Институт истории государства

Республика Казахстан, г.Нур-Султан, ул. Бейбитшилик, 4

 

Международная научно-практическая конференция «Мәңгілік Ел», посвященная 550-летию образования Казахского ханства

ПАТШАЛЫ РЕСЕЙ МОЙЫНДАМАҒАН ҚАЗАҚ ХАНДАРЫ


Ахмет А. т.ғ.д., доцент
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті


Сонау 1967 жылы ақиық ақын Ғафу Қайырбеков «Ақ үй туралы аңыз» деген өлең жазып, тарихымыздағы хандардың есімін ардақтауға рұқсат бермей жүрген Кеңестік биліккке назаланып:

Әлі күнге бір сұрақ – мен аңғарман,
Сұрап келем ақылды адамдардан.
Өзге жұрттың хандары керемет боп,
Біздің хандар қалайша жаман болған? – деп жазған екен.

Халқымызда ата-бабадан тіні үзілмей келе жатқан дәстүрлі хандық мемлекеттілікті қастерлеген қоғамдық сана орын алғаны белгілі. Кезінде Қазақ хандығының соңғы дәуірін Тәуке ханмен емес, Кенесары ханның қаза табуымен аяқтау қажеттілігі туралы пікір болған.

Тарихқа көз жіберсек патша үкіметі хандық басқару жүйесін жойғанымен халық санасынан мүлдем сызып тастай алмады. Оның дәлелі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің етек жаюы барысында Әбдіғапар Жанбосынов қыпшақ көтерілісшілерінің ханы, Шолақ Оспанов арғын көтерілісшілерінің ханы болып сайлануы. 1916 жылғы 21 қарашада 13 болыс өкілдерінің құрылтайында халық арасында атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғапар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай уезінің ханы болып сайланған [1, 647 б.]. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде де халық санасынан қазақ мемлекеттілігі нышандарының бірі – хан ұғымын жоя алмады. 1930 жылғы шаруалар көтерілісі кезінде араларынан беделді адамдардан хан сайлап алғаны белгілі. Мысалы, Сырдария округінің Созақ ауданындағы көтерілісте көтерілісшілер өздерінің жетекшісі Сұлтанбек Шолақовты хан сайлайды. Тіпті, ол хан кеңесін де құрған. Ырғыз ауданында көтеріліске басшылық жасаған имам, хазірет Мұхантай Саметов те хан ретінде елге танылды [2, 282, 284 б.]. Бұл адамдардың хан болып сайлануы немесе жариялануы қазақ қоғамының дәстүрлі басқару жүйесімен байланысты, ол сондай-ақ қозғалысқа біртұтас басшылықты жүзеге асыру қажеттілігінен туындаған-ды.

Дәстүрлі қазақ қоғамында хан мен халық арасындағы ғасырлар бойы сақталған тепе-теңдік отаршылдық заманда бұзылды. Оның айғағы хандарды дәстүр бойынша халық сайламады, керісінше отаршыл Ресей патшасы тағайындады. Бұл қасіреттің негізгі түп төркіні отаршылдық саясатта жатқандығы болып табылады. Халық қамқорына айнала алмаған орыс патшасымен тағайындалған хандардың ел алдында толыққанды беделі болмағаны тарихи шындық.

Хан – Қазақ мемлекетінің ең жоғары билік иесі болып табылады. Қазақ қоғамында хан – мемлекет, қоғам, халық бірлігін сақтайтын, елдің басын қосып ұстайтын ең жоғары дәрежелі басшы. Ханға халық сенген, оларды бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыра білген тұлға ретінде құрметтеген. Қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік құрылымында ханның алатын рөлі өте жоғары. Тарихтан белгілі ханды халық сайлаған және сайланған ханға халық тарапынан зор құрмет көрсетілген.

XVIII ғасырдың екінші ширегінде Ресей империясы Батырдан бастап, Қайыпты, Әбілғазыны, Арынғазыны, Қаратайды, Жұманы хан деп мойындамады. Бірақ тарихи деректерге сүйенсек қазақтар оларды хан деп таныған. Осылардың арасында хандық басқару жүйесін сақтап қалу үшін болған күресте ерекше көзге түскені Қаратай Нұралыұлы болды. Патша үкіметінің қазақ жерін отарлау және дәстүрлі хандық институтты әлсірету саясатына қарсы көтерілген Қаратай сұлтанды сол кезеңдегі бауырлары Өзбекқали, Артыққали, Орман, Шотқара, Бөкей сұлтандар ғана емес көптеген қазақ рулары қолдады.

Патша үкіметі XVIII ғасырдың аяғымен XIX ғасырдың бірінші ширегінде қазақ халқының тарихында жүздеген жылдар бойы қалыптасқан хандық басқаруды жоюды қолға алғаны белгілі. 1797 жылы Кіші жүздегі Есім ханның қаза табуы, орыс империясының отарлау саясатының жаңа бір қырын аша түскен болатын. Осы жағдайды сәтті пайдаланған Орынбор әскери генерал-губернаторы О.А. Игельстром сол жылдың 6 маусымында «Ұлы мәртебелі императордың нұсқауымен жаңа хан сайланғанша Кіші Орда да барлық басқару билігін Хан кеңесіне жүктеймін»,-деп хабарлайды [ 3, с. 11]. Патша әкімшілігі Хан кеңесін енгізу арқылы хандық институтты әлсіретуге бағыт ұстады. Патша үкіметінің отарлау саясатының басты ерекшеліктерінің бірі қазақтың сұлтандары мен билерінің арасында алауыздықты өршіту болды. Ресей империясы қазақ мемлекеттілігінің дәстүрлі хан сайлауы жүйесіне соққы бере отырып, Айшуақ, Жантөре және Шерғазы хандарды әкімшілік арқылы тағайындап, Кіші жүздегі қатынастарды одан әрі өршітті. Орыс әкімшілігі бұл өлкеде Хан кеңесін енгізу арқылы хандық институтты әлсіретуге бағыт ұстанды.

Кіші жүздегі саяси шиеленістің басты ерекшеліктерінің бірі ғасырлар бойына ханның ақ киізге көтеріліп халық жиынында сайлануы жөніндегі ежелгі дәстүр тапталып тікелей патша әкімшілігінің әмірімен жүргізілуі болды. Хан тағына отырған хандар міндетті түрде Ресей империясына адалдығы жөнінде ант қабылдауға тиісті болды. Орыс әкімшілігі бұл қабылдау арқылы қазақ хандарын өздеріне бағынышты, дала төсінде Ресейдің отарлау саясатын жүргізуші тұлға ретінде көруге ұмтылады.

Патша үкіметі отарлау науқанында Кіші жүздегі өздерінің тағайындаған хандарына ғана сүйеніп, өз саясатын жүргізуге күш салады. Бірақ халықтың арасында хан атағына ие болған сұлтандар болғаны да анық.

Әбілқайыр тұқымынан Байұлы рулары Қаратай Нұралыұлын, соның ішінде жаппас рулары Мәтиді, ал Орта жүздегі арғын руы Жұма Құдаймендиевті, қыпшақ руы Жантөре Жиhангеровті хан санады [ 4, с. 268]. Қаратай сұлтанның хан сайлануына он екі ата Байұлымен қатар Жетіру, Әлімұлы рулары да кеңінен қолдау көрсеткені белгілі. Өз кезегінде Қара, Орман, Шығай, Шотқара, Жәнібек, Өзбекқали, Елтай, Сары сұлтандар «Бірінші ханымыз Әбілқайыр одан кейін Нұралы, Ералы және Есім төртеуі де хандық дәрежеге жоғарғы мәртебелі патша рақымымен Орынбор мешітінде бүкіл қазақ халқының қатысуымен сайлаған. Олардың көзі тірісінде хандар ешқашан Ордада сайланбайтын және қазақ халқы үшін өзінің старшын, би, батырларымен жиналып, барлығы Орынборға баратын. Егер Шекаралық істер экспедициясы және жоғарғы мәртебелі император бұйырса, біз кешікпей Орынборға барамыз»,-деп, әкімшілікке өздерінің негізгі жоспарын ашып айтады [5, 104-105 п.].

Хат жазған қазақ сұлтандары өздерінің алдарына бірнеше мақсаттар қойғанын байқаймыз. Біріншіден, олар Кіші Ордадағы хан сайлауда шешуші рөл патша мен Орынбор әкімшілігінің қолдауы екенін жете түсіне білген, екіншіден, сұлтандардың ең басты мақсаты қайткенде де патша әкімшілігін мойындату арқылы дәстүрге сай Қаратай сұлтанды хан сайлау. Қаратай сұлтанның халық арасындағы беделі мен басқару қабілетін бізге дейінгі зерттеушілердің ешқайсысы да жоққа шығара алмаған. Мәселен П.Юдин, А.Ф. Рязанов, М.П. Вяткин өздерінің еңбектерінде Қаратай сұлтанның ел басқарудағы қабілеттілігіне ерекше тоқталған. Қаратай сұлтан кезінде Ордада тыныштық пен толық келісім болғаны, халық бейбіт тіршілікпен алаңсыз өмір сүрген. Қаратай сұлтан Орынбор генерал-губернаторы О.А. Игельстромға өзінің хан тағының заңды мұрагері екенін талай мәрте хабарлаған. Осындай саяси жағдайдан соң Орынбор әкімшілігі қазақ даласындағы хандық басқару жүйесін бірден жоя алмайтынын жете түсінеді, сондықтан ханға халықтың сенімінің күштілігін ескеріп, қазақ Ордасындағы хандық құрылысты сақтау қажеттілігін патшаға баяндайды. Ордадағы саяси жағдайды саралаған патша үкіметі өздеріне «тиімді» ханды сайлауға шешім қабылдады. Шешім 74 жасқа келген, жасы ұлғайған Қаратайдың немере ағасы Айшуаққа түсті. Патша үкіметі сұлтан Айшуақты таңдауы тегін емес еді, патша шенеуніктерінің ішкі есебі бар болатын.

М.П. Вяткиннің пікірінше, Қаратай сұлтанды патша үкіметі Ордадағы ең беделді де, ақылды сұлтан екенін біле отырып, патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатына мүлдем келіспейтінін әккі саясаткер барон О.А.Игельстром болжай білді деп түйіндейді [3, с. 356]. Ал зерттеуші А.Ф.Рязановтың тұжырымдауынша О.А.Игельстром егер де Қаратай сұлтан хан болып сайлана қалған жағдайда патша үкіметіне бағынбай, тәуелсіз саясат жүргізе отырып Ресейден бөлінуге дейін баратынын болжап, таңдау Әбілқайыр ханның қартайған ұлы Айшуаққа түсті деп өз пікірін білдіреді [6, с. 13]. 1805-1815 жылдар патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы қарулы күреске шыққан Қаратай сұлтан, ендігі бір кезеңде Орынбор әкімшілігімен келісімге келіп, хандық жүйені сақтау мен азаттық күрестің жаңа бағытына жол ашуға ұмтылыс жасауға талпынады.

Шерғазы хан 1819 жылы 19 қаңтарда генерал-губернатор П.К.Эссенге хат жолдай отырып, өзінің қажылық парызын өтеу үшін Меккеге жіберуді, хан тағына баласы Есқазы сұлтанды қалдыруды сұрайды [7, 33-35 п.]. Орынбор әкімшілігі Шерғазы ханның сапарға шығуына байланысты, хан тағына лайықты сұлтандарды есепке ала бастады. Осы уақытта Қаратай сұлтан қоластындағы қазақтар Ішкі Ордаға өтіп, Нарын құмының төскейін емін-еркін жайлады. Қаратай сұлтанның шекаралық линиядан алысқа ұзап, дала бетке қоныстануына қарамастан, Шекаралық комиссия шенеуніктері сұлтаннан қазақтардың Нарын құмына рұқсатсыз өткендігіне жауап күтті. Бірақ мұндай қатынас қағаздарға Қаратай жауап бермеді. Оның жауап хатын күтпестен Орынбор сұлтанмен байланысқа шыққан.

Орынбор әкімшілігі Қаратай сұлтанның қоластындағы қазақтардың Ішкі Ордаға өтуінен сескенуінің өзіндік себептері бар еді. Біріншіден, патша үкіметінің қатаң бақылауына қарамастан, ішкі бетке өтуі. Екіншіден, қазақтардың белгіленген шекара линиясын мойындамайтындығынан. Үшіншіден, Ішкі Ордадағы бақылауда тұрған тәртіпке және үкіметке қарсы үгіт жүргізу мүмкіндігі. Төртіншіден, Ішкі Ордадағы қазақтардың Қаратай сұлтанның қол астына өту қаупі. Осыдан қауіптенген П.К.Эссен Қаратай сұлтанға қарсы «Ресейден қол үзген», «келісілген келісімді бұзған», «қазақтардың Жайықтан өтуіне тосқауыл қоймаған» дегендей айыптарды алға тартады [8, 13-14 п.]. Осы тұста П.К.Эссеннің көздегені Қаратай сұлтанды мүмкіндігінше Кіші жүзді уақытша болса да басқару үшін хан тағына жолатпау еді.

Патша үкіметінің талай сыннан өткен әккі шенеунігі Қаратайдың Кіші жүздегі ерекше беделінен сескенсе, екіншіден, орыс үкіметінің жүргізіп отырған саясатына ашық қарсылық білдіруші ақсүйек сұлтан, үшіншіден, қазақтар арасында көрнекті тұлға, діні мен тіліне берік мұсылман болатын-ды, төртіншіден, тәуелсіздік жолында қарумен қарсы қол бастағанын естен шығармады. Сонымен бірге патша әкімшілігі, біздіңше, соңғы жылдары байқалған Нұралыұлдары мен Қайыпұлдарының арасындағы ел бірлігі жолындағы мақсаттарын қаламағаны анық.

Шерғазы ханның Санкт-Петербург шешімімен Меккеге қажылыққа аттануы көп ұзамай П.К.Эссенді де алаңдатады. Сыртқы істер министрлігі генерал-губернатор ұсынысымен Хан кеңесінің төрағасы Арынғазы Әбілғазыұлына зор жауапкершілікті тапсырады. Бұл саясат арқылы орыс әкімшілігі Қаратайдың ендігі уақытта хан болып бекітілмейтінін дәлелдейді. Бірақ Қаратай сұлтан патша үкіметінің бұл қадамын түсіне білді, ол туралы орыс зерттеушісі Л.Мейер: «Қаратай өзінің көпшіліктен жоғары тұратынын көрсетті. Ол өз тәкаппарлығына қарамастан, Арынғазыға ашық қарсы шықпады»,-деген пікір білдірді [9, с. 32]. Арынғазының Орынбор губернаторы П.К.Эссенмен сенімді қарым-қатынасын 1819 жылы 4 желтоқсанда Кіші жүз ханы Шерғазының Санкт-Петербургке кетуіне байланысты уақытша Кіші Орда басшылығын қолға алуын Қаратай сұлтан түсіністікпен қабылдайды. Өйткені Арынғазы мен өзінің алдына қойған мақсаты қазақ қоғамындағы дәстүрлі хандық билікті сақтау және күшейту еді.

1825 жылы 24 наурызда генерал-губернетор П.К. Эссен Қаратай сұлтаннан 11 наурызда алған №90 және 93 қатынас қағаздарындағы соғылған мөрге ерекше назар аударады. Мөрде «Хань Kаратай сынь Нурали-хановъ» сөзі жазылған болып шықты [10, 4-5 п.]. Губернатор сол күні сұлтанға арнайы хат жазып, хан атағын бекіту тек үкіметтің құзырында екендігін, бұл жағдайдың орыс әкімшілігі арасындағы қарым-қатынасқа салқынын тигізетінін айта отырып, қатынас қағаздарын қайта жазуға кейін қайтарады. Мөрдегі жазу Қаратай сұлтан мен патша үкіметі әкімшілігінің арақатынасындағы қайшылықты аңғартса керек. Орыс әкімшілігінің кеңселеріне жіберілетін қатынас қағаздарға соғылатын мөрді үкімет орындары әдейі жасатып бергені белгілі. Біздіңше, халық сайлаған хан ретінде Қаратай аталған мөрді Ордадағы ішкі қатынастарда пайдаланды деген тұжырымға келеміз [11, 186 б.]. Атап өтетін жағдай Қаратай Нұралыұлы мен Жұма Құдаймендіұлын халық өз кезегінде хан сайлаған болатын. Осы атақ пен билікті олар жаңа лауазымға бекітілгенше, яғни Кіші жүздің аға сұлтандығына тағайындалғанша сақтады. 1824 жылы Кіші жүзде хандық билік біржолата патша әмірімен жойылды. Орыс саясаткерлері өз дегеніне жетіп, қазақ ел билеушілерін түпкілікті Ресейдің басқару жүйесіне енгізіп, олардың мәртебесін шенеунік деңгейіне түсірді. Бұл саясатқа кезінде қолына қару алып, енді бірде түрлі дипломатиялық жолмен қарсы болған Қаратай да ХІХ ғасырдың бірініші ширегінде орыс әкімшілігі енгізген «жаңалық» ықпалына түсіп, батыс бөліктің сұлтан-правителі болып тағайындалды.

Қаратай Нұралыұлы өмір сүрген кезең қазақ тарихындағы қайшылығы мол заман еді. Ол қазақ қоғамындағы ішкі өзара талас-тартыстың өршуімен, экономикалық-саяси дағдарыстың күшеюімен көрінеді. Ең бастысы ХІХ ғасыр басында патшалы Ресей қазақ даласына ықпалын күшейтті. Қазақ хандарының ел ішіндегі билігін шектеп, орыс саясатына көндірді. Ұзақ жылдар бойы тәуелсіздіктің соңғы нышаны ретіндегі хандық институтты сақтап қалу үшін күрескен Қаратай сұлтанның да бұл дағдарысқа қарсы қояр амалы болмады.


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. - 768 б.

2. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. - 752 б.

3. Вяткин М.П. Батыр Срым. – Л – М., «Издательство АН СССР», 1947. -390 с.

4. Добросмыслов А.И. Исторический очерк. Том.І. Выпуск ІІ. – Оренбург, 1901. - 253 с.

5. Ресей Федерациясы Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты (алда РФ ОрОММ) 6 қор, 1 тізбе, 63 іс.

6. Рязанов А.Ф. Сорок лет борьбы за национальную независимость казахского народа (1797-1838 гг.) – Кызыл-Орда: «Общество изучения Казахстана», 1926. - 298 с.

7. РФ ОрОММ 6 қор, 10 тізбе, 2076 іс.

8. РФ ОрОММ 6 қор, 10 тізбе, 1158 іс.

9. Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. – СПб., 1868. - 288 с.

10. РФ ОрОММ 6 қор, 10 тізбе, 3247 іс.

11. Ахмет А. Қаратай хан. – Алматы: «Арыс», 2007. – 176 б.



© Copyright 2013. Институт истории государства

Яндекс.Метрика