Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Бейбітшілік көшесі 4

 

Қазақстан мен Түркия арасындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастар

Қазақстан мен Түркия арасындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастар 21.11.2022

Қазақстан мен Түркия арасындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастар

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2021 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард доллар болғанын атап өтті, оның ішінде 3 миллиард доллары Қазақстанның Түркияға экспорты, 1,1 миллиард доллар – Түркияның Қазақстанға жөнелткен импорт. Ұсынылған мәліметке сәйкес, Түркия Қазақстанға тікелей инвестиция салып жүрген мемлекет және түрік кәсіпкерлері елімізде 5,5 миллиард доллардың инвестициялық жобаларын жүзеге асырып жатыр.

Екі мемлекет арасында 30 жылдық дипломатиялық қатынас ішінде сауда-экономикалық және әлеуметтік аланда, әскери-техникалық мәселелермен қатар аймақтық және халықаралық қауіпсіздік салаларында тығыс қарым-қатынас орнатылған. Қарым-қатынастың одан әрі дамуына әсер ететін алан ретінде де білім және мәдениет салаларын атап кетсе болады.

Бүгінгі күні Түркия және Қазақстан арасындағы қарым-қатынас негізінен мәдени басымдыққа ие. Түркия мен Қазақстан арасындағы бұл қарым-қатынастар негізінен TİKA (Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі) TÜRKSOY (Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы) Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы, Ахмед Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті сияқты ұйымдар арқылы қалыптасуда. Бұл және басқа да ұйымдар аясында алуан түрлі жобалар іске асып, бұларды жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Түркия өткен тарихы, этникалық құрылымы, тіл, дін және мәдениет сияқты ерекшеліктері арқылы Қазақстан үшін Еуразия құрлығында стратегиялық ынтымақтастықты жүргізе алатын әлеуетті мемлекет. Индустриялық әрі технологиялық тұрғыдан әрі туризм саласында жылдам дамып келе жатқан, тұтыну әлеуеті өте жоғары болып табылатын Түркия мемлекеті Қазақстан үшін үлкен нарық болып табылады.

Түркия және Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынас

Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының әкімшілігі болғанына қарамастан 1991 жылы 15 наурызда Түркиямен алғашқы халықаралық келісімге қол қойды. Дегенмен, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 2 наурызда, яғни Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін ресми түрде жариялағаннан кейін шамамен үш ай өткен соң орнатылды.

Түркияның Қазақстанға келген тұңғыш елшісі Аргун Өзпай 1992 жылы 21 сәуірде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырды. Осылайша Түркия сол кездегі еліміздің астанасы Алматыда елшілігін ашып, тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш дипломатиялық өкілдіктің ашылуына мұрындық болды. Назарбаев та сол жылы Түркияға алғашқы ресми сапарын жасап, Анкарада Қазақстанның Елшілігін ашты.

Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел ретінде Түркия да тіркелді.

Әр салада ынтымақтастықты дамытуға шешім қабылдаған Қазақстан мен Түркия екіжақты қарым-қатынастарын 2009 жылы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді. Қазірдің өзінде саясат, экономика, сауда, инвестиция, әскери, қорғаныс өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау және гуманитарлық салаларда ауқымды ынтымақтастықты жүзеге асырып жатқан бауырлас елдер қарым-қатынастарының 30 жылдығында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Түркия мен Қазақстан 30 жылда өзара сауда көлемін 30 миллион доллардан 5 миллиард долларға дейін арттырды.

 

Түркия және Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынас

Бүгін Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтілуде. Түркия мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынастардың жеткен деңгейіне сәйкес Түркия Қазақстанның ең маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің біріне айналды.

Екі елдің қарым-қатынасы сауда, инвестиция, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, білім беру және әскери салалар сияқты кең ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімділік негізінде дамып, маңызды деңгейге жеткен. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында ең төменгі деңгейде болған экономикалық қатынас бүгіні күні 100 еседен астам артқан. Түркия, Қазақстан экономикасының энергетикалық емес секторларына ірі инвестор елдердің бірі болып табылады. Бұдан бөлек, Түркия Қазақстандағы алғашқы 10 инвестордың бірі.

Түркиядан Қазақстанға құйылған инвестицияның жалпы құны 4 миллиард доллардан асқан. Өткен жылы эпидемияға қарсы жағдайға қарамастан екіжақты сауда көлемі 5 миллиард долларға жеткен. Осылайша қысқа мерзімде сауда көлемі 5 миллиард долларды құрап отыр.

1994 жылдан бері Қазақстанда 3000-ға жуық шетелдік бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді, Қазақстандағы шетелдік капитал салымдары 14 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихы бар ел үшін бұл соманың маңызы зор. Мұндай көлемдегі капитал ағыны елдің ескі өндірістік инфрақұрылымын қалпына келтіріп жатқанын және экономикаға жаңа қуаттардың жылдам қосылып жатқанын білдіреді. Қолда бар деректердің барлығын талдағанда Түркияның 1,5 миллиард АҚШ долларына жуық инвестиция көлемімен Қазақстан Республикасында Америка Құрама Штаттарынан кейінгі екінші орында екені белгілі.

Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания сияқты елдердің Қазақстанға салған инвестициясына қарасақ, бұл елдер негізінен мұнай-газ өнеркәсібі, электр энергетикасы және тау-кен өнеркәсібі сияқты салаларда шоғырланса, түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанға салған инвестициясы негізінен сауда, телекоммуникация, қонақ үй шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және т.б. Ол супермаркеттерді басқару, полиграфия, мұнай өнімдері, тамақ, кірпіш, темір және болат, мыс, тоқыма және қызмет көрсету секторларына шоғырланған. Қазақстан Республикасының алғашқы жылдарында негізінен мердігерлік және коммерциялық қызметпен айналысқан түрік компаниялары соңғы жылдары Қазақстанда тауар өндіру мен қызмет көрсетуге ден қоя бастады.

Түркия және Қазақстан арасындағы білім және мәдени қатынас

Қазақстан мен Түркия арасындағы алғашқы қарым-қатынастар 1992 жылы мамырда білім, мәдениет және спорт салаларында басталды.

Түркия және Қазақстан түркі республикаларымен тіл негізінде өзара қарым-қатынасты дамытуда және мәдениетті өзара қарым-қатынастардың дамуы үшін тарихи қажеттілік деп санайды. Сонымен қатар, екі жақтың мүддесі ортақ туысқандық, ортақ тіл, сенім мен тарихқа негізделген қарым-қатынастарды ескере отырып, Түркия да Қазақстан да түркі республикаларымен қарым-қатынасын дамытуда.

Қазақстанда Түркі кеңесі аясында құрылған Халықаралық Түркі академиясы орналасқан. Білім және мәдениет саласындағы тұрақты ынтымақтастық екі ел арасындағы қарым-қатынастың тағы бір маңызды өлшемін құрайды.

TİKA Қазақстанға экономикалық, коммерциялық, техникалық, білім беру, әлеуметтік және мәдени мазмұндағы көптеген екіжақты және көпжақты жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруда. Осы жобалар мен іс-шаралар аясында мыңға жуық қазақстандық сарапшылар мен лауазымды тұлғалар Түркияда ұйымдастырылған әртүрлі салалардағы оқу бағдарламаларына қатысты, ал Түркиядан келген жүз сарапшы Қазақстанда оқыту және кеңес беру қызметтерін көрсету үшін тәжірибе алмасуға жолданған болатын.

Орталығы Түркістан қаласында орналасқан Ахмед Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің төрт қалада орналасқан кампусында 31 мыңға жуық студент білім алуда. Сонымен қатар, Түркі әлемін зерттеу қоры, Орталық Азия өркениеті қорына қарасты түрлі деңгейдегі оқу орындары бар. 2011-2012 оқу жылына Түркия мен Қазақстанға 175 жоғары білім гранты бөлінді (Қазақстанда тұратын Ахыска түріктеріне 50 квота берілді). Астана Юнус Эмре түрік мәдени орталығы өз қызметін 2010 жылдың мамыр айында бастады. Бұл орталық басқа қызмет түрлерімен қатар түрік тілі курстарын да ұсынады.

Екінші жағынан, Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери байланыстар мен қорғаныс технологиялары саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында нәтижелі зерттеулер жүргізілуде. Түркия Қазақстан Қарулы Күштеріне офицерлік кадрларды даярлауда және әскери қызметкерлердің білім деңгейін арттыруда үлкен қолдау көрсетуде. Түркияның қорғаныс өнеркәсібі саласындағы жетекші компаниялары Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібін дамытуға күш салуда.

Түрік-қазақ рухани-мәдени серіктестігі де қарқынды дамып келеді. Астанада Ататүріктің, ал Анкара қаласында Назарбаевтың тамаша ескерткіштері бой көтерді. Бұл қазақтың түрік халқының ұлттық көшбасшысына деген құрметінің көрсеткіші. Екі елдің мәдени-гуманитарлық саласындағы ынтымақтастығы үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Екі жақтың өнер ұжымдарының өзара алмасуы ұйымдастырылған мәдени шараларға тұрақты қатысуды қамтамасыз етті.

Түркия және Қазақстан арасында білім саласында тығыз ынтымақтастық құрылған. 2015 жылға дейін Түркияның жоғары оқу орындарында 3000-нан астам қазақстандық студент оқуын аяқтаса, бүгінде Түркияда 4 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Екі ел арасындағы қарым-қатынас тек ресми билік арасындағы байланыспен ғана шектелмейді, жан-жақты дамып келеді. Екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға үкіметтік емес ұйымдар да белсенді атсалысуда. Екі елдің жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы байланыстар да нығайып келеді. Қазақстанның 10-нан астам облыс және қала орталықтары Түркияның қалаларымен бауырластық қарым-қатынас орнатқан. Екі елдің көптеген қалалары арасында тікелей әуе қатынасы басталған.

Саясаттың әсері уақыт өте келе өзгеруі мүмкін, бірақ мәдени байланыстар әлдеқайда ұзақ мерзімді және сыртқы саясатқа да әсер ететін күшке жетуі мүмкін. Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұрған білім және мәдениет мекемелерін қарастырсақ, бұл саладағы күш пен материалдық құндылықтың қаншалықты маңызды екенін анық аңғаруға болады. Атап айтқанда, Түркияның Қазақстандағы білім, технология, инновация саласына салған инвестициясы еліміздің дайындалған жұмыс күшінің пайда болуына айтарлықтай қолдау мен жеңілдіктер береді.

Қорытынды

Түркия тарапы Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған мемлекет екенін әр мүмкіндікте білдіреді. Бұл мәселені дипломатиялық қарым-қатынасты енді ғана бастау емес, өте маңызды саяси бастама деп санауға болады. Шынында да, Қазақстанның және жалпы Орталық Азиядағы барлық түркі республикаларының Түркия үшін тарихи және мәдени мәні бар.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Түркия мен Қазақстан арасында саяси, экономикалық немесе мәдени жақындасу жолдарын іздеп, бұл екі елдің сыртқы саясаттың күн тәртібіне айналдырды. Осы мақсатта түркі республикалары талай рет басқосулар өткізді. 2006 жылы Анталияда өткен Түрік саммитінде ынтымақтастық саласында маңызды қадамдар жасалды. Бұл кездесуде Қазақстанның Тұңғыш президенті Назарбаев Түркия парламенттік ассамблеясын құруды ұсынып, кездесуден кейін қарым-қатынастар неғұрлым институционалдық құрылымда жалғасады деген шешім қабылданды.

Түркия-Қазақстан қарым-қатынастары саяси және мәдени қарым-қатынастарды берік негізде орнату, одан кейін экономикалық және сауда қатынастарын реттеу түрінде жалғастыруда.

Осылардың барлығына қоса, екі ел соңғы жылдары маңызды аймақтық бастамаларға мұрындық болды және өз географиясында күш пен тепе-теңдіктің орталықтарына айналуда ұзақ жолдан өтті. Сондай-ақ, Түркия мен Қазақстан түркі республикалары арасындағы қарым-қатынастарды дамытуда және олардың ынтымақтастығын нығайтуда белсенді рөл атқаруда

2000-шы жылдардан бері түрік компанияларының қолдауымен әр салада үлкен ілгерілеушілікке қол жеткізген Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық қарым-қатынастар ұтысқа негізделген түсіністік пен өзара тиімділікке негізделген. Каспий маңы ойпатында стратегиялық маңызы бар Қазақстан қолда бар энергетикалық ресурстары мен жер асты байлығын пайдаланып, нарыққа шығаруға тырысып келеді. Ал Түркияның Қазақстанның осы байлығын әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндігін жүзеге асыруға әлеуеті жоғары елдердің бірі екендігі белгілі.

 Қожбанхан Еркеш,

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері


Пайдаланылған әдебиеттер

Р. Вейцель, “Влияние Турции На Культуру И Образование Стран Центральной Азии”, Ислам в современном мире, ISSN 2074-1529 (Print) ISSN 2618-7221 (Online) № 1/2014.

Yüce, S. (2016). The Role of Tourism in Turkic World in Terms of International Relations (IR): A Social Constructivist Approach. Uluslararası Türk Dünyası Turizm Araştırmaları Dergisi, 1(1).

Kanbolat, H. (2011). Türk Dış Politikasında Kazakistan‘ın Yeri ve Geleceği. Ortadoğu Analiz, 3(30), 54-57.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері.


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика