірлесіп Жоңғарларды бағындырған соң, 1755 жылы Цяньлун патша Шынжаңға иезуит қоғамынынң мүшелерінен құралған өлшеу-сызу отрядын жіберді. 1769 жылы Michel Benoist (1715-1774, қытайша аты Цзян Юйжэнь将有仁) Цин патшалығының жаңа атласын құрастырады, атлас «Цяньлун нэйфу юйту» (乾隆内府舆圖, Цяньлун патшаның орда картасы)деп аталды. Жоғарыда аталған екі атласта сол кездегі Цин патшалығының ішкі-сыртқы саясаты өз көрінісін табумен бірге, өз территориясын батысқа қарай кеңейткен экспанциялық тарих белең берді. 1773 жылы Қытайдағы иезуит қоғамы (The Society of Jesus in China) таратылды. Иезуит қоғамының картографиялық ықпалы тек қана патша ордасымен ғана шектелді де, қытайдың жер-жеріндегі дәстүрлі қытай картографиясына елеулі ықпал жасамады. Цин дәуіріндегі карта, атластардың көбі дәстүрлі қытай стильімен сызылды.

Қазір дүние жүзінде Еуразия даласына қатысты, жүйеден Қазақстанға және Орта Азия мен Батыс Азия елдеріне қатысты карталардың саны 20 дан асады (Кесте I).

Кесте I Қазақстанға және Орта Азия мен Батыс Азия елдеріне қатысты қытай карталары мен атластар

Картаның аты Сызылған уақыты Сақталған орны көлемі(см)
1. Хуа-и ту 华夷圖, (Қытай мен шетел картасы») 1117-1125 жж. сызылған, 1136 ж. тасқа қашалған Си-ань: Бэйлинь мұражайы. Құлпытасқа қашалған 79×78
2. Гуцзин хуа и цю юй цзун яо ту古今华夷區域總要圖 (Ертеден қазірге дейінгі Қытай мен шетелдің аумақтық картасы) 1185 Пекин кітапханасы 30×23.7
3. Хань Сиюй чжуго ту 漢西域諸國圖 (Хань династиясы тұсындағы батыс елдері картасы) 1260-1264 Пекин кітапханасы
4. Юань цзинши дадянь ту元經世大典圖 (Юань патшалығының ел басқару салтанаты картасы) 1331 Пекин кітапханасы Кітаптағы қыстырма карта
5. Цидань дили ту 契丹地理之图 (Кидан географиялық картасы) 1344 Пекин кітапханасы
6. «Да Мин хунь-и ту»  картасы大明混一圖 (Ұлы Мин патшалығы дәуіріндегі дүние картасы) 1392 Пекин: Қытайдың Бірінші тарихи мұражайы 386×456
7. Хун и цзяньли лидай году чжи ту» картасы混一疆理歴代國都之圖(Kangnido, Дүниежүзі аумағындағы ежелгі елдер картасы) 1402 Киото университеті Гуманитарлық институты География кафедрасы 180×205
8. Сиюй туди жэнь-у ту西域土地人物圖 (Батыс елдерінің жер-суы мен ел-жұрты жайлы сызба карта) XV ғ. 30 – 40 жылдары «Шэньси тунчжи» («Шэньси провинциясы жер-суының жалпы сипаттамасы») кітабы карта ұласпалы он бөлік (парақ)
9. Мэңгу шаньшуй диту 蒙古山水地圖 (Монғолдың жер-су картасы) XVI ғ. бас шені
10. Ганьсу чжэнь чжаньшоу тулюе甘肃镇战守圖略 (Ганьсу қалашықтарының қорғаныс картасы) 1544-45 жж. Тайбыйдағы Гугун мұражайы, Тайвань ұласпалы он бөлік (парақ)
11. Гуцзинь синшэн чжи ту古今形勝之圖 (Ертеден қазірге дейінгі жағдай бейнеленген қолайлы карта) 1555 Испания 115×100
12. Тянься дацзун и-лань чжиту 天下大總一覧之圖 (Дүние жүзінің жалпы картасы) Корея мемлекетік орталық кітіпханасы, Сеул 128×156
13. Сиюй тулюе西域圖略 (Батыс өлкенің ықшам картасы) 1524 ж. немесе 1526 ж. «Шэньси сычжэнь тушо»陕西四镇圖说 (Шэньси төрт кентіның карталық түсіндірмесі) кітабы Карта бес бөлік (парақ)
14. Канси хуанюй цуаньланьту 康熙皇舆全览圖 (Канси патшаның толық атласы) 1718 ж
15. Цяньлун нэйфу юйту乾隆内府舆圖 (Цяньлун патшаның орда картасы) 1769 ж «Цянлун шисан пай ту» (Цяньлун патшаның 13 бағам картасы) картасы деп те аталады
16. Цзою Хасакэ бу ту左右哈萨克部圖 (Оң, сол бөлік Қазақтары картасы) 1756-1762- жж. Сиюй тучжи西域圖志 (Батыс елдерінің карталары мен сипаттамалары) кітабы Кітапқа енгізілген қыстырма карта
17. Шуй си ту水系圖, (Өзен арналары картасы) 1811-1821 жж. Сиюй шуйдаоцзи (西域水道記, Батыс елдерінің өзен-су арналары) кітабы Мұнда Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдеріне құятын өзен арналарының картасы сызылған
18. Хуанчао итун юйди цуаньту皇朝一统舆地全图 (Патшалықтың біртұтас атласы) 1832 Пекин кітапханасы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика