Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жариаланымдары

Білім беру жүйесін инвестиция тарту арқылы

дамытудың маңызы зор


Қазақстан қоғамындағы жаңа өзгерістер, нарықтық қатынастарға көшуге байланысты жаңа стратегиялық бағыт-бағдарлар, ашық қоғамның қалыптасуы мен оның қарқынды түрде ақпараттануы сияқты үдерістер еліміздің білім жүйесіне деген талапты жоғарылата түсті.

Бүгінгі таңда, елімізге мамандардың кәсіби біліктілікке қол жеткізуі мен сол деңгейін кәсіби дәлелдеуіне мүмкіндік туғызатын тәуелсіз жүйе керек екендігі даусыз. Әлемдiк рынокта елiмiздiң өз орнын табуы үшiн, ең алдымен, бәсекеге қабiлеттi өндiрiс орнын құруды, оны қазiргi заманға сай жаңғыртуды уақыт талап етедi.

Осы ретте еліміздің білім беру жүйесін дамытуда тек мемлекеттің ғана қатысуымен шектелмей аталмыш салаға отандық және шетелдік бизнес өкілдерінің инвестицияларын тарту өзекті болып тұр. Ағымдағы жылдың 22 мамыры күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Шетел инвесторлары кеңесінің 26-шы отырысында сөйлеген сөзінде осы жағына кеңінен тоқталған болатын. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан шетел инвесторларын әрдайым қолдап отыратынын және соның арқасында елімізге 170 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын келгендігін баяндай келе, мемлекетімізде инновациялық қызметті қолдаудың 14 түрлі тетігі бар екендігін айтты. Мәселен, 2012 жылғы көрсеткіштер бойынша ғылымды қаржыландыру 2 есе артты, ғылыми қызметкерлер саны 7 есе өсті. Соңғы бірнеше жылда Қазақстан ғалымдары шетелден өз жұмыстарына 182 патент алды. Ал 454 инновациялық жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты.

Қазірдің өзінде елімізде шетел инвесторларының қолдауымен бастау алған білім беруге арналған бірқатар табысты жобалар көбеюде. Елбасының тапсырмасы бойынша осындай тәжірибені барлық ірі кәсіпорындарға екі жақты білім беру жүйесі аясында тарату мақсат етіп қойылды. Үкіметке әлемдік деңгейдегі колледждерді құрып, дамытуға инвесторлардың белсенді қатысуы үшін ынталандыру шараларын жасау жұмыстары және мемлекеттік білім беру мекемелерінің бір бөлігін шетелдік инвесторлар мен отандық компаниялар консорциумдарының сенімді басқаруына беру мәселесін қарастыру жұмыстары тапсырылды. Жоспар бойынша олар Астанадағы Халықаралық университет пен Назарбаев зияткерлік мектептері сияқты автономды білім беру мекемелері болуға тиіс.

Міне осындай бағыттағы басқа да жұмыстарды атқару үшін елімізде Ұлттық инвесторлар кеңесі құрылды. Ұлттық инвесторлар кеңесінің құрылуы отандық бизнестің шетел инвесторлары үшін сенімді серіктес болуына мүмкіндік туғызып отыр.

Бұл қадамдардың басты мақсаты – білім беру жүйесінің, мамандардың өздері мен бизнестің мүддесін біріктіретін жаңа жүйе құру. Дәл осы мақсатқа жету үшін олардың барлығы да нәтиже үшін жұмыс істейтін болады. Бұл Қазақстандағы адам капиталының сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Жандос Жақсыгельдинов,

Мемлекет тарихы институтының

кіші ғылыми қызметкері

comments powered by Disqus

© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика