Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ШИРЕК ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ

XX ҒАСЫРДЫҢ 90-ЖЫЛДАРЫ МЕН XXI ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРЫ ТУРАЛЫ


Сейітқали ДҮЙСЕН Жабай ҚАЛИЕВ

Халықаралық экономика саласы ғалымдарының пікірі бойынша кез келген ұлттық экономика үшін халықаралық еңбек бөлінісіне кірігу өз өндірісінің және ұйымдық құрылымдарын өзгертудің күрделі жолынан өту қажеттілік. Сонда ғана ел экономикасы тұрақты және серпінді дамиды. Бірақ бұл жерде ұлттық экономика ерекшеліктері ескерілуі тиіс /1; 259/.

Ғылыми әдебиеттерде көрсетілгендей сыртқы экономикалық байланыс түсінігі мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, валюта-қаржылық, өндірістік және ғылыми-техникалық қарым-қатынастардағы нысандардың, құралдар мен әдістердің мемлекеттік бағдарламалардың жиынтығы деп қарастырады /2; 4/.

Сыртқы экономиалық байланыстардың дамуына географиялық жағдай, табиғи ресурстардағы айырмашылық - пайдалы қазбалардың қоры, ауа райы, топырақтың құнарлығы және т.б. әсер етеді.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан да осы жолдан өтті. Қазақстан Кеңес Одағының бірыңғай халық шаруашылығы кешені құрамында бола отырып, одақтас республикалардың ішінде алғаш рет республиканың Сыртқы экономикалық қызмет (СЭҚ) тұжырымдамасын әзірледі. Сол кездің өзінде-ақ республика басшылығы СЭҚ-тың дамуы республикалық деңгейде ғылыми-техникалық және инвестициялық саясаттың тиімді нұсқаларын таңдауда стратегиялық шешімдер кеңістігін кеңейтуге ықпал етуі тиіс екендігін жақсы түсінді.

Сыртқы экономикалық қызмет (СЭҚ) Тұжырымдамасы Кеңес Одағы ыдырар қарсаңында КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Сыртқы экономикалық байланыстар Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институты, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Экономикалық ғылыми-зерттеулер институты, сондай-ақ республиканың мүдделі министрліктері мен ведомстволарының қатысуымен Қазақ КСР Ғылым академиясы Экономика институтында әзірленді. Негізінде, бұл Қазақстанның жаһандық экономикаға кіруіне негіз қалайтын құжат болды. Тұжырымдама республика сыртқы экономикалық қызметінің барлық жақтарын қарастырды және осы жұмысты әрі қарай жетілдіруге негіз қалады /1; 267/.

Тұжырымдамалық ережелер негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жоғары экономикалық кеңес «Сыртқы экономикалық қызметті дамытудың 1991-1996 жылдардағы бағдарламасын» әзірледі /3/.

Осы екі құжаттың негізінде сыртқы экономикалық қызметті қалыптастыратын Қазақ КСР-нің: «Сыртқы экономикалық қызметтің негізгі принциптері туралы» Заңы, (1990 жылғы 15 желтоқсан), сондай-ақ ҚР Президентінің Жарлықтары мен Қаулылары: «Қазақ КСР Республикалық Валюталық комитеті туралы» (1991 жыл 6 маусым); «Қазақстан Республикасының дербес сыртқы экономикалық қызметін қамтамасыз ету туралы» (1991 жыл 31 тамыз) және т.б. қабылданды. 1991 жылы Кеден комитеті құрылды. 1992 жылдан республикада уақытша импорттық кедендік тариф, ал 1993 жылдан бастап экспорттық тариф қолданылды /1; 271/.

Халықаралық экономика ғылымының қағидаты бойынша сыртқы сауда тауарларымен қызметті ішке енгізуден (импорттан) және сыртқа шығарудан (экспорттан) тұратын елдер арасындағы сауда. Бұл ел экономикасын дамытатын саясат. Сыртқы экономикалық саясат жекелеген мемлекеттермен, аймақтармен, компаниялармен, фирмалармен жүргізіледі.

Кеңес Одағы кезінде Қазақстан Республикасы облыстарының шетелдермен тікелей экономикалық қатынастар жасау мүмкіндігі болмағаны белгілі. Тек КСРО құрамындағы өзге республикалармен ғана алыс-беріс жүргізілді. Алыс шетелдермен тікелей сауда-саттық жүргізу мүмкін болмады, өйткені Қазақстан экономикасы «жабық» сипатта болды, сыртқы байланыстар тек Мәскеудің рұқсатымен, бақылауымен ғана жүргізілді.

Ал тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанның әр облысы тек ТМД аясында емес, алыс шетелдермен де экономикалық қатынастарға шығу мүмкіндігін алды, яғни экономикалық еркіндік берілді. Сонымен қатар республикада көпукладты экономика қалыптаса бастады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы 10 сәуірде Алматыда республиканың барлық қала және аудан әкімшіліктері басшыларымен семинар-кеңес өткізгенде жергілікті басшыларға мол мүмкіндіктер беріліп отырғанын ескерте келіп, көрші республикалармен үзіліп қалған шаруашылық байланыстарын қалпына келтіруге олардың да үлес қоса алатындарын, сөйтіп халықтың материалдық қажеттерін өтеуде оны тиімді пайдалану қажеттігін көрсетті /4; 94-98/.

Облыстық мәслихат 1994 жылы 12 тамыздағы № 12 Қаулысымен Солтүстік Қазақстан облысы аумағында Еркін экономаикалық аймақ құру мүмкіндігін зерттеу үшін 14 адамнан тұратын уақытша комиссия құрды /5; 201-202/. Шамасы комиссия еркін экономикалық аймақ құру тиімсіз немесе мүмкіндік аз деп шешті ме екен, әйтеуір республикада құрылып жұмыс істеген 10 экономикалық аймақтың тізімінде болған жоқ.

Дегенмен облыс әкімшілігі шетелдермен және көршілес Ресей аймақтарымен шаруашылық қарым-қатынастарды қалыптастыру немесе қалпына келтіру жолында бірқатар жұмыстар атқарды.

90-шы жылдардың басында облыстың 8 кәсіпорны әлемнің 13 елімен сауда операцияларын жүргізді /6; 62/.

Сол кездегі облыс әкімі В.Гартманның қаулысымен Петропавлда 1994 жылы 14-15 қыркүйекте «Партнер-94» атты аймақаралық жәрмеңке-көрме ұйымдастырылды /5; 202-203/. Жәрмеңкеге Ресейдің шекаралас аймақтарының шаруашылықтары да қатысты. Мұндай шара тек облыс экономикасын дамытуға ғана емес, мемлекетаралық экономикалық байланыстарды дамытуға да оң ықпалын тигізетін еді.

2002 жылы тамызда сол кездегі облыс әкімі А.Смирнов арнайы сапармен Ресейдің Түмен облысына барып қайтты. Делегация құрамында болған кәсіпкерлер ресейлік әріптестерімен шаруашылық байланыстарын қалыптастыруға бағытталған пікіралысулар өткізді /5; 358/.

Шаруашылық байланыстар Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен шектес облыстарында біршама сәтті жүргізілді. Бұл Солтүстік Қазақстан облысының Ресей аймақтарымен шаруашылық байланыстарында айқын байқалды.

Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылық кәсіпорындары 1991 жылы КСРО ыдырап, бұрынғы республикалар арасындағы шаруашылық байланыстары үзіліп, дағдарыс белең алған тұста қиындықтан шығудың жолдарын іздестірді. Мәселен, «Новоникольское» өндірістік кооперативі ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға қол жеткізді /6; 63/.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 1991 жылы қараша айында Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде облыс еңбеккерлерімен, қаладағы «Киров» атындағы зауыт, «Налобинская» агрофирмасы ұжымдарымен кездесіп халықты қиындыққа төзіп қана қоймай, үкіметке қол жаймай, істің көзін тауып жаңа нарықтық жағдайда жұмыс істеуге шақырды. Осы бағытта аталған агрофирманың табысты жұмыстарын үлгі етті /7; 193/.

90-шы жылдардың басында-ақ Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпорындары шетел фирмаларымен тікелей байланысқа шығып, өздеріне қажетті құрал-жабдықтарын, техникаларын алуға қол жеткізе бастады. Мәселен, Германиядан 1993 жылдың қыркүйек айында сатып алынған «КЛААС» және «ДОЙЦ» комбайндарының 6-ы облыс шаруашылықтарында астық бастыруға кірісті. Бұл комбайндар облыстың «Докучаев», «Восход», «Қарағанды» кеңшарларында пайдаланылды. «Андреев» кеңшарында екі «КЛААС» комбайнымен қоса - сол кезде республикадағы жалғыз пресс-подборщик «Квадрант» қолданылды. Бұл неміс техникасы сабан бууға арналған еді. Немістің ауыл шаруашылық техникасының ең көп партиясын, яғни 20 «Фортшритт» комбайндарын «Советская» агрофирмасы сатып алып пайдаланды /5; 170/.

1997 жылы облыстың ауыл шаруашылығында тиімділігі жоғары «Джон Дир» шетелдік комбайндарын жаңа жағдайда сынап көру жүргізілді /5; 266-267/.

1997 жылы Францияның елшісі Ален Ришар ресми сапармен Петропавлға келіп «ПЗТМ», «ЗИКСТО» сияқты конверсияланған кәсіпорындарды аралап, университетте кездесу өткізді. Фрацуздық меймандарды сол елдің технологиясымен жұмыс жасап сүт өнімдерін шығаратын «Молсервиз» консорциумының жұмысы қызықтырды /5; 273/.

90-шы жылдары аса қиын жағдайларға қарамастан социалистік жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық жүйе қалыптастырған Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығын қалпына келтіруде және дамытуда жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастады.

2003 жылдың қаңтар-маусым айларында облыс сыртқа 829 тонна астық экспорттады. Бұл 2002 жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға артық көрсеткіш болды. Алыс шетелдер осы облыстан астық сатып алуды 1,6 есе ұлғайтты. Ауғанстан, Бельгия, Иордания, Иран, Моңғолия, Сауд Аравиясы, Тунис, Франция сияқты тұрақты әріптестермен қатар, осы жылы Солтүстік Қазақстан облысымен Алжир, Ұлыбритания және Индонезия келісімшартқа отырды. Шетелге сатылатын астықтың әр тоннасы 71,5 доллардан бағаланды /5; 386/.

2001 жылы мамыр айында облыс делегациясы Польшаның Дольносилезия воеводствосына іс-сапармен барып екі аймақ арасында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдерін сату және сатып алу, сонымен бірге поляк өнеркәсібі жағынан жаңа технологиялар алу мәселесі жөнінде келісімдер жасады /8; 23-п./.

2009 жылы Солтүстік Қазақстан облысына Халықаралық ынтымақтастықтың жапондық агенттігінің өкілдері келіп, аймақтың агроөндірістік кешенін дамыту мәселелерімен танысты /5; 475/. Жапондық мамандар мен ғалымдар облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарудың, өңдеудің, экспортқа шығарудың әлемдік бәсекеге қабілеттілік мүмкіндіктерін зерттеу қажеттіліктеріне назар аударды.

Көршілес Ресеймен облыстың әріптестігі жандана түсті. 2001 жылы Ресейдің Қорған облысымен арадағы сауда айналымының көлемі 12,2 млн долларға жетті, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 1,1 есе артық болған. Сонымен бірге екі облыс арасында білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жақсы жолға қойылды /9; 71-п./.

Сонымен қатар облыс Ресейдің Омбы, Түмен облыстарымен де іскерлік байланыстар орнатып, ол қатынастар қазіргі күнге дейін жалғасуда.

2004 жылы 22 қаңтарда Ресей астанасы Мәскеу қаласы басшылығымен осы облыс әкімдігінің арасында келісімге қол қойылды. Облыс делегациясын басқарып Ресейге барған сол кездегі әкім Тайыр Мансұров Мәскеу мэриясы мүшелері алдында сөйлеген сөзінде екі ел президенттерінің уағдаластығына сәйкес Қазақстан Республикасындағы «Ресей жылының» аясында іске асырылып жатқан екі аймақтың арасындағы байланыстың маңыздылығын мәлімдеді /5; 393/.

Мәскеуде қол қойылған бұл келісім 5 жылға арналды және ол екі жақтың азық-түлік саласындағы, әсіресе Мәскеуге ет пен астық сату туралы әріптестігін нығайтуға бағытталды. Сонымен қатар бұл келісім Солтүстік Қазақстан облысының тауар өндірушілеріне Мәскеудің кәсіпорындары және ұйымдарымен тікелей шаруашылық байланыстарын орнатуға жол ашты. Келісім ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу, сақтау және жеткізу, сауда өкілдіктерін ашу, көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыру мәселелерін шешуге мүмкіндік жасады.

Облыстық статистика басқармасының мәліметтері бойынша 2003 жылы облыста 107 бірлескен және шетел кәсіпорны жұмыс жасады, оның ішінде 65-і бірлескен және 42-і шетелдік болды /5; 399-399/. Бұларды құруға уставтық қор мөлшері 6246,9 млн теңге болатын 20 ел кәсіпкерлері қатысты. Облыста жыл сайын бірлескен және шетел кәсіпорындары қатысқан кәсіпорындар саны өсе бастады. Ресей Федерациясының фирмаларымен - 70, Түркиямен - 8, АҚШ-пен - 7, Әзірбайжанмен - 4, Тәжікстанмен - 2, Италиямен - 2, Виргиния аралдарымен - 2, Грекиямен - 2, Өзбекстанмен - 2, Австрия, Армения, Ауғанстан, Белоруссия, Ұлыбритания, Германия, Иран, Қырғызстан, Малайзия, Польша, Украина елдерімен бір-бірден кәсіпорындар ашылған. Мұндай кәсіпорындарда 2003 жылы 5623 адам еңбек етті.

Осылардың ішінде 75 кәсіпорын тауарларын ішкі рынокқа, ал 20-сы өнімдерін шет мемлекеттерге экспортқа шығарды. 20 кәсіпорын импорттық тауарлар алып, солардың негізінде 31 кәсіпорынмен бірлесіп өнім өндіріп отырған. 2003 жылы облыстағы бірлескен және шетел кәсіпорындары 3931,8 млн теңгенің тауарларын экспортқа шығарды. Тауарға шаққанда бұл экспорттың 30,1 пайызын өсімдік тектес тауарлар құраған.

Облыстағы фирмалардың импорттық көлемі - 1699,3 млн теңгені құрады. ЖЭО-2 «Аксесс-энерго» ЖШС - 27,2 пайыз, «НТТ-Трейд» ЖШС - 19,1 пайыз, «БаттАгро» ЖШС - 10,5 пайыз, «Сұлтан-элеватор» Ашық Акционерлік Қоғамы - 7,8 пайыз, «Аксесс-энерго» СКРЭК - 8,6 пайыз, «Массагет» ЖШС - 5,5 пайыз, «Аксесс-энерготеплотранзит» ЖШС-де 2,9 пайызды құрады. 2003 жылы осы кәсіпорындар 10340,4 млн теңгенің өнімдерін өндірді /5; 447/.

2006 жылы Петропавл қаласында Қазақстанның солтүстік өңіріндегі ең ірі «Трансавто» ЖШС кәсіпорны Египеттің «Венус Интернэшнл» компаниясымен осы елге 120 мың тонна бидайын сатуы жөнінде келісімге қол қойды.

Келісім жасар қарсаңында сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұров Египеттік компанияның директоры Мохаммед Али Абдел Фадил Кандел бастаған делегациямен кездесіп, талқыланатын мәселенің басын ашып алған болатын. Пікірлесу барысында Египетке жылына 14 млн тонна бидай қажет болса, соның 50 пайызын ғана өздері өндіреді екен. Ал солтүстік қазақстандықтар кездесу барысында Египетке 1,5 млн тоннаға дейін астық сата алатын мүмкіндіктері барын мәлімдеді /5; 447/.

Бұл деректер облыс еңбеккерлерінің аймақ экономикасын дамытуда бидай мен ұнның негізгі экспорт тауарлары болатынын сол кездің өзінде-ақ түсінгенін және оған басымдық бере бастағанын көрсетеді. Сырт елдермен, аймақтармен тиімді сауда-экономикалық қатынастардың қалыптасуы, сол арқылы аймақ шаруашылықтарының дамуына жасалған тиімді іс-шаралар, жинақталған тәжірибелер кейінгі жылдары да оң жалғасын тауып облыс экономикасының серпінді дамуына ықпалын тигізді.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:

  1. Қазақстан экономикасының өркендеуі және экономика ғылымының үлесі. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Экономика институты, 2013. – 332 бет.

  2. Қ.М. Камали. Сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік басқару. Оқу құралы. – Алматы: Экономика. 2005. - 103 бет.

  3. Программа разития внешнеэкономической деятельности Казахской ССР на 1991-1995 гг.». – Алма-Ата, Высший экономический совет при Президенте Республики Казахстан, 1991.

  4. Назарбаев Н.А. «Местным администрациям - стратегию действий». Выступление Президента РК Н.А. Назарбаева на семинаре-совещании глав городских и районных администраций республики. / Назарбаев Нұрсұлтан: Елмен сырласу. Т.3. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2009. - 336 бет.

  5. Солтүстік Қазақстан облысы ел тәуелсіздігі жылдарында. Құжаттар және материалдар жинағы. - Петропавл: СҚО Мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы; Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағаты. 2011. - 533 бет.

  6. Солтүстік Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. - 704 бет.

  7. «Я не могу вас обманывать...». Из речи Президента Казахской ССР Н.А. Назарбаева во время рабочей поездки по Северо-Казахстанской области: / Назарбаев Нұрсұлтан: Елмен сырласу. Т.2. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2009. - 256 бет.

  8. СҚ ММ. 669-қ., 1-т., 818-іс, 23 п.

  9. СҚ ММ. 669-қ., 1-т., 817-іс, 71 п.


Сейітқали ДҮЙСЕН,
Жабай ҚАЛИЕВ,
Мемлекет тарихы институтының
жетекші ғылыми қызметкерлері,
педагогика ғылымдарының кандидаттары



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика