Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Халық тарих

Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында (жалпыұлттық кеңесте)

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

М.М. ТӘЖИННЫҢ СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ.

5 маусым 2013 ж.


ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ ЖАДЫНЫ САҚТАП ҚАЛУ –

ӨЗ-ӨЗІҢДІ САҚТАП ҚАЛУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ



Құрметті зиялы қауым!


Еліміздің жаңа тарихы төңірегінде өздеріңізбен бірге дидарласып, әңгіме-сұхбат өткізу көптен бері көкейімде жүрген еді. Сол күннің сәті бүгін түскен сияқты.

Бірінші кезекте осы бас қосуымыздың мақсатын айқындап алғанымыз дұрыс болар.

Бізді алда үлкен белестер күтіп тұр. Жалпы, адамзат өркениетінің шежіресі қашанда тарихшылардың таным-түйсігі арқылы өлшеніп, таразыланып келгені белгілі. Сол арқылы біз әрдайым өткенімізді зерделеп, болашағымызды болжауға мүмкіндік аламыз.

Осы тұрғыдан келгенде, отандық тарихшы-мамандардың алдында да зор жауапкершіліктер тұр деп білемін. Қазақстанның қазіргі тарихын жасау сіздердің алдарыңызда тұрған үлкен міндеттердің бірі. Өйткені сіздер тарихшы ғалым ғана емес, бүгінгі заманның куәгерісіздер.

Тарих - болған оқиғалардың жиынтығы ғана емес, ең алдымен, адамзаттың мәдени, саяси, әлеуметтік тәжірибесі. Сондықтан тарих шынайы болуы керек. Бүгінгі жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру арқылы ұлттық сананы қалыптастырамыз. Ал бұрмаланған тарихтың ақыры неге барып ұрындыратыны, тарихтан белгілі.

Өздеріңіз білесіздер, көп жылдар бойы біздің тарихымыз коммунистік идеологияның ықпалымен бұрмаланып келді.

Таптық көзқарастың шырмауымен, өткенімізді жоққа шығарып алдық. Шынайы тарих 1917 жылдан ғана басталатындай болып көрінді.

Тарихты зерттеуде саяси сипат басым болды. Елімізде талай ұрпақ дәл осы ұғыммен өсіп-өнді, қалыптасты.

Енді мінекей, егемен ел болғалы бұл жағдай мүлдем өзгерді. Қоғам жаңғырды, ел жаңарды.

Сөйтіп, енді кеңестік санадан арылып, жүріп өткен жолымызға жаңаша қарау қажеттігі туындады.

Ең алдымен кеңестік саяси жүйе тұсында өз тарихынан көз жазып қалған ұрпаққа шынайы тарихты ұсыну керек болды. Сол арқылы олардың патриоттық санасын ояту қажеттілігі туды. Онсыз біз бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тізгінін сеніп тапсыратын отаншыл ұрпақ жасай алмаған болар едік.

Тәуелсіздік бізге олжа секілді болып көрінгенмен, оны кәдеге жарату, пайдаға асыру, тіпті оның мән-мағынасын түсінудің өзі оңай болмады. Ендеше, осы құнды тарихи деректерді қазірден жүйелеп, болашаққа басыбүтін жеткізудің қамын ойластыруымыз керек.

Өркениетті мемлекет құрып, өркенді мәдениет жасап жатқан ел үшін бұл жауапкершілігі аса зор міндет. Халық үшін оның тағдырлық маңызы барын естен шығармау керек.

Өткен ғұмыр да, бүгінгі өмір де – бір тарих.

Біздің қазіргі іске асырып жатқан тіршіліктеріміз де Қазақстанның тарихын құрайды.

Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде елімізде ғасырға бергісіз түбегейлі өзгерістер болды.

Қазақстанның жаңа тарихын жазуға мемлекет тарапынан біраз мүмкіндіктер жасалып отыр.

2008 жылы Елордамызда Мемлекет тарихы институтын құрдық. Бұл ұжым елуден астам еңбек жариялап үлгерді, ішінде жоғары бағаға лайықтары да бар.

Тарихи тақырыптағы журналдарды, әдебиет түрлерін шығаруға жыл сайын қаражат бөлініп отыр.

Жаңа оқу орындары, мамандар дайындайтын факультеттер ашылды.

Мамандардың ізденіс жұмыстарына жағдайлар жасалып жатыр.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске асып, жаңа тарихымызда елеулі орын алды.

Алайда, мемлекет тарапынан жасалып жатқан осы мүмкіндіктерді тарихшы ғалымдар толық пайдалана алмай отырғанын айтуға мәжбүрмін.

Отандық тарих ғылымының ішкі әлеуеті тиімді жұмсалып жатпағаны байқалады.

Бір ғана мысал. Тәуелсіздік жылдарында Отандық тарих ғылымында дағдарысты кезең болды. Кезінде академик Манаш Қозыбаевтың басшылығымен шыққан «Қазақстан тарихы» 2002 жылы үш томмен шектеліп қалғаны мәлім, 4-5 томдары араға ұзақ жылдар салып, 2010 жылы жарық көрді. Бұл 5 томдықтың кемшілігі көп, тілі күрделі, оқырманды тартпайды. Жалпы еліміздегі тарих пәнінің жаңа оқулықтарына негіз болуы тиіс осындай томдықтардың қоғам сұранысына сәйкес келмеуін немен түсіндіруге болады?

Тарих ақиқатты, шындықты, нақты деректі талап етеді. «Ғылым беделге емес, дәлелге тоқтайды» деп қазақ бекер айтпаған. Сол себепті кәсіби маман ретінде сіздер әлгіндей нанымсыз, жалған тарихи зерттеулерге тиісті бағасын беріп отыруларыңызды сұрар едім.

Тарих ең алдымен жастарға керек. Сабақ алу үшін. Біз жас ұрпақты тәрбиелеуде мемлекетіміздің тарихын барынша пайдалануға тиіспіз.

Тарихи сана – жастарға мемлекетшіл сананы қалыптастыратын болады.

Жастар - еліміздің ертеңі. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы солардың қолында. Олай болса ел тізгінін сеніп тапсыратын нағыз патриот ұрпақ өсіру - бәріміздің міндетіміз. Осыны мықтап ескеріңіздер.

Ұлттық тарихымыздың жаңа шежіресі ел өміріндегі ауқымды оқиғаларды қамтуы тиіс.

Тәуелсіздік алдық екен деп астамсымай, өмір шындығымен есептесе отырып, ақылмен, сақтықпен жүргізген саясаттың арқасында елімізде саяси, әлеуметтік тұрақтылық орнады. Бұл мемлекет тарихының негізгі жеңістерінің бірі еді.

Өйткені, осы тарихи да тағдырлы шешімдер арқылы біз бүгінгі жетістіктеріміз бен жеңістерімізге даңғыл жол салдық. Нақ осы шешімдер қазақ халқын мемлекет құрушы ұлт ретінде бекітіп, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып берді.

Сондықтан жаңадан жазылатын Қазақстан тарихы мемлекетіміздің іргесін бекітудің түпқазығына айналған мынадай айтулы тарихи шешімдер аясында таратылса деп ойлаймын.

1. Ата Заңымыз – Конституциямызды қабылдадық. Егемен еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын “Қазақстан-2030”, одан кейін “Қазақстан-2050” Стратегияларын бекіттік. Жаңа Астананы салдық.

Конституциямызда «унитарлы» деп ұлттық мемлекет екенімізді тайға таңба басқандай етіп заңдастырдық.

2010 жылғы желтоқсанның басында Еуропада қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы-мының Астана Саммитін абыроймен өткіздік.

Қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасадық. Демократиялық принциптер мен нарық заңын қалыптастыру арқылы өркениет көшіне қосылуға мүмкіндік алдық.

«Ертеңін ойламаған елдің болашағы бұлдыр» деген сөз бар. Соны есімізден шығармайық.

2. Шекарамызды халықаралық құжаттармен заңдастырдық. Әлемдік қауымдастық алдында тұңғыш болып ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық.

Шекара мәселесінде Ресей, Қытай секілді алпауыт мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде келіссөздер жасап, өркениетті түрде шекарамызға берік қазық қақтық.

Әлемдегі санқилы соғыстардың көпшілігі шекараны мойындамағаннан шыққанын ұмытпайық.

Қазіргі халықаралық қоғамдастық заманында заңмен қорғану - қарумен қорғанудан әлдеқайда тиімді.

Шекараны делимитациялауды, оны мемлекет аралық деңгейде заңдастыруға біз тек қана осы тәуелсіздік жылдары қол жеткіздік. Аса күрделі жағдайда өткен мемлекеттердің шекараларын анықтау үдерісі қазір толық аяқталды. Мен мұны тәуелсіздігіміздің ірі жеңістерінің бірі деп бағалаймын.

Шекараны демаркациялау ісіне мен ерекше назар аударып, тікелей атсалысып отырдым. Тіпті, шекараның әрбір шақырымы менің жүрегімнен өтіп жатты десем де артық айтпаспын. Жердің әрбір қадамы үшін қызу айтыс, қатты тартыс жүрді. Екі жақты келісімдер өте қиын жағдайда өтіп жатты. Кейбір мәселеге байланысты нақты шешімге келе алмай, үстел басынан тұрып кеткен жағдайлар да болды. Шекараны демаркациялау барысында біреулердің үйлері, бау-бақшалары ортасынан қақ бөлініп жатты. Оның үстіне, шала ойлайтын радикалдар шекара мәселесіне байланысты отқа май құйып, елді дүрліктірумен болды.

Міне, осы оқиғаның өзін жіктеп, жүйелеп жазатын болсаңыздар, онда жаңа тарихымыз жарқын беттермен толыға түсері сөзсіз.

Мен 1991 жылғы тамызда Семей полигонына барып қайттым. Соңынан Парламенттің арнаулы сессиясын шақырттым. Сөйтіп біз КСРО басшылығының келісімінсіз-ақ ядролық полигонды жабу туралы мәселені талқыладық. Тап осы сессияның соңында мен жауапкершілікті өз мойныма алатынымды және өз Жарлығыммен полигонды жабуды жариялайтынымды айттым. Бұл 1991 жылдың 29 тамызы еді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның өз бетінше жасаған алғашқы теңдессіз қадамы болатын.

Ядролық қарудан бас тарта отырып, Қазақстан халықаралық беделге ие болып қана қойған жоқ. Біз АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытай тәрізді ядролық державалардан өзіміздің аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізге қол сұқпауға берік кепілдік алдық.

Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелікке сайлануынан бастап, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам конференциясы Ұйымына төрағалық етуіне дейінгі орасан істер еліміздің сыртқы саясаттағы жеңістері екені даусыз.

3. Тәуелсіздік жылдары ұлттық мәдениетті өркендетуге, тарихи мұраларды қайта жаңғыртуға даңғыл жол салдық.

«Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық тарихымызды жандандыру идеясы негізінде жүзеге асырылуда.

Бүгінде бағдарлама нәтижелерін біздің азаматтар кәдеге жаратуда, ЮНЕСКО жоғары бағалады.

Тәуелсіздік бізге дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды ата мекеніне қайтаруға мүмкіндік берді.

Азаттықтың қарлығашындай болған алғашқы құрылтайымызды сонау егемендіктің елең алаңында – 1992 жылы өткізіп, ұзақ жылдар бойы ажырап қалған ағайындарымызбен Алматыда қауыштық.

Одан кейінгі екiншi, үшінші, төртінші құрылтайлар 2002, 2005, 2011 жылдары өткені баршаңызға аян.

Осы жылдар ішінде Қазақстанға бір миллионға жуық қандастарымыз оралды. Бұл ұлы көш мемлекет қамқорлығымен жылма-жыл жалғасып жатыр.

4. Біз тәуелсіздік рухында тәлім алған Қазақстанның интеллектуалды әрі талантты жаңа буынын қалыптастырдық.

«Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақтың қара домалақ балалары әлемнің ең озық оқу орындарында оқи бастады.

Тәуелсіздік жылдарында жастарымыз төрт рет Олимпиада ойындарына қатысып, мемлекетіміздің мерейін өсірді.

Лондондағы жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан командасы ірі жеңістерге жетті, рекорд жаңартты, еліміздің Көк туы биіктен желбіреді.

Мен Мемлекеттік ту өзге елдерде тек екі жағдайда, яғни, ел Президенті ресми сапармен келгенде және спортшы жеңіске жеткенде ғана көтерілетінін әрдайым айтып жүрмін.

Олимпиадалардағы жеңістеріміз арқылы біз спорттық әлеуеті зор мемлекет екенімізді дәлелдеп отырмыз.

Мінекей, осындай айтулы шаралардың арқасында біз экономикасы дамыған, саяси жүйесі тұрақты, демократиялық принциптерге негізделген жаңа заманның жаңа тұрпатты мемлекетін құрдық.

Осының бәрі оңайлықпен, өздігінен келе қалған жоқ. Үлкен рухани күш-жігердің, қажырлы күрестің нәтижесінде жасалғанын әрдайым ескеруіміз керек.

Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Өйткені тарих дегеніміз бірінен бірі туындап жататын тұтас жүйе.

Болашаққа болжам жасау үшін өткеннің тәжірибесін естен шығармайық. Тарих жаңа ұлттық идеялардың тууына түрткі болады. Сол арқылы ұлт өзін-өзі танып қана қоймайды, өзге жұртқа өзін танытады.

Қазірден бастап жас ұрпаққа осындай жеңістер мен табыстардың мәні мен маңызын дұрыстап түсіндіру парыз.

Жоғарыда сөз еткен маңызды оқиғалар, ел өміріндегі кезеңді белестер сіздердің жаңа тарихты жазуларыңызға бағдар беруі тиіс деп есептеймін. 



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика