ӘДІЛЕТТІК КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ БАСҚА МА?..
Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінің 27 қыркүйектегі санына «Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек» атты көлемді мақала жарық көрді. Авторы Қазақстан Ұлттық Ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Асылбек. Бұл мақала шықпас бұрын алдын ала хабардар болған едік.
Өйткені, жақын араласатын профессор ағаларымызға академик Мәлік-Айдар көкеміздің қоңырау шалып, өзінің Бүркітбай Аяғанды аямай сынап, көлемді мақала жариялағалы жатқанын айтқанын естідік әрі ойланып қалдық.
Шықпай жатып атойлаған мақаласы көп ұзамай газетке басылды. Оқып шыққаннан кейін, атағы дардай академиктің құжаттар жинағына шүйлігіп, кемшілік іздегенін түсіндік. Бұл сынаудың артында теріс пиғылдың бары айқын аңғарылды. Мақала авторының негізгі көздеген нысаны жинақ емес, нақтырақ айтқанда сол жинаққа алғысөз жазған профессор Бүркітбай Аяғанға бағытталған. Расын айту керек, академик ағамыздың мақаласында ғылыми көзқарастан гөрі, эмоциялық сезім басымырақ. Автордың мақаласын оқи отырып, ол кісінің Бүркітбай Аяғанды жерден алып, жерге салғаны соқырға таяқ ұстатқандай көрінеді. Яғни, оның Ұлы Отан соғысына қатысты жазған пікірлерін өздігінше жіліктеп, талдамақшы болған. Алайда, Бүркітбай Аяғанның жинақта айтқан Ұлы Отан соғысына қатысты пікірлері аталмыш тақырыпқа қатысты өткен алқалы басқосуларда, конференцияларда және БАҚ беттерінде жиі айтылып жүргенін елдің бәрі біледі. Бұдан кейін де айтыла береді. Бұл пікірлер отандық ғалымдардың айтып жүргендерінен өзгеше. Әрі ғылыми әлеуеті жоғары. Себебі, ол кісі қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбектермен қоса, шет тілінде шығып жатқан ғылыми еңбектерді де көп пайдаланады. Жалпы, қазіргі күні отандық тарихшы ғалымдардың басым бөлігі шет тілдерін білмейді. Сондықтан көбінің зерттеп жүрген тақырыбын игеруде мүмкіндігі шектеулі. Әрі кетсе орыс тілінде шыққан зерттеулермен шектеледі. Бұл – отандық ғылымның орны толмас олқылықтарының бірі десек артық айтқандық емес.
Академик ағамыздың сынаған жинақтың негізгі жобасын дайындауға мен де қатысқан едім. Алғысөзін Бүркітбай Аяған, ал қорытындысын Хангелді Әбжанов жазды. Жинаққа бөлінген қаржының тым аз болуына байланысты өңірлердегі мұрағаттарды қарауға мүмкіндік болмады. Сондықтан, мүмкіндігімізше қолдағы мен қордағыны топтастырып, бас-аяғын біріктіріп, жақсы дүние жасауды мақсат еттік.
Бұл тек тарихи-құжаттық жинақ қана, іргелі зерттеу емес. Ішінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақстандықтардың қосқан үлесі мен жасаған ерліктері жайында мағлұматтар берілген. Және қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қосқан үлесі ғалымдар тарапынан сараланып, талданады. Жинақта біршама зерттеулер де бар. Әсіресе, еңбекте қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысының жалпы жеңісіне қосқан үлесі жайында кішігірім өзекті зерттеулер мен тарихи-құжаттық материалдар жинақталып, бес жылдық соғыс тарихының ақтаңдақтарына және соғыс жылдарындағы халықтың ауыр тұрмыс-тауқыметіне шынайы баға беріледі.
Бұл Ұлы Отан соғысына қатысты бірінші әрі соңғы еңбек емес қой. Әлі талай жаңа еңбектер жазылып, тың тақырыптарға түрен салынады. Жаңа деректер негізінде тың пікірлер мен пайымдаулар жасалады. Тарихымыздың бұл кезеңдері әлі де болса көмескілеу екені ақиқат.
Бұл еңбек жалпы көпшілік үшін танымдық тұрғыда мағлұмат беру мақсатында дайындалды. Сондай-ақ, жинақты дайындау барысында кейбір зерттеушілердің пікірлері де ескерілді. Баспаға берілместен бұрын сыни-пікірлер алуға мүмкіндік те жасалды. Жинаққа белгілі ғалымдар тарапынан оң пікірлер берілді.
«Біткен іске сыншы көп» демекші, ғалымдардың баспадан шыққан еңбекке сын айтқаннан гөрі, еңбек дайындалу барысында тұшымды ойларын беріп, өздерінің ғылыми ұстанымдарын айтуы керек еді.
Баспадағы жұмыста, кейбір мәліметтерді теру барысында техникалық қателер жіберілуі мүмкін. Бірақ ондай жіберілген техникалық қателерді түсінген адам, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихын бұрмалауға бағытталмағанын айқын көре алады.
Аталмыш жинақта берілген естеліктер, деректер – белгілі ғалымдардың өздері арнайы жинақ үшін дайындап берген еңбектерінен алынды. Сондай-ақ, бұл жинақты жасауға көптеген ғалымдар еңбек сіңірді. Ал сол еңбектерден Ұлы Отан соғысына байланысты мәліметтерін жеке топтастыру арқылы жинақтың мәнін ашу үшін пайдаланудың ешқандай артықшылығы жоқ деп ойлаймыз. Барлық пайдаланылған мәліметтердің дерек көздеріне сілтемелер жасалған. Бұл жинақ Отан тарихының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кезеңінің барлық мәселелері мен ғылыми міндеттерін шешіп тастаған жоқ, керісінше қозғалмай жатқан сеңге серпіліс беріп, жаңа ойлардың, ғылыми пікірлердің қалыптасуына мүмкіндік жасады деп ойлаймыз.
Жинақтың Ұлы Отан соғысына қатысты жарық көрген көптеген еңбектерден кем емес екендігін атап айтқым келеді.
Біздің жинақты құрастырып шығарудағы басты міндетіміз сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың шынайы тағдырын көрсету маңыздырақ болды. Жинақтың шынайылығын ашып көрсету мақсатында сол жылдардағы жарық көрген газеттерді және майдангерлердің, тыл еңбеккерлерінің хаттары мен естеліктерін сол күйінде мейлінше өзгертпей беруге тырыстық. Алайда кейбір мұрағат құжаттары баспада редактор тарапынан аздап өзгеріске ұшырағанын жасыра алмаймыз. Себебі, кітап редакторы соғыс жылдары сауатсыздау жазылған бір-екі құжатты үстінен қайта өңдеп жіберген. Біз мұны кітап болып басылып шыққанда бірақ көрдік. Дегенмен, құжаттың жазылу стилі өзгертілгенімен, жалпы мазмұны өзгерген жоқ.
Жинақ тек жинақ қана. Бұл арнаулы зерттеу емес. Академик ағамыздың ойындағы дүниені жазу үшін көптеген шаруалар жасалуы қажет. Негізінде Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына арналған арнайы том бірнеше жылда жазылуды қажет етеді. Оған көптеген ғалымдар атсалысуы тиіс. Ұлы Отан соғысына қатысы бар көптеген елдерге іс-сапар жасап, ондағы мұрағат құжаттарын ақтарып, оларды ақыл таразысына салып, сараптап зерделеуді талап етеді. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысы бар мемлекеттердің мұрағаттары қаралып, шетелдік ғалымдардың да пікірлері алынуы керек.
Бүгінде Мемлекет тарихы институты ұжымының дені жастардан құралған. Ашылғанына бес жыл енді толса да, көптеген кітаптар шығарып үлгерді. Институт басшысы көптің көзін көрген білікті ғалым. Әсіресе, жастарға қамқорлық танытып келеді. Осы арада Институт басшысының бір сөзін келтіруді жөн көріп отырмын: «Осы күні жастар ғылымнан алшақтап бара жатыр. Қарап отырсам, отандық ғылым қартайып барады. Сондықтан, жастарды ғылымға баулып, қамқорлық көрсетіп, қатарымызға тартуымыз керек», – дегенді үнемі айтады.
Бүгінде Институт басшысының тікелей қолдап, көмек көрсетуінің арқасында институттың бір топ жас ғалымдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде және еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында магистратурада, доктарантурада білімі мен біліктіліктерін шыңдауда.
Тағы да атап өтер жайт, Мемлекет тарихы институты қызметкерлерінің көпшілігі академик ағамыздан кезінде дәріс алған. Ақыл кеңесін естіген қызметтес шәкірттері. Сондықтан болар, институттың хабарландыру тақтасына ілініп қойған академиктің орынсыз сынаған мақаласын көріп, көбі ыңғайсызданып жүр.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым, тақырыпқа арқау болып отырған аталмыш жинаққа Мемлекет тарихы институтының қатысы жоқ. Ол «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің мұрындық болуымен жарыққа шықты. Өкінішке қарай, академик ағамыз ең алдымен осы жерді көрмеген екен.
Жасұлан АБДРАМАНОВ,
Мемлекет тарихы институтының
ғылыми қызметкері.
// Қазақ әдебиеті. - №44 (3364) №45 (3365)
http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=248&CURENT=&ARTICLE=6819