Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Бейбітшілік көшесі 4

 

Ұлы Жеңіс тақырыбы күн тәртібінен түспейді

Ұлы Жеңіс тақырыбы күн тәртібінен түспейді 30.01.2015

Ұлы Жеңіс тақырыбы күн тәртібінен түспейді

 Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына тура 70 жыл толады. Қазақ халқының тарихына өзгеріс әкелген, қаншама адамның жанын жаралаған соғыс тақырыбы әлі күнге дейін тарихшылар назарынан тыс қалған емес. Соғыс қалай басталды? Германия мен Кеңес Одағының бұл соғысқа алдын ала дайындалғаны ақиқат па? Майданға қатысқан қазақстандықтардың саны не себепті әдейі бұрмаланды? Осы және өзге де мәселелер бойынша елімізге танымал ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған ой бөліседі. – Бүркітбай Ғелманұлы, бір сөзіңізде жеңіс тақырыбы күн тәртібінен түспейтінін айтыпсыз. Соған қарағанда, адамзат баласына залалын тигізген сұм соғыстың біз біле бермейтін қыры, әлі күнге дейін ашылмаған тұстары бар ма? – Ашығын айту керек, Ұлы Отан соғысы қазақ халқы үшін ауыр сынақ болды. Еліміздің даңқты батыры Бауыржан Момышұлы «Соғыс қазақ халқының тарихын да күрт өзгерткен, бұрылыс әкелген, миллиондаған отандастарымыздың арасында өшпес із, жарылмас жара қалдырды» деген болатын. Сондықтан бұл тақырып халық өмірімен, тағдырымен тығыз байланысты. Тереңдігімен ерекшеленетін болғандықтан бүгінгі тарихтың да, болашақтың да күн тәртібінен ешкім алып тастай алмайды. Соғыс аяқталғанына 70 жыл толса да, тақырып қазіргі замандастарымыздың жадын жаңғыртып, сезімдерін толқытады. Бүкіл әлемде, соның ішінде КСРО кезеңінде Ұлы Отан соғысы деп аталған, 1941-1945 жылдардағы соғыс тақырыбына арналған кітаптар көп таралыммен жарық көрді. Оның ішінде ең ірісі он екі томдық «История второй мировой войны», «История Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 гг», маршалдар Г. Жуков, И.Конев, басқа да генералдардың естеліктері мен ойлары негізінде жазылған еңбектер. Өкінішке қарай, жарық көрген кітаптардың дені сол уақыттың идеологиялық ұстанымымен жазылған. Тіпті, Н. Хрущев, Л.Брежнев («Малая земля») сияқты партия жетекшілерінің жетегімен жазылған жасанды шығармалар да қаптап шығып жатты. – Осы соғысқа қазақстандықтардың қатысуы туралы ақпараттар әдейі жасырылып не бұрмаланғаны рас па? – Осыдан төрт жыл бұрын өзім басқаратын Мемлекет тарихы институтының ғалымдары дайындаған документалдық-тарихи зерттеу осы қайғылы жылдар оқиғасын объективті түрде көрсетуге арналған еді. Онда соғыс қимылдарының, әскери шешуші іс-әрекеттерінің маңызды тұстарын көрсететін кең материал қамтылған, соның ішінде статистикалық материалдар, қатардағы солдаттардың, маршалдардың естеліктері мен күнделіктері, тіпті вермахтың бас штабының бастығы Франц Гальдердің де естеліктері мен күнделіктері бар. Тақырыпты кеңінен ашу үшін авторлар Молотов-Риббентроп пактісін, Ұлыбритания өкіметінің басшысы, сэр Уинстон Черчиллдің, И.В. Сталиннің, В.М. Молотовтың, А. Гитлердің сөйлеген сөздерін келтірген. – Документалдық-зерттеу барысында қандай тұжырым немесе қорытынды жасадыңыздар? – Біз жүргізген зерттеулер кеңестік кезеңнің идеологиясымен қайшы келетін біраз қорытындылар жасауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, соңғы документалдық дәйектерді зерттей отырып, фашистік Германияның аяқ асты шабуыл жасағаны туралы тұжырымдарының сын көтермейтінін айттық. Талдау нәтижелері көрсеткендей, біздіңше, екі жақ та, яғни Германия да, Кеңес Одағы да соғысқа белсенді түрде дайындалған. Сталин және оның жақтастары экономиканы милитаризациялауды күшейту арқылы Гитлерді алдап соқпақшы болды. Алайда Гитлер большевиктердің көсемдерінің алдын орағытып кетті. Ал тигізген зардаптары жағынан Молотов-Риббентроп пактісінің кері әсері мол, бұл келісім нәтижесінде КСРО мен Германия арасына жайласқан Польша жойылды, ал шағын Буг өзені екі ел арасындағы жаңа шекараға айналды. Сталиннің ірі стратегиялық қателігіне «Қызыл каппела» қатысушыларының, тыңшы Рихард Зоргенің, дипломаттардың берген 1941 жылы маусымда шабуыл жасайтыны жөніндегі ақпараттарға сенімсіздік танытқаны жатады. Кеңес елі өз басшыларының жіберген қателіктері нәтижесінде соғысқа дайын болмай шықты. Біздің ой-тұжырымымыз Ф.Гальдердің 1941 жылы 22 маусымда күнделіктеріндегі жазған қорытындымен сәйкес келеді. Ол «Германия әскерлерінің шабуылы қарсыластарын табан асты аңдаусыз жағдайға тіреді. Қарсыластарының әскери тәртіптері тактикалық тұрғыдан қорғануға лайық болмады» деп жазады. КСРО-ға шабуыл 170 дивизия күшімен Қара теңізден Балтық теңіздеріне дейінгі аралықта жүрді. Соғыстың бастапқы кезеңдерінде Г.Жуков «Германия өкіметі бізге соғыс жариялады» деп кабинетке тез адымдап В.М. Молотов кірді» деп естеліктерінде жазады. «И.Сталин орындыққа отырған бойда терең ойға кетті» деп еске алады. Соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн И.Сталин Кремльден көрінбеді. Сөйтіп, адамзат баласының тарихында ірі қантөгіс соғыс басталды. – Біз оқыған жылдары мектеп оқулығында «Неміс басқыншылары елімізге кенеттен басып кіріп, Кеңес одағына ауыр соққы берді» деп айтылған еді. Сондықтан соғыстың алғашқы уақытында талай солдаттан айырылғанымыз туралы жазылды. Сұрайын дегенім, бұл тығырықтан Кеңес одағы қалай шықты? – Кеңестік армия үшін соғыстың басы апаттық сипатта болды. Қысқа мерзім ішінде Украина түгелімен, Белоруссия, Балтика елі, Молдавия, Ресейдің көптеген аймағын фашистер жаулап алды. Қызыл Армияның 5,4 млн солдаты мен офицерлері соғыстың алғашқы төрт айында тұтқынға түсті. Мұндай тұтқындардың көптігін немістердің өздері де күтпеген тәрізді. Әлі де болса толық, нақты деуге келмейтін статистикалық деректер бойынша 1941 жылдың соңына қарай соғыста 4 млн адам қаза тапты. Бұл Қызыл Армияның 70 пайызы. 20.000 танк, 17.000 самолет жоғалды. Жалпы өнім көрсеткіші 2,1 есеге төмендеді. Кеңестер тек қана елінің сансыз адами және материалдық резервтерінің арқасында ғана тез арада жоғалғанды қалпына келтіріп, түзеуге мүмкіндік берді. – Жалпы, Қазақстанда жасақталған сарбаздардың жеңісті жақындатуға қандай үлес қосқанын жақсы білеміз. Басқа елдерге қарағанды тым белсенділік танытуымыздың себебі неде? – 1941 жылдың қараша айының басында немістер Москваға өте жақын келді. Москваны қорғауда Қазақстанда жасақталған 100, 101, 316 және басқа да атқыштар дивизиялары зор үлес қосты. Қоршауда қалған Ленинградқа көмектескен автомобилистердің тең жартысы қазақтандықтар еді. 1941 жылы 26 шілдеде құрамында қазақстандық Б.Бейсекбаев болған Н.Гастелло, А. Маслов экипаждары бомбалық соққыдан қирап, өртке оранған самолеттерін танк жинақталған жерлерге бұрып ерлік көрсетті. Өкінішке қарай, А. Масловтың экипажының ерлігі ұмыт қалды, тек 1941 жылы барлық экипаж мүшелеріне Ресей батыры атағы, ал Б.Бейсекбаевке «Халық қаhарманы» атағы берілді. Қазақстандықтар соғыста бір мемлекеттің адамындай белсенді және жер-жерден түгелдей қатысты. Қазақстан тұрғындары соғысты ортақ қасірет деп қабылдады, көбі өз еркімен майданға аттанды. Қалғандары тылда ерен еңбек етті. Қазақстанға көптеген заводтар мен фабрикалар көшіріліп, Қазақстан маңызды майдан арсеналына айналды. Қазақстаннан майданға халықтың 25%-ы аттанды. Бұл жалпы ел көлеміне шаққанда өте жоғары көрсеткіш. Көптеген қазақстандықтар майданның алғы шебінде, нақ өрт жалынында жүріп, Москва түбіндегі шайқаста, Сталинград түбінде, Курск доғасында ерлікпен шайқасты. Қазақстандықтардың көп бөлігі Еуропаны азат етуге, Берлинді алуға қатысты. Қазақстандықтардың белсенді қатысуы, біздіңше, әскери қимылдарға (Москва, Сталинград) географиялық жағынан жақын орналасқанымыз, теміржолдардың ыңғайлы болуынан болар. Мұндай себептер әскери комиссариаттарға адамдарды жылдам жинап, майдан шебіне жіберіп отыруға қолайлы болды. – Қазақстанға қатысты келтірілген соғыс деректеріне келсек, яғни майданға кеткен азаматтар саны, соғысқан техника мен қаза болғандардың саны нақты көрсеткіш санала ма? – Еліміздің 18-50 жас аралығындағы ер адамдарының 70%-ы майданға аттанды. Республикада 12 атқыш, 4 кавалериялық, 7 атқыш бригада, 50 шақты жеке полктер мен батальондар құрылды. Барлығы майданға 1 млн 200 мың адамнан 1 млн 400 мыңға дейін адам аттанды деп есептеледі. Біздіңше, бұл сандар нақты және объективті көрсеткіштер емес. – Себебі неде? – Өйткені, жоғары жақтан жиналған мәліметтер бойынша, қаза болған адамдардың саны үнемі төмендетіліп берілді. Кезінде И. Сталин 7 млн адам қаза болды десе, Н.Хрущев 20 млн деген санды жариялаған. Жариялылық кезінде КСРО қорғаныс Министрлігі 28 млн адамның қаза болғанын жария еткен. Шетелдік зерттеуші М.Хайнес соғыстағы КСРО жалпы жоғалтқан адам саны 42,7 млн деп санайды. Бірқатар Ресей ғалымдары 30 млн астам деген мәліметті келтіреді. Жаңа тарихта бұл сандардың төбе шашты тік тұрғызары анық. Бұл сандар соғыс уақытында кеңестік мемлекет басшыларының адамдарды аяусыз, ысырапсыз пайдаланғанын көрсетеді. Тіпті, соғыс уақытының өзінде олар өздерінің атақты генералдарын жақсы көрмеді, оларға «қасапшы» деп айдар тақты. Соғыс уақытында кеңестік әскерлердің өмірі төмен бағаланды. Бұл соғыста Қазақстан 400 мың адам жоғалтты деп саналады. Бұл да өте төмендетілген ақпараттық сан. Статистикалық комитеттер соғыста қаза болғандардың нақты санын есептеуді қолға алатын шығар деген ойдамыз. Мысалы, майданға кеткендердің санына 1939, 1940, 1941 жылдары Кеңестік Армияға алынғандар кірмеген. Соғысқа дейінгі армияға шақырылғандар соғысты әскер қатарында қарсы алды. Сонымен бірге, сол кездегі есепке алудың кемшіліктерін ескеру қажеттігі бар. Бізге бірнеше рет әскери комисариаттардың мұрағаттарында жұмыс істеуге тура келді. Ондағы әскерге шақырылғандардың тізімін қарау арқылы көптеген адамдардың есепке алынбағаны анықталды. – Соғыста ең көп қасіретті әскери тұтқындар басынан өткереді, алайда Германиядағы кеңестік әскери тұтқындардың қасіреті туралы тарихта неге айтыла бермейді? – Олардың қайғысы тек қатал жаудың қолына түсіп қалумен ғана емес, олардан туған үкіметінің бастарына түскен қиын қыстау кезеңде бас тартуымен түсіндіріледі. Мен бұл жерде кеңес үкіметінің кінәсін ерекше көрсеткім келеді, өйткені, әртүрлі мемлекеттердің адамдары отырған лагерьлерде кеңес азаматтарына қарағанда басқа мемлекеттердің азаматтарының жағдайы әлдеқайда жоғары болған. Оларды жақсы тұрғын жаймен, жоғары сапалы тамақпен, жуынатын сумен, медициналық көмекпен қамтамасыз ете отырып, немістер олармен адамдарша қарым-қатынаста болған. Ал, кеңес азаматтарына шыбын-шіркейлерше қараған. Бұл немен түсіндіріледі? Немістердің орыстарға деген нәсілдік жеккөрушілігімен бе? Немесе олар орыстарды поляктардан да бетер жеккөреді ме? Олай болса, Қызыл Армия қатарына алынған түркі халықтарының қатысы не, олардың да жағдайы орыс солдаттарымен бірдей болды және олар да мыңдап қырылып жатты. Менің ойымша, мұның себебі, кеңес үкіметінің Әскери тұтқындар туралы халықаралық конвенцияға қосымауы салдарынан Халықаралық Қызыл Крест пен Қызыл Жартыай қоғамы тарапынан кеңес азаматтарына қолдау көрсетілмеді. Ал, басқа елдің әскери тұтқындары осы қоғамдардың бақылауында болды. Тұтқындардың Қызыл Крест арқылы отандарына хат жазып және олардан хат алып тұруға мүмкіндіктері болды. Қызыл Крест өкілдерінің әр мемлекеттегі тұтқындардың жағдайын, олардың қалай тұрып жатқанын, олармен қандай қарым-қатынаста екенін, ашығып жатқан жоқ па, тұратын жайлары бар ма деген сияқты мәселелерге қатысты лагерлерді тексеріп тұруға құқықтары болған. – Ендеше Кеңес үкіметі, бұл мәселе бойынша неге келісімге келмеді? – Кеңес үкіметі келісімге әдейі келіскен жоқ, ол тұтқындарға қатысты мұндай қарым-қатынасқа келіспеді. Сол себепті де әскери тұтқындарға қатысты халықаралық ереже кеңес азаматтарына қолданылмады, ал Қызыл Крест қоғамы хат алмасып тұруға қызмет көрсеткен жоқ. Кеңестік тұтқындар жаудың қолында бақылаусыз болды, басқа халықаралық келісімге қол қойған елдердің тұтқындарымен бірдей жағдай жасауды талап етуге олардың құқықтары болмады. Кеңестік жауынгерлер мен командирлерді қолға түсірген жау олармен қандай қарым-қатынас жасаса да ерікті еді. Өйткені, кеңес үкіметі өз азаматтарынан бас тартты, оларды тағдырдың тәлкегіне тастап, не істеймін десеңдер де өз еріктерің, олар бізді қызықтырмайды деді... Мұндай қарым-қатынас мемлекеттің шынайы бет-пердесін әшкерлейтін еді. Коммунистік партия съездерінің том-том кітаптары жай бос сөз екенін көрсетсе керек. Шын мәнінде, мемлекеттік қызметте отырған адамдар өздерінің азаматтарын қорғап және сақтауға міндетті, өйткені, бұл басшылар азаматтардың еңбектерінің есебінен өмір сүріп отыр. Партия немесе таптық құмарлық туралы кез келген сөз қозғау, аталған жағдайда адамдарды жау деп бөлу –әлеуметтік қауіпті демагогия! Қызыл Армия жауынгерлері әртүрлі болды. Олардың бірқатары гитлерлік командованияға қызмет етсе, енді басқа тобы, керісінше, өздерінің қарсыласу ошақтарын құрды. Түркістан легионы солдаттарының көп бөлігі қолдарындағы қаруларымен бірге Қызыл Армия қатарына өтіп жатты немесе француз немесе итальян партизандарымен бірге қосылып соғысып жатты. Қазақстандық зерттеуші Б.Садықова өзінің «История Туркестанского легиона в документах» кітабында: «Түркістан легионерлерінің партизан қозғалыстарының қатарына өтіп кету жағдайы тек қана Францияда емес, сонымен қатар Еуропаның барлық мемлекеттерінде де болған. Мұны айғақтайтын құжаттар сол мемлекеттердің мұрағаттарында сақталуда, бұл ауқымды және табанды жұмыс жүргізуді талап етеді», - деп жазған. Алайда, Отанына оралған Түркістан легионерлерінің тағдыры айтарлықтай ауыр болды. Бұл жағдайды Ресей Федерациясының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссиясы атап өткен болатын. Онда «әскери тұтқындарға деген адамгершілікке жатпайтын қатал қарым-қатынас жеңістен кейін де көп жылдарға дейін сақталды» деп жазылады. Қазақстандағы ең танымал болған әділ өткізілмеген соттың бірі - бұрынғы 49 легионер соты. Олардың барлығы үлкен мерзімге сотталды, ал кейбіреулері ату жазасына кесілді. – Соғыс туралы айтқанда, Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін айтпау мүмкін емес... – Соғыстың барлық ауыртпалығын қарапайым солдаттар мен офицерлер көтерді. Өздерінің өмірін аямастан олар фашистік жүйені қиратып, рейхстагқа Жеңіс туын тікті. Берлинді алу кезінде және рейхстагқа алғаш кіргендердің ішінде қазақстандықтар баршылық. Рейхстагта жеңіс туын тіккендер 674-ші атқыштар полкінің лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов. Атақты кинорежиссер Роман Кармен 1949 жылғы 8 мамырдағы «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында былай дейді: «Менде Рейхстагтың шатырына ту тігіп жатқан ержүрек батырды бейнелейтін кадр сақталған». Р.Қошқарбаевтың ерлігі тек тәуелсіздік алғанан кейін оған «Халық қаһарманы» атағы берілген кезде ғана бағаланған болатын. Қалай десек те, Ұлы Жеңіс тақырыбы күн тәртібінен түспейді. Керісінше, уақыт өткен сайын ұрпақ жадында сақталып, жаңғыра бермек.
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ
Тақырып: Жеңістің 70 жылдығын тойлау, Ұлы Отан соғысы, ҰОС
Тұлға: Бүркітбай Аяған

Все права защищены.
Источником материалов является веб-сайт www.bnews.kz;
BNews.kz «www.bnews.kz»
http://bnews.kz/kk/news/post/250867/

Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» РММ-нің директоры м.а.
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика