Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Бейбітшілік көшесі 4

 

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОРЫНБОР МҰРАҒАТЫ


Ахметова Ұ.Т. т.ғ.д., М.Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті


Қазақ мемлекеттілігі тарихын біртұтас дәйектей жазу үшін алдымен сан-салалы мұрағат құжаттарын түпдерек ретінде ғылыми айналымға қосу басты мәселелердің бірі екендігі күн тәртібіне шығып тұр деп есептеймін. Бүгінде қазақ халқының құнды тарихи құжаттары әлем мұрағаттарында шашырап жатқаны баршаға аян. Дегенмен олардың маңызды бөлігі Ресей мұрағаттарында сақталған.

Қазақ мемлекеттілігі тарихын кәсіби жазу бағытындағы жұмыстар дербестігімізді алған тұстан бері жүйелі жүргізілуде. Әйтсе де әлде де ізденістер жүргізіп, толықтырар тұстары жетерлік. Сонау 1949 жылы тарихи айтыс үстінде өзінің сыншыларына қарсы берген тұшымды жауабында Е.Б. Бекмаханов еш тайсалмастан: «Мені сынаушылардың шектен шыққандығы соншалық, тіпті, олар демогогтік дәйектеулері нәтижесінде қазақ тарихындағы мемлекеттіліктен бас тартып, қазақтар мемлекеттілікке Қазан төңкерісінен кейін ғана қол жеткізді деуге дейін барды. Олардың түсінігінше қазақ халқы аморфтық көпшілік ретінде экономикалық және мәдени қоғамда осы ұлан-ғайыр территорияда мемлекеттен тыс өмір сүрген екен», - деген батыл жауап қайтарған-ды.

Атақты тарихшының Қазақ мемлекеттілігі туралы тұжырымын анық дәлелдейтін мұрағат құжаттары Ресей Федерациясының Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатында жинақталған.

ХVІІІ ғасырда Қазақ хандығына келіп тірелген патша үкіметі оны тану мақсатында жасаған түрлі экспедициялар қорытындылары және өз шенеуніктерінің қазақ елінің билеушілерімен жүргізген хат алмасуларынан басталған мұрағат - кейін шаруашылық, статистикалық, кедендік, әлеуметтік, саяси мәселелерге ұласты. Осылайша қазақ-орыс шекарасындағы патша мекемелерінде жинақталған мыңдаған құжаттарды реттеу 1887 жылы құрылған Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясының үлесіне тиеді. Комиссия бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесіндегі құжаттарды сұрыптап Орынбор мұрағатының негізін қалыптастырады [1].

Тарихи құжаттар сұрыпталу барысында жоғалып, тіпті кейде аукциондарда сатылып, пешке жағылған. Мәселен бір ғана Бөкей ордасындағы Уақытша кеңес мұрағатындағы 7060 іс-құжат жойылған [2]. Олардың арасында біз таба алмай жүрген Исатай батыр мен Махамбет батырдың жеке мұрағаты өзге де маңызды материалдар болуы мүмкін.

1914 жылы-ақ Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясының төрағасы В.А. Попов башқұрт әскерилері басқармасы және қазақ даласындағы сұлтандық басқару құжаттарының, кейін зерттеуші С.Назин жоғарыдағы құжаттарға қоса 200 пұт құжатқа жеткен Орск қорғаны мұрағатының оның ішінде, әскери экспедициялар істері, Арал, Әмудария, Сырдарияға жорықтары өзге де маңызды құжаттардың жойылғанын жазған-ды. Бұл саясатты билікке келген большевиктер де жалғастырған. Бұл жөнінде Орынбор мұрағатының өкілдері А.П. Михайлов, С.Петров, Л.Курашевский: «Большевиктер мұрағатты тонады. Бұл тонауды 1919 жылдары келген казактар онан әрі жалғастырды. Кейін тонау бұрынғыдан да күшейіп, құжаттар буда-будасымен отқа тасталды», - деп атап көрсетеді.

Қазақстандағы мұрағат ісін зерделеген тарихшы А.Ахмет: «Көптеген қорларды Орынбор губерниясының орыс шовинизмімен ауыратын мұрағатшылары еліміздің тарихына қатысты қор құжаттарын Қазақстанға жібермеу мақсатында көптеген істердің мұқабасындағы тақырыптардың аттарын қасақана өзгертіп, немесе, ол істерді әдейі сөгіп басқа істерге қосып, жаңадан басқа істер дайындаған. Сөйтіп, Қазақстаннан барған мұрағатшылардың көзін бояп, ізін адастырып, кейбір құнды құжаттарды тізімнен шығарып тастайды», - деп орынды пікір білдірген [3].

Сонымен бүгінгі Орынбор облысы мемлекеттік мұрағатында нешебір қазақ халқының тарихына қатысты баға жетпес құжаттардың қолдан және тарихи жағдайларда жойылғанына қарамастан Қазақ хандығының сан ғасырлы қилы тарихын айғақтайтын мыңдаған мұрағат материалдары сақталған. Олар №1 «Орынбор экспедициясы» қорындағы 1734-1737 жылдар аралығын қамтитын 7, №2 «Орынбор комиссиясы» қорындағы 1737-1743 жылдар аралығын қамтитын 15, №3 «Орынбор губерниясы кеңсесі» қорындағы 1744-1782 жылдар аралығын қамтитын 202, №4 «Симбирск және Уфа генерал-губернаторы кеңсесі қорындағы 1789-1796 жылдар аралығын қамитын 7, №5 «Орынбор шекаралық істері»қорындағы 1782-1799 жылдар аралығын қамтитын 70, № 6 «Орынбор генерал-губернаторы кеңсесі» қорындағы 1797-1881жылдар аралығын қамтитын 38072, №222 «Орынбор шекаралық комиссиясы» қорындағы 1799-1858 жылдар аралығын қамтитын 42, №54 «Орынбор шекаралық соты» қорындағы 1786-1799 жылдар аралығын қамтитын 50, №153 «Орынбор кедені» қорындағы 1760-1868 жылдар аралығын қамтитын 305 істерден құралған. Оларға қоса жеке қорлардың құжаттары да маңызды. Мәселен, Г.Ф.Генстің (1787-1845жж.) (№166 қор), генерал-майор И.В.Черновтың (1825-1902) (№167 қор), А. В. Поповтың (1867-1918) (№168 қор), С.Н.Севастьянов (1863-1907) (№169 қор) қорларында қазақ тарихына қатысты мұрағаттық құжаттар жеткілікті.

Алдымен, мұрағат құжаттары арқылы орыс үкіметінің Азияны отарлау және Алтын Ордадан кейінгі құрылған хандықтарды өзіне бағындыру жолындағы саясаты анық дәлелдейді. Бұл арада І Петрдің жоспарымен түркі тілдес халықтарды бағындыру, соған сәйкес Қазақ хандығын қосып алу, соңында оны Шығысқа шығар «кілт және қақпа» ретінде пайдалану жүзеге асырылды. Осы мақсатта 1734 жылы Орынбор экспедициясы, 1737 жылы Орынбор комиссиясы құрылды. Мұрағатта Ресейдің: «қай уақытта да қалмақ, башқұрт, қазақ халықтарын өзара жауластыру арқылы оларды әрдайым өзімізге бағындыруға болады» деген саясаты ашық жазылған [4].

Орыс үкіметі Қазақ хандығындағы барлық жағдайды бақылауда ұстау үшін шенеуніктерді қазақ тілін білуге дайындаған. Оларды қазақ билеушілеріне жіберіп, барлық ішкі-сыртқы саяси жағдайды өз бақылауында ұстаған [5]. Орынбор мұрағатында қазақтарды экономикалық жағынан қыспаққа алу, осы мақсатта қазақтар үшін атамекен болып есептелген Жайықтың Еуропа бетіне өткізбеу шараларын шебер жүзеге асырылғаны байқалады. Ол үшін Жайық өзені бойына қаруланған қорғандарға толтырылды. Патша үкіметі 1742 жылы В.Н.Татищевке берген бұйрығында қазақтарды Жайықтан өткізбеу бұйырылып, оларға жау ретінде күш қолдану және алдын-ала қалмақтар мен казак орыстарды дайындап қою қажеттігі ескертіледі. Патша Жарлығымен «қалмақтар мен казак-орыстарға қазақтардан алынатын олжаның барлығы сендердікі болады деп сендіру» бұйырылады [6]. Кейін А.И.Тевкелев бас хан Әбілқайырға жолдаған хатында ашық орыс әкімшілігімен қарым – қатынасын түзетуді талап етеді. Олай болмаған жағдайда қазақтар «Еділ жағынан мыңғыраған казак-орыс әскерлері, оларға қоса казак-орыстары және қалмақ әскерлері, Орынбор жағынан саптағы Ресей әскерилері, сонымен бірге башқұрттар, мещерлер және Қазан татарлары, Сібірден басқа жат жұрттықтар аттандырылады. Мұндай жағдайға ұшыраған қазақтар не істейді? Арал теңізіне суға кетпесе патша ағзамның ашу-ызасынан басқа құтылатын жол жоқ», - деп ашық ескертеді. Мұндай қоқан-лоқы күш көрсету саясаты толық жүзеге асты. Мұрағатта отарлау саясатын шебер меңгерген Ресей империясы түрлі жолдармен қазақ билеушілерін бір-біріне айдап салды. Орынбор мұрағатында осы саясат Әбілқайыр хан - Барақ сұлтан, Нұралы хан – Сырым батыр, Есім хан – Сырым батыр, Жантөре хан – Қаратай сұлтан, Шерғазы хан – Арынғазы хан қарым-қатынастарында айқын байқалады. Ресей үшін бұл арадағы басты мақсат Қазақ хандығының дәстүрлі басқару жүйесін жою болатын. ХІХ ғасыр басында Ресей коммерция министрі Н.П.Румянцев: «осы арқылы қазақтар алауыз болып бөлік-бөлікке бөлінеді, сөйтіп, ішкі талас олардың бізге қарсылығын әлсіретеді. Ол арқылы патшаға тәуелді Ресей қолдаушысы болады», - деп орыс үкіметінің жоспарын жайып салған-ды [7].

Екіншіден, мұрағат құжаттарында Қазақ хандығының біртұтас мемлекеттігін айқындайтын территориялық, ұлттық, шаруашылық, тұтастығын, нақты көрсететін жазбалар, анықтамалар молынан. Бұл мәселелер ХVІІІ ғасырдағы қарқынды қазақ-орыс қарым-қатынастарының бастауында тұрып Орынборда еңбек еткен А.И. Тевкелев, И.К. Кирилов, П.И. Рычков жазбаларында ерекше көрініс тапты. Алғашқы Орынбор экспедициясының басшысы И.К. Кирилов қазақтардың Жайық, Торғай өзендері бойында, Арал теңізі маңында жайлайтынын жазып алса, кейін Ресей билігі сол заманда Қазақ хандығы шекарасын Жайық өзенінен Жоңғарияға, оңтүстігінде Хиуа, Бұхара хандықтары аралығы ретінде анықтаған [8].

Үшіншіден, мұрағаттан Қазақ хандығының дәстүрлі басқару жүйесінің құрылымын анық байқаймыз. Қазақ хандығының үш жүзден, олардың үлкен тайпалардан құралатыны хатталады. 1749 жылы тамыз айында Қаратоқа би «хандық басында Шыңғыс ханнан тарайтын ұрпақтар отырғанын, Әбілқайырдың да содан тарағанын» И.И.Неплюевке ескерткен [9]. Мұрағатта жинақталған материалдарда Бас хандар, жүз хандары, билер, батырлар, ақсақалдар, мұсылман діні өкілдері-қожалар, жасауылдар, төлеңгіттерден тұратын хандықтың әлеуметтік басқару жүйесі анықтала түседі. Хандықтың жоғары органы болып Халық Кеңесі есептелген. Ал сол кезеңде пайда болған тархандық түркітілдес халықтарға ортақ атақ болғанымен ХҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Ресейдің жоспарлы саясатымен енгізілді. Мұндай құйтырқы саясат башқұрттарды отарлау барысында сыннан өткен-ді. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда тархандықты шамамен 38 қазақ иеленген. Алғашқылары ел ішінде беделді Жәнібек, Есет, Өтетілеу батырлар болатын. Оларға ерекше «құрмет көрсету» арқылы Орынбор өз саясатын қазақтар арасына таратуға тырысты. Ресей атадан балаға мұра болып қалатын 1 дәрежелі тархандықты Жәнібек, Сырым, Тіленші, Сыпыра батырларға берген. Олардың ұрпақтары да осы дәстүрмен тархан атанған. Мәселен Жәнібектен соң ұлы Дәуіт, одан соң немересі Мұса алған [10].

Төртіншіден, мұрағатта Қазақ хандығының ХVІІІ ғасыр аяғына дейінгі сыртқы саясатындағы көпвекторлы саясаты соның ішінде Тәуке хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, Абылай ханның тек қана Ресеймен ғана емес, сол сәтте Жоңғариямен, Азия хандықтарымен, Иран империясымен, Ауған елімен, Цинь патшалығымен және сол қатарлы өзге де көршілес хандықтар және халықтармен қарым-қатынас орнатып, елшілік алмасқаны толық көрініс табады. Алдымен ол тәуелсіз ел ретінде ХVІІІ ғасырда Ресей қоластындағы қалмақ, башқұрттармен байланысында анық көрінеді. Олардың қазақтармен сан ғасырлық көршілес орналасуы бірде бейбіт, енді бірде өзара соғыстарда өмір сүруіне әкелді. Ресей оларды бағындырып, жан-жағынан бекіністермен қоршап жандайшабына айналдыруға барын салды. Мұны қазақ қауымы жақсы түсінді. Ресейдің мұндай әпербақан саясатына қарамастан Қазақ хандығы олармен қарым-қатынасты тікелей өздерімен шешкенді жөн көрген. Мәселен, башқұрттар 1735-1736, 1737-1738, 1740 жылдардағы Ресейге қарсы азаттық соғыстарында алдымен қазақтарға арқа сүйеді. Башқұрт елшілерінің бірінен соң бірі Әбілмәмбет, Абылай, Барақ сұлтандарға келіп, көмек сұрап, өздеріне хан ретінде қазақтарды шақыруы, соңында 1737-1738 жылдары Әбілқайырдың башқұрт ханы болып сайлануы түркітілдес халықтардың тағдырлас екенін айқындайды [11]. Кейін башқұрттардың азаттық соғыстарының басшылары Сұлтанмұрат, Қарасақал қазақтар арасынан пана тапты. Ресейдің неше бір талабына қарамастан Қарасақал арғын-қаракесек руымен қабылданып, Қазыбек би мен Қабанбай батырдың қолдауына ие болған [12]. Ал Еділ қалмақтарымен қарым-қатынас та көп жағдайда екі халық билеушілерінің келісімімен шешілген. Оған жол бермеуге тырысқан патша үкіметі «біздің қатынасуымызсыз жүргізілген өзара келіссөздер неге керек? Тыйым салынсын» деген шешім қабылдайды [13]. Осындай құйтырқы саясатқа қарамастан 1742 жылы көктемде қазақ-қалмақ билеушілері «еңбектеген баланың еңкейген кәрі болуына дейін» соғыс ашпау туралы келісімге қол жеткізген. Мұндай келісімге бас хан Әбілқайыр, Көшек хан, Барақ, Әбілмәмбет сұлтандар, Есет, Жәнібек батырлар қатысқан. Жалпы мұндай келісімдер соңы өзара құдандалықпен аяқталған. Дегенмен патша үкіметі қай уақытта да халықтар арасына от тастап, бірін-біріне айдап салып жанжалды қолдан қоздырып отырған. Оған 1755 жылғы башқұрттардың кезекті азаттық соғысының соңы қазақ-башқұрт қарым-қатынасының шиеленісуі дәлел бола алады [14]. Оның салқыны ғасырдан-ғасырға ұласты. Ол бөлек әңгіме.

Орынбор мұрағатында қазақтардың Жоңғар хандығымен 1755 жылға дейінгі саясаты толық хатталған. Бүгінде Ресейдің Жоңғар хандығын күшейтіп, оны Цинь елінің күшеюіне қарсы және қазақтарды орыс патшасына бағындыруға мәжбүрлеуге пайдаланғанын тарихшылар жақсы біледі. Қазақ-жоңғар арасында талай мәрте қанды шайқастар болғанымен, соңында елшілер алмасып, елдік мәселелер шешілген. Мәселен 1741 жылы Әбілқайыр хан Құтылымбет батырын Қалдан Церенге жіберіп, «Түркістан мен Ташкентті қайтаруын» сұраған. Ол жүзеге асқанда аманатқа балаларының біреуін жіберетінін хабарлайды. 1742 жылы Әбілқайыр ханға ойрат елшілері Қамқа мен Баранг келген. Соңында оларды 1742 жылғы тамыздағы қазақ-орыс келіссөзіне қатыстырған Әбілқайыр хан тағы да елшілерін аттандырады [15]. Мұндай елшілер Әбілмәмбет хан атынан да жіберіледі. Нәтижесінде көп ұзамай Абылай тұтқыннан босатылып, Түркістан Қазақ хандығына қайтарылады. Әбілқайыр хан қаза болған соң қазақ-жоңғар байланыстары бас хан болып сайланған Әбілмәмбет хан мен Абылай хан жалғастырады. Ендігі жағдайда олар Жоңғарияның мемлекеттік саясатына араласуға мүмкіндік алады.

Жоңғар хандығы тарих сахнасынан кеткен соң Қазақ хандығы Цинь патшалығымен тікелей байланыс орнатты. Орынбор мұрағаты Цинь патшалығының солтүстік батысқа қарай жылжуы Ресейге зор қауіп туғызғанын дәлелдейді. Ресей одан сақтану үшін қазақтарды қарсы қоюға күш салады. Осы мақасатта Нұралы ханға капитан Тевкелев жіберіледі. 1759 жылы 15 наурызда Тевкелев Орынборға жолдаған хатында «Нұралы хан басқаратын қазақтарды Цинь басып алған жерлерге шабуылдауға» үгіттегенін жасырмайды [16]. Ресей ендігі жағдайда қазақтардың Цинь патшалығына өтіп кетпеуін қадағалап, оған кедергі жасауға барын салады. Оған қарамастан Әбілмәмбет пен Абылай елшілік алмасып, елінің жайын күйттеген. Мұрағатта қазақ-Цинь қатынасы толыққанды ашылмаса да Абылай ханның өзіндік саясаты көрініс табады [17]. Орыс саясаткерлері Абылайдың «өздерімен кездесуге» келмегенін мойындайды.

Орынбор мұрағатында Қазақ хандығының 1740-1745 жылдары Иран, 1759-1765 жылдары Ауғанстан мемлекеттерімен елшілік алмасқанын айғақтайтын құжаттар кездеседі. Бірақ олар көп емес. Біздіңше олар Москвадағы Ресей империясының Сыртқы саясат мұрағатына әкетілген. Мұның барлығы ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығының орыс бодандығына бас ұрмай тәуелсіз саясат жүргізгенін дәлелдейді.

Бесіншіден, мұрағатта ХVІІІ ғасырдағы біртуар тарихи тұлғалар бас хандар-Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Абылай, жүз хандары Көшек, Сәмеке, Батыр, Нұралы, Қайып, Уәли, беделді сұлтандар-Барақ, Жәнібек, Сұлтанбет, билер-Төле, Қазыбек, батырлар-Бөкенбай, Шақшақ Жәнібек, Шақшақ Бөгенбай, Есет, Құлсары, Сырым және өзге де елдің игілері туралы материалдар молынан кездеседі. Өкінішке орай Орынбор мұрағатында Қазақ хандығының данагөй биі Әйтеке Байбекұлы туралы толыққанды дерек әзірге кездеспеді. Патша үкіметі шенеуніктері 1731 жылдан бастап ел тұтқалары туралы арнайы тапсырмамен дерек жинағаны байқалады. Орынборда өткен (1738,1740,1742) қазақ-орыс кездесулерінде қазақ хандары жанына еріп келген ел игілері, олардың рулары, қызметтері, лауазымдары хатталып орыс кеңсесіне жинақталған. Сол заманда қазақтарды ел ішіндегі беделі мен орнына қарай айырып, олардың кейбіреулеріне айрықша назар аударған, сый-сыяпаттар тарту еткен. Орынбор мұрағатындағы құжаттар мұндай мәселелерге империя қаражатының аяусыз жұмсалғанын айғақтайды. Мұндай тапсырманы қазақтармен сенімді қарым-қатынасқа кірген А.И. Тевкелев арнайы Ресей Сыртқы істер алқасының тапсырмасына сәйкес шебер жүргізген. Ол 1748 жылы 24 қыркүйекте Кіші және Орта жүздер хан сұлтандарының шежіресін жасап, «тірілерін бір қоршаумен, ал о дүниелік болғандарын екі қоршаумен» белгілеп, Санкт-Петербургке жолдайды. Ресей шенеуніктері сол кезеңде-ақ қазақ хандарының тегі Жәнібек ханның ұлдары Жәдік пен Үсекеден тарайтынына назар аударған. Бір қызығы олар қазақ жүздерінің бөлінісіне, олардың рулық құрамына, олардың әлсіз, я мықтылығына да жіті назар аударған. Соның ішінде А.И. Тевкелев Кіші жүз руларын аздаған кемшіліктеріне қарамастан толықтай жазбаға түсірген. Мұндай шаруаларды Орынбор кеңсесі қызметкері П.И. Рычков та жүргізген. Әрбір қазақ-орыс кездесуінен соң орыс тілмәштары арнайы кездесу құжаттамасын мұқият жүргізген. Мәселен, 1742 жылы 27 тамыздағы кездесуде Сұлтанбет сұлтаннан «Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің туысын өлтіргені үшін қолға түскендігін» естіп жазып алған болатын. Қазақ хандығының бас ханы Әбілқайырдың Орынбор губернаторы И.И. Неплюевпен осы жолғы кездесуіне үш жүздің өкілдері қатысқаны хатталған. Олар Ұлы жүздің үйсін руынан Ақтамберді, Қалдыбай, Ақтамбай батырлар, Орта жүздің арғын руы Шақшақ бөлімінен 14 би-батырлар, Атығай бөлімінен бір батыр, Алтай бөлімінен бір батыр, Қанжығалы бөлімінен 13 батыр, найман руынан 6 батыр, қыпшақ руынан 6 батыр және керей руынан бірнеше батырлар, Кіші жүзден Алшындар мен Жетіру бөлімдері. Кездесуде қазақтар Жоңғармен қарым-қатынас, Хиуа хандығы мәселесі, Абылайды тұтқыннан босату, тұтқындар алмасу мәселелерін көтерген [18].

Жайық өзенін бойлай салынған орыс бекіністері қазақтың бетке ұстарларын қатаң бақылауда ұстауға күш салған. Бекіністен әр-бері өтетін барлық қазақ толықтай тексерілген. Мәселен 1745 жылы аманатта ұсталған Қожахмет сұлтанның әкесі Әбілқайыр ханға, Тоқа батырға жолдаған хаты ұсталған [19]. Мұндай жағдай отарлау жылдарында ерекше күшейді.

Орынбор әскерилерінің шекарадағы озбырлығын тоқтатуға Сырым Датұлының да ашық қарсы шыққаны белгілі. Оның орыс патшасына жолдаған хатының орыс шекарасынан кедергісіз өтіп кетуі 1793 жылы айрықша дау туғызғаны да мұрағатта сақталған. Сырым бастаған би-батырлар хаты осы жылы ІІ Екатеринаның ерекше сеніміндегі граф П.А. Зубовқа жеткен [20]. Хаттың шекарадан өтіп кеткеніне Орынбор губернаторы болашақта мұндай хаттарды өткізбеу үшін Орынбор әкімшілігі шекара басшыларына қатаң тапсырма береді.

Алтыншыдан, мұрағатта Ресейдің отарлауына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын айғақтайтын құжаттар молынан. Соның ішінде орыс бекіністеріне шабуылдар, барымта, сауда керуендерін өткізбеу тағы өзгелері анық жазылған. П.И.Рычков: «Тевкелев сапарының сыры ашылған соң қазақ старшындары арасында «ұлы абыржу» басталды», - деп азаттық үшін күрестің негізгі себебін дәл көрсете білді [21]. Әбілқайыр заманында қазақтар Еділ бойларына, Сақмар, Саратов қалаларына дейін қарулы жасақтарымен шабуыл жасап отырған. Оған қарсы орыс үкіметі Ресей көпестері жанына қарулы әскер мен зеңбірек қосуға мәжбүр болады [22]. Сайып келгенде қазақтардың Еділ қалмақтарымен, Жайық казак-орыстарымен соғысы, шекарадағы бекіністерге шабуылдары отарлауға қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысының ажырамас бөлігі болды.

Мұрағатта Сырым, Қаратай, Арынғазы, Жоламан, Қайыпқали, Исатай-Махамбет және өзге де батырлар, сұлтандар бастаған ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысты материалдар мұқият сақталған. Олардың барлығы еш үзілместен, бірін-бірі жалғастырып, басты мақсаты елдікті сақтауды, атамекен Ақжайықтың Еуропа бетін қайтаруды, орыс әскерилерінің шекарадағы озбырлықтарын тоқтатуды көздеді.

1792 жылы күзде Сырым батыр ашық түрде «Ресей шекарасын жылына екі рет көктемде және мұз қата бастаған тұста шабуыл жасайтынын» ресми ескертеді [23]. Нәтижесінде Сырым батыр Елек қорғанына соққы берсе, қазақ рулары Жайық бойында жаппай партизандық тәсілмен шабуылға көшеді. Сырым батыр Ресейге қарсы күресте Түрік елі мен Бұхара хандығына елшілерін жіберген. Ол турасында мұрағатта дерек көп емес [24]. Дегенмен Түрік елінен Сырым Датұлына арнайы хат келген. Ол хат кейін көшірме жасалып, беделді билерге жолданған. Хатта: «Дінсіз ресейліктер 7 еуропалық мемлекетпен бірігіп, Түрік мемлекетімен соғысуға шықты. Ал сіздер (қазақтар) бізге қарағанда Ресеймен көршісіздер және олармен жақсырақ соғыса аласыздар» деген жолдарды оқуға болады [25]. Мұндай байланыстар кейін де жалғасын тапты. Оның қыр-сырын ашу үшін бүгінде Түркия Республикасындағы мұрағаттарын зерделеу қажет.

Орынбор мұрағатында ұлт-азаттық қозғалыстар Ресей патшасына қарсылық, ал қозғалыс басындағы тұлғалар «қарақшылар» деп жазылғанымен құжаттармен мұқият танысқан адам олардың отарлауға қарсы бағытталғанын айқын түсінеді. Мәселен, Арынғазы сұлтанның дәстүрлі мемлекеттілік басқару жүйесін сақтап, елінің азаттығы үшін күрескен Арынғазы ханды алдап-арбау жолымен мәңгілікке Калуга қаласына жер аударғаны туралы деректер мұрағатта тиянақты хатталған [26].

Қорыта келгенде, қазіргі Ресей Федерациясының Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты Қазақ хандығының біртұтас ел болғандығын, оны дәлелдейтін нақты территориясы, басқару жүйесі, шаруашылығы, біртұтас тілі, діні, мәдениеті бар қазақ халқының болғанын толықтай айғақтайды.

Пайдаланған әдебиеттер

1. Ахметова Ұ.Т. Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясы (1887-1918жж.) Монография: - Алматы: «Арыс», 2013. - 320 б.

2. ОрОММ 99 қ., 1 т., 73 іс., 24-26 п.

3. Ахмет А. Қазақстандағы мұрағат ісінің тарихы (1918-1991 жж.). – Алматы: Елтаным баспасы, 2013. - 127 б.

4. ОрОММ 1 қ., 1 т., 1 іс, 74 п.

5. ОрОММ 2 қ., 1 т., 1 іс, 33-34 п.

6. ОрОММ 2 қ., 1 т., 11 іс, 15-16 п.

7. Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 гг.). Т.4. –М.-Л., АН СССР, 1940. - С.200

8. ОрОММ 1қ., 1т., 1іс, 75 п.

9. ОрОММ 3қ., 1т., 23 іс, 46-47 п.

10. ОрОММ 6қ., 10т., 4290 іс, 315-316 п.

11. ОрОММ 2 қ., 1 т., 3 іс, 37-45 п.

12. ОрОММ 3 қ., 1 т., 8 іс, 137-140 п.

13. ОрОММ 3 қ., 1 т., 38 іс, 196-197 п.

14. ОрОММ 3 қ., 1 т., 38 іс,140-155 п.

15. ОрОММ 2 қ., 1 т., 12 іс, 29-68 п.

16. ОрОММ 3 қ., 1 т., 52 іс, 1-13 п.

17. ОрОММ 3 қ., 1 т., 98 іс, 281-283 п.

18. ОрОММ 2 қ., 1 т., 12 іс, 52-6 п.

19. ОрОММ 3қ., 1 т., 8іс, 65-66 п.

20. ОрОММ 4 қ., 1 т., 2 іс, 36-37 п.

21. Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750). – Оренбург, 1896. - С.6

22. ОрОММ 1 қ., 1 т., 6 іс, 35-36 п.

23. ОрОММ 5 қ., 1т., 55 іс, 317, 322 п.

24. ОрОММ 5 қ., 1 т., 27 іс, 640-641 п.; 44 іс, 317, 83-87 п.

25. ОрОММ 5 қ., 1 т., 30 іс, 13-18 п.

26. Ахметова Ұ. Арынғазы хан (1786-1833жж.). - Алматы: «А-Полиграфия» ЖШС, 2004. - 168 б.



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика