Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жариаланымдары

Тарихи жазбалар


«КЕҢЕСТІК» СОЦИАЛИЗМНІҢ МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ



Осы күнге дейін 1917 жылы билікке келген большевиктер туралы көп айтылып, көп жазылды. Дегенмен большевиктер партиясының қызметі мен саяси-доктриналық негіздеріне әлі де толық талдау жасалған жоқ. Өткен ғасырдың ортасында большевиктер марксизм-ленинизм идеяларын насихаттаумен шектелмей, «социалистік лагерге» енген Азия, Африка және Орталық Американың Куба, Никарагуа сияқты елдеріндегі миллиондаған адамдарды «ұйқысынан оятып», дүниетанымы мен көзқарасын қалыптастырды. Осылайша кеңестік кеңістіктегі халықтардың өмір сүру ережелері жасалды.

***

Большевиктердің экономикалық саясаты марксизм идеяларына бағытталды, ал оның негіздерін қалаған Карл Маркс пен оның төңірегіне топтасқан аз ғана адамдар тобы еді.

Карл Маркс пен Фридрих Энгельс ХІХ ғасырдың ортасында Орталық Еуропада өмір сүрген. Олар Германиядағы кішігірім коммунистер тобын басқарды. Марксизм идеялары ХІХ ғасырдың ортасында Еуропада қалыптасқан күрделі саяси жағдайда өмірге келді. «Кәрі Еуропа» ойшыл философтар (Г.Гегель) мен экономистердің (А.Смит, А.Сен-Симон, Ф.Ланге), тарихшылар мен саясаттанушылардың (М.Вебер) қарқынды интеллектуалды ортасы ғана емес, сонымен қатар олардың кіндік қаны тамған жер болатын. Ол кездегі Еуропа таптық, саяси және этникалық қайшылықтармен, бітпейтен соғыстармен ерекшеленді. ХІХ ғасырдың 70-жылдарындағы Франция, Испания, Англия, Германия, Ресейде (Қырым соғысы) болған оқиғаларды еске түсірейікші, - бұл аймақтағы «қырғи қабақ» соғыстар мен таптық күрестер жалпы адамзаттың берекесін қашырған-ды. ХХ ғасырдағы Еуропа қантөгісті дүниежүзілік соғыстарды (1914-1918 жж; 1939-1945 жж.) тудырды.

Марксизм классиктерінің өмірбаянында Карл Маркстің шоқынған еврейлер отбасынан шыққаны, ал Фридрих Энгельстің фабрикант отбасынан шыққаны жазылады. Соңғысы жылжымайтын меншік иесі болған. Көп балалы Карл Маркспен салыстырғанда, Фридрих Энгельс жеке өмір сүру салтын ұстаныпты, үйленбеген, бірақ фабрикада жұмыс істейтін бірқатар әйелдермен еркін қатынаста болған адам.

Адам – жаратылыстың негізі. К.Маркс пен Ф.Энгельстің дүниетанымы, қоғамдық-саяси көзқарастары мен ой-тұжырымдарын көбінесе, өздерінің немесе замандастарының естеліктерінен байқауға болады. Олардың теориялық доктриналары ежелгі христиандардың қолжазбаларынан алынған. Маркстік көзқарастар, негізінен бүкіл әлемдегі коммунистердің Библиясы іспеттес, ал оның тұздығы (амальгама) «Коммунистік партияның Манифесінен» айқын көрінеді.

Адамзаттың әділетті қоғам орнатудағы күрес жолдарын біршама зерттеген марксизм классиктері, оны шешудің тым үстірттеу, әрі қатаң сызбанұсқасын (схема) ұсынды. Оның негізгі қағидалары мынадай болатын:

  1. «Әділетті коммунистік қоғам» құру үшін, алдымен пролетариат диктатурасын орнату қажет;

  2. Тарихтың қозғаушы күші (локомотиві) мәңгілік таптар қайшылығы екен, яғни құл мен ақсүйек (патриций), шаруа мен феодал, жұмысшы мен фабрикант арасындағы тоқтамайтын күрес... Карл Маркстің пікірінше, қоғамның қозғаушы күші адам да, ой-сана да, ғылым да емес, өзара бітіспейтін қайшылыққа негізделген таптар күресі.

  3. Марксистердің айтуынша, «әділетті коммунистік қоғам» орнату үшін жеке меншікті жою міндеттеледі, басқа қарым-қатынастарға шектеулер қойылады және қиялдан туған «жалпыхалықтық меншікті» орнату көзделеді.

Марксизмнің осындай бұлжымас ережелері, социалистік қоғамның идеологиялық және экономикалық саясатын негіздеп берді. Нақтылап айтсақ, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында марксизм идеяларына еліктеушілер саны көбейе бастады.

Бір қызығы, Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің идеялары шыққан жері – Германия мен Еуропаның жетекші елдерінде қолдау тапқан жоқ. Керісінше, германдық коммунистердің утопиялық идеяларын «большевиктер», яғни ресейлік социал-демократтардың солшыл тобы өздеріне қару етті.

Большевиктердің жетекшісі В.И. Ульянов (Ленин) өзінің ұстазы Карл Маркстің ілімін барынша насихаттаумен болды. Ресейде К.Маркс пен Ф.Энгельстің «жеңімпаз» ілімі кеңінен дәріптелді. Есімізге түсірейікші, Мәскеу және басқа да ірі қалалардағы алып ескерткіштер 1920 жылдары марксизм классиктері - Карл Маркс пен Фридрих Энгельске орнатылған жоқ па?.. Соғыстың ауыртпалығы мен кеңселік тауарлардың тапшылығына қарамастан, «Коммунистік партияның манифесі», большевиктік рухтағы шығармалар миллиондаған данамен баспадан шығып жатты.

Жаңа қоғам орнатуда большевиктер табандылық көрсетті, яғни бастаған істерін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын. Ресейдің ескі мемлекеттік құрылысы қиратылды. Бірақ кейінгі оқиғалар көрсеткендей, «социалисті»к жүйе тиімсіз болып шықты. Себебі, 1917-1919 жылдардағы сайлау, сөз, баспасөз бостандығы шектелді, оларға қатаң тыйым салынды. «Пролетариат диктатурасын орнатушылар» алғашқыда партиялық басшылықты, кейіннен жеке басқа табынуға және көсемдерін асыра дәріптеуге кірісті. Олар балама партиялардың жетекшілерімен (кадеттер, монархистер, алашордашылар) жақындасқан жоқ, тіпті 1918 жылы үкіметтік коалицияның серіктестері – солшыл эсерлермен аяусыз есеп айырысты. Большевиктерге тірек болған жұмысшылардың өзі – жаппай саяси қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық, қырып-жою сияқты жазалаулардан сырт қалмады. Оған 1918-1921 жылдардағы Бүкілресейлік Төтенше Комиссияның хаттамаларын, ұлттық аймақтар мен орталықтағы Мәскеу, Питер жұмысшыларының ереуілдерін басып-жаншу туралы құжаттарды қарасаңыз, анық көз жеткізесіз. Мысалы, (1918) бір жылдың ішінде 850 000 адам Петроградты тастап кеткен, бұл бұрынғы қала халқының жартысын құрайды екен. 1919 жылдың көктемінде Петроградта Путилов заводының 10 мың жұмысшысы ереуілге шықса, соның 200-ге жуығы бірден ату жазасына кесілген, жүздеген жұмысшылар тұтқындалған. 1918-1920 жж. азамат соғысында Мәскеу тұрғындарының саны 40 %-ға қысқарған. Сондай-ақ, 1920 жылы революциялық трибунал 3 666 теміржолшыларды айыптап, бір жыл ішінде соттап жіберген.

Сол кезде Кеңес Одағының түрмелері жұмысшыларға лық толған, тіпті чекистер оларды жұмыс орнында-ақ жазалап отырған. 1921 жылғы Кронштадтағы матростар көтерілісі де аяусыз басылды. Петроградтағы партия ұйымының жетекшісі Г.Е. Зиновьевтің әйгілі бұйрығымен 2000 –нан астам матростар ешбір тергеусіз, сотсыз атылған, тірі қалғандары концлагерлерге (Соловки) айдалған. Большевиктер елдің шеткері аймақтарындағы халықтарды да қырып жойды.

Осылайша, большевиктер тек қарудың күшімен үстемдігін жүргізді. Жалпы «пролетариат диктатурасын» билікке жақын номенклатуралық топтың адамдары ғана құраған. Азғындық, надандық, менмендік, адам тағдырына немқұрайдылық – большевиктік партияның табиғатына тән құбылыстарға айналды. Осындай жағымсыз қасиеттерді бойына сіңіріп алған большевизм, «социалистік идеяларын» уысына түскен аңғал елдердің бәріне тықпалады. Әрине, олардың бұл ойлары көп жағдайда орындалды деуге болады. Құрлықтың «социалистік бөлігі» аталған елдерге кеңес әскерлері күштеп енгізілді, кеңестік тыңшылар орнығып алды.

Николай Бердяев «Истоки и смысл русского коммунизма» атты монографиясында былайша жазады: «Қалай таңдансаңыз да, большевизм ұлыдержавалық орыс империализмнің үшінші құбылысы... Орыс өміріне большевизм жоғары реакциялық күш ретінде кіріп, мықты қаруланған өктем күш ретінде таралды».

«Әлеуметтік теңдік» ұранымен большевиктер миллиондаған адамдарды соңынан ертіп әкетті. Бірақ, социалистік елдердің ешбірінде бірыңғай, тең өмір сүру дәстүрі болған емес, бұл – нағыз утопия болатын.

***

Большевизм өзінің билігін нығайту үшін батыл қадамдарға барды, ойларын іске асырды. Мысалы, большевиктердің ашықтық, талқылау, ымыраласу туралы айтқандары сөз жүзінде қалды, олар сорақы әдістерді қолдану арқылы лас, жауыздық әрекеттер жасады. Француз тарихшысы Л.Сервис атап көрсеткендей, мұндай әдістер революцияға дейінгі және одан кейінгі большевизмге тән болатын. Алдау-арбау (мысалы, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысын сайлау кезінде), қырып-жою, шексіз және құқықсыз реквизициялар – бәрі бәрі партиялық өмірді толық қамтитын құбылыстар. Осы ретте большевиктердің көсемі В.И. Лениннің мынадай сөздері еске түседі: («Революция все спишет» (Революция бәрін көшіреді), «Для достижения цели все средства хороши» (Мақсатыңа жету үшін барлық тәсілдер жақсы). Қазіргі тарих ғылымында жұртшылықтан жасырылып келген, большевиктердің жауыздық қызметін көрсететін фактілер көптеп кездеседі. 1920-30 жж. ресейлік зиялы қауым өкілдері мен дінбасыларын қуғындау белең алды. Мысалы, 1922 жылы шетелге асқан көрнекті орыс қайраткерлерімен бірге «философиялық» кемеде Николай Бердяев та болды. Ал, Қазақстаннан кеткен 600 мың адамның ішінде Мұстафа Шоқайды ерекше атаған жөн. Себебі, ол большевиктерге қарсы күресін өмірінің ақырына дейін шетелде жалғастырды, артына кеңестік билік туралы өшпес мұрасын қалдырды. Жалпы шетел эммиграциясы туралы айтқанда, ресейлік эмигранттардың «жолы болды» деуге болады, олай дейтініміз олардың көбі өз ажалымен көз жұмды. Ал ВЧК-КГБ-ның құрығына түскендердің ажалы уақытынан бұрын келді. Олардың өмірі мен тағдыры қайғы-қасіретке толы болды: олар 1917 жылы-ақ басталған террор, шексіз концлагерлердің ауыр шынжырлары, жаппай қырып-жою немесе кеңестік билікті дәріптейтін іс-шараларға қатысуға мәжбүр болды. Міне, осылайша коммунистік партия «әділетті қоғам құрамыз» деген желеумен елді әбден әбігерге салып, адастырды.

Партия мен биліктің қызметі бірыңғай өтірік пен аңыздарға құрылды. 1917 жылы билікке келген большевиктер партиялық бүркеншік (лақап) есімдермен өмір сүрді: Владимир Ульяновты - Владимир Ленин, Лев Троцкийді - Лев Бронштейн, Иосиф Сталинді - Иосиф Джугашвили, Вячеслав Скрябинді - Вячеслав Молотов, Григорий Зиновьевті - Овсей-Герш Радомыслький, Лев Каменевті - Лев Розенфельд және т.б. атауға болады. Таң қаларлық жағдай, бірақ тарихи факт, КСРО азаматтары партия көсемдерінің не шын есімін, не нақты өмірбаянын білмеген, кеңестік жүйе халықты ақиқаттан алшақ аңыздарға көбірек сендірді.

Өркениетті елдердегі қарапайым дәстүрлер Ресей үшін де, Кеңес Одағы үшін де орындалған жоқ. Өйткені объективті ақпараттың орнына – жалған фактілер беріліп отырды. Объективті талдаудың орнына – коммунистік партияға шаң жуытпайтын «дайын ұрандар» көтерілді; ғылыми ізденістердің орнына – «жоғарыдан» жасалып, бекітілген жобалар іске асырылды. Мемлекеттік жүйеге керегі – партияға жан-тәнімен берілген «темір саптағы адамдардың» қатарын қалыптастыру болды. Осы идеологияны кеңінен таратуда ұжымдасып жазылған Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романын, В.Маяковский мен Л.Вознесенскийдің, сондай-ақ қазақтың ұраншыл ақындарының өлеңдерін атауға болады. Біз де Б.Майлиннің «Раушан коммунисті», А.Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» және т.б. фильмдерін шығардық. Сондай-ақ «сьезден сьезге», «партия қайда болса, жеңіс сонда» деген ұрандар кеңес халқының «брендіне» айналды.

Тек әйтеуір, партия көсемдері 1920 жылдары бұрынғы империяны ұлттық республикаларға бөліп, шекараларын анықтағандай болды. Осы кезде Қазақ Республикасы да дүниеге келген болатын.

Саясаттануда «империялық идеология» деген ұғым бар. Оның міндеті белгілі бір қағидаларды минут сайын ақпарат құралдары мен пионер, комсомол, коммунистік партия ұйымдары арқылы күні-түні уағыздап, халықтың құлағына құя беру, «жоғарының» айтқанына көнбеген адамдарды жиналысқа салу, қорқыту, қаралау, түрмеге жабу, мемлекеттік көмектен айыру, оны «халықтың жауы» деп жариялау. Міне, осыны көрген біз соғыс тұтқындарын тек «опасыз» және «сатқын» деп таныдық. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романындағы көркем образдар арқылы жеңімпаз әскерді ғана білдік. Ал осы сұрапыл соғыстың басқа көлеңкелі қыры – майданда тұтқынға түскен әскер тағдыры жабулы қазан күйінде жатқан еді...

Іс жүзінде мыңжылдық тарихы бар халықтардың өткен өмірі барынша бұрмаланды, әрдайым кеңестік партиялық идеология алға шықты. Мен тарихшы болғандықтан, Кеңес мемлекетінің тарихынан бұрмалаусыз жазылған беттерді таппай-ақ қойдым. Мысалы, кеңестік тарихнамада Түркі қағанаттары, Алтынорда, Қазақстанның Ресейге қосылуы біржақты жазылды. Ал Азамат соғысы жұмысшылар мен шаруалардың «жыртқыштанған» буржуазияға қарсы «әділетті соғысы» ретінде көрсетілді; ал индустрияландыру мен ұжымдастыру саясаты - большевиктердің таптық жауы – кулактарды жеңуімен байланыстырылды, колхоз құрылысының тиімсіздігі, ашаршылық нәубеті мен миллиондаған адамдардың қасіреті айтылмай қалды. Шын мәнісінде, соңғы отандық зерттеулер бойынша 1920-1930-жылдарда қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған, деректерде 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн 700 мың адам (Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша), 1932-1933-жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Зерттеулерде әртүрлі сандар беріледі. Мысалы, кейбір деректерде «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адам» делінсе, «1931-1933 жылдары кемі 1,5 млн., жоғарысы 2,2 млн. адам шығыны» көрсетіледі. Осындай сандық сәйкессіздіктерге қарамастан, отандық және шетелдік ғалымдар «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы алапат ашаршылық кеңестік биліктің «солақай саясатының» салдарынан болды» деген ортақ қорытындыға келіп отыр. Кеңестік бюрократиялық аппарат «тойымсыз тажалға» көбірек ұқсайтын. Дәл осы 1930 жылдары Қорғас пен Нарынқол шекарасында КОКП-ның болашақ Бас хатшысы К.У. Черненко «әскери» қызметте болған.

Жалпы КСРО тарихының беттері қайғы-қасіретке толы. Мысалы, Астана қаласының маңында, Ақмол елді – мекенінде (бұрынғы Малиновка), бір кездері АЛЖИР-дың (Акмолинский лагерь жен изменников Родины) штабы орналасқан (атауы қандай қорқынышты!). Осы лагердегі әйелдер тізімінің өзі ұзыннан-ұзынға созылады, қамаудағылардың жалпы саны 13000-18000 адам. Жалпы әйел-аналардың бір-екі күнін түрмеде өткізуі – адамзатқа қарсы жасалған зорлық-зомбылық! «АЛЖИР-ге» 8 жыл мерзімге сотталғандардың ішінде Тұрар Рысқұловтың жұбайы – Әзиза Рысқұлова, Сұлтанбек Қожановтың жұбайы – Күләндәм Қожанова, Сейтқали Меңдешевтің әйелі – Рәзия Меңдешова, Темірбек Жүргеновтің жұбайы – Дәмеш Ермекова-Жүргенова және т.б. болған. Мұндай лагерлерде зардап шеккен құрбандар миллиондап саналады!

Кезінде Николо Верттің «История советского государства» деген еңбегінде: «...30-жылдардың аяғында лагердегі тұтқындардың саны 3-4 млн.-нан 9-10 млн.-ға жеткені» айтылады. НКВД-ның мәліметтері бойынша 1936 жылдың қазаны мен 1938 жылдың қарашасы аралығында 1 565 041 адам, оның ішінде «ұлттық» тазартуға 365 805 адам, 00447 бұйрығымен 702 656 адам тұтқындалған, соның 668 305-і атылған, қалғандары лагерлерге айдалған. Сұмдық сандар, тіпті адамның ақылына сыймайды.

Кеңес заманында қоғамның барлық кезеңін толық қамтыған 1920-80 жылдардағы жаппай саяси қуғын-сүргін туралы үнсіз қалдық. Тіпті, 1937 жылдың құрбандарын «ақтауға» қорықтық, бұл тек М.Н. Тухачевский, С.В. Косиор, Я.Э. Рудзутак сияқты әскери қолбасшылар мен танымал партия қызметкерлерінің жекелеген топтарына қатысты болды. Ал, Алаштың арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай сынды көрнекті өкілдері 60 жыл бойы «халық жауы» атанып, қара күйе жағылды, ал олардың ұрпақтарының тағдыры баршаңызға белгілі.

Иосиф Сталин билікке келу үшін В.И.Ленин мен оның жақтастарын жаппай қырып-жойды, сөйтіп «ескі гвардияға» қарсы күресте Г.М. Маленков, Н.И.Ежов, Н.С. Хрущев, Л.П. Берия, Л.М. Каганович сияқты саясатқа енді араласа бастаған жас мамандарды шебер пайдаланды. Оларды қысқа мерзім ішінде номенклатуралық игіліктермен қызықтырды – керемет пәтерлер мен саяжайларға, қосымша жарнапұлдарға кенелтті... Материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген олар, кеңестік тәртіптің белсенділеріне, социализм идеяларын жан-тәнімен қорғаушыларға айналды. Большевиктердің қиялындағы «коммунизм» қатардағы халыққа емес, тек партиялық басшылық үшін орнатылғандай болды, алайда оның ғұмыры ұзаққа бармады. Ал, іске аспай қалған «социалистік қоғам», сол атауымен қала берді.


***

Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында Қазақстанды кімдер басқарды, жалпы «орталықтан» арнайы жіберілген «қолшоқпарлардың» шынайы келбеті қандай еді?

Кеңестік тарихнамада «орталықтың» өкілдері туралы, олардың адамгершілік, кәсіби қасиеттері туралы сыңаржақты жазбалар сақталған. Алайда, кейінгі зерттеулер көрсеткендей, «революционерлердің» шынайы келбеті, мүлдем басқаша болып шықты. Билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында, радио мен телеарналарда партиялық қызметкерлерді «шынайы марксист» «нағыз лениншіл», «интернационалист» ретінде асыра дәріптеді. Ал, шындығында, олардың көбінің білімі таяз, ой-өресінің төмендігі байқалды. Оған ұстазым, белгілі академик Кеңес Нұрпейістің «...В.И. Ленин құрған партияның басқару апппаратындағы жетекшілердің кейбіреулерінде тіпті орта білім де жоқ екен, мысалы С.Орджоникидзе бар болғаны бір жылдық ветеринар курсын бітірген. Ал, Алашорда үкіметінің басқару аппаратындағы он бес адамның сегізінде жоғары білім бар және білім болғанда қандай!» деген сөздері дәлел.

Партия қызметкерлері біліксіздігімен қоймай, қоршаған ортасына қатыгез, адамдарға мейірімсіз болған. «Қызылдардың» қолы тиген жерлердің бәрі қанға боялып, елдің демографиялық ахуалы күрт нашарлады. Әрине, бұл құрғақ сөздер емес. Мұның бәрін «горбачевтық дәуірде» ашылған құпия мұрағат қорлары айғақтайды. Мысалы, 1917 жылы Қызылордадағы (бұрынғы Перовск – Ақмешіт) билік, жасы 20-ға жетер-жетпес Иосиф Гержод деген «бұзақыға» бұйырды. Ол соғыстан қайтқан солдаттар мен тылда қалған «суық қарулы» адамдарды соңынан ертіп, Сырдың бойын паналаған. Оның алғашқы қадамы «қызыл террордан» басталып, сол баяғы «бұратана» «халықты тәрбиелеу», «адам қылу» сияқты бөспе сөздерге құрылды. Мыңдаған ақмешіттіктер Гержодтың «қанды қол тырнағына» ілікті, ал қалғандары көрші елдерге қашып, жан сауғалады.

И. Гержодтың өмір жолына қарасақ, революцияға дейін жәй хат тасушы, «пошта қызметкері» болыпты. Соғыс жылдарында ғана қазақтың біртуар азаматтары Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың тікелей араласуымен ұсталған. Тергеу-тінту жұмыстары кезінде И. Гержодтың үйінен біршама алтын қоры табылған, соған қарағанда әйелі екеуі тоналған алтынды үйінде жасырған болуы керек.

1919 жылы И.Гержод Ташкент Совдепінің шешімімен ату жазасына кесіледі. Бірақ, Иркутскідегі (Қиыр Шығыс) оның серіктестері «революционерді» Ташкенттен шұғыл алдыртып, сол күні-ақ еркіне қоя береді. Осылайша, кеңестік саясаткерлер «бір кемедегінің жаны бір» дегендей, оның өмірін «көздің қарашығындай» сақтап қалады.

Одан кейінгі 1937-1938 жылдардағы жаппай репрессиялау, фин соғысы, екінші дүние жүзілік соғыс, жапон соғысынан аман құтылған Иосиф Гержод, 1967 жылы Қызылордаға қайтып оралады және ұялмай бір көшеге есімін беруді сұрайды. Оның 260 беттік қолжазбасында «қазан» революциясының кереметтері туралы ойлары жазылған.

Келесі белсенді революционер - Филипп Исаевич Голощекин (шын есімі Шая Ицкович). Оның саяси портретін алғаш сомдаған академик Манаш Қозыбаев болатын. Ол «өте қатыгез, көкірек, барынша беймаза» болыпты. «Қандықол», «даңғаза» Филипп Исаевич «Кіші қазан» саясатын іске асырды, қазақ зиялыларын «сейфуллиншілдік», «меңдещевшілдік», «сәдуақасовшылдық» деп бөліп, бәрін қуғын-сүргінге ұшыратты.

Ал, өзі арсыз, азғындаған адам болып шықты, яғни «еркектің еркекпен құмарлануы» ауруына шалдыққан. Бұл туралы 1939 жылдың 24 сәуірінде Николай Ежов (ол Қазақстанда, Семейде бірқатар қызметтер атқарды) мынадай мәліметтер береді: «В 1924 году в Семипалатинск со мной поехал мой давний приятель Дементьев. С ним у меня были в 1924 году несколько случаев педерастии. В 1925 году в городе Оренбурге я установил педерастическую связь с Боярским, тогда представителем Казахского облсовпрофа. В том же 1925 году состоялся перевод столицы Казахстана из Оренбурга в Кызылорду, куда на работу выехал и я. Вскоре туда приехал секретарем крайкома Ф.И.Голощекин. Приехал он холостяком, без жены, я тоже жил на холостяцком положении. До своего отьезда в Москву (около 2-х меясцев) я фактически переселился к нему на квартиру и там часто ночевал. С ним у меня также вскоре установилась педерастическая связь, которая периодически продолжалась до моего отьезда. Связь с ним была, как и предыдущие взаймоактивная». Қараңыз: Петров Н., Янсен М. «Сталинский питомец – Николай Ежов».М., 2009. Центральный архив ФСБ. Ф.3., опись 6., д. 3. 420-423 лл.). Партиялық басқару аппаратындағы жетекші қызметкерлердің келбеті, рухани дүниесі (егер солай деуге келсе), міне осындай. Бұл - тоталитаризмнің бір ғана қыры. Жүгенсіз кеткен билік, мәдениетсіздік, адам тағдырын таптау, мұның бәрі – тоталитаризм әлемімен астасып жатыр. Мысалы, 1956 жылы Н.С. Хрущев Қазақстанның оңтүстігіндегі Бостандық ауданы мен 500 мың гектарға жуық жерлерін Өзбекстанға беруге мәжбүр етті. Сол кезде республиканың Жоғарғы Кеңесін Жұмабек Тәшенов басқарған-ды. «Ұлы Дала тұлғалары» сериясымен жақында шыққан «Жұмабек Тәшенов» атты кітапта мынадай ойлар айтылады: «Ресми құжатта депутаттар «қолдады, қуаттады, бірін-бірі құттықтады» деп жазылғанмен, қандай қазақ жерінің бір бөлігін өз қолдарымен басқа республикаға беріп жатса, қуана қойсын. Амал жоқ, мұны күштінің алдында бас ию деп білгеніміз жөн. Ал, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сессиясының стенографиялық есебінде жазылғандардың бәрі кеңестік идеологияның сол кезеңдегі көзбояушылығы деп ұғынуымыз керек».

***

Кеңестік билеуші Иосиф Виссарионович Сталиннің жеке басын дәріптеуде ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы технологиялық революцияның маңызы зор болды. Өйткені, телеграф, радио арқылы жеткен ақпараттардың мүмкіндіктері ұлғайып, партиялық насихаттау жұмыстары КСРО кеңістігін толық қамтыды. Алғашқыда большевиктер партиясы, сосын коммунистік партия, ал 1936 жылдан бастап – бүкілодақтық коммунистік партиясы, ақырында Кеңес Одағы коммунистік партиясы аталған жетекші компартияның мүшелерінің ерекшелігі неде? Ең бастысы, коммунистер мақсаттылық, тегеурінділік, сенімділік сияқты қасиеттерімен миллондаған адамдардың жүрегін жаулап алды, сөйтіп қоғамның бірден-бір жағымды саяси күшіне айналды. Әсіресе, Германиямен соғыста большевиктердің (синонимі – коммунистер) беделі бұрынғыдан да арта түсті.

Кеңестік насихат соғыстың себептерін бүркемелеумен шектелмей, адам шығынын барынша жасыруға тырысты. Айталық, кейінгі деректер бойынша Кеңес мемлекетінің соғысқа дайындықсыз кірісуі, әскери тұтқындардың тағдыры белгілі болды. Мысалы, 1941 жылдың маусым-қазан айларында КСРО-ның 3 млн. 900 адамы тұтқынға түскен. Бұл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сандар!

Тіпті кеңестік билік отандастарын елге қайтару үшін жалған уәделер берді. Алайда, елге оралған соғыс тұтқындары темір торға қайта түсті. КСРО өмір сүруін тоқтатқанға дейін олардың құқықтары шектелді, арнайы қызметтің (спецслужба) қатаң бақылауында болды. Ал, Батыста дәл осындай жағдай өркениетті тұрғыдан шешіліп жатты. Олар тиісті тексеруден кейін ел қатарына қосылды, ал кейбіреулері «Тірі қалғаны үшін» медалімен марапатталған.

Бәрінен де өз елінің қорлығын көтере алмаған талай боздақ өзін-өзі өлтірді, қаншасы кеңестік концлагерлерде із-түзсіз кетті. «Бүйткенімше өлгенім жақсы еді ғой» деп бірнеше рет оқталғанымен жеме-жемге келгенде дәті жетпегендері бар. Еріксіз күрсінесің, көкейде «Апыр-ай, не деген қоғам еді, адамды қорлаудың бұдан асқан түрі болар ма?» деген ызалы сауал қалады. «Қазақ тұтқыны» кітабының авторы Сүлеймен Бекеновтің «соғыс неге керек, неге кінәсіз бірін-бірі танымайтын, қастандығы жоқ адамдар біріне-бірі жау болып қырылысып жатыр» деген ішкі ойларымен арпалысуы, заңды құбылыс.

Осы ретте Үкілі Ыбырайдың «Айналайын» хүкімет, Қылғаның қырғын хикмет. Құрсауға салдың сау басты, Маңайымды жау басты... Ақиқат жолын тайғыздың, Тар түрмеге сыйғыздың. Аппақ қудай шал күнде, Қияметке қиғыздың» деген өлең жолдары еріксіз еске оралады.

«Ұлы Отан соғысында» да кеңестік әскердің шығыны көп болатын. Мұны партиялық басшылық барынша жасыруға тырысты. Мысалы, 1945 ж. И.Сталин 7 млн. адамды жоғалттық десе, 1961 жылы Н.Хрущев оны 12 млн.-ға өсірді, ал 1991 жылғы КСРО Қорғаныс министрлігінің мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысында 28 млн.–нан астам адам қаза тапқан. Соғыстың ауыр зардабын адамзат басына бермесін, деп тілейік.

Осыдан кейін ешқандай еркіндігі жоқ, адам құқықтары тапталған кеңестік мемлекеттік құрылыстың болашағы туралы не айтуға болады?

Кеңестік мәдениет пен тілді дамыту туралы айтсақ, жаппай орыстандыру саясатының зардабынан ұлттық тілдегі балабақшалар мен мектептер жабылып қалды, өзге халықтарды ана тілінен айырылу мақсаты көзделді. Н.Хрущевтің кезінде КСРО социализмді ысырып, «коммунизм елесін» қуып кетті. 1961 жылғы бағдарламада «КСРО 1980 жылдары коммунизмге жетеді» деген тұжырымдама болатын. Қайда сол коммунизм? Елес сол елес күйінде қалды.

Кеңестік ар-ождан еркіндігіне келсек, діндердің бәріне бір мезгілде қатаң бақылау орнатылды. Жалпы ленинизм ілімі фетишизмге негізделген-ді, өйткені ол әлемдік діндерді де алмастырды ғой. Елдің түкпір-түкпірінде қиратылған мешіттер мен шіркеулердің үйінділері көбейді. Олардың орнына «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптаған революция көсемдеріне арналған біртекті (біртипті) ескерткіштер бой көтерді. Тіпті колхоз-совхоздардың да сыртқы келбеті бір-бірінен айнымаушы еді. Кеңестік биліктің әлеуметтік саясатының нақты көріністері КСРО-да бірыңғай үлгіде салынған қалалар мен елді-мекендерден де байқалды. «Социалистік қоғамның» «казармалық» сипаты кеңестік архитектуралық ғимараттардан да айқын көрініп тұрды.

Большевик басшылары әдеттегідей, мемлекеттік институттардың бәрін жоққа шығарды. Оның кеңестік типін ғана мойындады, ол қатаң бақылауға негізделген, қоғамның барлық саласын түгел қамтитын органға айналды. Осылайша, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Ангола және т.б. елдерде шексіз, бюрократиялық мемлекеттік аппарат іске қосылып, халқы қанға боялды.

Кеңестік дәуірдің әлеуметтік саласы да ақсап тұрған-ды. Қанауды жоюды (эксплуатация) жақтаған большевиктер, енді жұмысшыларды қанаудың механизмдерін айқындап берген К.Маркстің «қосымша құн» туралы тезистерін басшылыққа алды. Қанаудың бұл түрі экономикалық категория емес-тін, ол адам болмысына сәйкес келді. Мысалы ауқатты-бай адамдар, қазіргі тілмен айтқанда «меценаттар», қарапайым адамдарды жұмыспен қамту арқылы қоғамның әлеуметтік мәселелерін (жұмыссыздық, еңбекақы, жатақхана) шешуге тырысты. Кеңестік мемлекеттік аппараттың қанаушылық рөлі де болды, ол жұмысшылардың маңдай терімен келген пайданы («қосымша құнды») талан-таражға салды, «түгімен жұтқандары да бар». Кейбір шетел ғалымдары біздерді мысқылдап, «homo sovetikus» дейтін.

Кеңестік - Мәскеулік номенклатураның ең ауыр қылмысы – эксперимент арқылы жасалған «біртекті кеңес халқын» құру болатын. Миллиондаған адамдардың ана тілі мен тарихи тамырлары жоғалып, қойыртпақтанған «кеңес ұлты» пайда болды. Мұның астарында «орыстандыру саясатының» жатқанын КСРО басшылары Н.Хрущев, М.Суслов жасырған жоқ, ашық айтып отырды. Осы тұста АҚШ-тағы байырғы халық – үндістердің тарихы еске түседі. Кеңестік тарихнамадан «резервациялауды» көне тайпа - үндістерді қудалап, бір жерде ұстау деп түсіндік. Ал, шын мәнінде ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы американдық гуманистердің (Т.Джефферсон, Р.Франклин т.б.) тұсында Еуропа халқының үндістерге зорлық-зомбылық көрсетуіне қатаң тыйым салынды, тіпті оларға кішігірім жер телімдері беріліп, қамқорлық жасалған. Жалпы «резервация» аймағына АҚШ-тың заңдары жүрмейді, байырғы халықтар өздерінің салт-дәстүрімен өмір сүріп жатыр.

Ал, кеңестік билік не істеді? Олар «бұратана» халықтарды жою саясатын жүргізді, осы мақсатпен миллиондаған адамдарды шет аймақтарға қудалады, сөйтіп 1930-1940 жылдары неміс, корей, кавказдықтар мен татарларды депортацияға ұшыратты.

Миллиондаған адамның тағдырын осылайша тәлкекке салған жүйені - қалайша «теңдік әперген социализм» дейміз?..

Өркениетті елдерде «адам құқықтарын шектеу мен ұлттардың намысын таптау - аса ауыр қылмыс» саналады және БҰҰ – ның құжаттарымен заңдастырылған. Осы құжатты мойындайтын ондаған елдердің тізімінің басында КСРО тұратын. Алайда, тіпті «Женева конвенциясын» мойындамаған КСРО, ондай халықаралық құжаттарға пысқырып та қарамады. КСРО әлемдегі бірден-бір «социалистік ел», «коммунизм құрылысшысы» деп кеуделерін керіп, көршілес жатқан әлсіз елдерді қорқытумен айналысты.

Сол саясаттың ықпалымен соғыстан кейінгі жылдары, нақтылап айтсақ 1956 жылы Венгрияға, 1968 жылы Чехословакияға, 1979 жылы Ауғанстанға, 1980 жылы Польшаға, 1986 жылы Қазақстанға мұздай қаруланған КСРО әскерлері енгізілді. Кеңестік биліктің бұл агрессиясы барынша бүркемеленіп, «интернационалдық көмек» деп аталды.

К.Маркстің «социалистік құрылыс» экономикасын басқару қағидаларын іске асырған В.И. Ленин, И.Сталин, Н.Хрущев, кейіннен Л.Брежнев пен Ю.Андроповтар, қоғамның барлық саласын мемлекеттендіруді көздеді, сол арқылы мемлекеттік капитализмді одан әрі дамытты. Нарықтық экономиканың орнын жоспарға негізделген экономика басты. Партиялық басқарудың тиімсіз, әрі күрделі жүйесі КСРО экономикасының тамырына балта шапты, экономика бәсекеге қабілетті болудан қалды. Миллиондаған адамдар қанша тырысқанымен, КСРО-ны өндірісті, қуатты елге айналдыра алмады. Нәтижесінде елімізде күнделікті тұтыну тауарлары тапшы болды: азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмектер жетіспеді. Колхоздарға негізделген ауыл шаруашылығы кеңес халқын асырай алмады. КСРО жыл сайын шетелден астық сатып алуға мәжбүр болды. Сондай-ақ, алтын, валюта сату арқылы Австралия, Канада, Аргентина сияқты елдерден бидай алып отырған. Ресми мәліметтер бойынша АҚШ-тан 17 млн 900 тонна бидай сатып алған (1975 ж.), көп кешікпей оның көлемін 12 млн. тоннаға өсірген. Бұл процесс осылай жалғаса берді.

Мамандардың айтуынша, 1954-1956 жылдары тыңайған жерлерді игерудің де пайдасынан зияны көп болған, тағы да азық-түлік шетелден жеткізілді.

КСРО-да халыққа «жоғары білім беру», «медициналық көмек» сияқты әлеуметтік салалардың қызметі тегін болды. Осы бір «тегін» деген сөз партиялық үгіт-насихат жұмыстарында ұтымды пайдаланылды. Бірақ, бұл «тегіншілік» адамдардың айлық жалақысын төлеу немесе кем төлеу есебінен жүргізілді. Қазақта «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген сөз бар, яғни тегін дүние болмайды, «судың да сұрауы бар» деген мағынада айтылған.

Тағы бір проблема – адамдарды мүлкінен айыру. Жалпы кеңес халқы жеке меншігінен, басқару ісінен, мәдениеті мен салт-дәстүрінен айырылу қаупін бастан кешірді. Колхоздар мен совхоздар, заводтар мен фабрикалар «жалпы халықтық меншікке», яғни бюрократия мен номенклатураның қолына өтті, бұқаралық мекемелер құрылды, сөйтіп жұмысшылар өндіріс құрал-жабдықтарынан айырылды. Олардың көбі еңбегінің жемісін көре алмады, теңгермешілік салдарынан жалақы, сыйақы бөлінген кезде «жоғары көрсеткіштері» ескерусіз қалды. Сондай-ақ, мемлекет қоғамдық ұйымдар арқылы адамдарды ынталандырып отыруды естен шығармады, олардың кеудесін ордендер мен төсбелгілерге толтырды, аты-жөндерін баспасөз арқылы жариялап, ел-жұртымен таныстырып қойды, сауықтыру орындарына жолдамалар ұйымдастырды.

Соғыстан кейін АҚШ-пен текетірескен КСРО жанталасып бақты. Бірақ, бәсекеге қабілетсіз КСРО жеңіліп қалды, социалистік идеология мен компартияның беделі түсті. Мынадай фактілерді келтірейік, 1991 жылы компартия мүшелерінің саны 21 млн.-нан 15 млн.-ға қысқарып кеткен. Бірақ, компартияны біржолата күйреткен ақырғы соққы 1991 жылдың тамызында берілді. Көп кешікпей, билікке келген Борис Ельцин РКСФР аумағындағы КОКП қызметін мүлдем тоқтатты. Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Коммунистік партиясы да таратылады. Осылайша, 1991 жыл - тарих қойнауына маркстік-лениндік эксперименттің аяқталу кезеңі ретінде енді. Коммунистік партия кеңес халқына жасаған қиянаттары үшін не кешірім сұрамады, не қоштаса алмады, сол күйімен аренадан шықты.

Кеңестік жүйе арқылы өзін көрсеткен, бұрын-соңды болмаған қатігез, шексіз билікті қалай ақтасаңыз да, ол бір кездері ар соты алдында жауап беруі тиіс.

Өткен жылы Астана қаласында «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде, - Елбасы Н.Ә. Назарбаев, - бұл біріншіден ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағлым» деген болатын. Сондықтан, ерте ме, кеш пе, тәубеге келу рухани жағынан тазаруға, ілгерілеуге жол ашады.


***

ХХІ ғасырдағы қоғамтанушылар мен ғалымдардың көпшілігі аталған «Манифестің» бүкіл адамзатқа «зиянды кітап» болғанын мойындайды. Кеңестік дәуірде әлеуметтік эксперименттің әсерімен адамдардың құқықтары шектелді, жандары күйзелді, құрбандыққа ұшырады. Бұл жүйе, ХХ ғасырдың 90 - жылдарында жер жаһанға өзінің тым әлсіз, бәсекеге қабілетсіз мемлекет құрғанын көрсетті. Бір кездері одаққа біріккен республикалар да кеңестік биліктің осалдығын мойындады, ақыры олар жанталасып, КСРО-ның күйреуін тездетті. Бұл нені көрсетеді?.. Қандай кезеңде, қандай қоғамда болмасын, бюрократия үнемі бақылауда болу керектігін көрсетеді, олай болмаған жағдайда тоталитаризм күш алып, қайтадан тірілуі, мүмкін.

Алла тағала, жалпы адамзатты дінсіздерден сақтасын, «кеңестік атеизм» - сол дінсіздердің үстемдігі мен зорлығы болатын. Кеңес заманында қазақ арыстарынан айырылып, буыны әлсіреді, бірақ биік рухын сақтай білді, сағын сындырған жоқ.

Қорыта айтқанда, КСРО –дағы «социализмнің» сыртқы түрі болғанмен, қызметі ішкі мазмұнына сәйкес келмеді, яғни КСРО-да ешқандай әлеуметтік теңдік, әділетті қоғам орнатылған жоқ. Халық пен биліктің арасы үзілсе, «социализм», «коммунизмнен» не пайда?!

Бәлкім, «әлеуметтік теңдік» теориясының түйіні - социализм мен капитализмнің тізгінін қатар ұстанған, көршілес Қытай Халық Республикасында толық шешіліп қалар. Мүмкін, КСРО «екі жүйе, бір ел» саясатын басшылыққа алғанда, басқаша болар ма еді?.. Күмән мен сұрақтар көп, ал жауабына келгенде «күмілжіп қалатынымыз» жасырын емес.


Бүркітбай АЯҒАН,

тарих ғылымдарының

докторы, профессор



comments powered by Disqus

© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика