Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ЖАРИАЛАНЫМДАРЫ

ХАЛҚЫНЫҢ ЛАЙЫҚТЫ ҰЛДАРЫ


Жақында Мемлекет тарихы институты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғаш рет «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және көрнекті тұлғалар Әлімхан Ермеков және Жұмабек Тәшенев туралы зерттеу еңбектерін жарыққа шығарып, кітаптардың тұсаукесерін Астана және Алматы қалаларында өткізді.

Біз осы кітаптар жөнінде айтып беруді авторлардан сұраған едік.

Сұрақ: «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен жаңа шыққан кітаптардың ерекшелігі қандай? Бұл Ресейдің «ЖЗЛ» сериясының қазақстандық нұсқасына ұқсай ма?

Бүркітбай Аяған: Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Нұрсұлтан Назарбаев және мемлекеттің қазақстандық құрылыс үлгісі» атты кітаптың авторы:

Қазақстанда атақты «ЖЗЛ» сериясына ұқсас жеңіл оқылатын еңбектер жарық көре бастады. Атап айтсақ: «Нар тұлға», «Алаш арыстары», «Алаш ақиықтары» және тағы басқалар. Міне, осы аталған кітап серияларының ішінен «Ұлы дала тұлғалары» деп аталатын жаңа кітап сериясы өз орынын иеленіп, Қазақстан тарихында мемлекеттің дамуына, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани гүлденуіне еңбек сіңірген көрнекті тұлғалары туралы кітаптар шығара бастады. Бүгінгі жас ұрпақ өткен ғасырдағы тарихи тұлғалар жайында жақсы біле бермейді. Сондықтан, бүгінгі күні жас ұрпақты халқымыздың көрнекті тұлғалары және олардың республиканы дамытуға қосқан үлесі, өмірбаяны туралы ғылыми-көпшілікке арналған зерттеу еңбектеріне сұраныс бар.

Жаңа басталған кітап сериясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың саяси өмірбаянынан басталғандығы кездейсоқтық емес. Өйткені, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке еліміз қол жеткізіп, бүгінде терезесі тең ел болып отыр. Н.Ә. Назарбаевтың ерекше қабілеті, көреген басшылығы оны жай ғана мемлекет Президенті ғана емес, Ұлт Көшбасшысы дәрежесіне көтерілуіне, алыс шетелдерге де әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде таныла түсуіне мүмкіндік берді. Еліміздің Бірінші Президенті тұлға ретінде халыққа қызмет ету мен патротизмнің үлгі аларлықтай жарқын бейнесі деп айтуға болады.

Сұрақ: Әлімхан Ермековтың өмірі және қайраткерлігі, Алаш Орда қайраткерлерінің қатарында қызмет еткендігі, әзірге оқырман қауымға толық таныс емес. Сондықтан, жаңа кітап аталған олқылықтардың орынын толтырып, бүгінгі жас ұрпаққа өмірі өнеге бола ма?

Жанна Қыдыралина, тарих ғылымдарының докторы, «Әлімхан Ермеков» туралы кітаптың авторы: Әлімхан Ермеков Алаш Орда үкіметін, Алаш партиясын құрушылардың бірі, жарқыраған талант иесі, мемлекет және қоғам қайраткері болған қазақтың айтулы азаматы. Тұлға Кеңестік Қазақ автономиялы республикасын құруға белсене қатысушы, қазақ жерлерін біріктіруге жасаған қызметі бүгінгі күнде жұртшылықтың қызығушылығын танытуда. Оның есімін атауға ұзақ уақыт тыйым салып келді және қазіргі уақытта да ол туралы жазылған еңбектер көп емес.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков (1891-1970 жж.) жоғары интеллектуалды тұлға, жоғары мәдениетті адам болған. Ол сол кездегі жарқыраған білімді жас қазақ азаматтарының қатарында жүріп, Ресейдің оқу орынын үздік бітіріп, бірнеше шет тілдерін меңгерген. Ол өзінің дарындылығымен экономика саласындағы терең білімі, құқық, саясат, халықтың әлеуметтік және мәдени жағдайынан өте жақсы хабардар болған. Алаш ардагерлері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтар оны Қазақ елі мен жерінің тағдыры шешілгелі тұрған жиынға кездейсоқ жібермеген. Ол кезде жас Әлімхан Әбеуұлы Алаш Орда атынан барып, әртүрлі саяси топтардың өкілдерімен келіссөздер жүргізген. Сол кезде ол 29 жаста екен. Ол Казақ Орталық Атқару Комитетінің өкілетті уәкілі ретінде Мәскеуге барып, В.И. Лениннің алдында баяндама жасап және орталық аппараттың алдында өте жауапкершілігі мол сын сәтте Сибревком басшыларымен пікір таластырып, Ақмола облысын Астрахан губерниялық атқару комитетінің құзырына қарап кеткелі тұрған Қазақстанның маңызды территорияларының қатарында Каспийдің солтүстік жағалауының Қазақстан құрамында қалуын қадағалады. Сондай қайраткерлік, батылдық танытқан қазақтың адал перзентінің арқасында бүгінгі Астана жері мен мұнайлы Батыс Қазақстан құрамында сақталып қалған.

Алаш қайраткерлері талантты және өз салалары бойынша ақылы асқан мамандар болған. Әлімхан Ермеков қазақ зиялыларының арасында педагог, ұйымдастырушы және ғалым, ең алғашқы математика профессоры, жоғары математика және сөздік-анықтамалық, математикалық терминдердің қазақ тіліндегі кітаптардың (латын әліпбиімен басылған) авторы болған. Ол Қазақстанда 29 жыл ғылыми педагогикалық қызметпен айналысса, соның 20 жылында жоғарғы оқу орындарында дәріс берген екен.

Қайраткердің бүкіл өмірі күрес және арпалыспен өткен: ол 3 рет сотталып, ГУЛАГ лагерлерінде қамауда 18 жыл отырған. Қайраткер барлық қиындықтарды басынан өткізіп, ерекше төзімділік танытқан.

Кітапта қайраткердің негізгі өмір тарихы орталық және республикалық ҰҚК-нің арнайы мұрағаттарында сақталған құжаттар мен естеліктерге негізделіп жазылып, жан-жақты ашылды.

Бүгінгі күні біздер Әлімхан Ермековтың өмір тарихына қатысты зерттеулер жаза отырып, оның өз Отанына деген сүйіспеншілігін, рухының мықтылығын, адамгершіліктің жоғары үлгісін насихаттап, еліміздегі жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеудің жарқын үлгісі деп қабылдауымыз керек.

Қазақ елінің тарихындағы ең қиын кезеңде Алаш қайраткерлері аса ірі жұмыстарды атқарды. Олардың бастамасымен ең алғашқы ұлттық «Қазақ» газеті жарыққа шығарылды және саяси партия мен үкіметті құруы ұлтымыздың саяси жағынан өскендігін байқатады. Ұлттық қайраткерлер болашаққа жол ашты. Алаш қайраткерлері қиын сәтте жол тауып жүрді. Олар халыққа мынадай мазмұндағы үндеулерінде: «Біз бай, білімді және күшті болуымыз керек. Бай болу үшін іс керек, білімді болу үшін оқу қажет, ал қуатты болуға бірлік керек» деген болатын. Алаш ардагерлерінің айтқан идеялары өзінің өміршеңдігін танытып, бүгінгі күнде де тарихи сабақтастығын, жалғастығын тауып келе жатыр деп айтуға болады.

Сұрақ: Неге Ж.Тәшеневті таңдап алдыңыздар? Қазақ тарихында басқа да тұлғалар жеткілікті ғой?

Қанат Еңсенов, тарих ғылымдарының кандидаты, «Жұмабек Тәшенев» туралы кітаптың авторы: Біз есімі аңызға айналып, халық жадында сақталғанымен ресми тарих ғылымында әлі айтыла қоймаған, тарихи қайраткердің еңбегі мен ғұмырнамасына тарихи объективтілік тұрғысынан таразылап баға беруге ұмтылдық. Кезінде Алаш қайраткерлері «Қазақ үшін керек шаруаны ертеңге қалдырмауды» айтқан еді, біз де осы қағиданы ұстандық.

Сұрақ: Ж.Тәшенев кеңес дәуірінде қандай қызметтер атқарған?

Қанат Еңсенов: Ол 1915 жылы қазіргі Ақмола облысының Аршалы ауданында дүниеге келіп, білім алып еңбекке араласқан. 1938-1951 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылық, кеңестік партия жұмыстарында болды. 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысын басқарды. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы, ал 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарды.

Сұрақ: Ж.Тәшеневтің Қазақстан үшін сіңірген басты еңбегі деп нені айтар едіңіздер?

Сейітқали Дүйсен, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Жұмабек Тәшенев» атты кітаптың авторы: Біз Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалу жолындағы күресін кітабымызда ең басты еңбегі деп көрсеттік. Кеңес елін Н.С. Хрущев басқарған (1953-1964 жж.) кезде Қазақстанды бірнеше өлкеге бөліп басқаруға, түбінде Қазақ Республикасын жоюға бағыт ұстағаны тарихтан белгілі. Қазақстанның жерін жырымдап Өзбекстанға, Түркіменстанға, Ресей Федерациясына бөліп бермекші болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын 1956 жылы Өзбекстанға беріп те үлгерді. Қазақ Республикасының басшылығы жер беруге қарсы екенін білдіргенімен КСРО-ның кеудемсоқ басшысы оларды тыңдамады. Келесі кезекте 1961 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облысын - (Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақмола, Павлодар) Ресей Федерациясына беруді талап етеді. Сол кезде Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарған Жұмабек Тәшенев бұл КСРО мен Қазақ Республикасы Конституциясының баптарын бұзғандық, халық еркімен санаспағандық екенін, егер жерді заңсыз беретін болса Қазақстан басшылығы халықаралық ұйымдарға шағымданатынын ескертіп Н.С. Хрущевті шегінуге мәжбүр етеді. Осы қарсылығы үшін оны қызметінен кетіреді.

Сұрақ: Тәшенев тағылымын қалай бағалауға болады?

Қ.А. Еңсенов: Ол елінің, жерінің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен ұлтжанды батыр қайраткер болды. Сол қайраткердің ерлігі болмағанда Қазақстанның бестен бірі 1961 жылы Ресейге берілгенде республикамыз тәуелсіздік алғанда ол жерлер қайтарылмай қалып қояр еді. Қазіргі Астана қаласы да болмайтын еді. Сондықтан Ж.Тәшеневтің ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге. Оның ерлігін жастарға насихаттау бүгінгі ғалымдардың парызы.

Сұрақ: Әлімхан Ермеков пен Жұмабек Тәшеневтің ұрпақтары туралы не айтасыздар?

Жанна Қыдыралина: Бұл көрнекті тұлғалардың ұрпақтары бүгінде аталары мен әкелерінің атын жалғастырушы, текті әулеттер деп айтуға болады. Мысалы, Ермековтердің ұрпақтары ҚР ҰҒА-ның академиктері, ғылым докторлары мен профессорлар атанды. Әлімхан Ермековтың немересі Олег Мағауияұлы – техника ғылымдарының кандидаты, облыста еңбек жолын геофизикадан сәтті бастап, Қарағанды политехникалық институтында дәріс берген, облыста экономика басқармасының бастығы қызметін атқарып, кейінгі уақытта ұлы Әділмен бірге білім саласындағы бизнеске басшылық жасауға ауысып, Ұлыбританиялық «Maryadi education» компаниясымен бірге әлем бойынша ересектер мен балаларға тілді оқытудың курстарын ұйымдастыруда. Бүгінгі күнде Лондонда Әлімхан Ермековтың 3 жастағы шөбересі – Даниял өсіп жатыр.

Сұрақ: Ж.Тәшеневтың ұрпақтары жайлы не айтасыздар?

Сейітқали Дүйсен: Ол кісіден Саян, Саят, Болат, Мұрат және Алла деген төрт ұл бір қыз өрбіген. Саят деген баласынан басқалары өмірде бар. Алматыда, Шымкентте тұрады. Бәрі кезінде білім, ғылым саласында еңбек еткен және қазіргі күнде зейнетке шыққан.

Сұрақ: Біздер Сіздердің Институттарыңыздың тарихшылары бастаған ғұмырнамалық серияның тағы қандай кітаптарын көретін боламыз?

Бүркітбай Аяған: Бұл «Ұлы дала тұлғалары» атты кітаптар сериясы сөз жоқ жалғасын табады. Қазіргі кезде Институт ғалымдары басқа да көрнекті Алаш қайраткерлері, сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның шығармашылық интеллигенциясы өкілдерінен әртүрлі кезеңдердегі тұлғалар туралы зерттеулер жазу үстінде.

- Барлықтарыңызға қызықты әңгімелеріңіз үшін рақмет және шығармашылық жаңа табыстар тілейміз!



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика