Институт истории государства

Республика Казахстан, г.Нур-Султан, ул. Бейбитшилик, 4

 

Международная научно-практическая конференция «Мәңгілік Ел», посвященная 550-летию образования Казахского ханства

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ХVІІ-ХVІІІ ҒАСЫРДАҒЫ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ


Мұқтар Ә.Қ. т.ғ.д., профессор,
Атырау мұнай және газ институтының ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры


Қазақ хандығы ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Ресей, Түрік, Иран, Жоңғария, сәл кейін Цин (Қытай – Ә.М.) мемлекеттерімен белгілі дәрежеде қарым-қатынас орнатты. Әрине бүгінге дейін оқырман қауым негізінен қазақ-орыс қарым-қатынасын көбірек танығанымен оның да біржақты сараланғаны жасырын емес. Көп жағдайда халқымыздың сыртқы саясаты Ресей қалыптастырған тарихи таным аясында зерделенді. Бір ғана Тәуке ханның орыс елшілері Ф. Скибин мен М. Трошинге «Түрік сұлтанының немесе Иран шахының Тәуке ханнан несі артық! Оларда оның өзіндей!» немесе 1691 жылы орыс патшасына жазған хатында «Сіздің бабаларыңыз бен әкеңіз сол кездерде өз адамдарын бізге жіберіп, ал біздің елшілер сіздерге барып тұратын-ды. Екі елдің арасындағы сауда адамдары бір-бірімен кеңесте болып, достық қатынаста болатын» деген сөздері қазақ елінің өзіндік саясатын дәлелдейді [1, 27-28 б.].

Соңғы жылдары Иран шахының да Тәукеге жолдаған хаттары табылды. Мұның өзі де қазақ тарихына жаңаша саралауға мүмкіндік береді.

Соған қарамастан Тәуке хан заманы өзіндік қиыншылықтарға толы болды. Ол алдымен, қазақтың ұлан-байтақ территориясымен, өзі басқаратын 25 қаланы сақтау мәселесімен байланысты еді. Ханның шамамен 80 мыңдай әскер болғанымен елдің батысында қалмақтармен, солтүстігінде казак-орыстармен, шығысында жоңғарлармен болған қанды соғыстарда қорғануға тура келді. Осындай бір шайқаста (шамамен XVII ғасырдың 80-шы жылдары) хан баласы тұтқынға түсіп, Тибетке әкетіледі. Кейін Тәуке ханның дипломатиялық жолмен баласын қайтарғанымен, оның соңы 1698 жылы жаңа соғысқа ұласады. 40 мың әскерін жіберген Цеван-Рабдан Шу, Талас бойларына соққы жасап, 10 мыңдай адамды тұтқынға әкеткен [2, С.134]. Тәуке хан қазақ-жоңғар қарым-қатынасының шиленіскен жылдары екі жақты келіссөздері жүргізе отыра елді қорғау мәселелеріне айрықша назар аударады. 1710 жылы Қарақұмдағы Халық кеңесінен кейін 50 мыңдай қазақ әскерлері жоңғарларды талқандағанымен, жаңа шиеленістің әлі алда екенін байқатты. Тәуке хан осы саяси мәселені шешуді кейінгі ізбасарлары Қайып хан пен Әбілқайыр ханға аманаттайды. Олар Ресеймен қарым-қатынасты дамыта отыра айналасындағы өзге елдермен байланыстарын жалғастырады. Оған қазақ-иран қарым-қатынасы куә болады.

Бұл кезеңде Иран өз тәуелсіздігі үшін ауған және түрік билеушілеріне қарсы күресіп, ІІ Тахмасп шах төңірегіне топтасқан-ды. Дәл осы мезгілде оған азаттық күресте аты шыққан Афшар тайпасының Қырқылы руынан тарайтын Нәдір қолбасшы әскерімен қосылып, 1726 жылы түркімендер басып алған Мазандаран қаласын босатты. Сөйтіп әлем тарихында аты қалған Нәдір тарихының жаңа өрлеу кезеңі басталады. XVIII ғасырдағы Иран әдебиетінің ірі өкілі Табиб Исфагани Нәдірді түркіменнің Афшар тайпасының өкілі дей отыра, Иранды кеңейтіп, ауған, орыс, түріктер тартып алған жерлерін кері қайтарып, ұлан-байтақ жаңа мекендер қосқан соңғы билеуші ретінде атап көрсетеді [3, С. 8-9].

1736 жылы Иран мемлекетінің саяси бірлігі жүзеге асқан тұста ирандықтар Нәдірді «Иранды азат етуші» деп таниды. Мұндай жағдайдың Иран билеушісі тағына жол ашатынын түсінген ол осы жылы қаңтарда Муган даласындағы әскери лагерінде үлкен құрылтай өткізіп, оған барлық әскери, шен-шекпенді, діни ақсүйектер, көшпенді тайпалар басшылары мен қалалық старшындарды, ауылнайларды, армяндық – католикос Абраам Кретациді шақырады. Барлығы 100 мыңға жуық адам қатысқан құрылтайда Нәдір ІІІ Аббас шахтың жастығын еске салып, жаңа шахин-шахты сайлауды арнайы мәселе ретінде көтереді. Сонымен араға екі ай салып, 1736 жылы наурызда 4 жасар ІІІ Аббас шахты Хорасанға жіберген Нәдір Иранның жаңа шахин-шахы болып сайланады. Міне осыдан бастап ол басты саяси бағытын жаулап алушылыққа арнап, 1739 жылдың мамырына дейін Ауғаныстанды, Индияны біржолата бағындырады. Үнді жорығында Нәдір шах 90 мың әскерімен қарсыласының өзінен бірнеше есе мол 340 мыңдық үнді әскерін талқандап, Азиядағы ең мықты мемлекетті қалыптастырады. Үндістандағы сұрапыл соғысты көзімен көрген Мырза Мехти «Ат тұяғының дүбірінен жер дірілдеп, шаң бағаны көкке жетті; оқтың зуылы, жебенің сатыр-сұтыры, зеңбіректің күрсілі барлығы мидай араласып кетті; атыс гуілінен күн жерге құлардай; айнала толған жансыз денелер, дұшпанның барлық бас қолбасшылары өлтірілді-ақыры әскер шіміркенді. Нәдір шахтың мерейі үстем болды », - деп хабарлайды [4].

1740 жылы маусым айында ол Гератқа оралып, тамыз айында Иран иелігіндегі жерлерге бұрын шабуыл жасаған Бұхара билеушісі Әбілпейіз ханға соғыс жариялайды. Бұхара Астрахандықтар әулетінің (кейде Джанидтер әулеті) астанасы еді. Оның негізі Астраханнан келген Жәнібек сұлтан кезінен қаланып, 1599 жылы Мәуреннахрда жаңа өзбек әулетінің үстемдігіне әкелген-ді.

Сонымен Нәдір шахтың әскери қимылдарының солтүстікке бағыт алғаны туралы хабар қазақтың бас ханы Әбілқайырға келіп жетеді. Жоңғар қонтайшысы Қалден Цереннің 1739 жылдың көктеміндегі 24 мың, 1739 – 1740 жылдың қысындағы 30-35 мың қолмен, 1740 жылдың күзіндегі жаңа шабуылына қарсы күресіп жатқан қазақтар үшін ендігі жағдайда тез арада елдің оңтүстік-батысына да назар аударып, шешуші қадамдар қабылдауына әкеледі. Оны ескергендіктен де Әбілқайыр хан 1740 жылы 19 тамыз 1 қыркүйек аралығында Орынборда өткен қазақтың барлық белді тұлғалары (Әбілмәмбет хан, Абылай, Нұралы, Ерәлі сұлтандар, Есет, Табын Бөкенбай батырлар, Жәнібек тархан, Шақшақ Бөгенбай батыр т.б.) қатысқан қазақ-орыс келіссөзіне бармай, алдын-ала Арал теңізіне қарай аттанады. Әбілқайырдың кездесуге қатыспау туралы батыл шешімін үстірт тон пішуге үйір Ресей тарихшылары ханның жеке басынан іздеп, ішкі алауыздық әсерінен деген қорытындыға келеді. Бірақ мәселе басқада еді. Кездесу барысында толтырылған хаттамаға назар аударсақ 30 тамыз күні Нұралы, Ерәлі, Есет, Бөкенбайлар Әбілқайыр ханның хатын алып, Орынбор басшыларымен қоштаспастан кетіп қалған. Кейін байқағанымыздай Нұралы сұлтан және батырлар Арал иеліктерінде жүрген Әбілқайыр ханға жол тартқан. Бұл арада Әбілқайыр ханның кезінде Сыр бойына үлкен қорған қала салу туралы ойларының дұрыстығы енді ғана сезіле бастады. 1739 жылы Әбілқайыр осы жоспарын орыс патшасына білдіріп, оның әскери көмегіне үміт артқан-ды. 1739 жылы 26 тамызда Орынбор комиссиясының басшысы генерал-лейтенант В.А. Урусов қазақ ханына әскери көмек пен артиллерия беруден бас тартқаны туралы түрлі сылтаулармен хат жолдайды. Әбілқайыр хан алдын-ала дайындалған жоспарының сәтсіз аяқталғанына көзі жетеді. Мұны толық сезініп, ендігі жауапкершілікті мойнына алған Әбілқайыр хан 1740 жылдың жаз айларында өз жайлауын Сырдарияның ар жағындағы Қуандария бойындағы Адам ата өзеніне орнықтырады [5, С. 177].

Ал Нәдір шах тамыз айында өзіне бас иіп келген Әбілпейіз хан мен Мұхаммед Хакім би аталықты қабылдап, Бұхараны еш соғыссыз Иранға бағындырады. Осылайша Нәдір шах Әбілқайырдың ұзақ жылдар бойы өзіне қосып алуды армандаған жоспары Хиуа хандығына келіп тіреледі. Хиуа ханы Елбарыс тез арада қорғану шараларын қолға алады. Дегенмен өзбек билеушілеріне сенген Елбарыс хан соңында Нәдір шахқа қарсы күресте жалғыз қалады. Әскер шебін Амудария бойындағы Хазарасп қаласы түбіне орналастырып, Елбарыс алғашқы шайқастан соң қорғанға әбден бекініп алады. Соғысқа әбден машықтанған Нәдір әскерлері Хазараспты қоршап, еш шабуыл жасамай Ханках қорғанына қарай аттанады. Мұны естіген Елбарыс жауынгерлері де жанталаса қорғанды тастап өз иеліктерін қорғау үшін жеке-жеке бөлініп, еш бұйрықсыз бытырай бастайды. Ал Елбарыс болса, аз әскерімен тез арада Ханках қорғанына жетіп үлгереді. Ирандықтар тағыда шабуылға кіріспей, қорғанды бірнеше күн артиллериялық соққы астына алып, Нәдірге берілуін қамтамасыз етті. Елбарысқа жеке басына қауіпсіздік уәде етілгенімен, кейін шах өзінің шейхтарының ақыл-кеңестерін жөн деп тауып, ханды өлім жазасына кеседі [6, С.71].

Қалмақ ханы Дондук Омба 1741 жылы 13 ақпанда граф А.И. Остерманға жазған хатында «парсылар 1740 жылы тамызда Бұхараны бағындырса, 4 қыркүйекте Хиуаны жаулап алды. Олар Хиуадан 10 қыркүйекте кетті» деп хабарлайды [7, 1-2 п].

Нәдір шах кейін белгілі болғандай 1740 жылы 7 қазанда Бұхарадан Хиуаға бағыт алып, 3 қарашада оның шекарасындағы Дэвэ-боюн (аудармасы «Түйе мойын») елді мекеніне келіп тоқтаған. Содан ол Хазараспты айналып өтіп, оның ізімен Ханках қорғанына жетіп бекінген Елбарысты жойқын атқылауға алады. 14 қазанда көптеген өзбек әскербасылары қорғаннан шығып, өздігінен берілуге мәжбүр болады. Ал 15 қазанда парсы әскері Елбарысты сарайдан алып шығады. Хиуа ханы шах Бұхараға келген кезінде Әбілпейіз хан жіберген елшілерін өлтіргені үшін жанындағы 20 әскербасымен бірге өлім жазасына кесіледі [8]. Бұл дерек 1793-1794 жылдары Орынбордан Хиуаға келген майор Бланкеннагельдің жазбасы арқылы да дәлелдене түседі. Майор жазбасында «Осыдан 50 жыл бұрын Нәдір шах Хиуаға 30 адамнан тұратын елшілерін жіберген-ді. Хиуалықтар өздерінің құпиясын ашпау үшін елшіні және оның жанындағыларды өлтірді. Осындай зұлымдыққа ашуланған Нәдір шах өзі бастап Хиуаға келіп, оның әскерін талқандап, Елбарыс ханын және 30-дан астам басты Хиуа шенеуніктерін тірілей жерге көмді» делінген [9].

Осы тұстағы Әбілқайыр ханның Арал иелігіндегі жоспары орыс деректері арқылы анықтала түседі. Оны 1740 жылы 5 қыркүйекте Орынбордан арнайы Әбілқайыр ханға жіберілген Орынбор драгун полкінің поручигі Д.Гладышев, геодезист Муравин, инженер Назимов, аудармашы Осман Араслановтар жеткізеді. Орыс елшілері басты мақсатымыз қазақ ханы үшін Сыр бойынан қала салу үшін қолайлы жер іздеу және жер қыртысын зерттеу дегенімен, күнделіктерінде барлық тыңшылық жазбаларын тізбелейді. Сол арқылы біз Әбілқайырдың парсы шахының әрбір қимылын бақылауға алғанын және ханның өзіндік саясатын анықтаймыз. Сонымен бірге Арал аймағында жүрсе де Әбілқайыр хан орыс елшілерінің өзіне сапарын назарында ұстаған. Мұның өзі Ж.Қасымбаев жазған «Әбілқайыр іс жүзінде Кіші жүзбен байланысын жоғалтты» дегенін жоққа шығарады [10, С.72].

Д.Гладышев бастаған топ Адам Ата өзеніне орналасқан Әбілқайыр ордасына 1740 жылы 7 қазанда жетіп, ханның Арал иелігіндегі Шахтемір қаласында екенін естіген. Содан орыс елшілері Бопай ханым рұқсатымен 15 қазанда жолға шығып, 2 қарашада Шахтемірге жеткен. Келесі күні Әбілқайыр хан нөкерлерін және орыс елшілерін ертіп хиуалықтардың шақыртуы бойынша Хиуаға аттанған. Әбілқайыр ханды 4 қарашада Амудария жағасында күтіп алған Авест-Мираб бастаған өзбек ақсақалдары парсы шахынан қорғану мақсатында, оны Хиуа тағына шақырады. Содан оны қолдан шығармау үшін тәуекелге бел буып, қазақтардың атам заманнан Хиуа билігіне таласы бар екенін алға тартып, 5 қарашада Хиуа ханы болып сайланады. Д.Гладышев 7 қарашада Хиуаға келгенде хан сарайындағы тақта Әбілқайырдың отырағанын көріп, «Басына қызыл жібектен сәлде ораған Әбілқайыр амбвонмен ( патша қақпасы алдындағы биіктеу жер) бекітілген, парсы кілемі жабылған, ханның орнында қызыл барқыт жастық жастанып отырды; айналасында қырық шақты ақсүйек хиуа старшындары отыр» деп таңдана сипаттайды [5, С.178].

Орыс елшілерінің өзіне келуін пайдаланған Әбілқайыр 8 қарашада геодезист И.Муравинді және қазақ, қарақалпақтан бір-бірден, Аралдықтардан 4 адамды қосып, Нәдір шахқа жібереді. 9 қарашада елшілер шах қабуылдауында болып, орыс патшасының «Кіші жүзді боданым» деп есептейтін грамотасын және Әбілқайыр ханның, Арал билеушісі Артық бектің, қарақалпақтардың хаттарын тапсырады. Әбілқайыр хан өз хатында Нәдір шахты бейбіт келісімге шақыра отырып, Хиуаның болашағын анықтауға ұмтылады. Хан Иранның Ресеймен байланысын да еске салып келісім болмаса, «соңғы адамымыз қалғанша соғысамыз» деп те ескертеді. Нәдір шах хатпен танысып, жауабын Құдайшүкір, Мырза Ақбазар, Ғабдолшүкір арқылы қайтарып, қазақ ханын кездесуге шақырады [11]. Әбілқайыр хан шақыруды қабылдап, Нәдір шахпен кездесуге бауыры Нияз сұлтанды түрлі сый-сияпатпен бірге «тірі барыс» беріп жіберуді жоспарлай бастайды. Бір деректер бойынша Әбілқайыр баруды өзі де ойластырған. Бірақ кездейсоқ хан қолына Нәдірдің Үргеніш тұрғындарына, Қазы Мұхаммед Латифқа, барлық би, старшын, қожаларға жолдаған құпия хаты түскен. Шах хатында Хиуалықтарды әскери күшімен қорқытып, талабын орындаушыларға рақымшылық уәде беріп «Әбілқайырды қаладан шығармауын» талап еткен. Бұл кезеңде Нәдір шах Хиуадан не бәрі 35 шақырым жерде болатын. Хиуа үшін таластағы жағдайдың күрт өзгеруі, өзбек әмірлерінің Нәдір жағына шығуы, Ресейдің Әбілқайыр хан саясатын ашық қолдамауы, Әбілқайыр жанындағы не бәрі 3000 әскерінің қуатты шах әскеріне қарсы тұра алмайтыны қазақтардың кері өз иелігіне шегінуіне мәжбүрлейді. Әбілқайыр хан 12 қарашада Хиуадан Арал иелігіне оралып, Нұралы сұлтанды хан ретінде бекітеді.

Cоған қарамастан Әбілқайыр ханның Хиуаны өзіне қосу жоспары жүзеге аспаса да, шах елшілерімен бетпе-бет кездесіп, келіссөз жүргізіп, парсы әскерінің солтүстікке қарай жылжуына тоқтау салды. Нәтижесінде қазақтардың басты әскери күштерін Жоңғарияға қарсы бағыттауға қол жеткізеді. Сонымен бірге қазақтардың Хиуа тағына дәмелері бар екенін ашық дәлелдейді. Нәдір шах Хиуада аздаған хан тағынада отырған Әбілқайыр хан орнына Тахирды қойғаннан кейін көп ұзамай оған Нұралы сұлтан шабуылдап, оны өлімші етеді. 1742 жылдың аяғында парсылар шабуылынан сақтанған Хиуалықтар Нұралыны хандықтан айырып, хан тағына қазақ сұлтаны, Елбарыс хан баласы Әбілғазыны сайлайды.

Бұдан кейін де Әбілқайыр Хиуа бағытындағы саясатын жалғастырып, Нәдір шахпен байланысын үзбейді. Өйткені елдің оңтүстігіндегі тыныштық, өзбектер мен түркімендердің қазақпен қарым-қатынасы Иранға тәуелді болатын. 1745 жылы 22 қарашада Хиуадан келген татар Нияз Мед Астрахань губернаторы Брылкинге «парсы шахы 5 жыл бұрын Хиуаны алып, ханы Елбарысты өлтірді. Орнына баласы Әбілғазыны отырғызып, содан бастап Хиуа шах қамқорлығына өтті. Өткен жылы (1744 жыл) түркімендер шабуылы күшейіп, Хиуа маңындағы ауылдарды тонап, Хиуаны 8 ай қоршауға алды. Содан Әбілғазы шахтан көмек сұрады. Көмекке шах Али Гули ханды (Хорасан губернаторы) жіберді. Ол 30 мың әскермен, биыл жазда келіп, түркімендерді талқандады» деп хабарлады [12, 1-20 п.]. Осы тұста Хиуалықтар тағы да Нұралы сұлтанды өздеріне жіберу туралы мәселе көтереді. П.И. Рычковтың анықтауынша, Нұралыға Нәдір шахтың баласы да қолдау көрсетемін дегенімен, оның артында сұлтанды өлтіру жоспары жатқан. Бұл хабарды Нұралының Хиуада хан кезінде үйленген әйелі арнайы хатпен жеткізген [13, С.81]. Нәдір шах кеңсесінің Нұралы cұлтанға назар аударуы Ресей саясаткерлерін қатты алаңдатады. Әсіресе Орынбор губернаторы И.И. Неплюев Нұралыға Хиуа ханы тағын қабылдамауға ашық үгіттейді [14, С.129-132].

Ресейдің құйтырқы саясатына қарамастан Әбілқайыр хан қазақ-иран қарым-қатынасын жалғастырады. Оны Н.П.Рычков: «Парсының патшасы Хиуа иелігіне дейінгі жерлерді жеңіп келіп, бұл жердің астанасы Хиуа қаласын да алған. Осы кезде батырды қамқорлығына алуды сұрап, қазақ ханы Әбілқайыр Қайыпты Нәдір шахқа елші қылып жіберген» деп толықтыра түседі [15, 85-86 б.]. Сонымен, Қайып Батырұлы Әбілқайыр тапсырмасымен, біздіңше, 1745 жылдың көктемінде Нәдір шахқа аттанған. Оны осы жылы жазда Әбілқайыр ханға Хиуа елшілері Құдайберді инақ пен Құтлы молда әкелген шах, парсы әскер басы, Хиуалық Уәйісқұл михтярдың хаттары айғақтайды. Нәдір шах 1745 жылы 5 мамырда Әбілқайыр ханға «бізбен келісе отырып, иомут халқына соққы беруді сұрайсыз, сонымен бірге марқұм Шерғазы ханды мысалға ала отырып, Қайып сұлтанды және басқаларын қоюға болатындығына үміттенесіз, біздің әуелден сізге қайырым көрсету ойымыз бар» десе, Хиуалық Уәйісқұл «Сіздің жіберген елшілеріңіз шах қызметінде болып, шахтардың шахы оларға көптеген мейірім көрсетті» деп хабарлайды [16, 132,142 п.]. Қайып бастаған елшіліктің сәтті қабылданғанына куә болған Әбілқайыр хан 1746 жылы Ақмырза арқылы парсы шахына тағы хат жолдайды. Хан «егер орыстар тарапынан қысымға түссе, олардан қорғану мақсатында Хиуа иелігіндегі Бесқала қалашығын өзіне беруді» өтінеді. Сапарында Ақмырза Қайып сұлтанның шах сеніміне ие болғандығын анықтады. Бұхара хандары Үбайдолла (1702-1711), Әбілпейіз (1711-1747) сарайында кітапханашы болған Мұхаммед Вафа ибн Мұхаммед Захир Карминаги (Казы Вафа) «Тухфат ал-хани» («Хан сыйлығы» немесе «Тарихи Рахим хан») еңбегі де Қайыптың осы кезеңдегі өмірі мен қызметін толықтыра түседі. Еңбектен Қайыптың шах бұйрығы бойынша атақты Фирдоуси ақынның отаны Хорасандағы (Иран) Туе қаласында қызметте болып, сеніміне ие болғанын байқаймыз. Еңбектің бір бөлімі Қайыптың Дешті – Қыпшаққа оралуына да арналған [17, С. 45-50].

Қайыптың Хиуа тағына отырып, Хорасан қолдауына ие болуы Әбілқайыр хан саясатының жеңісі еді. Мұндай жағдай қазақ ханының оңтүстігіндегі елдің іргесін бекітіп, Нәдір басқарған Иран мемлекетімен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтергендей болды. Оның нәтижелі дамуын Нәдір шахтың 1747 жылы 20 шілдедегі, ал Әбілқайыр ханның 1748 жылы 15 тамыздағы өлімі ғана тоқтатады.

Иран мемлекетінің әлсіреуімен көп ұзамай Азияда Ахмет шах басқарған қуатты Ауған мемлекеті құрылып, Иранды, үнді жерлерін, көршілес тайпаларды бағындырады. Мұның өзі Қазақ хандығының онымен қарым-қатынасының жандануына әкеледі. Жоңғария тарих сахнасынан кетіп, Цин патшалығына бағынған тұста онымен көршілес мұсылман елдері Ахмет шахпен бірігіп, Цинге қарсы одақ та құрады. Басты мақсат Циннің өзге елдерді жаулап алуына кедергі жасау болатын. Тарих Қазақ хандығының бас ханы Әбілмәмбеттің бастауымен Абылай, Нұралы хандардың Ахмет шахпен өзара келісімді жүзеге асырғанын біледі [18]. Мұның өзі Қазақ хандығының сыртқы саясатында Ресеймен ғана шектелмей, сол тұста әлем мойындаған Жоңғария, Қытай, Иран және Ауғанстанмен қарым-қатынас орнатқанын дәлелдейді.


Әдебиеттер тізімі

1. Сабырханов А. Ұлы бетбұрыс. –Алматы: «Мектеп», 1981. -279 б.

2. Басхаев А.Н. Ойраты. Воины Великой степи. Элиста, 2011. -215 с.

3. Камалов А.А. Жизнь и творческое наследие Табиба Исфагани. Автореферат на соис. уч. степ. к.ф.н. Душанбе, 2011. -28 с.

4. Мирза Мехди – хан Астрабаский. История Надир шаха. Drevit. Ru. // vashaktiv. ru / texts/m/mehdi.php 16.01.14

5. Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках. Сб. документов и материалов. -Алма-Ата, 1961. -740 с.

6. Темиргалиев Р. Казахские ханы Хиви. Часть 1. http://www.zonakz.net/articles/31203?moda=neply

7. РИССМ, «Түркімендер ісі» 133 қ., 133/1 т., 1741, 2 іс

8. Материалы по истории туркмен и Туркмении. Т.2 М., Институт Востоковедения, 1938. -780 с.

9. Замечания майора Бланкеннагеля впоследствия поездки его из Оренбурга в Хиву в 1793-94 годах // Вестник императорского Русского географического общества 1858 г. №3

10. Қасымбаев Ж. Қасымбаев Ж. Абулхаир хан и Надир шах // Ізденіс, Поиск. -2001. –С. 68- 74

11. Ханыков Я.В. Поездка из Орска в Хивум обратно, совершенная поручиком Гладышевым и геодезистом Муравиным // Географические известия. СПб., 1850, С. 542-543; КРО-1. С. 170-171

12. РИССМ. «Түркімендер ісі» 133 қ., 133/1 т., 1741, 3 іс

13. Рычков П.И. История Оренбурская (1730-1750). Оренбург, 1896. -96 с.

14. Материалы по истории Казахской ССР. Т.ІІ. ч.2 (1741-1751 гг.). – Алма-Ата, 1948.

15. Рычков П.И., Рычков Н.П. Капитан жазбалары. А., 1995. -108 б.

16. РИССМ. 122 қ., 128/1 т., 1745, 3 іс.

17. Тулибаева Ж.М. Казахстан и Бухарское ханство в XVIII – пер. половине XIX в. Алматы. 2001. -156 с.

18. Мұқтар Ә. Әбілқайыр хан және Нәдір шах // Отан тарихы. - 2012. - №1 (57).- 73-77 б.; Мұқтар Ә. Абылай және Ахмад шах // Егемен Қазақстан. -2013. -4 қазан.



© Copyright 2013. Институт истории государства

Яндекс.Метрика