Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жариланымдары

ҚАЗАҚ БИЛЕРІНІҢ АБЫЗЫ – ТӨЛЕ БИ ӘЛІБЕКҰЛЫ

(Төле бидің 350 жылдығына орай)

 

2013 жылы 14-15- маусымда Қазақстан Республикасы Президенті              Н.Ә. Назарбаев ресми сапармен Өзбекстанға келіп екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестік жөніндегі шартқа қол қойды, сонымен бірге Ташкент қаласында Абай көшесі басында Абай ескерткішімен Қазақстан Республикасы елшілігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Ең соңында Шайхантахур мазарында жерленген ұлы Төлебидің кесенесіне екі елдің президенттері жиырма жылдан кейін бірге барып зиярат жасады. Бұл қазақтың кемеңгері, данышпан бабамыздың рухы екі бауырлас халықты достыққа, бірігуге шақырып тұрғандай болды. Осы сәтте сол дәуірде болған тарихи оқиғаларды еске түсіреді.

Бөтен елде жүргеннен кейін біріншіден мықты маман болып, біліміңде, білгірлігіңде өзіңе және басқаларға да сөз тигізбейтіндей биік болуы тиіс. Ташкентте қазақ ортасы ғалымдардан , жоғары оқу орнындағы профессор – мұғалімдермен , билік органдарындағы және басқа мекемелерде істеп жүрген қазақ азаматтарымен толы еді. Сол қауымға ой салып және Төле би бабамыздың зияратына барып, рухынан қолдау сұрап Өзбекстандағы  қазақтың мәдениетін, салт дәстүрін, бірлігін сақтау үшін өзіміздің қоғамдық ұйымымызды құрдық. Қазақ ұлттық мәдени орталық өмірге 1989 жылы 14 наурызда келді. Белсенді жұмыс жасап жүргенде, И. Кәрімов Өзбекстан Республикасы басшылығына келді. Сол кезең ұлтаралық жанжалдар, қақтығыстар Кеңес Одағында көбейе түсті. Мен белсене қазақтың ұлттық және мәдени талаптарын Өзбекстан билігінің түрлі деңгейдегі орындарына қойып жүргенімде И. Кәрімов Жоғары Кеңесте президент лауазымына сайланды.

Мені 1990 жылы 27 сәуірде сағат 19 00-ге сұхбатқа шақырды. Сұхбат Өзбекстанға ширек ғасырдай басшылық жасаған Шараф Рашидовтың кабинетінде бір сағаттай болды. Елбасы өзіне Қазақстанмен Өзбекстанды байланыстыратын, қазақ және өзбек халықтарын жақындастыратын көмекші іздеп жүргенін айтты. Сол орынға сізді шақырып отырмын деді. Мен айттым қазақ қауымының басшысы ретінде кеңес уақытында 70 жыл бойы амалға аспаған қазақтың  мәдени талаптарын іске асыру және кадрларын өсіру маған бірінші кезекте мақсат. Ол кісі оны бірге шешеміз, сізге тиісті өкілет беремін деді.

Осы тарихи үрдістердің ішінде жүру, қатысу маған нәсіп қылды. Осы жұмысты бес жыл абыроймен атқардым. Мемлекет арасындағы көптеген ынтымақтастық шараларын ұйымдастыруға қатыстым.

Елбасылардың көптеген кездесулерінде, сондағы сұхбаттарының куәсі болдым. Бұл өте күрделі, қиын және қызықты уақыт еді. Бір жағынан ұлт аралық қақтығыстар, экономиканың құлдырауы, екінші жағынан жаңа тәуелсіз мемлекеттерді құру уақыты болды.

Қазір соның бәрі тарихқа айналып отыр. Сол жаңа тарихтың ұлы Төле би бабамызбен байланысты бір жерін төменде жазып қалдырмақшымын.

20 ғасырдын тоқсаныншы жылдары соңында М. Горбачевтың қайта құрылысымен  одақтас республикаларда демократиялық қозғалыстармен, ұлттық мәдени орталықтар құрыла бастады. Өзбекстанда ол Бірлік қозғалысымен, Эрк партиясы болды. Солармен мәміле жасау үшін президент жанында консультативтік кеңес құрды.

Бірінші президенттік Кеңес 1990 жылы 28 қазан күні өтті, оның күн тәртібінде жалғыз мәселе Ұлттық саясат және Ұлттық мәдени орталықтар жұмысы жөнінде тұжырымдама. Бұл мәселенің қозғалуы ұлтаралық қақтығыстар бірінен кейін бірі, 1989 жылы жазында Ферғана облысы Кувасайда, 1990 жылы 1-2 маусым күндері Ош қаласында болған, бұл тенденцияға қарсы тұрмаса, мемлекет өзінің ұлтаралық саясатын айқындап алмаса, ұлтаралық үрдістерінің басқару жүйесін қалыптастырмаса кешігуі бола бергені анық еді. Осы тұжырымдаманы дайындау маған берілген еді. Президенттік кеңесте баяндама жасау өзіме жүктелді. Баяндаманы жасап болғаннан кейін талқылауға түстік. Президент бірнеше сұрақ берді, Кеңеске кірген оппозиция мүшелеріде сауал берді. Барлығына жауап беріп жаттым. Сонымен қызу талқыланып тұжырымдама қабылданды. Сол сәтте қазақ және өзбек халықтарының кейінгі қарым-қатынасына өзінің ықпалын тигізетін бір мүмкіндікті пайдаланып: «Сіз, Ислам Әбуғаниұлы оқыған Ташкент политехникалық институтының механика факультеті жанында жайғасқан. Шайхантахур мазарында жерленген қазақ халқының ұлы биі Төле Әлібекұлының туғанына үш жыдан кейін 330 жыл толады. Сондай бауырлас халықтардың ұлы азаматтарымен даналарының мерей тойларын  атап өтсек, осы елдердің, халықтардың жақындасуының ықпалы тиер еді», - дедім. Ислам Кәрімов: «Біз оқыған уақытта ол жер үлкен қоршаумен бекітілген еді, ешкімді кіргізбеуші еді, үлкен құлып асылып тұратын. Сондай атеизм заманы болған. Онда, Артықбай Қынабекұлы сізге тапсырма, сол уақыт жақындағанда сіз маған хабар қыласыз, біз ондай тұлғаның мерей тойын екі ел болып атап өтуіміз керекпіз, жоспарыңызға жазып қойыңыз», - деді.

1993 жылдың көктемінде үш жыл бұрын болған  келісіміміз бойынша мен Ислам Кәрімовке Қазақстан Республикасы Шайхантахур мазарында жерленген Төле би Әлібекұлының 330 жылдық мерей тойына қызу дайындықты бастап жібергенін жеткіздім. Ол кісі онда сіз Алматыға барып біздің осы мерей тойды бірге өткізуге ниетіміз бар екенін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жеткізесіз деді. Мен ұшақпен Алматыға ұшып барып, алдымен Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қуаныш Сұлтановқа, кейін Мемлекеттік Кеңесші Әбіш Кекілбаевқа осы біздін елбасымыздың Төле би Әлібекұлы мерей тойы туралы ниетін айтып бердім, олар Нұрсұлтан Әбішұлына оны жеткізіп, келісімін алып берді. Мерекенің жоспарын біріккен жарлықпен екі елбасы бекітетін болып, мерекелік комиссияға екі жақтан саны бірдей мүше кіретін болды. Кейінгі байланыстарды факс арқылы жасайтын болдық. Сөйтіп мен үлкен қуанышпен Ташкентке ұшып кеттім. Қайтып келіп, президент әкімшілігіне жұмысқа шыққанымда алдымнан президент кеңесшісі Азизходжаев Алишер шығып қалды. Ол маған қарап мен Пулат Захидов мәдениет министрлігі тарихи ескерткіштер жөніндегі басқарма бастығы ғылым докторынан бір хат алдым, онда ол кесенеде Төле би жерленгені жөнінде тарихи дерек және құжат жоқ, барлығы аңыз ретінде әйгілі ғалымдар шығыстанушылар Бартольдпен Пугаченкованың жазбаларында «Ол жерде қазақ даласының бір мырзасының Қарлығаш бидің жерленген дегені бар, дегенмен ол Төле би екендігі туралы нақты деректер жоқ» деп жазылған. Менің оны есітіп тұрып бір жайсыз әңгіме болғанын сездім. Азизходжаев сөзін жалғастырып, мен осыны президентке жеткіздім, барлық жағдайды егжей – текжейлі анықтамағанша екі ел болып тойлауға асықпайық деп кеңес бердім деді. Мен бұл жігіттің қазаққа деген көзқарасын жақсы емесін бұрында байқап жүрсемде, мынандайды күтпеген едім. Мұның бәрі жасанды ұйымдастырылғаны көрініп тұрды. Бұл екі халықтың екі елдің жақындасуына қарсы болған күштердің әрекеті еді.

Енді не істеймін деп ойландым. Дереу телефон арқылы Қазақстан Үкіметі және Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Тажин Марат Мұхамбетқазыұлына шығып, болып жатқан жағдайдың барлығын түсіндіріп, маған ғылыми дәрежеде дәлелдейтін құжат негізінде анықтама керек дедім. Сол жылдың ақпан айында профессорлар Марат Тажин және Арыстан Есентугелов – белгілі қазақ экономисті Ташкентке әлем экономикасы және дипломатиясы университетінде өтетін бір ғылыми конференцияға келген жағдайы бар еді. Мен оларды күтіп алып және Төле би Әлібекұлының 330 жылдығына арналған қазақ-өзбек зиялыларының жиынына екеуінде қатыстырған жайым бар еді. Ол жиында өзбектін және қазақтың зиялылары болды. Атап кетсек: Өзбекстан бұрынғы басшысы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының орталық комитеті хатшысы төралқа мүшесі аты аңызға айналған Мұхитдинов Нуриддин Акрамович қатысты, сол себептен М.М.Тажин бұл мәселеге қанық еді. Бірнеше күннен кейін академик – тарихшы Манаш Қозыбаевтың қолы қойылған анықтама келді, ол анықтаманың ішіндегі 70 пайызы энциклопедияда айтылған, ал бізге дәлелдейтін құжат керек еді. Мен Марат Мұхамбетқазыұлына қайтадан телефон шалып анықтаманы алдым, оның ішінде біздің мәселемізді шешетін құжатты дерек таппадық. Сол үшін бір тың әрекет жасау керек дедім. Қазақстанның жауабы былай болды, Төле бидің 330 жылдығы орнына үш бидің мерекесі тойлансын делінді. Бір жағынан орыстардың бір мақалы «Не было бы счастья, да несчастье помогло» осы жағдайға орынды, барлық қазақ қалқының бірігуіне үш бидің Ордабасыда жасағаны тарихтан мәлім, сол себептен орасан пайдасы тиетіні сөзсіз еді.

Ал, Өзбекстанмен мына мәселе былай шешілді. 24 мамыр күні 1993 жылы бізге хабар келді. Н.Ә. Назарбаев Ташкентке 26 мамыр күні іс-сапармен келеді. Шайхантахур мазарын зиярат жасап, әулие Шайхантахур кесенесі мен Төле би Әлібекұлының кесенелеріне кіріп зиярат жасап, құран оқытады делінген. Президент И.Кәрімов жоғары мәртебелі қонақты күтуге барлық жағдайды қарастыруды президент істер басқарушысы Зелимхан Хайдаровқа Ташкент қаласы әкімі Атхамбек Фазылбековке және маған жүктеді. Біз мазарға келетін жолдарын, үйлердің сырттарын мазардың ішін жөндеттік. Қазақ айтқандай «Жақсының шарапаты....,» дегендей мазардың ішімен айналасы жақсыланып қалды.

1993 жылы 26 мамыр күні таңертеңмен Н.Ә. Назарбаевты әуежайда И.Кәрімов күтіп алып, тікелей Шайхантахур мазарына алып келді. Мазарға келгенде біз оларды күтіп алдық. Президенттер екі кесенеге әр біреуі бір кілемнен силады, Ташкент қаласы имамы құран бағыштады.

Сол екі елбасы мазарды зиярат қылған күнін әр жылы мамырдың соңғы бейсенбісінде қазақ-өзбек зиялылары әулиелердің басында жиналып атап өтетін болсын деп бастама көтердім. Сол кезден бұл күнде әулиелерге дуа оқылып құдайы беріліп тұрады, дәстүрге айналып кетті.

Содан кейін президенттің қалалық резидентциясына қонақтарды алып барып, қонақасы бердік. Сол қонақасында Н.Ә. Назарбаев И.Ә. Кәрімівке өзінің келуінің негізгі мақсатын айтты. 28 мамырда ОҚО Ордабасы ауданында үш биге арналған мереке өткізіледі және соған арнайы шақыруға келгенін айтты. Қоштасар алдында мен екі ел басыға Орталық Азия халықтарының ынтымақтастығы және дамуға көмекші қауымдастықтың бағдарламасын және құрылтай құжаттарын тапсырдым. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Ислам Кәрімовке қарап, мағанда осындай кеңесші болса еді деді. Маған сол айтқан сөздер үлкен баға еді, осы күнге дейін сол сөздерді есте сақтаймын. Сосын Ислам Кәрімовке Ордабасыда өтетін мерекеге сөз дайындадық, билер туралы анықтамалар бердік. Әріптестерім біразға дейін мені Артеке би деп жүргені бар.

28 мамыр күні Шымкентке ұшып бардық, сол жерден Ордабасы ауданына жол жүрдік. Қазақ хандары, сұлтандар, билері, батырлары жиналып жоңғар басқыншыларына қандай тойтарыс береміз деп құрылтай өткізген киелі жерге келдік. Ол жерде биіктікте шартақ құрылып, 3 елдің қазақ, өзбек, қырғыз президенттері жайғасты, төменде бұқара халық жиналып тұрды. Президенттер төбенің басына шығып Қазақстан туын  көтеріп, үшеуі қол ұстасп төбеде тұрды, кейін шартаққа түсіп, жалпы тұрған халыққа өзінің дайындаған жүректі сөздерін кезекпен айтты. Нұрсұлтан Әбішұлының сол жиырма жыл алдын Ташкентке ұшып келіп Төле би бабаның кесенесін Ислам Әбдіғаниұлымен бірге барып зиярат жасаған қазақ-өзбек достығы қарсыластарының аузын жапты.

Жиырма жылдың ішінде екі елдің арасында түрлі кезеңдер өтті, дегенмен қазақ-өзбек зиялылары әр жылы мамыр айының соңғы бейсенбісінде Ұлы Төле би кесенесі алдында бас қосып екі бауырлас халықтың достық қарым-қатынастары мекемделе берсін деп дұғалар бағыштады. Тама тама көл болады дегендей, 2013 жылы маусымында екі елдің қарым-қатынасы жаңа жоғары деңгейге көтерілді. Сол деңгейді ұстап тұру және асыру зиялы қауымның, сізбен біздің қолымызда. Екі елдің зиялы қауымының өкілдерін Астана қаласында осы жылдың ішінде жинап форумын өткізсек, Төле би бабамыздың 350 жылдығына байланыстырып, бұл өте керекті жаңа қадам болар еді.

Қорытындылай келгенде, Ташкенттегі Төле би бабамыздың рухына тағзым етіп, мұсылман қауымның өкілдері қасиетті орын ретінде зиярат жасауы да керек. Бұл ата салтымызды жалғастыру еліміздегі туристік аганттіктер мен фирмалар арқылы жүзеге асыруды ойластыру қажет.

 

 

         АРТЫҚБАЙ ҮКІБАЕВ,

«Атажұрт мейірімі» қайырымдылық

қорының президенті, профессор

 



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика