Мемлекет тарихы институты
Еуразиялық және салыстырмалы саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері А.Т. Серубаева |
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауы 1996 жылдан бастау алады. Осы уақыт аралығында жалғасын тауып келе жатқан Президенттің халыққа Жолдауында мемлекеттің маңызды стратегиялық мақсаттары мен халықтың әлеметтік-экономикалық жағдайын, мәдени-рухани мәселелерін жаңғыртудың жоспары мен іске асыру жолдары аяқындалуда. Президенттің 2016 жылға арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы әлемде алып мемлекеттердің текетіресі күшейіп, жаһандық экономиканың дағдарысы тереңдеп, этносаралық қарым-қатынастар шиеленісіп, әлемдік нарықтағы тауарлардың бағасы төмендеген, тұрақсыздық жағдайында жарияланып отыр. Соған қарамастан Жолдауда халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған батыл шаралар көрініс тапқан.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап қоғамның саяси, экономикалық, мәдени-рухани саласында, сондай-ақ этносаралық татулық пен қоғамдағы бейбітшілік саласында қол жеткен табыстары мен жетістіктері Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауы негізінде бастау алып, қолданысқа еніп отыр. Дүниежүзілік нарықтық экономиканың құлдырауы біздің ұлттық экономикаға әсер етіп отырғаны белгілі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Жолдауда әлемдік дағдарыстың алдын алу стратегиясын тұңғыш рет қолданып отырғанын жариялады. Дағдарысты еңсерудің және «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға бағытталған шаралары өз жұмысын бастап, нәтижесін беріп те жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының стратегиясы, «Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы, «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру бағдарламаларының маңызы жоғары болып табылады.
Биылғы Жолдауда баса назар аударылған мәселенің бірі, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға арналған нақты қадамы десек артық атқандық емес. Жаһандық экономикалық дағдарыс тереңдеген жағдайда, мемлекеттің мұндай қадамдарға баруы батыл іс-қимыл болып саналады. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, денсаулық саласы қызметкерлерінің жалақысы – 28 пайызға, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы – 29 пайызға, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы - 40 пайызға жоғарылады. Сонымен қатар, шәкіртақылар, зейнетақылар мен әртүрлі әлеуметтік жәрдемақылар көбейді. Жолдауда айрықша атап өтілген мәселе, халықты еңбекпен қамтудың жол картасы жалғасын табатынын Елбасы атап өтті. Кадрларды қысқа мерзім ішінде қайта даярлаудың оңтайлы жолдары қарастырылып, кәсіпкерлікті дамытуға несиелер беруді жалғастыру жайы да қозғалды. Үкіметке әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жақсарту шараларын жасауды тапсырды. Елбасы жастарды ерінбей еңбек етіп, техникалық мамандықтарды игеріп, ғылым мен инновацияны меңгеруге шақырды. Президент әрдайым еліміздің болашағы жастардың қолында екенін назардан тыс қалдырған емес. Білікті де білімді, бойында күш-қуаты бар жас кадрлар кез-келген дағдарысты еңсеріп, экономиканы дамытуға, елімізді гүлдендіруге қызмет етуі тиіс.