Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Бейбітшілік көшесі 4

 

Жариаланымдары

Астана – 15 жыл

АСТАНА ТАҢДАУ БАҚЫТЫ


«Біз астананы мүлде жаңадан салдық. Оны көшіруге байланысты болған барлық проблемаларды жүрегімізден өткіздік. Бұл арман еді. Енді ол – тамаша қала, Қазақстанның мақтанышы және жүрегі»

Нұрсұлтан Назарбаев


Осыдан 15 жыл бұрын Астананы көшіру идеясы іске асты. Еліміздің қазіргі тарихында Астана таңдау бақыты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бұйырды, Астана оның маңдайына бақ боп қонды. Өзінің төлтумасына балаған Астана қаласы туралы толғауын Елбасы: «Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы - 1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», - дей келіп, - 1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын.

Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама Астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқанын» алға тартты.

Тарихи деректерге көз салсақ, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған. Ал, қазіргі есеп үш еселенді, 800 мыңға жуықтады. Ішкі көші-қон есебінен бас қаламызға қоныс ауыстырғандар саны 1999 жылдан бастап қарқын алды. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен Елордаға 62 мыңға жуық адам көшіп келген. Биылдың өзінде Астанаға 40 мыңнан астам адам қоныстаныпты.

Елбасының Астана арқылы ұлттың жаңа мәтінін жазуға үндеген «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде қала тарихының өрлеу кезеңдеріне тоқталады. Бірінші өрлеу кезеңі қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Бозоқ қаласының гүлдену кезеңімен байланыстырылады. Бозақ қаласы Қыпшақ хандығының астанасы болған. Осы аумақ арқылы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өткен. Тағы бір еңбегінде «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы» деп жазады.

Астана қаласының маңына орналасқан Бозоқ қаласының орны 1998 жылы анықталып, алғашқы зерттеу жұмыстары 1999 жылы Есіл археологиялық экспедициясының негізін қалаушы және жетекшісі Кемал Ақышевтың бастамасымен жүргізілгені белгілі. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның пайымдауынша, «Бозоқ» – түркі - оғыз термині. Яғни көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың бузук (боз оқ) термині – тесіп өтетін жебе немесе ақ жебе деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі «боз дала», «ақ селеулі құтты қоныс» деген мағынада түсіндіріледі. Бозоқ қаласы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, бірнеше кезеңдерден тұрады. Ал ХІV ғасырдан бастап Бозақ қаласы Нұра-Есіл аймағының исламданған элиталы рухани орталығы болған.

Осындай іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысы, бұрынғы тарихи анықтамаларда жазылып жүргендей, Ақмола «қаласының негізін 1830 жылмен» шектемейді. Керісінше оның ауқымын одан әрі кеңейтіп, орта ғасырлардағы түркі дәуіріне тірейді. Бұл кезең де төл тарихымызға ғылымның бір белесі ретінде енді.

Екінші өрлеу кезеңі кеңестік кезеңмен (1920-1990) байланысты айтылады. «Өзінің қолайлы географиялық жағдайының арқасында Кеңес өкіметі жылдарында, Ақмола жерінде қаланы одақтың темір жол жүйесіне қосқан және көлік ағынына ілестіріп әкеткен темір жол магистральдары салынды. Бұл өз тарапынан өнеркәсіптің әртүрлі салаларының кең дамуына және Ақмоланың ірі көлік торабына айналуына алып келді. Ұлы Отан соғысы жылдарында әскери-көлік торабы болды. Экономиканың барлық салаларының дамуына жаңа тынысты «тың дастаны» дарытты. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целинонрад болып өзгертілді және Тың өлкесінің орталығына айналды. Осы кезде Ақмола облысының тұтастығын сақтап қалу жолында сол кездегі Қаз КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Ақмоланың тумасы Жұмабек Тәшенов орталықпен текетіреске түсті. Ол Н.С. Хрущевтің Қазақстанның бес облысын Ресейге қосу туралы идеясын талай рет тойтарып тастады және «бұл мәселенінің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсы болды». Оның кеңестік «империялық» кезеңде туындаған жер дауында Мәскеудегі «біріншіге» ашық қарсыласуы – ел тағдырын шешудегі батыл қадам еді.

Үшінші өрлеу кезеңі Одақтың ыдырауы мен егемен мемлекетіміздің іргесі қаланған кезеңмен байланысты. Бұл кезең Қазақстан орталығын, қазіргі Астанаға айналған Целиноградқа көшіру, Қазақстан мемлекеттілігі дамуының өзінше бір жаңа кезеңі болды. Астанаға айналғаннан кейін, қала өз тарихының үшінші дәуірін бастады.

Тәуелсіздік тарихында осы кезеңдегі Астана қаласының маңызды оқиғалары Мемлекет басшысының астананы көшіру туралы идеясын қайта жаңғыртқан 1994 жылмен, Қазақстан Республикасының Үкіметі «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» тарихи қаулы қабылдаған 1996 жылмен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республиксының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы қабылданған 1997 жылмен, Астананың ресми тұсаукесері болған 1998 жылмен және ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атанған 1999 жылмен байланысты айтылады.

1994 жылдың 6 шілдесінде «жаңа астананы таңдау 32 өлшем бойынша жүргені егжей-тегжейлі айтылды. Олардың ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық жағдайят, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның болуы, әрі оны дамытудың келешегі, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және басқа да өлшемдер болғаны негізделді. Елдің стратегиялық мүдделері де алыс болашаққа арнап есептелді».

1997 жылы Ақмола қаласының астанасы болып жариялануы «бүкіл мемлекетіміздің дамуының алғашқы қозғаушысы және серпін берушісі болды». Астананы ауыстырған кезде Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытуға тұтас 50 миллион доллар бөлінген. Жаңа астанадағы 9 шағын аудан осы ақшаға салынған.

1996 жылдың 26 қаңтарында Президент жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» ҚР-ның Заңына сәйкес Ақмола Арнайы экономикалық аймағы (1996-1999 жж.), сосын «Астана – жаңа қала» АЭА (2001-2027 жж.) құрылады.

Қаланың тарихына байланысты Астана қалалық мемлекеттік мұрағат құжаттарында Ақмола қаласының дамуы 3 кезеңге бөлінеді және олар Қазақстан Республикасының жоғары және орталық мемлекеттік мекемелерінің Ақмола қаласына көшірілуі және Ақмола қаласының мемлекеттің астанасы ретінде даму бағдарламасына сәйкес келеді. Оның алғашқы екі кезеңіндегі қыруар құрылыс жұмыстары «сындарлы онжылдықта» орындалды. Ал соңғы кезеңіндегі ұзақ мерзімге жоспарланған іс-шаралар кешені «бейбітшілік пен жасампаздық» жылдарында іске асырылуда.

Бірінші кезеңде (1996-1997) жоғары мемлекеттік мекемелер, экономикалық, өндірістік және қарулы күштер министрліктері мен ведомостволары орналастырылды.

Екінші кезеңде (1998-2000) орталық мемлекеттік мекемелерді Ақмола қаласына орналастыру процесі аяқталды.

Үшінші кезеңде (2001 жылдан бүгінге дейін) Ақмола қаласы және ірі өндірістік, әкімшілік және мәдени орталықтары ретіндегі, оның ықпалды аймақтарының одан әрі дамыту көзделді. Аталған «Арнайы экономикалық аймақ» тұрғындардың көші-қоны есебінен 2005 жылға дейін халық санын 600 мың адамға көбейтуді жоспарлаған еді. Қазір бұл міндеттер шешімін тапты.

2012 жылғы мәлiмет бойынша, қалада 743 014 адам есепке алынса, 2013 жылы 800 мың адам ресми тiркелген. Астана тұрғындары санының өсу динамикасы соңғы Халық санақтары бойынша мынадай:

1989 жылы – 281,3 мың адам (санақ)

1999 жылы – 326,9 мың адам (санақ)

2009 жылы – 613,6 мың адам (санақ). Ал қазір халықтың табиғи өсімі 4092 адамды, ал көші-қон өсімі 3384 адамды құрайды.

Сол жылдары «Астананы салуға инвестициялар көлемі 2 миллиардтай долларды құрағаны» белгілі. Бір атап өтерлігі, соның 70 пайыздайы өзіміздің инвестициямыз» болған. Бұл да еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму тарихындағы тағы бір үлкен белес болды және ұлттық экономикасымыздың жарқын бір көрінісі деуге болады.

Осы ретте айта кетейік, мұрағат құжаттарында Алматы астана болғанда 50 жыл ішінде, магистральды көлік транспортының қашықтығы мен өндірісті дамытуға қажетті шикізат қорының жоқтығына қарамастан, оның саны 6 есеге өсіпті. Ал қазіргі Астанамыз еліміздің екі онжылдық тарихында болған әлемдік қаржылық дағдарыстарға қарамастан, экономикалық тұрақтану мен өсуге қол жеткізді. Сондай-ақ Халықаралық «EXPO-2017» көрмесін Астана қаласында өткізу мәртебесіне ие болды. Еліміздің болашаққа деген сенімі артты.

Бүгінгі әсем Астанамыз еліміздің тек әкімшілік орталығы болумен шектелмейді, сонымен бірге бабаларымыз аңсаған азаттық пен ұлттық қайта түлеудің де орталығына айналды. Жоғары деңгейдегі ресми кездесулер, білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, спорт пен туризм саласындағы іс-шаралардың бәрі біздің Астанамызда өтеді. ХХІ ғасырдағы осындай жаһандық үдерістердің бел ортасында тіршілік ету – әлемдегі кез келген ұлттың пешенесіне жазылмаған.

Астана елімізге тағдыр тауқыметімен табан тіреген өзге де халықтардың мекені. Астана - біздің ортақ шаңырағымыз. Астана өзге ұлттарды ғана емес, бүкіл адамзатты бейбітшілік пен келісімге шақырады. Туған күнің құтты болсын, АСТАНА! Астана бақыты халқына жұғысты болсын!


Күлпаш IЛИЯСОВА, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, доцент

comments powered by Disqus

© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика