Institute of History of the State

Republic of Kazakhstan, Nur-Sultan city, Beibitshilik Street, 4

 

Materials of international scientific-practical conference «Mangilik el»

ХVІІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ЖӘНЕ АЛТЫНАЙ ҰЛЫ ҚАРАСАЙ БАТЫР

(тарихи-танымдық бағыт)


Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., профессор

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты


Қазақ хандығының бірнеше ғасырлық тарихында мемлекеттің тұрақтылығы мен өрісінің тұтастығын сақтауда ұлт батырларының орны ерекше болғандығы белгілі. Олардың елін қорғаудағы жеке ерліктері мен сарбаздарды бастаған қолбасшылық қызметтері халық ауыз жырлары мен дастандары арқылы ұрпағымызға үнемі жеткізіліп келеді. Халқымыздың жат жұрттық жаулаушыларға қарсы күресі, ондағы батырлардың алған орнын айқындауға арналған әр кезеңдердегі көптеген шетелдік және отандық тарихи жазбалар мен ғылыми зерттеулер бар.

Қазақ хандығының қалыптасып, нығаюы дәуіріндегі өзіндік орын алатын ХVІІ ғасырдың бірінші жартысындағы туған елін басқыншылардан қорғап, жерін сақтап қалған осындай батырлардың қатарына Алтынайұлы Қарасай жатады.

Ол ХVІ ғасырдың соңында қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Суық төбе тауының баурайындағы Қарасаз деген жерде өмірге келген. Ұлы жүздің Шапырашты руынан. Аталған рудың тарихи орналасқан жерлері туралы Ш.Уәлиханов «Дулаттар мен албандардың кейбір ұрпақтары және шапыраштылардың біраз бөлігі Іленің оң жағалауында да көшіп жүреді» [1], - деген дерек береді.

Белгілі қазақ тарихшысы М.Тынышбаевтың жазуынша: «...Ру атауы Шапырашты, ұраны Қарасай., тамғасының атауы Ай, Тұмар»[2].

Қарасай батыр күрделілігі және қарама-қайшылылығымен ерекшеленген ХVІІ ғасырдағы Қазақ хандығының Орталық Азиядағы мемлекеттер мен халықтар арасындағы саяси- әскери, т.б. бағыттардағы қатынасындағы орнын айқындауда өлшеусіз үлес қосты.

Сол мерзімдегі тарихи деректерден белгілі болатынындай, ХVІІ ғасырдың бірінші ширегінен-ақ жаңа жаугершілікті Жоңғар хандығының құрылуымен Орталық Азиядағы саяси жағдай барынша шиеленісе түсті. «Халкастық Жасақту ханның иеліктерінің шығысынан, - деп жазылған Сибирский вестник журналында, - батысында қырғыз-қайсақ даласына, оңтүстігінде Кіші Бұхара мен Турфанға, солтүстігінде Сібірдегі Олот монғолдары мекендеген жерлерге дейінгі кең аймақта көп санды, іскер және жауынгер, өздерінің тайшалары билігіне бағынған Шыңғыс әулетінің негізінде 15 ғасырда құрылған мықты және елеулі тұрғыда белгілі Жоңғар немесе Зюнгар мемлекеті бар»[3].

Анықтай келгенде: «Есім ханның кезінде ХVІІ ғасырдың ортасына қарай өздерінің жайылымдықтарын Ертіс және Іле өзендерінің жоғары аңғарларынан Орталық Ертіске (қазіргі Павлодардан төмен қарай), Есіл, Терісаққан, Камышлова мен Обьтың (Тары қаласы) жоғары ағысына дейінгі неғұрлым солтүстікке қарай жылжытқан және бұл жерлерде осы жүзжылдықтың соңына дейін Көшімнің Сібір хандығының құрамына енген түркітілдес рулар мен тайпалардың үлкен топтарымен түйіскен батыс монғол, немесе ойрат тайпаларының одағымен қазақтардың қарым-қатынасы едәуір тұрғыда шиеленісе түсті.

ХVІІ ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысында бұрынғы ойрат одағы тарады: Хошоут тайпасы Тибетке қоныс аударды, ал Хо-Урлюк тайша бастаған сандары 1 миллионға жуық торғоуттар ойраттардың негізгі топтарынан ажырап кетті және Солтүстік Қазақстан арқылы Еділдің төменгі аңғарына, Каспий далаларына көшіп, өздерінің этникалық территориясын тапты және қалмақтар деп атала бастады.

Оңтүстік Сібірдің кең аумағы мен Алтайдың етегінде көшіп жүрген қалған торғоут тайпалары, чоростар мен дербеттер чорос княздарының басшылығымен бірігіп, 1635 жылы Жоғарғы Ертіс жағалауында Жоңғар хандығы деп аталған дербес жаңа бірлестікті негіздеді. Жаңа көшпелі хандықтың басына жігерлі және жауынгер билеуші Ерден Батыр қоңтайшы отырды (1634-1653) Ургада бірінші жоңғар ханының отыруымен және де оның оңтүстік пен солтүстік батыс бағыттағы белсенді сыртқы саясатының басталуымен Жоңғарияның шекаралық жер иеліктерінің шеті ХVІІ ғасырдың ортасына Ертіс арқылы одан төмен қарай оңтүстік жағында қазақтардың, барабы татарларының және тағы да басқа Алтай халықтарының жайылымдықтары орналасқан Жәміш көлі болды» [4. 135-136].

Аталған уақыттағы қытай деректерінде бұл мемлекет туралы: «Жоңғарлар олоттардың ұрпағы. Олот (Елёт) Қалмақ Ордасының атауы. Батысында Баргөлден қырғыз-қайсақ шекарасына дейін орналасқан. Жоңғарлар Іле өзені бойында көшіп жүрген Орданың (Қалмақ Ордасының,-Ғ.Қ.) бір бөлегі.

...Олар егін егеді, малды кәсіп етеді, ...Жоңғарлар ашушаң және әдепсіз, арсыз және әрекеттерін ақылға жеңдіре алмайды. Тонаушылықты батырлық деп есептейді.

...Жоңғарлар қиындыққа үйренген, соғысқа бейім, мылтық және найзаны шебер меңгерген. Кіші Бұхара ...оларға бағынышты болды. Олар миллионнан артық әскер шығара алады. ...Өздерінің күшіне сенген олар Ресей, Үндістан, Кашемир, Тибет және Персия шекараларына шабуыл жасайды» [5], - деген анықтама жасалған

Көшпелі моңғол тайпаларының басым бөлігін өзіне бағындыра бастаған Жоңғар хандығының билеушісі Болат қоңтайшы сыртқы саясатының негізін жаңа мемлекеттің шекарасын ұлғайтуға, тың жайылымдықтарға ие болуға арнады. Аталған мақсатпен оның назары өзіне көрші жатқан құнарлы қазақ жерлеріне ауды.

Жоңғар билеушісінің жоспарына қарсы «Қазақ ханы Есім ойраттармен екі жақ кезек табысқа жетіп отырған бірнеше рет соғыс жүргізді. Алайда Жоңғар хандығының негізделу уақытынан Түркістанның құнарлы жайылымдықтары және қос көшпелі халыққа өмірлік қажетті сауда-қолөнерлік және егіншілікті аудандарына ие болуға деген күрестері соңы жоңғарлардың күштерінің артықшылықтарынан көпшілігі қазақтар үшін сәтсіз болған ұзақ және шығынды соғыстарға ұласты» [4. 136]. Осындай жағдайдағы «Ойрат феодальдық мемлекетінің дамуының жалпы бағыттарындағы Батыр қоңтайшы мен оның бірінші ізбасары Сенгенің кезінде, яғни 1635 жылдан 1671 жылдарға дейінгі кезеңде ішкі бірігуі мен сыртқы қарым қатынастарының нығаюы іске асырылды» [6. 106].

Қазақ хандығы мен Жоңғар мемлекеті арасындағы қатынас әсіресе ХVІІ ғасырдың 30- жылдарынан барынша қиындай түсті. Өзінің әскери күшіне сенген Батыр қоңтайшы бастаған Жоңғар хандығы қазақ жеріне ие болуға деген ниетімен ашық соғыс қимылдарына көшті.

Оның қазақ жеріне мол әскермен жорығы Ресей патшалығы және Қытаймен арадағы қатынастарды өз мүддесіне сай қалыптастыра алуынан да еді. «Жоңғар хандығының билеушісі, - деп жазады И.Златкин, - Мәскеумен толық қатынас орнатуға үлкен маңыз берді және осы жолдағы кедергілерді жоюға құлшыныс білдірді. ...Батыр қоңтайшының билігі мерзімі орыс өкіметі мен Жоңғар хандығы арасындағы елшіліктер алмасудың белсенділік танытқандылығымен атап өтіледі. Деректерде Батырдан жіберілген 33 және оның өзіне келген 19 елшілік туралы анықтамалар сақталған. Олардың бұдан да көп болғандығы туралы негіз бар» [6.120, 122].

Аталған уақытта барша монғол қоғамын жоңғар билігіне жүгіндіруге әрекет еткен Батыр өзінің мақсатына жете алды да. 1640 жылдың күзіндегі Тарбағатай өңіріндегі монғол хандары мен княздарының жиынында ол негізгі монғол руларына өзінің өктемдігін орнатып үлгерді. «Монғол-ойрат» заңы (Цааджин Бичиг) қабылданды. Осы арқылы белгілі уақытқа дейін жоңғарлардың ішіндегі өзара талас – тартыс тоқтатылды.

Осындай жағдайдағы Жоңғар хандығы мемлекеттің алдағы жүргізетін сыртқы саясатында «Алтын хан (манчжур билеушілері өздерін «Алтын әділет» деп атаған,-Қ.Салғараұлы) иеліктерімен арадағы қатынасты реттеумен және (мемлекетті,-Ғ.Қ.) маньчжур феодалдарынан қауіпсіздендірумен айналысты» [7].

Атқарылған қызметтің барысына орай «Батыр қоңтайшы билік еткен уақыттағы Жоңғар хандығының сыртқы саяси жағдайы едәуір тұрғыда тұрақты болған» [6.109].

Ал, бұл билеушінің кезіндегі «Ойрат және қазақ феодалдары арасындағы қатынас (өзара қарулы шабуылдар негізінде,-Ғ.Қ.) дамыды. Батыр қоңтайшының билігі кезінде олардың арасында үш қарулы қақтығыс: біреуі-30 жылдарда, келесісі-1643 жылы, және үшіншісі - 1651-1652 жылдарда» [6.129].

Батыр қоңтайшы мемлекеттің шаруашылықтық тұрғыда дамуына да назар аударды. Атап айтқанда, осы мерзімде «феодалдық қатынастар нығайып, қалалар қатарындағы отырықшы елді мекендер салына бастайды. Егін шаруашылығы дамиды» [8].

Яғни Жоңғар мемлекеті басшысының ішкі-сыртқы саясатының түпкі мәні хандықтың қуатын арттырып, оның территориясын жаңа жерлерді басып алу арқылы кеңейту болды.

Міне осылай, 1635 жылғы Жоңғар хандығының қалыптасуымен «...қазақтарға өздері сияқты жай көшпелі қауымдар емес, ...Оралдан Алтайға дейінгі ұлан-байтақ кеңістікті қамтыған неғұрлым ұйымдасқан саяси күш қарсы тұрды. ...Қазақ хандығы үш жағынан жоңғар әміршілерінің жекелеген иеліктерінің қоршауында қалды» [9.430].

Көптеген тарихи деректер көлемді қазақ-жоңғар қарулы қақтығыстары ХVІІ ғасырдың басынан-ақ орын алғандығын баяндайды.

«Бұхар хандығын жаулап алу туралы ойынан қайтқан Есім хан, - деп жазады М.Тынышбаев, - енді өзінің назарын келесі, неғұрлым қауіпті көршісі - қалмақтарға аударды. Есімнің қалмақтарға жасалған жоғарыдағы аталған жорығы бірінші болмаған шығар, өз кезегінде қалмақтар да өзінің ақытында қазақтарға бірнеше рет шабуыл жасауы мүмкін» [10].

М.Ж. Көпейұлының айқындауынша: «Есім хан заманында Сарыарқада қалмақтың қоныстана бастаған уақыты, әсіресе Балқашқа қарайғы атырапта. Бұл әңгімеге арқау болған кезекті бір соғыс болса керек (шамасы 1625 жж.)» [11].

Осындай жағдайдағы ХVІІ ғасырдың бірінші ширегінен бастау алған қазақ-жоңғар соғыстарында елін қорғау жолында атқа қонған ұлт батырларының қатарында Алтынайұлы Қарасай да болды. Ол шешуші шайқастарда қазақ қолына бас бола білді. «17 жасында жауға қарсы шығып,-деп жазады К.Мамырұлы, - содан кейінгі елу жыл бойы бойынан сауыты, қолынан найзасы түспей, бел шешпей елін қорғаумен болған. Алғашқы шайқастарда ерен ерлік көрсеткен бозбала жастағы Қарасайға қазақтың атақты хандарының бірі Ер Есім «батыр» атағын беріп, бас қолбасшылыққа тағайындаған. Осы Қарасай Еміл-Жанай батырдан туды қабылдап алып ант берген. Қазақтың Қарасай батыры 1627 жылы ойраттармен болған шайқаста ойраттардың қасарысқан қас баһадүрлерімен жекпе-жекке шығып, олардың он бірінің басын алған екен. Бұлардың арасында ойраттардың орасан зор баһадүрлері-ағайынды Манжи мен Танжи де болған. Батыр Қарасайдың бұл жолғы жүрек жұтқан батырлығы мен ерен ептілігі, өзгеше өжеттілігі мен ересен намысқойлығы ойраттардың төбесінде жай оғындай жарқылдаған. Осының нәтижесінде бұл жолғы болған ұлы ұрыстың барысында Ақжайықтың бойын жайлаған қазақ рулары Еділ өзенінің сол жақ жағалауындағы аса көлемді территорияға қайта өздері ие болып, сол аумақты жердің қожасы атанды» [12.65].

Осындай үлкен тойтарыс алғанымен, жоңғарлар қазақ жеріне деген ұмтылыстарын тоқтатпады. Екі хандықтың әскерлерінің тарихта қалған келесі ірі қақтығысы туралы А.И. Левшиннің баяндауынша: «...Батыр Есіммен 1635 жылы соғысқа түсіп, қырғыз-қазақ әскерлерін басқарған Жәңгір оларға тұтқынға алынған» [13]. Осындай қиын сәтте «барлық билік Қарасай батырдың қолына көшіп, енді оның басты міндеті – ханзаданы ойраттардан қалайда қайтару еді. Бастарын бәйгеге тіккен қос баһадүр Қарасай батыр мен Арғын Ағынтай батыр тәуекелге белдерін бекем буып, айла амалдарын асырып, жаудың құтын қашырып, қас – дұшпандарының шебін тас-талқан етіп бұзып жарып, қоңтайшының шатырында қолға түсіп отырған Жәңгір ханды босатып алады» [12.65].

Бұл шайқастың одан арғы жалғасын Қазыбек бек Тауасарұлы: «Сөйтіп, қалмаққа тұтқиылдан тиісіп, Арқас аңқайына дейін қуып, қалмақтарды қатты қырғынға ұшыратты. Үрейлене қашқан торғауыттар Аңқайдан өтіп қашты. Қазаққа пәле әкелген, қалмаққа жол берген Аңқай ауызы енді қазақ қолында болды. Арқарлыдан Аңқайға дейін жауды қууы Қарасайға өшпес даңқ әкелді» [14.202] - деген сипаттамамен жеткізеді.

Осы оқиға туралы Т.Сұлтановтың жазуынша: «...қолайлы сәтпен намысты тұтқыннан босанып шыққан Жәңгір ойраттардың өмірлік жауына айналды және де оларды өзінің жиі шапқындарымен мазалауды тоқтатпады. Қалмақтармен күресінде хан Қашғар моғолдарының қолдауына сүйенген болуы мүмкін. Атап айтқанда, Жәңгір мен моғол ханы Абдаллах өзара достық қатынас орнатты және елшіліктер алмасты» [15.223].

Бұл жеңіліс те жоңғар билеушісінің түпкі жоспарына деген ұмтылысына тоқтау сала алмады. Батыр қоңтайшы жаңа соғысқа дайындалды. «Бітіспес жауының толассыз шабуылдарынан азат болу үшін (Батыр қоңтайшы,-Ғ.Қ.) 1643 жылы, - деп жазады ХVІІІ ғасырдағы белгілі неміс ғалымы И.Е. Фишер, - одақтастарының көмегімен елу мың адамнан тұратын әскер жинады, және де алдымен он мыңға дейінгі Алат және Тоқман қырғыздары деп аталатын халық мекендейтін екі провинцияны бағындырды, оқиға жылдам болғандықтан Жәңгір сұлтан алты жүзден асатын ғана адам жинақтап үлгерді, алайда оларды қолайлы орналастыруды білді; бір жартысын таулардың арасындағы шатқалға жерді қаза отыра орналастырды, ал келесі жартысымен қалмақтар «тар шатқалға шабуыл жасап, одан өте алмай жатқанда таудың келесі жағына жасырынды. Барлығы оның ойластырғанындай болды: Қоңтайшы батылдықпен қорғана білген шатқалдағыларға шабуыл жасады; ал осы мерзімде Жәңгір сұлтан жауына ту сыртынан шабуыл жасады және винтовкалардан оқ жаудырып, жау жағы сол жерде қазаға ұшыраған он мыңға жуық адамынан айырылды Осы уақытта келесі татар князы Жалаңтөс Жәңгір сұлтанға жиырма мың адаммен көмекке келді. Мұның өзі Қоңтайшыны шегінуге мәжбүр етті; бұған қарамастан ол осы соғыста қолға түскен тұтқындарды ұстап қалып, оларды өз жеріне алып кетті» [16].

Келесі тарихи жазбалардан белгілі болғанындай, Батыр қоңтайшының 50000 әскерінің құрамына «негізінен түрлі топтардағы жоңғарлар және олардың одақтастары - Орталық Азияның монғол халықтары кірді. 1643 жылы Батыр Тянь-Шаньнің оңтүстік сілемдеріндегі жерлердің бір бөлігін басып алды, бірнеше мың қазақтар мен қырғыздарды тұтқынға түсірді.

Сонда Жәңгір Бұхара хандығының ықпалды төресі-әйгілі Әмір Жалаңтөстен көмек сұрады. Тянь-Шань қырғыздарының өміршілерімен де уағдаластыққа қол жеткізілді. Олар көмек көрсетуге уәде берді.

Жағдай жедел қимылдауды талап етті. Жиналған жасақпен Жәңгір Жоңғар Алатауына, Орбұлақ деген жерге жетті. Қазақ ханы сол жерде жоңғарлардың беталысын бақылап жатты. Жәңгір сұлтанда небәрі 600 қаруланған атты әскер бар еді. Бұлар таңдаулы жасақтар болатын. Олардың арасында Шапырашты Қарасай, Арғын Амантай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарпық, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Суан Елтынды батырлар болды» [9.432-433].

Нақты мағлұматтардан айғақ болғанындай батырлары бастаған саны аз қазақ жауынгерлері тапқырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Осы күш тең емес шайқаста «Жәңгір Қарасай мен Ағынтай екеуінің қолын оқпанаға орналастырды. Батыр қолының дайын жатқан, оқпанадағы жайын білмеген олар қатты қырғынға ұшырады» [14.203].

Орбұлақтағы «Жеке қаһармандығы және әскери жеңісі үшін ...қазақтар Жәңгірді –Салқам деп атаған» [15.224].

Міне осылай, өзінен саны жүз есеге жуық қарсыласына ойсырата соққы берген қазақтардың жоңғарларға қарсы тарихи деректерде дәлелденген бұл шайқасы сол мерзімдегі өте сирек кездесетін әскери қолбасшылық пен көзсіз ерліктің үлгісі болды.

Батырлары бас болған қазақ әскерлерінің бұл жеңісі жоңғар мемлекетін толығымен күйрете алмады. Осы ауыр шайқастан кейін Батыр қоңтайшы келесі соғысқа дайындалды. Мысалы: «1652 жылы Батыр қоңтайшы тағы да Тянь-Шань қырғыздары мен қазақтарына қарсы соғыс жүргізді, ал олар –қазақтар Жетісудың алыс аудандарына, қырғыздар Ыстықкөлдің, Таластың биік таулы аудандарына кетіп қалуға мәжбүр болды, олардың бір бөлігі Памир-Алайға ығысты. Келесі жылы қазақтар мен қырғыздардың біріккен күштері ойраттарға қарсы ойдағыдай күрес жүргізе бастады да, 1655 жылға қарай-ақ Жетісудың шығыс бөлігі ойраттардан азат етілді» [9.453]. Осы қақтығысты бүгінгі күнге жеткізетін: «көптен бері қазақтармен одақта болып келген қырғыздарға ойраттар, торғауыттар шабуыл жасап, оған болысуға Қарасай бастаған бес мың Шапырашты қолы қатысты. ...Кескілескен додада Қарасай батыр Батырдың оң қолын шауып түсірді. Ол жара қағынып кетіп, қоңтайшы келесі жылы о дүниеге аттанды. ...Бірақ осы ұрыстың аяғы келесі жылға созылып, Жәңгірдің жекпе-жекке шығуына тура келді. Сесеннің ұлы Қалдан Жәңгірді атап шақырды. Қарасай мен Ағынтайға қара қазақ деп қарады. Оған өзі сияқты хан тұқымы керек-ті. Жәңгір шықты.

Ұзаққа созылған ұрысқа, сәскеден үлкен бесінге дейін Жәңгір он жеті жасар қалмаққа шыдап бере алмады. Ақыры ханды Қалдан сайып түсірді. Енді қазақ намысқа шапты. Қатты кескілес болды. Жеке ғәләбқа жеткенімен, олар біразға дейін бас көтермес болып жеңілді. Жәңгірдің сүйегі өзі алғаш қаздырған оқпаннан ат шаптырым Сарыбелге қойылды» [14.203-204] - деген суреттеуден шайқастың барысын, қорытындысын білуге болады.

ХVІІ ғасырдың бойындағы елін жаудан қорғау жолындағы шешуші соғыстардың ортасында болған Қарасай батыр жұртының бейбіт өмірі мен қонысының тұтастығы үшін дипломатиялық қызметпен де айналысты. Мысалы ол 1669 жылғы келіссөзге қатысқан қазақ елшілік тобының құрамында Ресей патшалығының Петербор шаһарына барып қайтқан білікті санаткер де» [12.63-65]. Нақтылап айтқанда: «Қарасай Кіші жүз Жетіру-Тама Тұғынай мен Найман-Матай Кеден бимен бірге Ересейге елшілікке барып қайтты. Бірақ олардан қайыр таба алмай, ренжіп келді. Олар Ересейден қару-жарақ, зеңбірек сұрап сөз жүргізген. Бірақ ештеңе өндіре алмаған. Орыстар бұл қару ертең өзімізге көзделмесін қайдан білеміз деп, қаруды атағаннан-ақ жолатпаған. Сөйтіп батырдың бес ай уақыты Ересеймен арада өтті» [14.208].

Нақтылай келгенде, Жоңғарияны Орталық Азиядағы өзінің саясатында пайдалануды ниет еткен Ресей мемлекетінің қазақ хандығымен осы мерзімдегі қатынасында өзіндік ерекшелік пайда болды. Екі мемлекет арасындағы өзара байланыстың мәнін айқындай келе В.Я. Басин оған: «...Ресей мен Қазақ хандығының арасында ХVІІ ғасырда сауда, саяси және дипломатиялық қатынастар орын алды. (Алайда,-Ғ.Қ.) ...Жоңғариядағы жаңа қоңтайшының пайда болуы оның қазақ билеушілерімен қақтығыстарына әкеліп соқты, ал мұның өзі орыс-қазақ дипломатиялық қатынасын қиындатты» [17] - деген баға береді.

Қорыта айтқанда, халқының тағдыры шешілер кезеңдерде басқыншыларға қарсы атқа мінген, қол бастап, елін қорғаған Қарасай батырдың жауынгерлік қызметі ұрпағының құрметіне бөленіп, мақтанына айналып отыр.

Қазақ хандығының қалыптасып, өркендеуіндегі сынды кезең болып табылатын ХVІІ ғасырда Есім хан, одан ары Жәңгір хан бас болып, Қарасайдай батырлары қолдаған қазақ қауымының жерімізге ентелей ұмтылған жоңғарларға лайықты соққы берулерінің маңызы зор. Егер де тура осы кезеңде ұйымдасқан қазақ әскерлерінен бірнеше рет жойқын жеңіліс таппағанда, Батыр қоңтайшы билік етіп, маңайына жаугершілігімен, шапқыншылығымен белгілі болған Жоңғар хандығының қазақ жерін басып алу қаупі туар еді. Ал мұның өзі халқымыздың күйзеліске ұшырап, жерінің тұтастығынан айырылуына алып келуі әбден мүмкін еді. Өйткені осы мерзімдегі олармен өзіне қолайлы қатынас орната білген Жоңғар хандығының қазақ жерін басып алу әрекетіне Ресей мен Қытай мемлекеттері үнсіз қалған болатын.

Алайда Қарасай батыр бастаған қазақ сарбаздарының майдан даласындағы шешуші сәттердегі жеңістері Батыр қоңтайшының әскерлерінің бірнеше рет үлкен шығынмен тойтарыс алуларына әкелді. Жоңғарлар бірлесіп қимылдап, ұйымдаса білгенде қазақтардың жауынгер халық екендігін ұқты. Осыдан барып бұл хандықтың одан кейінгі мерзімдердегі даламызға жаңа шапқыншылықтары қазақ қоғамындағы жікке бөлінуге апарған қарама-қайшылықтары кездерінде орын алып отырғандығы да кездейсоқ болмаған. ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ еліндегі осындай бөлшектенуді жедел пайдалануға асыққан көпсанды жоңғар әскерлерінің алғашқы шапқыншылығын батыл қарсы алған қазақ сарбаздарына Қарасай, т.б. батыр бабаларының қаһармандықтары үлгі болып, одан күш ала білді.

Ел басына күн туған осы қиын сәтте ұлт батырлары елін біріктірудің ұйтқысына айналып, қазақ жерінің тұтастығын, жұртының саулығын сақтап қалды. ХVІІ ғасырдағы Қарасай желбіреткен азаттық пен ерліктің туын Абылайдың айналасына біріктірген Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, т.б. батырлар одан ары тұғырында берік ұстай алды.

Міне, сондықтан да Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Отанды сүю-бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау ...»[18] - деген сөзі Мәңгілік Ел болуға бет бұрған әрқайсымыздан даңқты да жауынгерлік тарихымызды негіздеп, Ел қорғаудың үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың есімдерін үнемі насихаттап, олардан үлгі алуға шақыратындығы айғақ.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1.Уәлиханов Ш.Ш. Көптомдық шығармалар жинағы / Шоқан Уәлиханов. - Алматы: «Толағай групп», 2010. Т.1. - 157 б.

2.Тынышбаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа. (Читаны в туркестанском отделе Русского географического Общества в 1924 и 1925 гг.) Восточное Отделение Киргизского Государственного Издательства. - Ташкент. - 1925, С. 28.

3. //Сибирский Вестник, издаваемый Григорьем Спасским, 1821 год. Часть тринадцатая, Спб., 1821 Обозрение Зюнгарии, С. 1.

4. История Казахстана: народы и культуры: Учебное пособие / Масанов Н.Э. и др. - Алматы: «Дайк Пресс», - 2001. - 608 с.

5. //Сибирский Вестник, издаваемый Григорьем Спасским, 1823 год, Часть вторая. - Спб., 1823 О возмущениях, бывших в Дзюнгарии и Малой Бухарии (Перевод с китайского, из книги называемой: Си юй вынь дзянь лу, т.е. Записки о землях лежащих близ западной границы Китая. Возмущение и погибель Дзюнгаров в 1754 году. - сс. 101,103, 104.

6. Златкин И.Я. История Джунгарского ханства (1635-1758) Издание второе. Издательство «Наука» Главная редакция Восточной литературы, Москва 1983, С. 335.

7. История Казахстана и Центральной Азии: Учеб. пособие /И 90 Абусеитова М.Х. и др. - Алматы: «Дайк-Пресс», 2001, - С. 341.

8. Қабышұлы Ислам. Тұран әлемі. Түркі-монғол халықтарының тарихы. - Алматы: “Санат” 2001, 253 б

9. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін).- бес томдық. 2-том.-Алматы: «Атамұра», 2010. - 640 б.

10.Тынышбаев М. История казахского народа. Составители и авторы предисловия проф. Такенов А.С. и Байгалиев Б. - Алма-Ата, «Қазақ университеті», 1993. С. 159.

11. Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы: Оқулық-хрестоматия. - Астана: «Фолиант», 2000. – 141 б.

12. Кәмен Мамырұлы. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. – Алматы: «Ғылым» 2000. 264 б.

13. Описание киргиз-казачьих, или киргиз кайсацких, орд и степей. Сочинение Алексья Левшина, Члена разных ученых обществ Российских и иностранных. Часть вторая. Историческая известия. Спб, в типографии Карла Крайл, 1832. С. 58.

14.Тауасарұлы Қазыбек бек. Түп-тұқианнан өзіме дейін. Басп. дайындаған Б.Қыдырбекұлы. - Алматы: «Жалын». 1993. - 416 б.

15. Султанов Т.И.Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. Алматы «Дайк-Пресс». - 2001. - 276 с.

16. Сибирская история с самого открытия Сибири до завоевания сей земли российским оружием, сочиненная на немецком языке и в собрании Академическом читанная членом Санкт-Петербургской Академии наук и профессором древностей и истории, так же членом исторического геттингского собрания Иоганном Ебергардом Фишером в Санкт-Петербурге при Императорской Академии наук 1774 года. сс. 443-445.

17. Басин В.Я.Россия и казахские ханства в ХVІ-ХVІІІ вв. (Казахстан в системе внешней политики Российской империи). Издательство «Наука» Казахской ССР Алма-Ата. – 1971. сс. 102,103.

18. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша. «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» / Егемен Қазақстан. 12.11. 2014.


© Copyright 2013. Институт истории государства
Яндекс.Метрика