ҚАДЫРҒАЛИ ЖАЛАИРИДЫҢ «ЖЫЛНАМАЛАР ЖИНАҒЫНДАҒЫ» ГЕОГРАФИЯЛЫҚ АТАУЛАР
Бейсенова Ә.С. г.ғ.д. профессор
география және экология ғылыми-әдістемелік
орталығының жетекшісі, ҚРҰҒА-ның академигі
Қандай да болмасын, тарихи еңбектің маңызы оның өз дәуірінің шындығын, сол кездегі халықтың тарихы, тілі мен өнерінің даму дәрежесін көрсете алуымен өлшенеді. Оларда суреттелетін тарихи оқиғалардың болған жерлері, адамдардың мекен-тұрағы да сол шындықты ашуға көмектеседі. Ондай ұғымдар жер-су аттары түрінде көрініс тапқан. Қазақстан тарихын танып-түсінуде мұндай географиялық атаулардың, олардың этимологиясын анықтаудың зор мәні барлығы өзінен өзі түсінікті.
Орта ғасырлардан бастап Қазақстан жері, оның табиғаты жайлы мәліметтер жариялаған еңбектердің ішінде Махмұд Қашқаридың «Девану Лугатит-турк» («Түрік лексикасының жинағы»), Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди», Қадырғали би Қошымұлы Жалаиридың «Жамиат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») атты еңбектерінің маңызы өте үлкен. Ең алдымен, бұлар түркі халықтарының өз ішінен, оның тарихын, тілін, табиғатын білетін адамдар қатарынан шықты. Бұрын біздің тарихымыз бен жеріміз, еліміз туралы сырттан сұрастырып білген, өздері зерттемей, белгілі бір мәліметтерді пайдаланған адамдар ғана жазған. Қазақстан жері туралы алғашқы деректерді қарастыра бастасаңыз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Екіншіден, бұл үшеуі түркі халықтарының ынтымағын, тілінің тұтастығын, олардың елдік салт-дәстүрлерін ғылыми дәлелдеуге ұмтылды. Сол арқылы қазақ халқының ұлт болып қалыптасуға бет алған және қалыптаса бастаған кездеріндегі дәуір суретін хатқа түсірді. Соған ықпал еткен факторлардың бірі есебінде Қазақстанның географиялық атауларына, жер-су аттарына көңіл бөлді.
В.Бартольд Махмұд Қашқариды «Кітаби деректерге сүйенбей, сол елде өзі көріп білген нақты оқиғалар негізінде жазған Орта Азиядағы бірден-бір араб авторы» – деп атаған. Қашқари сөздігінде көптеген мемлекеттердің, қалалардың, таулардың, көлдер мен өзендердің атаулары беріледі және оларға этимологиялық түсініктер жазып, жер-су аттарын тарихи әрі географиялық тұрғыдан сипаттаған. Сонымен бірге М.Қашқари жасаған «Дөңгелек карта» болған. Көптеген зерттеушілердің айтуынша, бұл картаның жасалуы әрі соны, әрі оқшау, батыл идеяға негізделген. Бұрынғы араб саяхатшылары картаның дәл ортасына Меккені алып сызса, М.Қашқари Меккенің орнына Кашгарияны, Жетісу өлкесін, Баласағұн қаласын алған. Қазір бізде бар және кейін өзгеріске ұшыраған географиялық атаулардың көбі осы картадан бастау алады.
«Тарихи Рашиди» кітабында да оңтүстік Қазақстанның климаты мен су жүйесі туралы мағлұматтар бар. Қадырғали Жалаири кітабы осы еңбектердің заңды жалғасы. Ол М.Қашқари мен М.Х.Дулати дәстүрлерін жалғастыра отырып, оны өзіне мәлім деректермен толықтырған. Ш.Уәлихановтың бұл еңбекке назар аударуы тегін емес. Ол мұны «Қазақтар туралы алғаш дерек», «Қазақтардың өткені туралы ең құнды, алғаш жазба ескерткіш»2 - деп атаған. Бұлай деу себебін Шоқан өзі түсіндірген. Ол осыған дейінгі деректерден хандар әулеті болмаса, таза қазақ туралы мәліметті кездестіре алмағанын жазған. Қадырғали Жалаири еңбегі орыс патшасы Борис Годуновқа арналып, Шыңғыс тұқымының тарихына қатысты деректерді (оны парсы тіліндегі «Чингиз-наме» кітабынан аударғанын өзі айтқан) Оразмұхаммед пен Қазақ хандары тарихы жайлы мәліметтерімен толықтырып жазғаны белгілі. Кітапта осы тарихи оқиғалардың болған жерлері аталып, бірқатар жер-су аттары берілген. ХVІ ғасырда1 Бартольд В. Сочинения. т.ІV. М.1966. с. 558.2 Уәлиханов Шоқан. Таңдамалы. А. 1985. 122 б. жазылған кітапта бүгінгі географиялық атауларда үлкен айырмашылық болмаса да, тарихи география, топонимдердің өзгеруі тұрғысынан қарағанда, қызықты мәліметтер аз емес.
«Жеті ықлым кәшүрні алған хан, Қазан тағын, Хажы Тархан тағын, Тұра тағын, Сарайшық тағын бағындырған хан. Тауда түмен, қыруа шеркес, ойда иштек-баршасы ықпалында болған хан. Мәжар, Башқұр, Рүм елдерімен қатынасы бар хан. Жақсы атың Жабылса мен Жабұлқаға дейін жеткен хан. Неміс каролі елінің де үрейін алған хан. Қырым мен Түрікті қаһарымен жапырақтай тітіренткен хан», - дейді автор Борис Годуновқа арнауында3.
Осындағы Хажы Тархан - қазіргі Астрахань, оны Қадырғали өзі де «Еділ бойындағы мемлекет» (253 б.) деп атап, оны билеген Темир Күтлу жөнінде арнайы дастан жазған. Мәжар деп отырғаны - венгерлер. Бізге беймәлім жерлер - Жабылса мен Жабұлқа. Осыған ұқсас қалалар Индияда кездеседі. Жазушы патша атының сол жаққа да жеткенін айту үшін Индияны да ескеруі мүмкін. Дегенмен, бұл атаулар төркіні әлі де анықтауды керек етеді. Одан әрі Чин (Қытай), Һунд (үнді), Кашмир, Иран, Шам (Сирия), Мыср (Египет), Иран, Қытай елдерінің аттары аталады. Олардың аттары (Чин, һунд, шам, миср) ескі атауларымен берілген. Бұларға қарап ХVІ ғасырда осы елдердің солай аталғанын түсінеміз. ХVІ ғасырда жазылып, қазақ тарихына арналған осы еңбекте әлемдік географиялық ұғымдардың аталуының өзі автордың ұғым-түсінігін, ой деңгейін танытатыны даусыз.
Кітапта қазақ жерлерінің де бірсыпыра атаулары берілген. «Орыс (хан) Алатау маңына орын тепті. Ол-өте биік көрінетін тау... ол таудың қисапсыз (көп) сулары да бар. Талашқыры шаһары сонда. Текелік, Алмалық және Қаратал сол елдерде. Истикент те сонда» Отрар, Сайрам шаһарлары Хиваға жақын. Чу, Талаш, Ыстықкөл, (251-б) – дейді Қадырғали Орыс хан туралы дастанында. Осындағы атаулардың көбі өзімізге таныс. Ол Алатаудың биік тау екенін, одан ағатын өзендердің де көптігін орынды атап көрсеткен. Талашқыры, шаһар деп атауына қарағанда, қазіргі Тараздың бір аты болуы мүмкін. Бұл қаланың аты ортағасырлық деректерде бірде Тараз болып, бірде Талас, Талаш, Талаша болып кездеседі. Тарихи әдебиеттерде ол VІ ғасырдан бері белгілі. Ол жөнінде араб саяхатшысы көп деректер қалдырған. Караханидтер дәуірінде (Х-ХІІ ғ.) гүлдену дәуірін өткізген қала ХІІІ-ХІV ғасырларда монғол хандарының резиденциясы болған. Кітапта бұдан басқа «Талас» деген де атау бар. Бірақ ол қала ма, өзен бе – анық айтылмайды.
Алмалық - қазіргі Алматыға таяу орналасқан (В.Бартольд оны Іледен 30 шақырым жерде деп көрсетеді) ескі қала. Текелік деген қала орта ғасырдағы қалалар тізімінде аталмайды. Ондай аты белгілі өзен де жоқ. Оның төркінін әлі де іздеу керек. Мүмкін, Текеліге қатысы бар шығар. Ал, Исти кент деген атаудың тарихы да зерттеуді қажет етеді. Бұхараға таяу осыған ұқсас бір өндірісті село болған. Оның аты ортағасырлық деректерде кездеседі. Ол «Искиджкет» деп аталған. Жалаиридың «Истикент» деп отырғаны сол қала болуы ғажап емес. Мұның өзі Жалаири кітабындағы жер-су аттары тарихи география, топонимика тарихы тұрғысынан толық зерттеуді, анықтауды қажет ететінін көрсетеді.
Кітаптың 154-бетінде Шағатай туралы дастанда: «Аууал абатда уилайатларны Түркстан та Амуйа дарнасыға дегеч мүнүн хүкүмүнда ерді», деп жазылған. Ал, 168-бетте «Шыңғыс хан өзі Жайхундың кечіб Балхны алды» дейді. Осындағы Амудария мен Жайхун (дұрысы Жейхун) - бір өзеннің аты. Ерте замандарда Амудария - Жейхун, Сырдария-Сейхүн аталған. Бір кітапта екі түрлі жазылуына қарағанда, Жалаири заманында осы екі атау қатар жүргенге ұқсайды.
Автор Еділ-Жайық деген тіркесті жиі қолданады. Бұған қарағанда, қатар аққан осы қос өзен жайлы ұғым біздің бүгінгі түсінігімізге сәйкес келетін сияқты. «Еділ-Жайық иесі хан» (249 б.), «Еділ менен Жайықтың арасы» (251 б.) деген тіркестер кездеседі. «Жайықтан шыққан Илек суы бар» (256 б.) дейді Жалаири. Жайық пен Елек өзені бүгін де бар. Елек өзені Жайыққа құяды.
Бұлардан басқа кітапта Сарайшық, Сығанақ, Ташкент, Түркістан, Құмкент, Күміскент деген қалалардың аттары аталады. Олардың көбі орта ғасырлардан бергі дәуірде Қазақстан картасында белгілі қалалар. Сығанақ (кейде Сағанақ, Сұғнақ боп айтылады) – оңтүстік Қазақстанда Сырдария бойында болған қала. Бүгін Сунақ-Қорған деген жерде орны бар. Күміскент деген қала жайлы дерек жоқ. Бартольд еңбектерінде ертедегі Талас бойында Күмістаг деген кішкене өзен болғаны жайлы айтылған. Күміскентті де сол маңнан іздеу керек шығар. Анатолияны автор Антакия, Константинопольді (Стамбул) Кастинатин деп жазады, Өзбекстанды Өзбекия деп атайды.
Кітапта берілетін бір қызықты жер аттары Абулжа ханның мекенімен байланысты. Онда Ортаг, Кортаг (ханның жазғы жайлаулары), Анжатам (қысқы мекені), Борсық, Қатан (Шоқанда Кактан) және Қарақұрым (ханға тиесілі жерлер), Талас пен Қары Қырм (соған жақын жерлер) деп көрсеткен (134 б.). Бұл атаулардың біразы қазір де сақталған. Ортаг-Ортау, Кортаг - Қаратау. Анжатам – орта ғасырдың бас кезінде сол таулар ішінде болған қала. Борсық - Шалқар мен Аралдың ортасындағы құмды аймақ. Оған жалғас Арал маңындағы Қарақұм Жалаирида Қарқорум болып қате жазылған сияқты. Кейбір әдебиетте оны Монғолдың ескі астаналарының бірі Қарақоруммен шатастыру кездеседі. Бұл кезінде Әбілғазы шежіресінде анық көрсетілген. Ол “Қарахан жазда Ортог пен Кортаг бойында, суық түскенде, Сырдарияға жақын Қарақұм мен Борсықты қыстайтын» – деп жазады. Бұл деректі Рашидадин («Шежірелер жинағы») де растаған.
Хан ордасына жақын жерлер есебінде көрсетілген – Талас пен Қары Қырм. Талас жөнінде айттық. Қары Қырм деген қала бұл күнде жоқ. Көне деректерге қарағанда, ертеде Қаратау мен Талас алқабында сондай қала болған.
Осы шағын мәліметтердің өзі-ақ Қадырғали Жалаири еңбегінің тек Қазақстан тарихы мен түрік тілдерінің тарихын зерттеу үшін ғана емес, географиялық маңызы да зор екенін аңғартады. Ондағы жер-су аттары қазақ жерінің ежелгі қонысын танытып, онда өткен тарихи оқиғаларға куәлік береді. Сондықтан Қазақстан тарихын зерттеуді тарихи географиямен байланыста, топонимдердің өзгерісін қадағалай жүргізу -ғылымның алдағы міндеттерінің бірі.